Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақирек – қасиетті жер

12.12.2020, 12:00 1246

HALYQLINE.KZ

Рухани  жаңғыру

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында қазақ жерінің қасиетті де тарихи орындарын жан-жақты зерттеу қолға алына бастады. Сондай қасиетті жердің бірі – Ақирек.

Ақирек десек, алдымен Арыстан баб ойға оралады.

Алдымен – аңыз

«Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген сөз де Арыстан баб тұлғасының халық арасында үлкен орын алғандығын көрсетеді. Арыстан бабтің Қожа Ахметтің ұстазы, пірі болғандығы жөнінде аңыз-әңгімелер де бар.

Исламның діңгегі қатайып, гүлі көктеген керемет шақтың бірінде адамзатқа ізгілікті насихаттаушы Мұхаммед (с.ғ.с) өзінің сүйікті сахабаларымен кеңес құрып отырса керек. Дін таратуда талай жорықты өткізген серіктестерімен пікірлесіп, алдындағы тостақтан құрма жемекші болғанда, әлгі құрма қолына ілікпей, қайта-қайта түсіп кете берген екен. Пайғамбарымыз бұл құбылыстың тегін еместігін біліп, қолға түспеген құрма өзінен кейін белгілі бір уақытта дүниеге келетін баланың несібесі екенін айтады. «Бұл құрманы иесіне жеткізу керек. Осы шаруаға кім тәуекел етеді?» деген сыңайда сахабаларына сұрау салыпты. Бірде-бірі бұған дауаламай, тек Салман әл-Фарси деген сүйікті сахабасы аманатты орындауға бел буған екен. Салманның екінші есімі Арыстан баб болған деседі. Себебі, бір жорықта баба ерлігімен көзге түсіп, Пайғамбарымыз ерекше мақтаумен «арыстаным», «бабым» деп арқасынан қағыпты деген де әңгіме бар. Арыстан баб аталуының бір сыры да осыдан болса керек.

Тағы бір аңызда: «Мұхаммед (с.ғ.с) 63 жасында дүниеден өтіпті. Дүние саларда халықты жинап, «кім менің аманатымды алып, ісімді әрі жалғар екен?» деген өтінішіне 300 жастағы Арыстан баб (Салман Фарс) үн қатады. Ол сол кезге дейін 30 түрлі дінді білген, бірақ тек Исламға мойынсұнған адам екен. Арыстан бабтың келісімін алған Мұхаммед (с.ғ.с) Алланың қалауымен аманатын Арыстан бабқа береді. Содан 500 жыл өткен соң далада келе жатқан Арыстан бабқа 11 жастағы (кей аңызда 7 жас делінеді. – Н.Ж.) бала: «Ата, аманатымды беріңіз» дейді. Сол бала Қожа Ахмет екен», – делінеді.

Осы діни аңыздың негізінде Қожа Ахмет – Мұхаммед (с.ғ.с)-ның ісін жалғастырушы болса, Арыстан баб оларды байланыстырушы дегенге саяды.

Демек, Арыстан баб Қожа Ахметтің ұстазы, пірі ғана емес, Мұхаммед (с.ғ.с)-ның аманатын орындап, Ислам дінінің өркендеп, дамуына зор үлес қосқан байланыстырушы да!

Арыстан бабтың осынау шексіз еңбегін бағалауда Ясауидың басына кесене орнатпақ болған Әмір Темірге «әуелі Ясауидің ұстазы болған Арыстан бабқа кесене тұрғызуың керек» деген аян берілген дейді.

Осы арада тағы бір атап өтетін нәрсе, Арыстан бабты аңыздың кейбір үлгілерінде Салман Фарс деп түсіндірсе, «Хикметтер» мен Бақырғанидің еңбегінде құрманы әкелуші ретінде Салман Фарстың есімі мүлде аталмайды. Ал тарихта шындығында Салман Фарс есімді тұлға болған. Ол һижра жыл санауы бойынша 35/36 жыл шамасы (қазіргі жыл санау бойынща 655/657 жыл шамасы) дүние салған, қабірі Ирактағы Мадаина қаласында. Оның кесенесі де мұсылман сүнниттердің зиярат ететін орны болып саналады. Әмір Темірдің «Аманат» деген тарихи шығармасында да Салман Фарстың кесенесі туралы айтылып, оны өз дәрежесінде ұстау үшін Мадаинаның қазынасынан қаражат (уакыф) бөлінгені жөнінде дерек кездеседі. Бұдан байқайтынымыз, Салман Фарс – мұсылман әлемінде өз орны бар тарихи тұлға. Бірақ оның тегі иран болған. Ал Арыстан бабтың тегі – араб. («Арабтардың ұлығы кіршіксіз таза затыңыз». 90-хикмет). Яғни Арыстан баб пен Салман Фарс – екі заманада өмір сүрген екі бөлек тарихи тұлға.

Арыстан  бабтың  жеті  жердегі  жайы

Арыстан баб турасында ел арасында тараған әпсанаға сүйенсек, оның жеті жайы жайлы айтылатын әңгіме бар.

Арыстан баб өмірден өткенде оның мәйітін жер-жерден жиналғандар өз еліне алып кетпекке талас жүреді. Ақыры бір мәміле болмаған сыңайлы. Сол уақытта Құдайдың құдіретімен мәйіт жеті бірдей мүрдеге айналыпты. Олар түр-түсі бір-бірінен аумайтын түйелерге артылыпты. Мүрделерді түйелер шөккен жерге арулап көміпті.

Аңыз бойынша, әулиенің жер жүзінде жеті жайы болса, соның екеуі – Қазақстанда!

Атап айтар болсақ, Арыстан баб кесенесінің бірі – Түркістан облысындағы Отырар ауданында, атақты композитор Шәмші туған Шәуілдірге жақын орналасқан. Екіншісі – Ақиректе. Яғни, Қазалы мен Арал ауданы шекарасындағы жатаған тауда. Ұлы жолдың бойында. Келесісі – Қырғызстанның Жалалабад қаласында. Иранда екі жайы бар. Мекке-Мәдинада бір мазары болса, Израйльдың Тель-Авив қаласынан елу шақырым жерде қасиетті орны бар.

Ақирек  десек…

Иә-ә. Ақирек десек, алдымен Арыстан баб ойға оралса, Жанқожа батыр бабамыздың жорықты жолдары да көз алдымызға елес береді.

Жанқожа ауылы Қарақұмды жайлап, Ырғызды қыстайтын. Қоқан хандығының Созақ бекінісіне орналасқан әкімдерінің жергілікті халыққа салынатын алым-салықтан тыс көрсеткен зорлықтары қазақтардың бас біріктіріп, бұл қамалға шабуыл жасауына себепкер болады. И.Аничковтың мәліметі бойынша, Қоқан әкімі Дәурен Созақ қаласының бектері Отыншы, Сушымен бірігіп, Сарман биді өлтіреді. Созақта тұратын Құрман би араша түсуін өтініп, Жанқожаға арнайы хабар жібереді.

Жанқожа елден қол жинап, Созаққа жорыққа аттанып, жолда Жаңақорған, Жөлек бекіністеріндегі қоқандықтарды қуады. 1830 жылдың күзінде Созақ бекінісін қоршауға алып, көмекке келген қоқандық Таған палуанды жекпе-жекте қолға түсіреді. Одан кейін Жанқожа жасақтарымен бекіністің дарбазасын бұзып кіріп, Созақты басып алады. Қоқан бектері Отыншы мен Сушыны қолға түсіріп, баласын өлтірген өтеуі үшін Құрман биге тапсырады. Кейбір деректерге қарағанда, Жанқожа Қоқан хандығының Шымқорған, Қосқорған, Күмісқорған тәрізді бекіністерін де талқандаған. Жанқожа батырға арқа сүйеп, алым-салық төлеуден бас тартып, Хиуа бегі Бабажанның озбырлығына көнбей жүрген Сырдың төменгі сағасындағы қазақтарды тәртіпке келтіру үшін Хиуа ханы Аллақұл жасақтарымен түркімен Аймұхамед палуанды жібереді. 1836 жылы Ақиректің Қақбидай деген жерінде елге тізесі батқан осы Аймұхамед палуанды Жанқожа батыр жекпе-жекте басын алып, ашу үстінде қанын ішіп жібереді. Басшысы мерт болған палуанның жасақтары бас сауғалап қашуға мәжбүр болады.

Жанқожа бұдан кейін де Сыр бойындағы қазақтарды хиуалықтардың езгісінен құтқару үшін, олардың бекіністеріне жиі-жиі шабуыл жасап отырады. Оның бұл жорықтары нәтижелі болып, Хиуа бекіністері көп шығынға ұшырайды. 1845 жылдың көктемінде Хиуа хандығы Сыр бойындағы қираған бекіністерін қалпына келтіру үшін 200 жасақ аттандырады. Жанқожаның жігіттері бұлармен ұрыс салып, кері қайтарады. 1847 жылы көктемде Хиуа бегі Уайыс-Нияздың әскері Атанбас, Ақирек, Қамыстыбасты жайлап отырған қазақтарға шабуыл жасап, 1400 үйді ойрандап, тонап кетеді. Осы жылдың тамыз айында Хиуа бегі Қожанияз бастаған шапқыншылар қазақ ауылдарын тағы да тонауға ұшыратады. Хиуалықтардың мұндай шапқыншылығы бір жылда бірнеше рет қайталанады. Тонауға ұшыраған елін қорғауға Жанқожа 700 сарбазбен қарсы шығады. Құрамында екі мың әскері бар хиуалықтар Жаңақала бекінісінің төңірегіне шоғырланады. Жанқожаға Ресейдің Райым бекінісінен Ерофеев бастаған отряд келіп, хиуалықтардың тас-талқанын шығарады. Хиуалықтар бұл оқиғадан кейін енді қайтып бас көтере алмайды.

Рухани  байланыс

Көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын қазақ жері қасиетімен қатар халқының рухани байланысы да өте мығым болған.

Ғасырлар бойы орыс басқыншыларының қазақ халқының ауызбірлігіне сына қағып, «бөліп ал да, билей бер» зымиян саясатын жүргізгеніне қарамастан, қарапайым халқы рухани бірлігін сақтап қала алды. Соның бір айғағы – жоғарыда айтылғандай, Түркістан облысындағы Отырар ауданында атақты композитор Шәмші туған Шәуілдірге жақын маңдағы Арыстан бабтың жеті жердегі жайының бірі мен Ақирек маңындағы Арыстан бабтың жеті жердегі жайының бірі төңірегіндегі халықтардың рухани байланысы дер едім. Бұл жөнінде айтпай кетуге болмас.

Созақ жеріндегі төрелердің көпшілігі – сонау Кенесары хан көтерілісі жеңіліс тауып, хан қырғыз жерінде мерт болғаннан кейін, келіп қоныстанғандар ұрпағы.

Бұл жерде халық «әулие» атап кеткен данышпан Шәді төре дүниеге келіпті.

Осы тұста ұрпақтар сабақтастығы демекші, кезінде Созақ төрелері мен Аралдың әлімдері арасындағы достықтың, рухани байланыстың дәнекері болған, бүкіл қазақтың теңдесіз оқымыстысының бірі Шәді төре туралы ұрпақтар санасына сіңе беруі үшін аздап тоқталып өткенді жөн санадым.

Кенесары ханның туған ағасы Есенгелдінің баласы Жәңгір Кенесары өлген соң кіші әйелі Мәуітіні жеңгедей алып, осы Мәуіті анадан Созақ жерінде 1855 жылы Шәді төре туған. Абылай ханның шөпшегі болып келетін осы Төре Шаян, Қарнақ, Ташкент, Бұхарадағы Көкілташ медреселерін бітіріп, араб, парсы, шағатай тілдерін жетік біліп шығады. Майлықожа, Құлыншақ, Тұрмағамбет, Молда Мұса ақындармен жиі қарым-қатынаста болып, жазбаша айтысқан.

Шәді – Қазан төңкерісіне дейін қазақ даласындағы баспадан ең көп кітабы шыққан ақын. Қазан, Орынбор, Ташкент баспаларынан «Сияр Шариф», «Хазіреті Мұса мен Перғауын», «Төрт дәуріш» сынды талай діни өлең-дастандары, қиссалары, шежірелері басылып шыққан. Кезінде Шәді шығармашылығы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған филология ғылымдарының докторы, жазушы Немат Келімбетов 13 кітаптың атын атайды. Кейбір мәліметтер оны жиырмадан асырады. Шәді Пушкиннің «Мыс салт атты» поэмасын қазақшаға аударған. Тіпті, роман жазған деген де сөз бар. Кенесары ханның бел баласы, атақты Сыздық сұлтан 1910 жылы қайтыс болғанда, жаназасын осы Шәді төре шығарады. Атақты композитор Шәмші Қалдаяқовтың шешесі Сақыпжамал Шәді төренің қарындасы болып келеді. Яғни, Шәмші – Шәді төренің жиені.

Шәді ақын да Шәкәрім қажы сынды зергер ұста болған. 1928-29 жылдары кәмпеске кезінде Шәдіні кедей болса да, діншіл молда деп, Түркістан түрмесіне қамайды. Бірақ кезінде дәм-тұздас болған Сәкен Сейфуллиннің араласуымен босанып шығады.

Кейін ақынды түрмеге қайта қамайды да, Аралға жібереді. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын ақын таң бозында азан шақырса, түрме есігі өз-өзінен ашылып кетеді екен. Түрме бастығы қорқып, Шәдіні Барсакелмеске жер аудартады. Қуғында жүрген шал адамның сақал-мұрты, шашы өсіп, үсті-басы кірлегенін көрген түрме бастығы қазақ жігітінің жаны ашып, Шәдіні параходпен екі күнге Аралға жуынып келуге жібереді. Қай үйге кірерін білмей келе жатса, бір-екі адам күбірлесіп, әлдене кітапты оқып отыр екен. Құлағын салса, өзі жазған «Сияр Шариф». Шәді ақын әлгілер қате оқыған бір-екі жерін түзеп жібереді. Әлгілер «Сен бізді түзейтін кімсің?» деп шамданады. «Мен «Сияр Шарифті» жазған адаммын» дейді. Содан жаңағылар «Шәді ақын келді» деп қуанып, төрге шығарып, қонақ етеді. Екі күннен соң параход түрмеге қайтып барса, ішінде Шәді жоқ. «Ақсақал мені алдапты ғой, енді қайттім?» деп түрме бастығы қорқып, үйіне келсе, аппақ қардай болып киінген Шәді ақын төрде отыр дейді. Сөйтсе, Шәдінің түскен үйі түрме бастығының өз үйі екен. Ата-анасы өтініш жасаған соң, түрме бастығы оны «өлді» деп акт жасап, қашырып жіберген. Шәді төре Өзбекстанға солай ауып кеткен. Сол жақта жүріп қайтыс болады.

Міне, талай данышпандарға пана болған қарт Арал топырағы, өжет ұлдары сонау алыста жатқан қасиетті Созақ жерімен ғасырлар бойғы рухани байланысын қиын-қыстау уақытта да үзбеген.

Осындай рухани байланыстар арқылы Арал топырағынан өрбіген ұрпақтары Қазақ елі бірлігін әрқашан да сөзбенен емес, ісімен талай жылдар бойы дәлелдеп-ақ келеді.

«Ақұдайлар!»…

Бүгінде осынау ата-бабалар салып кеткен даңғыл жол – ынтымаққа, бірлікке бастар игілікті істерге, ауызбірлікке жұмылдырар парасаттылыққа қазақ халқы ие ме?!

Бұл сұраққа жауап беру бүгінде біраз қиындықтар әкелері сөзсіз! Өйткені, ғасырлар бойы орыс шовинистерінің халық арасына жік салу арқылы «бөліп ал да, билей бер» саясатының қасіретін тағдыры талайлы қазақ халқы тартудай-ақ тартып келеді.

Соның бір парасы іспетті Кеңестік басшы шовинистердің ойсыз, жүгенсіз де парықсыз әрекеттерінен Арал теңізінің бағы тайып, жергілікті тұрғындары тіршілік қамымен Қазақ елінің әр түкпіріне тарыдай шашылып, тарай бастағанында, осы бір Құдайын аузынан тастамайтын, тіпті қазақтың еркелетіп айтуда пайдаланатын қасиетті сөзі «айналайынды» да өздерінің жергілікті диалектісі «ақұдайға» айырбастаған өр мінезді төңірек халқын әр жерде кеудеден итеру, «ақұдай» деп бөлектеу байқалады. Тіпті, Қытайдан келген этникалық қазақтарды «қытай» деп бөтенсіну – барып тұрған сорақылық. Мұндай бөлшектену барлық жерде белең алып тұр! Абайламасақ, бұл – қауіпті үрдіс. Бұлай бөлектену «ел боламын» деген ешбір халықта да, орыс шовинистерінде де жоқ!

Бір кездері ортақ жауларына бірігіп күресе білген халқымызға бүгінгі тәуелсіздік тізгіні қолға тиген шақта елдік үшін, мемлекетіміздің болашақ тағдыры үшін бұрынғыдан да мықты бірігуден басқа жол жоқ!

Кітап  не  дейді?

«Қазақстан» энциклопедиясында: «Арыстан баб қорымының жеті жердегі жайының бірі – Ақирек биігінде орналасқан. Бұл баба жөнінде алғашқы деректерді Қазалыда қызмет істеген ғалым И.Аничков жинаған. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда Сырдария, Қамыстыбас, Райым көлдерінің ортасында арал болыпты. Басында бұлақ та болған көрінеді. Оны үдіре көшкенде қарақалпақтар бұзып кеткен деседі. Бүгінде баба басына келіп ем алушыларға, зиярат етушілерге арналып үй салынған» – делінген.

Бұл – кітап сөзі. Бәрі дұрыс. Алайда баба басына келіп ем алушыларға, зиярат етушілерге арналып салынған үйдің қалай салынғаны туралы өз тарихы бар.

Оқырмандарға, зерттеушілерге мұның тарихын білу де – аса маңызды.

Аян  беру

Адамның ұйықтап жатып, түс кезінде оны не күтіп тұрғанын, болмаса қандай әрекеттер жасауы қажет екенін таныс, бейтаныс бейнелердің тікелей немесе әртүрлі ишаралар арқылы сездіруі аян деп аталады.

Шариғатта «уахи» сөзі «аян беру» деген мағынаны білдіреді. Бұл – Алла тағаланың өз пайғамбарларына, Өзі жеткізуді қалаған, тікелей яки періштелері арқылы, шариғаттан (заңдардан) немесе кітаптан жіберген хабары.

Уахи – ғылым болғанымен, түс арнайы ғылым саналмайды. Адам баласының түс көруі үш түрлі сипатта болады.

Біріншісі – ақиқат (рахмани) түс. Екіншісі – адамның әлденені көп ойлауы себепті көрген түсі. Бұл әдеттегі табиғи түске жатады. Үшіншісі – «хулм» деп аталатын шым-шытырық (шайтани түс). Бұл шайтан тарапынан енеді.

Бірінші ақиқат түс – пайғамбарларға қатысты. Ал, адамдардың көрген ақиқат түсі «қуанышты хабар» саналады. Пенде ақиқат түс көріп, ол арқылы шариғат үкімдерін шығара алмайды.

«Біреуің өзіңе ұнайтын түс көрсе, ол – Алладан, ол үшін Аллаға мадақ айтып, (көрген түсін басқаларға) айтып берсін…» (Бұхари).

Қамыстыбаста (Қамбашта) тұратын Күлмараш деген қарапайым үй шаруасындағы әйел 1989 жылдан бастап жыл бойы бірнеше мәрте түс көріп, түсінде ақ киімді ақсақал: «Қызым, Ақиректегі Арыстан бабтың басы қараусыз қалды. Басына мінәжат етуге барған мұсылмандардың түнейтін жері болмай, қатты қиналып жүр» – деп аян береді екен. Өзі көптен науқастанатын көрінеді. Әр аян бергенде, қатты қиналады екен. Өзінің жағдайы да мәз емес, көпбалалы ана. Күйеуі Жайық та жұмыссыз. Осыны ойлағанда, «Қайдағы сарай салу!» – деп уайымдай береді екен. Бір күні әлгі ақсақал: «Енді уайымды доғар! Басыңды көтеріп, тәуекелге бел бу! Құдай жолыңды өзі ашады!» – депті.

Дерті де жанына батып бара жатқан Күлмараш күйеуі Жайыққа бар жағдайын жайып салады. Табиғатынан жайдарлы, сабырлы да қайырымды Жайық келіншегін қатты аяп, Арыстан баб әулиенің басына тәуекел етіп, сарай салуға ұйғарым жасайды.

Сөйтіп, 1990 жылдың 9 мамырында ұста жалдап, сойыс мал алып, құран бағыштатып, бірнеше кісімен істі бастап кеп жібереді. Көп ұзамай бұлардың қатарына Әбіш көкеміз бен әйелі Қашу жеңгеміз қосылады.

Алайда Құдайсыздар қоғамының қаһарына мініп тұрған шағы болғандықтан, бұлар әр нәрседен бір қорқып, жұмыстары өнбейді. Тіпті, жол-жөнекей тосын автокөліктер көрінсе де, қаралай үркіп, жұмыстарын тастай қашқан күндері де болыпты.

Сондай күндердің бірінде ауданымыздың маңдайалды білімді кітапханашысы болған, аяулы азамат Фахраддин көкеміздің баласы Қаламбек Жұмабаев маған жолығып, бар жайды жайып салды. Көмектесуімді өтінді.

Мұны естігенімде, қатты қобалжып кеттім. Өйткені, Арыстан баб бабамыздың басына мінәжат етушілерге арнап сарай салу дегеніміз – сауаптардың сауабы деп білдім. Әрі бұл игілікті іс күллі мұсылмандар алдында бүкіл Арал төңірегі халқының беделі асқақтар деп сендім. Сондықтан, дереу қолдау білдірдім.

Құрылыс  басында  немесе  аңқылдаған  ауылдастарым

Ертеңіне «Қыран жемтігін шашып жейді, құзғын бауырына басып жейді» дегендей, өз шаруасынан гөрі елдік шаруға бейім, қайырымы мол, жақсылығын «шашып» жүретін бір топ аңқылдаған ақкөңіл ауылдастарымды жиып ап, мектептің көлік жүргізушісі, арқыраған азамат Кенжебек Қазанқаповтың көлігімен Арыстан баб әулиенің басына аттанып кеттік.

Біз барған соң, рухтанған жұрт құрылыс қарқынын үдетіп жіберді. Қасымдағы «сен тұр, мен атайын» жігіттер құрылыс басындағылардың уайымынан арылтқаны былай тұрсын, жүздеріне нұр ойнатып, қазақы қалжыңға да бет бұрғызды.

Дәрет қысып, құманын ұмытып, сайға қарай талтаңдап бара жатсаң бітті, іштері толып жарылғалы тұрған көңілді жігіттер біраз жер ұзағаныңды аңдып тұрып, өре түрегеледі.

– Әй, мұсылман! Құманың қайда?! Әлде «дүниеңді» құмға былғап, желге кептіресің бе?!.

Мұндай қитұрқы әзілді естігенде, сайға жақындап қалғандар «кәпір» атанбас үшін, амалсыз бірталай жерден кері бұрылуға мәжбүр болады. Қатты қиналып, бұтқа жіберсең де – сол! Қашан қолыңа құман тиіп, сайға қарай қайта талтаңдағаныңша әзілге толы шырақтай жанған көздер сені «ішіп-жеп» шығарып салады. Риясыз күлкілері өз алдына!

Осылайша көңілді түрде жұмысты да еңсеріп тастағанбыз. Бір күні әдеттегідей тағы да майда жантық сойылып, алдымызға ас келді. Уылжып піскен тоқтының еті екен. Етті турап отырып, көзім тоқтының «шыбығына» түсіп кетті. Шамасы, малды сойған адам піштірілген еркек тоқтының «шыбығын» алуды ұмытып кетсе керек.

Менен гөрі жанымда отырған Қаламбектің көзі қырағы екен. «Шыбықты» көре сала, шап ете қалды.

– Әй, мынау Сәкеңнің жұмысындай екен! – деп екі көзі шоқтай жанды.

Қаламбектің ойын бірден түсіндім. Сол бір сәт менің де ойыма орала кеткен-ді.

Сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ішінде С. деген ағамыз қой сойып, қонақ жайлаған ғой. Төңірегімізге белгілі Азамат деген қалжыңбас көкеміз ет турап отырып, ісектің «шыбығына» көзі түсе кетеді де:

– Қане, мал сойған адамды шақырыңдар! Еңбегі бар ғой! Жақсылап тұрып, ет асатайын! – дейді қуақылана.

Ойында ештеңе жоқ, С. ағамыз арсалаңдай келе, «ет асауға дайынмын!» дегендей, аузын аша жақындай бергені сол, Азамат көкеміз:

– Ет шайнау да – үлкен өнер ғой! – деп етке әлгі «шыбықты» араластыра асатып кеп жібереді.

С. ағамыз «шыбықты» әрі-бері шайнап, тісі өтпеген соң, амалы таусыла:

– Азеке-ау, маған сіңір асатқансыз ба?! – депті.

Сол бір оқиға төңірекке лезде тарап, кезінде әзілге бірталай тұздық болған.

Қаламбек соны меңзеп тұр. Өзі де тезірек бір қызыққа қарқ болу үшін, қояр да қоймай айғайын үдете түсті.

– Әй, мына малды сойған адамның еңбегі зор ғой! Тезірек келсін, еттен мол қып асатайық!..

Сөйтті де, маған қарап: – Ал, Нұреке, сен біздің басшымызсың ғой! Етті сен асат!

Мұндай құрметке ие болған маған жұрт қолдағандай жапырыла қарады. Мен болсам өзім бейне ұрлық істейтін адамдай сезініп, қуыстанғандай күй кештім. Әйтсе де, амалсыз ешкімге ештеңе білдіртпестен, әлгі «шыбыққа» қол созуыма тура келді. Етке араластырып, асатуға енді ыңғайлана бергенімде, күтпеген жерден арсалаңдай Асан ағамыз кіріп келді. Жай кіріп келген жоқ, «етті асай алмай қалсам, ұят болар!» дегендей, намысқа тырыса аузын барынша аңқайта ашып, жаныма жетіп те келді. Сол сәтте санамда сарпылыс басталды да кетті. «Асатсам, ағамыздың ізінен мазақ көлеңкесіндей қалмай қояды-ау! Асатпасам, Қаламбек досым қатты ренжитіндей!». Сөйтіп, аяқ асты екі оттың ортасында қалдым да қойдым. Ақыры, Асан ағамды ұятқа қалдырмауға бекіндім. Сөйттім де, дереу «шыбықты» саусағыммен сырғытып түсіріп, еттің нанының арасына жасыра қойдым. Аузын әлі барынша аңқайтып ашып тұрған Асан ағамды «енді кідіртсем, жағы қарысып қалар» деп, дереу етке май араластырып, асаттым да жібердім.

Күткенімдей, бұл әрекетім Асан ағамды мазақтан құтқарғанымен, Қаламбек досымды «сәті келіп тұрған қызықтан» қағып, қатты ренжітіп алдым. Ол бұл қылығыма көпке дейін өкпелеп жүрді. Есесіне, жұртты ұшындырмай, бұл «тарихи сәтті» жабулы қазан жабулы күйінде қалдырғаным, нағыз азаматтық іс деп есептедім.

Кейін бұл ыңғайсыз оқиғаны «ұлттық дәстүріміз – мал сою өнерінен де ажырай бастағанымыз-ау!» деп ойладым. Әйтеуір, бір қуантарлығы, ешкім де ештеңені сезбегені!..

Көңілді жігіттердің қарқынды жұмысы бар шаруаны реттеп-ақ тастады. Шамалы адамды сарайдың ішкі жұмысына қалдырдық та, негізгі күш екі топқа бөлінді.

Еңгезердей Нұртай інім мен ардақты ұстаз Арықбай Смағұловтың баласы Жазықбай бастаған топ ең ауыр жұмыс – тасты қопарып, ауызсу сақтайтын құдық қазуға бекінсе, екінші топ Арыстан баб басындағы бұлақтың көзін ашуға тиісті болды. Мен бұлақ көзін ашатын топқа ендім. Біздің топтың үлкені сексеуілдік қоғам белсендісі, күрескер ағамыз Жайлау Әли болса, дәрігер інім Әжәп та – белсенді топтың мүшесі. Және бірталай жас жігіттер де бар. Әйтсе де, бұлақтың ішіне түсіп тазалауда бәріміздің бар үмітіміз – он жылдан астам уақыт темір тордың ар жағында болған «батырымыз» «Жага банды» – Жақанда! Өйткені, ұзақ жылдар қараусыз қалған бұлақ іші қызыл құртқа толып кеткенін естігенбіз. Әсіресе, әлгі құрттар артыңа бір кіріп кетсе, шығару қиынның қиыны деген қауесет зәреңді алады. Сондықтан, «жетім тоқты құрбандық» деп арамыздан «Жага бандыны» «құрбандыққа» шалуды ұйғарып-ақ келеміз. Ол да «ел үшін жаным құрбан» дегендей қораздана қоқиланады. Әттең, бәрі де сәтімен болар ма еді, бұлаққа жақындап қалғанымызда Күлмараш апамыздың Құдай қосқан қосағы Жайық ағамыз сонадайдан:

– Әй, жігіттер, абайлаңдар! Бұлақ басында екі үлкен жылан бар. «Сақтықта қорлық жоқ» деген, байқамай басып кетпеңдер, – дегені сол-ақ, «Жага бандының» түрі табан асты бұзылып кетті. Іле-шала іші де бүріп ала жөнелді.

– Ой-бай, ішім-ішім!..

Сөйтті де, қос қолымен ішін басқан күйі, бұлақ басындағы жалғыз өскен қарағаштың түбіне қарай талтаңдай жөнелді. Қалған жігіттер де қарап қалмады. «Тастай алмай жүрген жан жоқ» дегендей, сай-саланы жағалай бастады. Бұлақ басында Жайлау мен Әжәп үшеуміз ғана қалдық. Ақыры бұлаққа өзімнің түсуіме тура келді.

Бажайлап қарасам, бұлақтың су ағарының алды топырақпен көміліп қалыпты. Су ағарды тереңдеп қазсақ, су бетіндегі құжынаған қызыл құрт төменге қарай ағып кетердей көрінді.

Ойымды Жайлау мен Әжәпқа айтып көріп едім, мақұлдай кетті. Сөйтіп, дереу іске кірістік. Жоспарымыз көп ұзамай іске асты. Төменге қарай сарқырай аққан су қызыл құрттың біразын өзімен бірге ала кетті. Қалғанын күрекпен су ағарға қарай есіп едік, су беті тазарып шыға келді. Тұрып қалған су болған соң ба, бұлақтың суы алғашында кермектеу көрінді. «Қалған құртқа тәуекел» деп бұлақтың ішіне мен түсіп, суды шелекпен сыртқа шығара бастағанымызда, әлгі «батырлар» да бұта түбінен біртіндеп шыға бастады. Алайда «Жага банды» жуық арада көріне қоймады. Дегенмен, «шыдамның да шегі бар» демекші, бұғып отыра беруге аяғы шыдамады-ау! Бір кезде орнынан атып тұрды да, «Байтал түгіл бас қайғы», «Батырға да жан керек» дегендей, алды-артына қарамастан құдық қазып жатқандарға қарай талтаңдай асты.

Бұл көрініске бас шайқаған жігіттердің ойында: «Батырлықты бұзықтықпен шатастыруға болмайды-ау! Батырлық – тек рухы мықты жігіттердің бойында ғана болатын қасиет!» деген пікір қалыптасқандай болды.

Бұлақтың суы азайып, түбіне жақындағанда… Мәссаған! Бұлақ түбі болы ақ тиындар! Мұны көргенде, қимыл ширай түсті. Шамасы, бұл тиындарды баба басына мінәжат етуге келгендер ырым етіп тастаған-ау! Түбіне жетіп, уыс-уыс тиындарды жоғарыдағы жігіттерге бере бастадым.

– Жігіттер, мынау бабаның шерепеті! Қалталарыңа салып, үйлеріңе алып барыңдар! Бұл ақшаға арам нәрсе алмаңдар! Тек азық-түлік алғандарың жөн! – дедім дауыстай. Бәрі бұл пікірді мақұлдап, бастарын изесті. Қуаныштарында да шек жоқ.

Іші Түркістандағы Ахмет Яссауи кесенесіндегі тайқазандай шебер ойылған бұлақ тазартылып болған соң, ақ тиындарды сарай басындағы жігіттерге де үлестірдік. «Жага бандыға» да: «Іш ауруын басатын дәрі ал!» – деп тиын ұстаттық.

Ауызсуға арналып қазылған құдық та дайын болыпты. Құдық шеңберленіп құйылған темір-бетонмен қаланған екен. Жігіттер әзілдеп: «Бұл құдықты салған Жақан деп жазып қою керек. Өйткені, бұл құдықққа Жақанның еңбегі зор!», – десті әзілдеп. Алайда ертеңіне жігіттер құдықта: «Бұл құдықты салған Әбіш!» деген жазуды көріп, мәз болысты. Ойнап айтылған сөздің шындыққа айналғанына таңырқасты.

Міне, Ақиректегі Арыстан баб бабамыздың басына мінәжат ету үшін салынған сарайдың қызыққа толы хикаятының бір парасы осындай! Бір қуанарлығы, сарай салуда пейілі кең, ақкөңіл ауыл жігіттерінің риясыз еңбек еткені!

Шырақшы  Жайық  аға

Бүгінде ерлі-зайыптылар арасында өзара түсіністік, сыйластық, бір-біріне қамқорлық азая бастаған тұста Жайық ағамыз бен Күлмараш апамыздың өнегелі істері көпке үлгі боларлық десек артық айтқандық емес.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ішінде «аруақ қысқан», «аруақ қонған» дейтін жұмбаққа толы дертке ұшыраған Күлмараш апамыздың түсінде берген аянда дерт дауасы – қараусыз қалған Арыстан баб бабамыздың басын ретке келтіріп, жаны қысылғанда әулиеден медет сұрап келген пенделерге, Ислам дініне мойынсұнған мұсылман атаулыға түнеухана салу керек делінгендіктен, барлық қиындыққа қарамастан Жайық ағамыз тәуекелге бел буып, күрмеуі қиын ұлағатты істі қолға алды.

Іс сәтімен аяқталған соң, Күлмараш апамыз дертінен біртіндеп айығып, көріпкелдік қасиетке ие болды. Көп ұзамай халықтың қалауымен Жайық ағамыз баба басына шырақшылыққа ұсыныла бастады. Бұл да Құдайдың құдіреті шығар, тумысынан баба басына байланған Жайық ағамыздың жолын ашып, шырақшылық жолға түсуге итермеленуі де кездейсоқтық емес-ау! Ол турасында Жайық ағамыз:

– Отбасымызда бала тұрақтамаған соң, шешем осы баба басына түнеп, Алладан бала тілеп, сұрап алған ұл мен болдым. Шешеме түсінде бабам аян беріп, атымды да Жайық қойған екен.

Ол кезде баба бейіті осы таудың ақ тасымен тізеден ғана келетіндей қоршалып, үсті сексеуілмен жабылыпты. 1976 жылы Ақтөбенің Темір ауданынан бір молда келіп, бейіт басын көтерген екен.

Қазақ әулие-әнбиелердің, батыр тұлғалардың бейітін ешқашан қараусыз қалдырмаған. Арыстан баб әулиенің басын күтіп, тазалығына қарап келген Кішкененің Құрманайынан үш шырақшы, Әйдарбектің Алтынбайынан үш шырақшы болған.

«Ат айналып қазығын табар» деген, бабаға деген ықыласым бір суымаған мен 1997 жылы халық өтінішін жерге тастамай, осында шырақшылық қызметке келдім. Шырақшылық қызметті мінсіз атқару үшін Қызылордадағы «Айтбай» мешітінен арнайы діни дәріс те алғанмын, – деді өзіне тән мейірімділікпен риясыз күліп.

Жайық ағамыздың тағы бір ерекше қасиеті – баба басындағы Бала әулие, Қыз әулие сынды киелі орындарды, сонау алыста қалған тарихи оқиғаларды, қорым басындағы тастарға біткен аң-құстардың бейнелерін дәріптеуден, тарихын баяндап беруден әсте бір жалықпайды. Әсіресе, жастарды құлақтандыруға ынтық. Осындай қасиеттерімен баба басына келгендер көңілінен шыға білді.

Сөз  соңы

Қатерлі дертке ұрынғалы ойға әр нәрсе орала беретіні шындық. «Жаман айтпай, жақсы жоқ!». Беті аулақ, егер олай-бұлай боп кетсем, Алла тағаланың берген өнері – жазу-сызуды дұрыс пайдалана алмай, ауыл тарихын, аңқылдаған риясыз ақкөңіл ауылдастарымының ел алдындағы ерен еңбектерін, руханият жолындағы қажырлы істерін, биік рухын келер ұрпаққа насихаттай алмай шерменде күйде, өкініштен өзегім өртене «ана ауылға» аттанып кетерім де ғажап емес. Сондықтан, әлім келгенше асығуым керек!..

Осы мақсатпен Арыстан баб әулиенің басына түнеухана тұрғызуға мұрындық болған апам Күлмараш пен оған барынша қолдау көрсеткен ағам Жайыққа ағымдағы 2020 жылдың мамыр айының басында кей мәселелерді пысықтап алу үшін телефон шалып хабарласқанмын.

Аз-кем аман-саулықты сұрастырып болғаннан кейін, негізгі сұрақ-жауапқа ауыстық. Мақсатымды білгеннен соң, Жайық ағам Күлмараш апамды үйге жіберуді ұсынды. Сөйтті де:

– Айтпақшы, Күлмарашты «апам» дейсің, ол сенен екі-үш жас кіші екен ғой! Демек, сен маған балдыз емес, қайынаға екенсің ғой! – деп алды да, өзіне тән риясыз күжілдей күлді.

Менің де жауабым әзір еді.

– Жайық аға, рас, Күлмараш апаның менен жасы кіші, алайда оның ісі бәрінен де үлкен! Әнебір құдайсыздар қоғамы дәуірлеп тұрған 1990 жылы ер-азаматтар да әулиелерге құрмет көрсетіп, түнеухана салмақ түгілі, қасынан жүріп өтуге де жарамай, жүрексінетін заманда ерлікке барып, халық үшін игілікті істі бастауы – қандай құрметке де лайық!

Қаз дауысты Қазыбек бабамыз он үш жасында би атанса, адалдықтың символы – Бегім сұлу кіршіксіз адалдығы үшін «ел анасы» атанған! Демек, Күлмараш та «апа» атануға әбден лайық! – дедім.

Бұл пікірімді естігенде, Жәкең «сөз тапқанға қолқа жоқ» дегендей, қатты ризашылығын білдірді.

Күлмараш апаммен тілдескенде тағы бір ғажаптың куәсі боп қатты таңырқадым. Мен ұста болмасам да, менің салған пешім әлі күнге сол күйі іске жарап тұр екен. Ал, сарайды тұрғызған ұстаның салған пеші отыз жылда үш рет қайта салыныпты. Міне, ғажап! «Әр істің сапасы пейілге байланысты» деген осы ма екен?!

Иә-ә, «бәрін айт та, бірін айт» демекші, Ақиректегі Арыстан баб әулиенің басына зиярат етіп келушілер саны Отырардағыдан кем түспесе де, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолына небәрі он шақырым ғана қашықтықта жатқан қасиетті жерге барар жолға, жалпы инфрақұрылымға ешкімнің де көңілі көншімесі рас. Ол турасында кезінде осы мақаланың авторы бастаған топ облыс көлеміндегі, тіпті республикалық дәрежедегі талай атқамінерлерге айтып, газеттерге жазып іздендік. Алайда еңбек еш кетті.

Бүгінде туризмді дамытамыз деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген басшыларға қарап: «А-ай, біздің қоғамда ісіміз бен сөзіміз үйлеспейді-ау, үйлеспейді!» – дегің келеді еріксіз.

Осылайша не істерімізді білмей дағдарып жүргенімізде баба басындағы түнеухананы салған ауыл азаматтарының біразы арамыздан кетіп қалды. Ол аз дегендей, әлемді жайлаған коронавирус пандемиясының қармағына іліккен Жайық ағамыз да жаз ортасында дүниеден өтіп кетті.

Дәрігерлер «денсаулығыңда кінәрат бар» деп мені күні бүгінге дейін ешқайда шығармай отыр. Күлмараш апама да көңіл айта алмадым. Өкінішті-ақ!..

Дегенмен, Ақирек сынды қасиетті жердегі Арыстан баб сынды әулиелерге қызмет ету – екі дүниенің рақатына бөлену екені көңілге медеу!

7.12.2020 жыл

Нұрбай  ЖҮСІП,

Арал  ауданы,

Қамыстыбас  ауылы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: