Жуырда ғана жаңа басшысы тағайындалған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті өз жұмысын жүйеден ауытқымай жалғастырып келеді. Аталмыш департаменттің қатысуымен жыл басынан бері мемлекеттік қызметшілердің 445-і тәртіптік жауапқа тартылған. Олардың 291-іне ескерту, 128-іне сөгіс, 26-сына қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылған. «Заң – бәріне ортақ» деген қағиданы қаперінен шығарып алғандардың қатарында басшылық лауазымдағы тұлғалар да бар. Сонымен…
üЖалағаш ауданында бес бірдей мемлекеттік лауазымдағы тұлға қандай қателік жіберді?
üШиелі ауданының әкімі президент пәрменіне неге мән бермеген?
üМемлекеттік қызметшілердің жиі тәртіп бұзуына не себеп?
Осы және өзге де мәселелер департаменттің жаңа басшысы Рафхат Бисеновтің жаңа қарқынымен жүргізген кезекті Әдеп жөніндегі кеңес отырысы барысында айтылды.
ШИЕЛІДЕ ШЕНЕУНІКТЕР НЕГЕ КӨП?
Кеңес отырысында Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Әдеп жөніндегі уәкілінің есепті кезеңде атқарған жұмысы тыңдалды.
– Мемлекеттік қызметшілер арасында қызметтік әдепті сақтау және ұжым арасындағы моральдық-психологиялық ахуалды анықтау үшін бір рет анонимді түрде сауалнама жүргізілді. Оған ұжымның 34 мемлекеттік қызметшісі қатысқан. Өткізілген анонимді сауалнамалармен танысып, зерделеу барысында ұжымның моральдық-психологиялық ахуалы жақсы екендігі анықталды. Жоспар бойынша осы бағытта 4-тоқсанда мемлекеттік қызметкерлер мен азаматтық қызметшілер арасында анонимді сауалнама өткізу межеленуде, – деді Ғабит Ермағанбетов.
Одан кейін тікелей байланысқа шыққан Шиелі ауданы әкімінің есебі тыңдалды.
– Бүгінгі таңда аудандағы жергілікті атқарушы органдарда 200 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Жыл басынан қайта даярлау курсынан – 5, біліктілігін арттыру курсынан 41 мемлекеттік қызметші өткен. Биыл 25 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылса, оның 16-сы – басшы лауазымдағылар. Аудан әкімдігінің ғимаратына рұқсатты бақылау және басқару жүйесі орнатылып, әрбір қызметкердің ғимаратқа кіріп-шығу уақыты бақылауға алынған. Халықпен тиімді кері байланыс орнату мақсатында аудан бойынша барлық мекемелерде «Оpen space» форматы қолданысқа енгізілген, – деп мәлімдеді аудан басшысы Қамбарбек Мүбараков.
Аудан әкімінің есебін тыңдағаннан кейін Кеңес төрағасы мен мүшелері аудандағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, әдеп нормалары талаптарының сақталуы және мемлекеттік қызметті өткеру мәселелері бойынша кемшін тұстарды тілге тиек етіп, тиісті шаралардың қабылдануы қажет екендігін баса айтты. Оған себеп жоқ емес.
– Осы күні Шиелі ауданында 200 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді екен. Президент жолдауындағы тапсырмаларға сәйкес, мемқызметшілер саны қысқаруы керек. Ал сіз аудан әкімі ретінде Жолдау жарияланған күннен бастап 16 адамды жұмысқа қабылдағансыз. Қысқарту талаптарына сәйкес, соңғы қабылданған қызметшілер қысқармайтындар санатына жатса, тәжірибелі мамандарды жұмыстан шығаруға тура келеді. Сіз соны ойладыңыз ба? – деді облыстық Әдеп жөніндегі Кеңес төрағасы Р.Төлеуғалиұлы.
Кеңес шешімімен аудан әкіміне мәселені тез арада шешу тапсырылды.
ЖАЛАҒАШТА МАМАН ТАПШЫЛЫҒЫ СЕЗІЛЕДІ
Өз кезегінде Жалағаш ауданы әкімдігінің конкурстық комиссиясы мүшелері тәртіптік кеңес талқысына түсті. Себеп қандай, нендей кемшілік кетті?
Аталған конкурстық комиссия бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға жалпы конкурсты өткізу барысында біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін үміткерге басымдық берген. Нақтырақ айтқанда, Жалағаш ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы конкурсына қатысушының жұмыс өтілі талаптарға сәйкес келмеген. Дейтұрғанмен, комиссия мүшелері жұмыс өтілі функционалдық талаптарға сай келмейтін үміткерді хаттамалық шешіммен әңгімелесу кезеңіне жіберіп, одан кейін бос тұрған бас маман лауазымына тағайындауға ұсынған. Конкурстық комиссия құрамында Жалағаш ауданы әкімі аппаратының басшысы, бөлім басшысы, бас инспекторы, бас маманы және аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы болған.
– 2019 жылдың 28 қазан күні Жалағаш ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы бос лауазымына орналасуға жалпы конкурсқа үміткер Б.Шамшиевтың құжаттарының қойылған біліктілік талаптарға сәйкестігін қарау барысында оның білімі орта білімнен кейінгі техникалық және кәсіптік екендігін ескере отырып, осы санаттағы нақты лауазымның функционалдық бағытындағы өтілі жан-жақты зерделенген. Нәтижесінде конкурстық комиссия үміткердің жұмыс істеген еңбек өтілін (барлығы 2 жыл 3 ай 10 күн) осы санаттағы нақты лауазымның функционалдық бағытына сәйкес облыстардағы еңбек өтілі деп есептеп, оны конкурстың әңгімелесу сатысына жіберу туралы шешім қабылданды. Себебі, Жалағаш ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманының функционалдық міндеттерінде «Салынып жатқан (салынуы белгіленген) объектілер мен кешендердің мониторингін Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген тәртіппен жүргізу» деген міндеттер көрсетілген. Ал бұл жағдай амалдың жоқтығынан қабылданған шешім деуге де болады. Өйткені бос орынға екі мәрте конкурс жарияланды. Екеуінде де жалғыз үміткер түйіндеме тапсырған. Аудандағы маман тапшылығы, нақ осы мамандық иелерінің жоқтығы салдары бізге қиындық туғызып тұр. Десек те, жұмысқа қабылданған маман бір жылдан астам уақыттан бері өзіне жүктелген тапсырмалар мен міндеттерді еш қиындықсыз, еш ескертусіз өз біліктілігімен атқарып келе жатыр, – деді Жалағаш ауданы әкімінің аппарат басшысы М.Құрақбаев өз түсінігінде.
Комиссия мүшелерінің маман тапшылығы салдарынан қабылдаған ортақ шешімі жоспарлы тексеріс барысында опық жегізіп отыр.
Тәртіптік істі жан-жақты қараған Кеңес мүшелері мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін конкурстық комиссияның 4 мүшесіне «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» тәртіптік жазасын ұсыну жөнінде шешім етті. Ал комиссия мүшесі болған Жалағаш ауданы әкімі аппаратының бас инспекторы басқа лауазымға ауысуына байланысты, оған қатысты қозғалған тәртіптік іс тоқтатылды.
ТАПТАЛҒАН ҚҰҚЫҚ, АЛЫНҒАН ЖАЗА
Естеріңізде болса, бұған дейін де әлеуметтік желілерде түрлі басшылық қызмет пен орындаушы лауазымындағы мемқызметшілердің құқыққа сыйымсыз, әдептен ада қылықтары туралы видеолар да тарады. Мұндай келеңсіздікті тұрақты қадағалап отыратын департамент тәртіптік комиссия және өзге уәкілетті органдардың ұсынысымен 66 мемлекеттік қызметшіні тәртіптік жауапкершілікке тартқан. Оның ішінде, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны – 11, қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны – 18, өзге заңнама нормаларын бұзғаны – 37. Кеңес барысында бірқатар түсініксіз жайттардың басы ашылды. Талдау жұмыстары нәтижесімен бірқатар мемлекеттік органдарда тәртіптік жаза қолдану барысында жіберілген заңбұзушылықтар анықталған. Мәселен, өз түсінігінде теріс қылық жасау фактісімен келіспеген Қазалы ауданы, Бозкөл ауылдық округінің әкіміне қызметтік тексеру жүргізілместен оған «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған. Дәл осындай заңбұзушылықпен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасарына да тәртіптік шара берілген. Кеңес мүшелері мәселені зерделеп, мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғауды басты мақсат ете отырып, екі тұлғаға қатысты қолданылған тәртіптік жазалардың күшін жоюды ұсынды.
Н.ҚАЗИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!