Мұрат НАСИМОВ,
саяси ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор,
«Болашақ» ғылыми-зерттеу институтының директоры
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялағаны белгілі. Жолдау жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемия шарттарында жасалғандықтан, алдағы уақытта міндеттерді жүзеге асыру маңызды болып отыр.
Мемлекет басшысы ең алдымен мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне тоқталады. Жаңа үлгіге сәйкес қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мен Реформалар жөніндегі жоғары кеңес құрылды. Агенттікті тұтас мемлекеттік жоспарлау жүйесінің негізгі орталығына айналдыру көзделіп отыр. Ал жоғары кеңес еліміздің орнықты дамуын стратегиялық жоспарлау және экономикалық, әлеуметтік және саяси реформаларды тереңдету мақсатында жұмыс жүргізеді. Қарап отырғанымыздай, барлық мәселе жоспарлауға байланысты екендігі көрініп тұр.
ХХ ғасырдың басында ұлттық экономиканы жоспарлау мүмкін емес екендігі айтылып, нарық бәрін мүмкіндігінше өздігінен ұйымдастыра алады деген пікірлер болды. Ал постиндустриалды дәуірде болжау мен жоспарлау кәсіпорындар мен мекемелер шеңберінен шығып, ұлттық маңыздылықты иеленді. Дамыған елдердің индустрияландыруы мен өнеркәсіптің өркендеуі ұлттық деңгейдегі көптеген бағдарламаларды, білім беру бағдарламаларын дамытуды қажет етті. Дамыған елдердегі мемлекеттік жоспарлау және реттеу тәжірибесі көрсетіп отырғандай, қоғамның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететінін көптеген тетіктер елдің нарықтық қатынастарындағы экономикалық өзгерістерді түзетті. Біз жаңа реформалар алдағы уақытта өз тиімділігін көрсетеді деп ойлаймыз.
Жолдауда жаңа жағдайдағы экономикалық дамудың жеті қағидаты туралы айтылды. Игіліктер мен міндеттердің әділ бөлінісі әлеуметтік-экономикалық міндеттерді жүзеге асырудың тиімділігін жоғарылатады. Жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі барлық салада жекенің үстемдігін айқындайды. Әділ бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарық ашу бойынша атқарылатын барлық жұмыстар шағын орта бизнестің дамуына және тұрғындардың орта табысының өсуіне ықпал жасайды. Өнімділікті көбейту, экономиканың ауқымдылығын және технологиялық сипатын арттыру экономиканы әртараптандырып ғана қоймай, тауарларымыздың сыртқа шығуына септігін тигізеді. Адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту да маңызды. Адами капитал – экономикалық даму, қоғам мен отбасының дамуын көрсететін ұғым. Инновациялық экономика мен білім экономикасының қалыптасуы мен дамуының негізі болып табылатын адами капитал пандемия кезінде жаңа пішінді жұмыстарға бейімделуді талап етті. Пандемия уақытында біз денсаулық мәдениетін үйреніп ғана қоймай, еңбек нарығындағы ахуалды жақсартуға тырыстық. «Жасыл» экономиканы дамыту арқылы жаһандық қаржылық және экономикалық дағдарыстарға төтеп беруге болады. Экономиканың бұл түрі қоршаған ортаны қорғауға да септігін тигізеді. Ал жетінші қағидат мемлекет тарапынан дәйекті шешімдер қабылдау және сол үшін қоғам алдында жауапты болуды көздейді. Байқап отырсақ, барлық қағидаттар өзара тығыз байланысты және нақты мәселелерді шешуге бағытталған.
Теңгерімді аумақтық даму еліміздің тиімді және тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етудің құралы болуымен қатар, елдің экономикалық құрылымын дәйекті түрде өзгертуді талап ететіндігін көрсетіп отыр. Бұл тұста экономиканың салалық құрылымдарына ерекше мән беру мәселесі тұр деп айтуымызға болады. Аумақтық дамудың теңгерімділігіне аумақтың ресурстық әлеуетінің барлық құрамдастарын дамытудың оңтайлы жолдарын қамтамасыз ету және сақтау арқылы қол жеткізіледі. Әлеуметтік бағдар мен тұрақтылық көрінісіндегі теңгерімді аумақтық даму қалыптасқан жағдайды жасанды түрде қолдау негізінде емес, қазіргі жағдайдағы экологиялық, табиғи-ресурстық және әлеуметтік бөліктердің ең осал жерлерін анықтау арқылы мүмкін болады.
Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмасымен тығыз байланысты. Ресейлік ғалым Л.Константинова әлеуметтік мемлекеттердің үш үлгісін атап көрсетеді: либералдық, корпоративтік және қоғамдық (ынтымақтастық). Аталған үлгілер әлеуметтік саясатты жүзеге асырудағы рөлі мен дәрежесі бойынша бір-бірінен ерекшеленеді. Либералдық үлгіде мемлекет барлық азаматтардың ең төменгі табыстарын сақтауға, қоғамның әлсіз топтарының әл-ауқатына ғана жауап береді. Сонымен қатар, қоғамда мемлекеттік емес сақтандыру мен әлеуметтік қолдаудың түрлі нысандарын және азаматтардың өз табыстарын алу және арттыру тәсілдерін дамытады. Бұл ахуалда мемлекеттің рөлі жанамаланған, ол бюджеттен шығындарды қаржыландырмайды, бірақ ұйымдық-құқықтық бағдарды қамтамасыз етеді. Корпоративтік үлгі мемлекеттің қоғамның әлеуметтік әл-ауқаты, мемлекеттік емес ұйымдар мен тұлға алдындағы жауапкершілікті білдіреді. Дегенмен негізгі жауапкершілік қызметкерлерін қамтамасыз етіп отырған кәсіпорындар мен мекемелерге жүктеледі. Бұл модельдің қаржылық негізі, ең алдымен, корпорациялардың сақтандыру жарналары болып табылады. Соңғы үлгі ынтымақтастық қағидасына негізделген. Қағида бүкіл қоғамның өз мүшелері үшін жауапкершілігін білдіреді. Басқаша айтқанда, мұнда бай кедей үшін, дені сау адам науқас үшін, жастар кәрі үшін төлейді. Мұнда мемлекет азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты үшін үлкен жауапкершілікті өзіне алады және мемлекеттік бюджет пен мемлекеттік әлеуметтік-сақтандыру қорларын қайта бөлуді жүзеге асырады.
Қолжетімді білім кез келген мемлекеттің халқына берген мүмкіндігі немесе құқығы деуімізге болады. Қолжетімді білім экономикаға, елдің жағдайына және ата-аналардың мүмкіндіктеріне байланысты. Қазіргі қоғамда сапалы білімнің маңыздылығы үнемі артып келеді. Өйткені қоғамның рухани, мәдени және адамгершілік әлеуеті білім сапасының дамуымен өлшенеді. Сондықтан білімнің сапасы білім берудің мақсаты және стратегиясынан байқалады. Расында ұстаздар жалақысының артуы сапалы білімді қолжетімді ететіндігі анық. Мектептер арасында жіктелу қоғамда айқын көрінгенімен, бірақ мұғалімдер арасында жоқ деп ойлаймыз. Қарапайым және элиталық деп атап жүрген лицейлерде шамалары бірдей мұғалімдер жұмыс істейді. Дегенмен, алшақтық ұстаздардың білім деңгейіне, мамандыққа адалдығы, оқушыларға қарым-қатынасы, оқу жүктемесі, өмір салты және басқа да факторларға байланысты. Жолдауда атап көрсетілгендей, қарапайым мектептерге қолдау көрсету білім беру саласындағы алшақтықты қысқартуға жол ашады. Мемлекет басшысы ғылым саласын дамытуға да ерекше мән береді. Ғылымның дамуы адам ақыл-ойының дамуы мен адамзат өркениетінің қалыптасуының ажырамас бөлігі болып табылады. Бүгінде ғылымда зерттеулердің жаңаша әдістері мен тәсілдері қалыптасқан. Халықаралық тәжірибеге арқа сүйеу арқылы біз мұны да үйрене аламыз.
Денсаулық сақтау саласын дамыту үшін халықтың денсаулық мәдениетін қалыптастыруы маңызды. Бүгінде денсаулық мәдениеті қазіргі әлемдегі жаңа түсінік және құбылыс болып табылады. Сарапшылардың басым бөлігі мәдениеттің бұл түрін ғылым мен кәсіби медицинаның ұсыныстарын қолдану арқылы жүзеге асырылатын ұғым ретінде көрсетеді. COVID-19 вирусы әрі инфекциясының таралуы мен ықпалын шектеу үшін әлемді әлеуметтік қашықтық пен зарарсыздандырудың батыл шараларын жасауға итермелеу денсаулық мәдениетін қалыптастырды деуімізге болады. Вируспен алдыңғы шепте күрес жүргізіп жатқан немесе үйде жұмыс істеп жатқан азаматтарды әлі де белгісіз келешек күтіп отырғандығы анық. Қоғамдық кеңістікті толтыруға бағытталған әлеуметтік қашықтық, қашықтан оқыту (онлайн оқыту) мен кездесу секілді қысқамерзімді әлеуметтік бейімделу пайда болды. Сонымен қатар, халықтың рухани денсаулығы да маңызды деп ойлаймыз. Адам денсаулығы мықты болғанымен, ол адамның рухани денсаулығын ауыстыра алмайды. Негізінен адамның рухани денсаулығы азаматтың белгілі бір рухани құндылықтарды бәрінен артық құрметтеуімен өлшенеді. Жалпы, адамның рухани денсаулығы оның ойлау жүйесі, қоршаған орта мен оның мүшелері, оқиғалар, ахуалдар, қоғамдағы өз орнымен тығыз байланысты. Рухани денсаулықтың нығаюы қоршаған ортамен келісімде өмір сүру икемділігі, түрлі ахуалдарды талдау және оның дамуын болжау қабілеті арқылы жетеді. Түрлі ахуалдарда қажеттілік, мүмкіндік пен ықыласты назарға алумен өзін-өзі ұстауы да ескеріледі.
Мемлекет басшысы Жолдауда демократияның басты жауы ретінде білімсіздік пен популизмді атап көрсетеді. Білімсіздік немесе надандық білімнің кемшілігінен, қараңғылықтан, кемелденбегендіктен, артта қалудан пайда болады. Білімсіздік мәселенің мәнін білмеуден, елемеуден туындап, адамның ұмтылыстары мен іс-әрекеттерінде көрініс табады. Білімсіздік агрессивті әрекеттерде байқалуы әбден мүмкін. Бұл жағдайда білімсіздік адамның өз бақытсыздықтары үшін жауапкершілікті мемлекетке жүктеп, мемлекеттің саяси тұрақтылығына зиян келтіреді, адамзаттың барлық жұмыстарының нәтижелерін жояды. Популизм бұқара халыққа жүгінеді және қоғамға өткір әлеуметтік мәселелерді жылдам әрі оңай шешуге уәде береді. Популистер өздерінің мазмұнсыз сөздерін қарапайым адамдардың экономикалық және әлеуметтік мүдделеріне баса назар аудара отырып құрайды. Көптеген популистер өздерін белгілі бір аймақтардың, жекелеген әлеуметтік топтардың қорғаушысы ретінде ұсынатындықтан, көзқарастарға ерекше мән берілуі қажет. Осы себептерге байланысты мемлекет басшысы қоғамда «хайпократияның» белең алуына жол берілмейтіндігіне үміттенеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!