Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Экология және біз

22.10.2020, 13:45 4167

HALYQLINE.KZ

Табиғат – адам өмірінің ажырамас бір бөлігі. Онсыз мына жер бетінде тіршілік болмас еді. Қасиетті жер-анадан нәр алып, күллі тіршілік иесі өмір сүріп келеді. Табиғат адам өмір сүру үшін берілген. Бәрі-бәрі адам үшін қызмет етеді. Тіпті, жүгірген аң да, ұшқан құс та, сылдырап аққан су да бүкіл жаратылыс адамзат үшін жаралғандай. Ал біз осы табиғатымызды аялап жүрміз бе? оны қаншалықты бағалап жүрміз?

Табиғат – жер бетінің тынысы. Десек те, табиғатымыз жыл сайын экологияға айналып бара жатыр. Оның себебі зауыттар мен кәсіпорындардан бөлінген химиялық улы газдың әсері, сондай-ақ аспан әлеміне қол жеткізгенімізбен оған барар жолда ракетамыздан бөлінетін түрлі радиациялық удың салдарынан ауа ластанып, зардабын өсімдіктер мен жануарлар тартып жатыр. Сондықтан болар олар бүгінде жойылып кету қаупі үстінде. Адамдар да соның зиянынан түрлі ауруларға шалдыққан. Бұл адамзаттың ой-өрісі дамыған сайын, бәріне қолжетімді болғанымен зиянды жақтарын ұмытқандығын білдіреді. Экология мәселесі – тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем алдында тұрған елеулі мәселе. Қазақстанда экологиялық аймақтарға көптеген жерлер тіркелген. Олардың қатарына «Байқоңыр ғарыш айлағы, Арал теңізі, сондай-ақ кәсіпорындар мен зауыттар салынған жерлердің барлық аймағы жатады.        

Бүгінде осы экология мәселесімен айналысатын арнайы сала оқытылады. Яғни бұл – экология саласы. Бұл сала 1866 жылы пайда болғанымен қазіргі кезде енді қолға алынды. Себебі экология – күн тәртібіндегі бірінші мәселе. Сонымен экология дегеніміз не?

Экология – тірі организмнің қоршаған ортамен байланысын зерттейтін ғылым. Енді дамып келе жатқан осы жас сала балабақшадан бастап университетке дейінгі білім беру ұйымдарында оқытылса, нұр үстіне нұр болары анық. Өйткені жастайынан баланы неге үйретсең, өскен соң соның жемісін көресің. Қарапайым ғана ауламызды тазалап, ағаш отырғызып, қоғамдық орындарды таза ұстаудың өзі біздің табиғатқа жасаған үлкен құрметіміз болмақ.

Мен өз достарыммен демалыс орындарына барғанда қолымыздағы кәмпит қораптары мен ішкен суымыздың құтысын арнай қоқыс салғыш жәшіктерге салу керектігін  айтамын. Себебі біз табиғатымызға осылай құрмет көрсете аламыз.

Менің туған жерім – Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Кәукей ауылы. Бұл аймақ нағыз экологиялық аймаққа жатқызылады. Себебі жанымызда орналасқан, жердің кіндігі саналатын Байқоңыр ғарыш айлағы мен Арал теңізі маңындағы жер. Бізге көбіне зияны тигізетін ракета мәселесі. Ғарыш айлағынан ракета ұшырылғанда сол күні ауа ластанып, дала көк шаң болады. Біздің бұған етіміз үйренгені соншалық, мән бермей де жүретін кездеріміз болған. Ол қанша биіктікке ұшқан сайын одан бөлініп, жерге құлайтын бөлшектерден небір улы ядролар тарап жатыр. Сондықтан болар экологиялық аймақ тұрғындарына денсаулықтарының күтіміне арнайы ақша төленеді. Бұл да үлкен мәселе.

Қазақстандағы экология мәселесін тауысып жазу мүмкін болмас. Дегенмен, келер ұрпаққа аманат етер табиғат байлығымыздың қоры таусылмасын. Ал, біз жастар қолдан келгенше нәзік табиғатымызды аялап, жан-жануарларымыз бен өсімдіктерімізге қиянат жасамайық.

Нұрсұлу  НАСЫР,

№225 орта мектептің 6-сынып оқушысы.

Қазалы ауданы,

Кәукей ауылы

Көрнекі  сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: