«Әншілер кітап оқымайды, әкімдер кітап оқымайды». Тап осы сарындас пікірлер ел арасында өріп жүр. БАҚ өкілдері де «басшылар кітапханаға бара ма, қайсысында оқырман билеті бар екен?» деп әр уақытта сұрау салып келеді. Иә, егер кітапты жейтін болса, оқырман көбейер еді. Бұл – белгілі ақын Ерлан Жүністің ашынып айтқан сөзі. Дарынның емес, қарынның қамы алдыңғы орынға шығып кетті. Адамдар рухани байлықты емес, материалдық байлықты жоғары қойып, соны таңдауға мәжбүр. «Балық басынан шіриді» десек, «облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қаншалықты кітап оқиды?» деп төтеннен сұрақ қойып, тықсыртуға болатын еді. Бірақ, балықтың құйрығынан бастап тазаланатынын өзен жағалап, өзегі талмай жүрген кез келген қазақ білсе керек-ті. Сондықтан, әкімге емес, әуелі өз-өзімізге жауап бергеніміз де дұрыс шығар…
Айтпақшы, ең алдымен анықтап алайық: кітап оқу деген бар және оны түсініп, ұғынып оқу деген бар. Сондықтан, құр судыратып оқып шыққаннан пайда көрмедік. Жә, бұл – басқа тақырып. Әлгінде айтқанымыздай, Әбдіқалықованың қаншалықты кітап оқитынынан хабарсыз болсақ та, қандай кітап оқитынын білу мүмкіндігі туды. Бұдан бірнеше ай бұрын аймақ басшысы фейсбук парақшасында кітап оқу челленджін қабыл алғанын және өзінің қандай кітап оқитынын жазған еді.
«Мен әрдайым қайталап оқып жүретін маңызды кітабымды өздеріңізбен бөліспекпін. Ол – «Әлемнің екінші ұстазы» атанған, ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» трактаты» деген облыс әкімі сөзін былайша жалғайды.
– Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің қоғамды қалыптастыру, мемлекетті басқару, адамзатты ізгілікке тәрбиелеу сияқты жазбалары мен ұстанымдары XI ғасыр өтсе де бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан емес. Осы дүниелерді жаңғырту арқылы жоғарыда айтқан жарқын болашаққа қарай нық қадам басуға тиіспіз.
Тақырыптағы сұраққа жауап бар. Әкімнің өзі айтпақшы, әрдайым қайталап оқып жүретін кітабы – әл-Фарабидің трактаты екен. Биыл – әл-Фарабидің 1150 жылдығы. Ғұламаның мерейтойы елімізде де, ЮНЕСКО аясында әлемдік деңгейде де атап өтілуде. Облыс әкімі әл-Фарабидің еңбегінен оның идеалды қоғам жасауға ұсынысын көретінін әрі бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатымен үндес келетінін айтады.
Рыскелді СӘРСЕНҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!