Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге бейім халықта жұмысқа орналасу үшін оңай жолды іздеп, «ақшасын берсем топ етіп жұмысқа тұрып кетемін» деген түсінік қалыптасқаны жасырын емес. Бармақ басты, көз қыстының кейпін танытып, «таныспен жұмысқа тұрамын» деп, опық жеп жүргені де бар. Жұмыс табу үшін «барын» беретін «қараңғы» жұрттың мұнысынан хабардар алаяқтар жұмысқа тұрғызамын деген желеумен талайды сазға отырғызып үлгерді. Карантин уақытында олардың саны көбейіп, қарапайым халықтан миллиондарды жымқыруда.
Соңғы жылдары алаяқтық елімізде белең алып кетті. Елдің түкпір-түкпірінде солардың кесірінен опық жегендер саны өсіп жатыр. Оңай жолмен ақша табуға «ниеттілердің» арасында Қызылорда облысының тұрғындары да жоқ емес.
Бір факт. Өңіріміздің 35 жастағы тұрғыны «Атырау қаласындағы мұнай компаниясына туысқандарыңды жұмысқа орналастырып беремін» деген желеумен қала тұрғынынан анау-мынау емес, 13 миллион теңгеден астам ақшасын алдап алған. Аз уақытта «миллионер» атанған алаяқ көп ұзамай құрықталды. «Жеңіл ақша тауып, байып үлгердім» деген күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігі бойынша (алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталуда екен. Бұл туралы Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеп отыр. Қылмысы расталған жағдайда мүлкi тәркiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бүгінде алаяқтық қылмыстарының алдын алу үшін көптеген жұмыстар жүргізіп, осы бағытта тиісті іс-шаралар атқарылуда. Полицейлер тарапынан облыс тұрғындарына алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін қандай сақтық шараларын сақтау керектігі түсіндірілуде. Осы мақсатта халыққа қызмет көрсету орындары мен базарларда, сауда орталықтарында плакаттар жапсырылып, жаднамалар таратылуда. Алайда алдамшының арбауына түсіп, алданып қалғандар әлі де бар. Қыруар қаржыны қалтасына басып, боскеуделердің арқасында байып қалуды көздегендер саны мұнымен тоқтамайды.
Тағы бір факт. Жұмысқа тұрғызамын деп тақырға отырғызған келесі кейіпкеріміз де – Қызылорда облысының 55 жастағы тұрғыны. «Қазақмыс мекемесіне балаңды жұмысқа орналастырып беремін» деп қала тұрғынынан 7 миллион теңгеге жуық ақшасын алдап алған. Бүгінде күдікті ұсталып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі бойынша (алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қазіргі таңда бұл оқиғаның да мән-жайы анықталуда. Егер де қылмысы расталған жағдайда мүлкi тәркiленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығы шектелуі немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айырылуы бек мүмкін.
Қызылорда облысының Полиция департаменті облыс тұрғындарына алаяқтардың құрбанына айналмас үшін қарапайым ғана ұқыптылықты ұстану, жоғары кепілдік кіріс уәделеріне сенбеу және ақша, бағалы заттар мен мүлікті күмәнді адамдарға немесе компанияларға тапсырмау керектігін ескертеді. Аталған ескертпелерді орындаған жағдайда өзіңізді алаяқтардың арбауынан сақтай аласыз. Сонымен қатар, осыған ұқсас күмәнді жайттарды кездестірсеңіз, жауапты мекемелерге хабарласқаныңыз жөн.
Пандемия уақытында көптеген жұмыс орындары жабылып, жұмыссыздар саны көбейгені белгілі. Осыған байланысты ел аумағында алаяқтар саны да күрт өсіп кетті. Алдағы уақытта оларға қарсы іс-шаралар жүргізіліп, бақылау күшейтіледі. Адамдарды арбап, аз уақытта миллионер болғандар лезде құрықталып, заң алдында жауап беруде. Берекесіз ақшаның бейнетін тартып жүргендер аз емес. Бүтін ел болып бірігетін уақытта еңкейгенді шалып, құлағанды теуіп жатқанымыз өкінішті…
Б.ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!