HALYQLINE.KZ Мемлекет басшысы қыркүйектегі Жолдауында бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балалар спортына басымдық беріп, әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашуды тапсырған болатын. Осыған орай, Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстандағы бұқаралық спортты тиімді дамыту» тақырыбында брифинг өтті.
Іс-шарада бірінші болып сөз алған Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының директоры Абзал Тұңғатарұлы еліміздегі спорт нұсқаушыларының бәрін біліктілік курсынан өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді.
«Біз қазақстандық ауылдарды спорт нұсқаушылармен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Осы мақсатта қазір орталығымызда спорт нұсқаушыларына арналған әдістемелік нұсқаулық әзірленіп жатыр. Оның жобасы дайын, бұл әрбір спорт нұсқаушысы үшін кеңес кітапшасы болады. Келесі жылдан бастап оқу-орталығымыздың мамандарынан жасақталған арнайы топ барлық өңірді аралап, спорт нұсқаушыларын оқытады. Еліміздегі әрбір спорт нұсқаушысын теориялық және практикалық тұрғыда біліктілік курсынан өткізуді көздеп отырмыз», – деді А.Тұңғатарұлы.
Оның айтуынша, Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы қоғамда, әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында және адам көп шоғырланатын орындарда бұқаралық спортты насихаттаумен айналысады. Бұл үшін орталық түрлі танымдық видеороликтер мен билбордтар, сондай-ақ қызықты жобалар әзірлейді. Соның бірі – «Белсенді ел» жобасы. Бұқаралық спортты халық арасында дәріптейтін және спортпен шұғылдануға шақыратын «Белсенді ел» жобасы аясында арнайы сайт іске қосылған. Оқырмандар онда жарияланған материалдар мен мақалалардан қандай спорт түрлерінің нақты қай жағынан тиімді, қайсы аурудың алдын алуға бағытталғанын біле алады. Содан соң сайтта көрсетілген спорт клубтарының картасымен өзіне қажетті орынды таба алады.
Брифинг барысында Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы әзірлеген танымдық видеоролик көрсетілді. Ондағы ақпаратқа сүйенсек, Қазақстанда жұқпалы емес ауруға ұшыраған науқастардың 84 пайызы қайтыс болады. Елімізде жыл сайын 30 мың адам жүрек-қан тамырлары ауруларымен, 15 600 адам тыныс алу ауруларымен, 37 800 адам қант диабетімен ауырады. Үнемі дене шынықтырумен шұғылдану адамды жоғарыда аталған ауру түрлерімен сырқаттанудан сақтайды.
«Мектеп спорт федерациясы» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігінің ресми өкілі Әлия Майданқызы балалар спортының мектептегі дене шынықтыру пәнімен ғана шектеліп қалғанына тоқталды.
«Қазіргі таңда бұқаралық спортқа көп көңіл бөлініп жатыр. Оған қуанамыз. Бірақ балалар спорты мектептегі дене шынықтыру пәнімен ғана шектеліп қалды. Айталық, ауладағы спорт алаңдары жөнінен дамыған елдерден көп артта қалдық. Бұл неге әкелді? Спортпен шұғылданатын балалардың саны елімізде 30 пайыздан аспайды. Әскер қатарына шақырылатын жастардың 40 пайызы дімкәс, талаптарға сәйкес келмейді. Мүгедек балалар көбейді, оқушылар арасында көзі нашар көретіндердің қатары күн сайын артып келеді. Қазақстанда 1970 мектепте дене шынықтыру залы жоқ. Мектептегі спортты дамыту жұмысын алдымен осы мәселені шешуден бастау керек», – деді Ә.Майданқызы.
Ал «Ұлы дала скауттары» қоғамдық бірлестігінің бас хатшысы Ильдар Катенов балаларды спортпен тұрақты шұғылдануға баулудың өте оңай екенін айтады.
«Баланы үйретудің ең тиімді жолы бар. Бұл – айтумен емес, іспен көрсету. Аталған мәселеде алдымен ата-ана балаға үлгі болуы керек, ересектер спортпен айналысуы қажет. Балалар үлкендерге еліктейді. Сондықтан дәл осы мәселеде алдыңғы толқын балалардың бұқаралық спортпен айналысуы үшін не қажет екеніне мән беруі тиіс», – деді И.Катенов.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
egemen.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!