ФАКТІСІ ЖОҚ «ҚАРЖЫ ЖЫМҚЫРУ»
Елге елеулі еңбек ететін де, жұмыстың жүйелі түрде атқарылуына жауап беретін де – мемлекеттік қызметкерлер. Ал олардың заңға бағына отырып, қызмет жасауы – ең басты міндет. Осы орайда мемлекеттік қызметкерлердің тәртібін қадағалап отыратын ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті Әдеп кеңесінің отырысы өтті. Оған 7 мәселе арқау болды.
Жиында Қызылорда қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары А.Рысбектің тәртіптік ісі қаралды. Оған себеп –Қызылорда қаласының прокуратурасымен «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасының» іске асырылуы барысында заңдылықтың сақталуына қала прокурорының өкімімен құрылған мониторингтік топпен қарсы тексерулер арқылы мониторингтің жүргізілуі. Прокуратура өкілдерінің уәжіне сүйенсек, мердігерлермен ұсынылған атқарылған жұмыстар актісіне сәйкес нысандар бойынша жұмыстар толық атқарылмағаны, мүлдем атқарылмағаны және аяқталған нысандар тапсырыс берушімен қабылданбағаны анықталған. Тапсырыс беруші бөліммен Қызылорда қаласы С.Бейбарыс көшесі бойындағы көлік айрығының суағарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге «СК Монтаж» ЖШС-мен №321 келісімшарты жасалған. Осы ретте келісімшартқа сай 30 пайыздық аванстық төлем сомасы 19,8 млн теңге аударылған. Бүгінгі күнге дейін мердігер мекемемен мүлдем жұмыстар атқарылмай, келісімшарттан бас тартылған. Одан өзге қалалық прокуратурамен қала аумағындағы 9 көше бойынша тротуарлар, 30 ойын алаңдарын орнату және жолдарға орташа жөндеу жұмыстары бойынша мониторинг жүргізілген. Тексеру жұмыстары бойынша 7 нысанда талаптардың сақталмағаны кеңестің өзекті тақырыбына айналды. Өйткені, тәртіптік ісі қаралып жатқан А.Рысбек мұндай қорытындымен мүлде келіспейтінін айтты.
– Біріншіден, бұл жүргізілген тексеру жұмыстарымен мүлде келіспеймін. Өйткені, дәл сол тексерістің құрамында мен болған жоқпын. Екіншіден, көшелердің бастан-аяқ қаралғанына күмәнім бар. Бұл – енді басталған жұмыс. Ортасына да, аяғына да жеткен жоқ. Әлі игерілмеген қаржысы да бар. Ал аударылған қаржы – осы уақытқа дейін істелген жұмыстың ғана құны. Сондықтан тағылған айыпты негізсіз деп есептеймін және қайта қарауды сұраймын, – деді.
Прокуратура өкілдерінің тағылған айыпты ашып, сараптауға дәлелдері жеткіліксіз екенін кеңеске қатысқандардың дені алға тартты. Оның үстіне аяқталмақ түгілі әлі ортасына жетпеген, аяқтауға уақыты бар, қаржы жымқыру фактісі жоқ істі тәртіптік кеңесте қарауға қарсылық білдіргендер де болды. Сөйтіп, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің бірауыздан шешім қабылдауымен тәртіптік іс тоқтатылды.
Әдеп кеңесінде қаралған келесі мәселе тым күрделі. Бұған дейін дәл осы үстелде бірнеше мәрте қаралып, сотқа жолданып, тіпті соттың шешімі шыққан. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне 2020 жылдың 13 наурызында «Қызылорда облыстық кеңес беру диагностикалық орталығы» ШЖҚ МКК директоры К.Тлеулиевтің өтініші бойынша ҚР ҰЭМ Бәсекелестікті дамыту және қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысы Ерсін Орынбаевтың әрекетіне қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілді. Онда департаменттің лауазымды тұлғалары тарапынан мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылыққа жол берілгендігі айтылып, олардың тәртіптік жауапкершілігін қарау сұралған. Атап айтқанда, департамент тарапынан кәсіпорыннан стоматологиялық қызметті жүзеге асыруды тоқтату талап етілген. Алайда Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 23 қаңтардағы №4360-19-00-2/3248 шешімімен аталған департаменттің 2019 жылғы 11 қазандағы №1 нұсқамасының күші жойылып, заңсыз деп танылған. Сондай-ақ, аталған сот шешімінде осы мәселе бойынша бұған дейін сот органдарымен қаралып анықталған мән-жайлар көрсетілген. Нақтысы, сот шешімінде кәсіпорынның стоматологиялық қызметпен айналысуына рұқсат берілген лицензияның қолданысы тоқтатылмаған және қолданыстағы құқықтық актілермен кәсіпорынға тыйым салынбағандығы дәлелденген. Департаменттің заңмен тыйым салынбаған кәсіпкерлік қызметпен айналысуды тоқтатуды талап ету құзыреті қарастырылмағандығы көрсетілген себептерге байланысты бұл істі де тоқтатып, күн тәртібінен алып тастауға шешім қабылданды.
КАРАНТИН КЕЗІНДЕ ТУҒАН КҮН ТОЙЛАП…
Келесі мәселеде бір емес, бірнеше мемлекеттік қызметшінің тәртіптік ісі қаралды. Оған төрт мемлекеттік қызметшінің карантин кезінде туған күн кешіне барып, карантин талаптарын бұзған әрекеттері жүк болды. Түсінікті болу үшін айта кетейік, Шиелі ауданы әкімі аппаратының басшысы Ғалымжан Күлбаев, Шиелі аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Жандос Әбенов, Шиелі ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық жұмысы бөлімінің бас маманы Нұрсұлтан Сейтхасимов, Шиелі аудандық ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы Дінмұхамед Марданаев Жуантөбе ауылдық округіне қарасты Алғабас ауылының тұрғыны Н.Сүлейменованың жеке үйінде болған қуанышына ортақтасқан. Осы жайт туралы «Ағалық болашақ» қоғамдық қорының жетекшісі Әлқожа Балқожаев «YouTube» каналына «Қызылорда облысы халықтың басына түскен ауыртпашылықты тойлауда ма?» деген тақырыппен жүктеген бейнежазба жариялаған. Осылайша аталған тұлғалар өздерінің іс-әрекеттерімен желі қолданушылары тарапынан сыни пікірлердің туындауына себепкер болған. Тиісті тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, оқиғаның жай-жапсары толық анықталған. Тәртіптік ісі қаралып жатқан тұлғалардың түсінігі тыңдалып, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің шешімімен Ғ.Күлбаевқа «сөгіс», Ж.Әбенов, Н.Сейтхасимов, Д.Марданаевтарға «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.
Ал Жаңақорған ауданы, Қандөз ауылдық округінің әкімі Э.Бердалиеваның ісін қарауға «Facebook» әлеуметтік желісінде жарияланған жазба себеп болған. Желі пайдаланушысы С.Тұрлыбекова «Мемлекеттік қызметшілерге жаза жоқ па?» деген тақырыппен Жаңақорған ауданы, Қандөз ауылдық округінің әкімі Э.Бердалиева карантин режиміне қарамастан табиғат аясына демалыс орнына көпшілікпен барғаны, көпшілік шоғырланған жерде санитарлық бетпердесіз отырғандығын айтқан. Әлеуметтік желі қолданушыларының арасында қызу талқыға түсіп, түрлі сыни пікірлер жазылған. Мемлекеттік қызметке келгеніне небәрі 9 ай ғана уақыт болған ауыл әкімі Э.Бердалиева Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығына берген түсінігінде 2020 жылдың 8 тамызында Д.Бекболатованың ұйымдастыруымен туған күн кеші өткенін, сол отырысқа шақырғандықтан қатысқанын, үй иесі дастарқанға ішімдік қойғанын, алайда ол ішімдікті ешкім ішпегенін көрсеткен. Сонымен қатар, тамақ ішу үшін бетперделерін шешіп отырғанын айтқан. Карантин режимін бұзғанын білетінін және өкінетінін, алдағы уақытта қайталамауға уәде еткен. Осы және өзге де жайттар ескеріле отырып, Кеңес мүшелері Қандөз ауылдық округі әкімі Э.Дәрібайқызына «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза лайық деп шешті.
ТӘРТІПТІК ЖАЗАЛАРЫ ҚАЙТЫП АЛЫНДЫ
Сонымен, Әдеп кеңесі мінберінде қаралған жеті мәселе «ескерту», «сөгіс» және «тоқтату» секілді шешімдермен аяқталды. Ал бұған дейін дәл осы мінберден істеген ісін өкінішпен баяндаған тәртіптік жаза иеленушілер мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Мысалы, Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Искаковқа, Жаңақорған ауданы әкімі аппаратының басшысы Абибулла Абдуллаевқа, Жаңақорған ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық жұмыстар бөлімінің бас инспекторы Жәнібек Асылбайұлына «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» берілген еді. Әдеп жөніндегі кеңестің қарауына аталған тұлғаларға енгізілген тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу туралы ұсыныс түскен. Басым дауыс беру қорытындысымен ұсыныстар толық қанағаттандырылды.
Сондай-ақ, Әдеп жөніндегі кеңес отырысында Қармақшы ауданы әкімі Мұса Қалдарбековтың, Қызылорда облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілінің, Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісі тәртіптік комиссиясының жартыжылдықта атқарған жұмыс есебі тыңдалды. Баяндама негізінде Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Н.Талқанбаев тиісті тапсырмалар берді.
Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!