Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қолқаны қапқан иістен қашан құтыламыз?

05.02.2020, 11:22 1186

Ауаның ластануы салдарынан жылына әлем бойынша 7 миллион адам көз жұмады екен. Оның 600 мыңға жуығы – бала. Зиянды ауа қалдығымен демалатындар көрсеткіші де қуантарлық емес, 10 адамның 9-ы тыныс алғанда зардап шегеді. Бұл – ресми дерек. Осындай зияндылық салдарынан жүрек талмасы, инсульт, өкпенің қатерлі ісігі секілді дертке шалдығатын адамдардың да саны күрт өскен.

Аймақтағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жасалып жатқан инвестициялық жобалар қатарында жаңа қоқыс полигонының жобасы да бар. «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС және «Қызылорда тазалығы» мекемесі мен әкімдік үшжақты әріптестік аясында қала маңынан 1 млрд 300 млн теңгенің көлемінде жаңа қоқыс полигоны жобасын жүргізуді қолға алған. Құрылыс 2019 жылдың қарашасына дейін аяқталады деп жоспарланған. Алайда әлі «толғағы» піспей тұр. Айта кетейік, аймақ бойынша тек 3 елді мекенде ғана арнайы ұйымдастырылған қоқыс алаңы бар екен. Ал тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу 2018 жылы 3% болса, 2019 жылы 12%-дан асқан. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, жыл сайын Қазақстанда 5-6 млн тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдықтар жинақталады. Елдегі жұмыс істеп тұрған 130-дан астам кәсіпорын қайталама шикізатты өңдеп, 20-дан астам өнім түрлерін, пластик, металл, ағаш, шыны, қағаз, резина ұнтағының және резеңке-техникалық бұйымдар, биогаз, тыңайтқыш және отын пиролиз өнімдерін шығарып отыр. Соның өзінде тұрмыстық қатты қалдықтар үйінділері мен полигондарының 3521-і (!) бар, олардың 17,6 пайызы ғана экологиялық талаптар мен санитарлық нормаларға сәйкес. Мұндай лас орындардың көптігі инфекция тарату көзі бола отырып, қоршаған ортаға, топырақ жамылғысына, атмосфералық ауаға келеңсіз әсер етеді. Осы ретте аймақтағы қоқыс полигонының қазіргі жай-күйі еске түседі. Қалаға қарасты Белкөл кентінің жолында орналасқан арнайы ұйымдастырылған қоқыс алаңының «жыры» жиі айтылып келеді. Дегенмен, ондағы өртелген қоқыстың қою түтіні аспанды бүркеп, тұрғындарды тұншықтырып тұр. Арагідік жақын маңдағы автомобиль трассасындағы көліктердің жол жүруіне қиындық туғызып, қара түтін қалың тұман секілді басып қалады. Ашық аспан астындағы бықсыған қоқыс иісі қаланың ауасын ластап, қолқаны қапқан жағымсыз иістен аллергияға ұшырап жатқандар қатары да сирек емес. Айта-айта жақ талып, жаза-жаза жауыр болған бұл қоқыс полигоны туралы арнайы қоғамдық кеңес те өтті. Түйткілді түйіні тарқамаған мәселені жаңа полигон шеше ала ма, жоқ па, ол да үміт пен күдіктің арасында қалқулы күйде.

«Қазгидромет» РМК-нің мәліметінше, Қызылорда облысы бойынша ауаның ластану деңгейі жыл басына қарағанда өзгерген. 2019 жылдың қаңтар айында ауаның төмен (SI – 0-1, NP – 0%) ластануы деңгейін көрсетсе, тамызда ластану деңгейі жоғары (SI – 2-4, NP – 1-19%) аймақтың қатарына енген. Бұл көрсеткішке шала жанған, түтіні бықсып, ауаны ластап тұрған қоқыс орындарының да үлесі болуы әбден мүмкін. Ал тұрмыстық қатты қалдықтарды залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге 2019 жылы жергілікті бюджеттен 14 млн 664 мың теңге қаржы бөлінген. Бірақ ол қаржы жеткіліксіз көрінеді. Барлығы өз мақсатына сай жұмсалады. Сонда біз тұрмыстық қатты қалдықтарды залалсыз өңдеуді қашан, қалай қолға аламыз? Ресейде жаңартылатын энергия көзінің бірі ретінде қоқысты жағу зауыттары салына бастады. «Hitachi» корпорациясынын технологиясын сатып алған «РТ-Инвест» компаниясы 5 зауыт салуда, тағы 2-еуі жоспарда тұр. Әлемде дәл осындай сапалы сүзгілері бар 500 зауыт қаланың дәл ортасында іске қосылған. Ал біз Экологиялық Кодекстің қабылдануын күтіп жүрміз. «Таз таранғанша, той тарқайдының» кері болмасына кепіл жоқ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: