Австрияда жаңа оқу жылынан бастап 14 жасқа толмаған қыздарға мемлекеттік және жекеменшік мектептерде орамал тағуға, сондай-ақ бет-әлпетті жауып тұратын киім киюге тыйым салынды. Бұл туралы Kazinform BBC-ге сілтеме жасап хабарлады.
Австрия үкіметі жаңа талапты гендерлік теңдік қағидатын қолдайтын және қыздардың құқығын қорғауға бағытталған шара деп түсіндірген. Алайда заңға қарсы пікір айтушылар оның Конституцияға қайшы келуі мүмкін екенін алға тартып отыр.
Ереженің орындалуын мектеп мұғалімдері қадағалайды. Егер оқушы орамал тақса, педагог алдымен оған және заңды өкілдеріне түсіндіру жұмысын жүргізуге тиіс. Талап қайталанып бұзылған жағдайда балаларды қорғау қызметіне хабар беріледі.
Ал талапты сақтамау жалғаса берсе, ата-анасына немесе заңды өкіліне 800 еуроға дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Бұған дейін Португалияда да бет-әлпетті жауып тұратын киімге шектеу енгізілген. Мұндай талаптар Франция, Бельгия, Дания және Еуропаның бірқатар елінде бұған дейін қабылданған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!