Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арманнан — абыройлы қызметке дейін

24.08.2026, 16:30 62


Әр адамның жүрегінде бала күнінен тербеген бір арманы болады. Бірі дәрігер болуды, бірі ұстаздық жолды таңдауды армандаса, енді бірі ел тыныштығын күзетіп, Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуді мақсат етеді. Келесова Мақпал Бахитжановна үшін бұл жай ғана арман емес, жүрек қалауына айналған өмірлік мақсат еді.

Мақпал Бахитжановна 2017 жылдан бері ішкі істер саласында абыроймен қызмет атқарып келеді. Қызмет жолының алғашқы қадамын Павлодар қаласындағы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің оқу орталығында кәсіби даярлықтан өтуден бастады. Теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, тағылымдамадан өтіп, қызметтің қыр-сырын меңгерді.

Еңбек жолының алғашқы кезеңінде бақылау-өткізу бекетінде, кейін орталық бақылау бекетінде қызмет атқарып, тәртіп пен жауапкершіліктің, қырағылық пен сергектіктің маңызын терең түсінді. Әр кезекшілік, әрбір қызметтік міндет — оның кәсіби шыңдалуына жол ашқан үлкен мектеп болды

Жылдар өте келе тәжірибесі толысып, кәсіби білімі мен біліктілігі артты. Бүгінде лейтенант шеніндегі Келесова Мақпал Бахитжановна жедел бөлімнің жедел уәкілі қызметін абыроймен атқарып келеді. Бұл — ізденіс пен табандылықтың, тынымсыз еңбектің нәтижесі.
Жедел уәкіл болу — жай ғана қызмет емес. Бұл — әр сәтте сергек болуды, батыл шешім қабылдауды, жауапкершілікті сезінуді талап ететін күрделі әрі мәртебелі міндет. Мақпал үшін бала күнгі арманының осылайша нақты мамандыққа, ал мамандығы өмірлік ұстанымға айналуы — үлкен жетістік.

Қызметтегі жауапкершілігімен қатар, Мақпал — үш баланың аяулы анасы. Отбасылық жылулық пен қызметтік міндетті қатар алып жүру — үлкен сабыр мен қажырды қажет етеді. Ол ата-енесімен бірге тұрып, отбасының берекесін сақтай отырып, қызметіне де адалдықпен қарайды.
«Әйел — бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген қанатты сөз осындай жандарға арналғандай. Ана болу — жүрекке мейірім ұялатса, қызмет — бойға қайсарлық пен жауапкершілік дарытады. Мақпал осы екі қасиетті өз бойында үйлестіре білген жан.
Оның өмір жолы — арманның мақсатқа, мақсаттың еңбекке, ал еңбектің нәтижеге айналуының жарқын үлгісі.

Бала күнгі арманнан басталған жол бүгінде ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігіне қызмет ететін абыройлы мамандыққа ұласты. Елге қызмет ету — үлкен мәртебе. Ал сол мәртебені адал атқару — одан да үлкен жауапкершілік. Лейтенант Мақпал Бахитжановнаның қызмет жолы әлі талай белесті бағындырып, жаңа жетістіктермен толыға берсін!

Мөлдір Жолдасбекқызы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: