Қызметке келген адамның алдынан жылдар бойы жиналған шаруа шығады. Бір көшеде жол мәселесі созылып тұр. Бір шағын ауданда жарыққа қатысты шағым көбейген. Бір ауылда ауызсу жайы әлі реттелмеген. Бір тұрғын әкімдікке жазған өтінішінің жауабын күтіп шаршаған. Басқарушының жұмысы осындай сәтте басталады. Қабылдау, жиналыс, есеп, жоспар, ресми сапар қызмет тәртібіне кіреді. Ал ел басқарудың негізгі жүгі айтылған мәселенің соңына түсіп, нақты шешімге жеткізумен өлшенеді. Лауазымға отырған адам өзіне берілген өкілеттікті жеке беделдің белгісі деп қабылдаса, халықпен арадағы сенім әлсірейді. Жауапкершілікті сезінген басшы үшін әр шағым қарсы пікір ретінде қабылданбайды, жүйедегі ақауды көрсететін белгіге айналады. Өкініштісі сол, бізде қызметті мансап көріп, жауапкершіліктен жалтарып, қолындағы билікті бас пайдасына жаратуға асығатындар жетерлік.
Қазақтың ел басқару тәжірибесінде мұндай жауапкершіліктің тамыры тереңде жатыр. Би атанған адам ауыл арасындағы дау-дамайдан бастап, жер, жесір, құн, ағайын арасы, ел тыныштығы сияқты күрделі мәселелерге араласқан. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би есімдері ел жадында билікке жақын жүргені үшін емес, әділ сөз айтып, жұрт тоқтайтын шешім ұсынғаны үшін сақталды. Төле биге телінетін «Көпті қорлаған көмусіз қалады. Хан азса, халқын сатады. Халық азса, хандыққа таласады» деген сөз де ел билеген адамның халықтан алыстауы қандай салдарға апаратынын аңғартады. Абай болса болыстық пен биліктің қадірін қызметке жетудің жолымен байланыстырды. Оның «сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пенен биліктің ешбір қасиеті жоқ» деген сыны – бүгінгі басқару мәдениетіне де қатысы бар ой. Лауазымға жету – бір бөлек, сол орынның жауапкершілігін көтеру – басқа әңгіме.
Қазақстан Конституциясында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы халық екені айқын жазылған. Халық билікті референдум мен сайлау арқылы тікелей жүзеге асырады, сондай-ақ өз өкілетін мемлекеттік органдарға береді. Негізгі заңда билікті иемденуге ешкімнің құқығы жоқ екені де нақты көрсетілген. Осы норманың өзі мемлекеттік орган мен лауазымды тұлғаның орнын анықтап береді, басқарушы халықтан жоғары тұрған тұлғаға айналмайды, халық берген өкілетті белгілі мерзімде, белгілі тәртіппен атқаратын жауапты адам ретінде жұмыс істейді. Жергілікті атқарушы органдар да өз алдына бөлек билік құрып отырған құрылым саналмайды. Конституцияның 87-бабында олардың Қазақстан Республикасының атқарушы органдарының бірыңғай жүйесіне кіретіні, тиісті аумақтың мүддесі мен даму қажеттілігін ескере отырып жұмыс істейтіні көрсетілген. Бұл бап әкімнің негізгі міндетін анық аңғартады. Әкім өзіне ыңғайлы басқару тәртібін орнатуға келген адам ретінде емес, сол өңірдің нақты шаруасын жүйелеуге, тұрғынның күнделікті талабына жауап беруге міндетті лауазым иесі ретінде қаралады.
Қазақтың бұрынғы басқару дәстүрінде де биліктің қадірі ел ішіндегі түйінді шешумен бағаланған. Жер дауы, жесір дауы, құн мәселесі, ағайын арасы, ауыл тіршілігі, жұрттың күнкөрісі билік айтқан адамдардың назарынан тыс қалмаған. Болыс, би, старшын атауларының тарихи сипаты әр кезеңде әртүрлі болғанымен, олардың ел алдындағы орны халықтың сөзіне құлақ асуымен, дауға тоқтам айтуымен, ортақ шаруаның ыңғайын табуымен өлшенді. Бүгінгі әкім мен басшыға қойылатын талап та осы арнадан алыс кетпейді. Қызмет атауы өзгерді, басқару тетігі жаңарды, заң жүйесі қалыптасты. Ал жұрт күтетін әділ шешім, ашық жауап, нақты нәтиже сол күйінде қалды.
Қазіргі басқару ісіндегі көп түйткіл осы қарапайым өлшемнің елеусіз қалуынан туындайды. Кей басшы мәселені шешуге кіріспей жатып, оны көтерген адамның өзін тұқыртуға бейім. Тұрғын шағым айтса, оның арызына үңілудің орнына көңіл күйін, кімнің ықпалымен жүргенін, неге дәл қазір сөйлегенін сұрауға көшеді. Журналист мәселе жазса, жарияланған дерекке жауап берудің орнына редакцияның ұстанымын сөз етеді. Қоғамдық белсенді сұрақ қойса, айтылған фактіге емес, сол адамның ниетіне баға беруге тырысады. Мұндай әдет басқару сапасын көтермейді. Уақыт жоғалады, мәселе сол күйі тұрады, ал халық пен билік арасындағы сенім жұқара береді. Біздегі солқылдап тұрған саяси мәселе – осы. Ашық айтса, ауыз күйеді, айтпаса, сөздің атасы өледі!
Баспасөздің міндеті әкімдікпен тартысуға құрылмайтыны түсінікті ғой. Ақпарат құралы қоғамда бар мәселені көпшілікке жеткізеді, билікке ескерту береді, тұрғынның үнін жария алаңға шығарады. Жол жөнделмей жатса, оны жазу кәсіби міндетке кіреді. Қоғамдық көлік уақытылы жүрмесе, ол да айтылуы керек. Қала шетінде жарық, су, жол, аялдама, қауіпсіздік мәселесі шешілмей тұрса, баспасөз оны айналып өте алмайды. Өйткені журналистика тек салтанатты іс-шара мен жақсы жаңалықты тарату үшін ғана өмір сүрмейді. Қоғамдық мәселені көтерген ақпарат құралын қарсы тарапқа айналдыру басқару мәдениетінің әлсіз тұсын байқатады.
Мемлекеттік қызмет туралы заңда мемлекеттік қызметшілердің әдеп стандарттарын сақтауға міндетті екені көрсетілген. Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінде мемлекеттік қызмет қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру екені айтылады. Бұл сенім лауазым иесінің атағына, кабинетіне, қызметтік көлігіне қатысты ұғым емес. Ол адамның халық алдындағы мінезіне, сөзіне, шешіміне, күнделікті ісіне байланысты қалыптасады. Қарапайым тұрғынмен сөйлесу әдебі, сынға жауап беру мәдениеті, қабылдауға келген адамды тыңдау тәртібі, баспасөз сауалына ашық қарау да – осы сенімнің бір бөлігі.
Басқарудағы тағы бір түйткіл есеп беру мәдениетінен байқалады. Көп жағдайда «жұмыс жүргізіліп жатыр», «жоспарға енгізілді», «қарастырылуда», «кезең-кезеңімен шешіледі» деген жауаптар жиі айтылады. Мұндай тіркестер жалпылама айтылғанымен, шаруаны шешуге мұрындық бола бермейді. Тұрғынға мәселенің қозғалғаны ғана жеткіліксіз. Қай көше қашан жөнделеді? Қаржы бөлінді ме? Жауапты мекеме кім? Жоба неге кешікті? Уәде орындалмаса, себебі қандай? Қоғам осындай сұрақтарға анық жауап күтеді. Басқару мәдениеті осы тұста да сыналады. Лауазымды қызмет жеке мүдденің құралына айналған жерде жүйенің ілгерілеуі қиын. Кейбір басшы өзіне ыңғайлы орта қалыптастырып, сын айтқан адамды жақтырмай, баспасөзді бақылауда ұстауға, мәселені сыртқа шығармауға тырысады. Бұл – мемлекеттік қызметті жауапкершілік алаңы ретінде емес, жеке ықпал аумағы ретінде қабылдаудың белгісі. Мұндай түсінік қауіпті. Себебі мемлекеттік қызмет ешкімнің жеке иелігіне берілмейді. Оның артында бюджет қаржысы, халықтың сенімі, заңмен бекітілген міндет, қоғам алдындағы есеп тұр.
Әлемдік тәжірибеде қоғамдық қызметтегі жауапкершілік қатаң қаралады. Ұлыбританияда public office misconduct деген құқықтық ұғым бар. Ол мемлекеттік лауазым иесінің өз міндетін қасақана орындамауына немесе қызметтік өкілеттігін асыра пайдалануына қатысты қолданылады. Мұндай әрекет қоғамдық сенімге жасалған қиянат ретінде бағаланып, ауыр жағдайда өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына дейін апаруы мүмкін. Бұл тәжірибе мемлекеттік қызметтің жай жұмыс орны ғана саналмайтынын, оның қоғам алдындағы сеніммен тікелей байланысты екенін көрсетеді. Соңғы халықаралық деректерде де лауазымды адамдардың жеке пайда үшін мемлекеттік ресурсты пайдалануы ауыр қылмыс ретінде бағаланатыны байқалады. Reuters агенттігінің жазуынша, Нигерияның бұрынғы энергетика министрі Салех Мамман 33,8 млрд найра көлеміндегі қаржыны заңсыз иемденуге қатысты іс бойынша 75 жылға сотталған. Тергеу дерегінде бұл қаражат елдегі маңызды энергетикалық жобаларға арналғаны айтылған. Мұндай істер әр елдің құқықтық жүйесіне қарай қаралады. Дегенмен, негізгі қағида ортақ: мемлекеттік ресурс жеке қалтаға қызмет етпеуі керек.
Қазақстанды өзге мемлекеттермен тікелей салыстырудың қажеті шамалы. Әр елдің заңы, сот жүйесі, саяси құрылымы, басқару тәжірибесі бөлек. Соған қарамастан мемлекеттік қызметке қатысты ортақ өлшем бар. Лауазым иесінің жеке пайдасы халықтың мүддесінен жоғары тұрса, оның салдары бір адамның қызметтік қателігімен шектелмейді. Кейде ол бюджетке, жобаға, елдің сеніміне, тұтас қоғамның дамуына зиян әкеледі.
Ел басқару кім көрінгеннің қолынан келе беретін шаруа емес. Басқарушы адамға білім, мінез, сабыр, саяси мәдениет, құқықтық сауат, адаммен сөйлесе білу қабілеті қажет. Дауысты көтеру, тапсырманы көбейту, жиналысты жиілету басқарудың сапасын арттырмайды. Нақты басқару мәселені тыңдаудан, деректі мойындаудан, шешімді созбаудан, жауапты ашық беруден басталады. Қызметтегі адамның беделі көп жағдайда осы қарапайым әрекеттер арқылы қалыптасады.
Сонымен бірге жауапкершілікті жанымен сезінетін басшылар бар. Кей әкім мен мекеме жетекшілері ел ішіне шығып, мәселені өз көзімен көреді, тұрғынның сөзін бөлмей тыңдайды, баспасөздегі сынды өзіне жасалған шабуыл деп қабылдамай, щұғыл шешетін мәселе ретінде қарайды. Мұндай тәжірибе қоғамға керек. Өйткені билік пен халықтың арасы ресми есеппен ғана жалғанбайды. Күнделікті қарым-қатынас, ашық сөз, орындалған уәде, уақытылы берілген жауап сенімнің негізін құрайды. Басқару мәдениетін ілгерілету үшін лауазымға деген көзқарас өзгеруі қажет. Әкім немесе басшы өзіне берілген өкілеттікті артықшылық деп ұқса, жүйеде кері байланыс әлсірейді. Өкілеттікті міндет деп қабылдаған жерде жұмыс тәртібі де өзгереді. Мәселе көтерген адамға қырын қарау, баспасөзбен жауласу, сынды жеке көңіл күймен қабылдау, заңдағы міндетті қызметтік беделмен шатастыру ел басқару ісін тежейді. Халыққа ұзақ түсіндірме, жалпылама есеп, дайын тіркес қажет емес. Оған түсінікті жауап, орындалатын уәде, ашық шешім, әділ қарым-қатынас керек. Ел басқару мәдениетінің өлшемі осы талаптардың қалай орындалуынан байқалады. Лауазым уақытша беріледі. Сол қызметте қабылданған шешімнің салдары халықтың өмірінде ұзақ сақталады.
Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ
Фото: Жасанды интеллект
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!