Тілші: Кімнің мүсінін жасағыңыз келеді?
Суретші, мүсінші: Жақсы сұрақ екен. Рас, жүрек қалауың немесе өзің қатты берілетін жұмыстар болып тұрады. Мысалы, менің бір эскиздік жұмысым бар еді, «Бегім ана» деген. Оның алдында “Сыр ана” деген конкурс болды. «Сыр анамыз» үшін 6 эскиздік жұмыс тапсырдым. Білесіз бе, бұл дегеніңіз алты дүркін ойлану, қаншама сағатты жоғалту, маңдай тер, есіл еңбек ғой. Содан не керек, қорытындысында өзге біреу конкурстан жеңімпаз болып, “Сыр ана” монументін тұрғызды. Темірден жасады да, әкеліп қоя салды. Ол – өнер емес.
Тілші: Сонда “Сыр ана” монументі әуелде мүсін ретінде жасалуы тиіс екен ғой…
Суретші, мүсінші: Иә, Сырдария өзенінің жалпы ұзындығы бойынша алдық ғой деймін сонда биіктігін. Қазіргісі қанша екенін, кімдер істегенін де білмеймін. Сондағы “Сыр анаға” көп күшім кетті. Әлгінде сөзімді Бегім ана деп бастадым ғой. Соны жалғастырайын. Жолдас жігіт екеуміз осы мүсінге де біраз күшімізді жұмсадық. Ол мемлекеттік комиссиядан өтті. Барлығы дайын болып, енді ғана істейін деп жатқанда аяқсыз қалды. Сөйтсек, мұны бастаған жеке кәсіпкер екен де, мемлекеттен ешқандай қаражат бөлінбеген екен. Жалпы, Бегім ананың өмірі ескерткіш жасауға таптырмас образ еді. Сондықтан асқан құлшыныспен бастағанбыз. Жоба бойынша сұлбасын қаламыздың көптеген жерлеріне қойып та көргенмін. Қызығы мынау, кейіннен Қазалы ауданында Бегім анаға ескерткіш қойылды. Өкініштісі, ол кезінде мемлекеттік комиссиядан да, облыстық комиссиядан да өтпей қалған жұмыс болатын. Қазір ол Бегім ана ма, басқа ма, мен білмеймін. Сыр – Алаштың анасы ғой, сондықтан осы тақырыпта тамаша туынды жасауға дайынмын. Ол образды сол жағалауға орналастыру керек. Екі рет сүрініп қалған тақырыбымды айтып отырмын. Мүмкін, үшінші рет орындалып қалар…
Республикалық «Халық» газетінің мұрағатынан алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!