Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шебер қыз

05.03.2026, 6:20 43

Қазақ қызы қашанда сұлулығымен ғана емес, ісмерлігімен, талғампаздығымен дараланған. Бүгінгі заманның қыз-келіншектері де осы дәстүрлі болмысты жаңа қырынан жалғап келеді. Олар бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен кәсібін дөңгелетіп, ұлттық құндылықты заманауи үлгіде дәріптеуді мақсат тұтады. Сән әлемінде де қазақы нақышқа деген қызығушылық артып, оюлы өрнек пен табиғи материалға сұраныс көбейді. Әсіресе, нәзік жандылардың сәнін кіргізетін әшекей бұйымдар арқылы ұлттық болмыс жаңаша сипат алып отыр. Осындай талғам мен табандылықты қатар ұштастырып жүрген жас кәсіпкердің бірі – сырбойылық Ақбота Шамшиева.

Небәрі 23 жастағы Ақбота Сеилханқызы – экономика ғылымдарының магистрі. Қазіргі уақытта «Анаға тағзым» орталығында әдіскер болып еңбек етеді. Негізгі қызметінен бөлек, ол ұлттық нақыштағы заманауи әшекей бұйым­дарын жасап, шағын кәсібін қалыптастырып келеді. Бала кезінен шығармашылыққа жақын болған бойжеткеннің қолөнерге деген қызығушылығы 2023 жылы орталық қабырғасында өткен «Брендке бір қадам» көрмесінен кейін айқындала түскен.

– Сол көрмеден кейін өзіме жаңа бағыт іздей бастадым. Өңірімізде заманауи стиль мен ұлттық нақышты үйлес­тірген әшекей­лер аз екенін байқадым. Ал үлкен қалаларда мұндай бұйымдар бар, бірақ бағасы қымбат. Содан сапалы әрі қолжетімді этно-бұйым­дарды өз қаламызда жасағым келді, — дейді жас шебер.

Бұл – жай ғана қызығушылықтан туған ой емес, нарықты зерделеп, сұранысты саралаған сауатты шешім. Экономикалық білімі мен  шығармашылық қабілетін ұштастыра білген Ақбота  өзінің  алғашқы  туындысы – этно  сотуар арқылы тың бастама жасады. Бұл бұйым кейін «ethnoshine.kzo» деп аталатын шағын брендтің негізіне  айналды.

Жас шебердің басты ерекшелігі – керамикамен жұмыс істеуі. Керамика – нәзіктікті де, төзімділікті де талап ететін материал. Оған жан бітіріп, сәндік бұйымға айнал­дыру – үлкен шеберліктің белгісі. Сонымен қатар таби­ғи тастар мен сапалы оюлы фурнитура қолданады. Әр бөлшекке мұқият қарап, сапаны  бірінші  орынға  қояды.

– Әр бұйымды қайталамауға тырысамын. Маған эксклюзивтілік маңызды. Сапасы жоғары, сәнін ұзақ уақыт жоғалтпайтын  әшекей  жасау – басты  мақсатым, — дейді  Ақбота.

Бір этно сотуарды жасауға шамамен 1-1,5 сағат уақыт кетеді. Алайда әр бұйымның артын­да тың идея мен мұқият ойластырылған үйле­сім жатыр. Түстердің жарасымы, форманың нәзіктігі – барлығы да қыз-келіншектердің талғамына сай болуы тиіс. Бастапқыда хобби ретінде басталған іс бүгінде қосымша табыс көзіне айналған. Сұраныс та жоғары. Әсіресе, мереке қарсаңында тапсырыс көбейеді.

Өнімдерін негізінен  инстаграм желісіндегі парақшасы арқылы сатады. Сондай-ақ, ARAY CITY MALL сауда орталығында ұйымдастыры­латын «Брендке бір қадам» көрмесіне қатысып, жергілікті кә­сіпкер әйелдердің қатарында  өз  туындыларын  көпшілікке  ұсынып  жүр.

Ақботаның бойынан қазақ қызына тән ұяңдықпен қатар іскерлік пен табандылық анық байқалады. Ол бәсекелестіктен қорық­пайды, керісінше, оны даму құралы деп санай­ды. Мемлекеттік гранттарға әзірге қатыс­паса да, алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, жеке шеберхана ашуды жоспарлап отыр. Бұл – арманы асқақ, мақсаты айқын жастың нақты  жоспары.

– Қолөнер – қазақ мәдениетінің терең тамы­ры. Әр оюдың өз тарихы, мағынасы бар. Мен үшін ұлттық мұраны заманауи форматта ұсыну – үлкен миссия. Жастар қазақы әшекейді тек мерекеде емес, күнделікті өмірде де тағатын деңгейге  жетсек  деймін, — дейді  жас  кәсіпкер.

Шынында да, Ақботаның еңбегінде жай ғана кәсіпкерлік емес, ұлттық санаға қыз­мет ету ниеті бар. Ол сән арқылы салтты сөйлеткісі келеді, әшекей арқылы тарихты жаңғырт­қысы  келеді.  Осындай  талпыныс  нағыз  руха­ни  жаңғырудың  бір  көрінісі  емес  пе?!

Бүгінгі қазақ қызы – білімді, батыл, бас­тамашыл. Ол тек армандап қана қоймай, әрекет етеді. Ақбота Шамшиева – сол жаңа буынның жарқын өкілі. Нәзік қолымен керамикаға жан бітіріп, ұлттық өрнекті заманауи сәнге айналдырып жүрген оның еңбегі құр мақтауға емес, шынайы  құрметке  лайық.

Қыз-келіншектер үшін әр әшекей – өзін-өзі танытудың бір жолы. Ал Ақботаның туындылары – сол өзіндік болмыс­ты қазақы нақышпен айшықтайтын ерекше дүние. Мұндай жас кәсіпкерлер көбейсе, ұлттық өнердің де өрісі кеңейері сөзсіз. Себебі сұлулыққа іңкәр, рухына адал қазақ қызы  барда  қолөнердің де, мәдениеттің  де  шамшырағы  сөнбейді.

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: