Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Желтоқсан-86»: Мәліметтер мен деректер қалай бұрмаланды?

30.01.2020, 8:35 979

Ашық  әңгіме

Сабыр Қасымов – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының кандидаты, Конституциялық Соттың судьясы болған, «Желтоқсан-86»-ның істерін соттың тыңдауларына дайындаған белгілі заңгер, саясаткер. Қазір Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күресте зардап шеккен тұлғаларды ақтау және мәңгі есте сақтау жөніндегі «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының президенті. 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні қарсаңында Сабыр Ахметжанұлымен ашық әңгіме-дүкен құрдық. Ол кісі бұған дейін жария болмаған дерек-дәйектермен, орамды ойларымен бөлісті.

Арнайы  заң  немесе  мемлекеттік  акті  қабылдау  керек

– Сабыр Ахметжанұлы, Сіз еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдардан бері осы мәселені әртүрлі деңгейлерде батыл көтеріп, биліктегі басшыларды, ғалымдар мен зиялы қауымды Желтоқсан көтерілісіне халықаралық стандарттарға сай мемлекеттік деңгейде объективті баға беруге шақырумен келесіз. Сіздің тұжырымдарыңыз бен қорытындыларыңыз не нәрсеге сүйенеді? Неден шығады?

– Өмірімдегі жағдайлардың тоғысуына байланысты, мен ең басынан бастап аяғына дейін бұл көтерілістің қақ ортасында болдым, тікелей оған қатыстым. Іс жүзінде 30 жылдан астам уақыт шындық пен әділдікті қалпына келтіру мақсатында көтерілістің барлық жағдайларын ресми және жеке зерттеумен айналыстым. Өзімнің бұрынғы партиялық және құқық қорғау органдарындағы таныстарым мен әріптестерімнің көмегімен, сондай-ақ «СОКП ОК» деген жазуы бар куәлігімді (Мәскеудегі СОКП ОК-ның академиясында оқып жүрген кезім еді) пайдалана отырып, көтеріліс күндері және одан кейін бір жұмадай әлгі партиялық комитет пен құқықтық органдарға кірдім. Тоталитарлық биліктің көтерілісті қалай аяусыз басып-жаншығанын, бас көтерген халықты жазалауға қандай алуан түрлі шаралар жүргізгенін өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естідім. Мен аудандық, әсіресе, Алматы қалалық, облыстық партиялық комитеті, Қазақстан Компартиясы ОК-ның бір мезетте жазалаушылық шешімдерді қабылдау мен іске асыратын, жастарды жәбірлеуге нақты нұсқаулар беретін саяси штабтарға айналғанын көріп, жан-жүрегімнен, ой-санамнан өткіздім. Алматыдағы жекелеген партия және кеңес шенеуніктерінің іс-әрекеті, біздің халқымыздың қастерлі мүддесі мен мұраттарын зиялы қауымның қалай сатқаны жөнінде келешекте міндетті түрде айтамын. Көтерілістің алғашқы күндерінен-ақ болып жатқан оқиғалардың бәріне талдау жасап, өз бетіммен саяси-құқықтық баға беруді бастадым.

Кезінде Жоғарғы Кеңес президиумы комиссиясының мүшесі және Конституциялық Соттың судьясы ретінде «Желтоқсан-86» көтерілісінің барлық құпия құжаттарын егжей-тегжейлі зерттеп, тұжырымдадым. Қосымша мыңдаған адамдармен әңгімелесіп, жауап алдым. Олардың оқиғаға, көтеріліске берген бағаларын тыңдадым. Оған қоса, тек көтеріліске қатысушылармен ғана емес, сондай-ақ партия және құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен, арнайы қызмет органдарының, әртүрлі деңгейдегі партия ұйымдары мен ұжымдарының бірінші хатшыларынан бастап Қазақ КСР-ның басшыларына дейін, тіпті бұрынғы Кеңес Одағының бірқатар басшыларынан жауап алдым. СОКП ОК Саяси бюросы және Қазақстан Компартиясы ОК-нің, КСРО ҰҚК, ІІМ органдары мен республика органдары жетекшілерінің арасындағы барлығына дерлік құпия құжаттармен, шифро-телеграммалармен таныспын. Мұның бәрін айтып отырғаным, ештеңені де ойымнан шығарған жоқпын. Бұл сөздерімнің бәріне 30 жылдан аса уақыт жинаған материалдарым, дәлелдерім бар. Сол себептен жүз мыңдаған адамдардың тағдырына толықтай ықпал еткен, еліміз үшін әлі күнге дейін құпиялары ашылмаған құбылыстың «анатомиясын» ашып бергім келеді.

Жалпы, қоғам, зерттеушілер, ғалымдар «Желтоқсан-86»-ға саяси, құқықтық және тарихи баға берді. Жоғарғы Кеңес комиссиясының қорытындылары жарияланды. Конституциялық сотта арнайы жүйелі түрде көп материалдар жиналды. Соның ішінде танымал сарапшы-ғалымдарды тарту арқылы бірқатар ғылыми-құқықтық, саяси және тарихи талдаулар жасалды. Әртүрлі ғылыми-практикалық конференциялар өткізілді, көптеген кітаптар, мақалалар жазылды. Осындай басқосулардың ең елеулісі, кереметі – 2016 жылы Астанада өткізілген «Қазақстандағы Желтоқсан көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы» атты конференция. Осы жиында әлемнің 10 елінен келген жетекші зерттеуші-ғалымдар «Желтоқсан-86»-ға толыққанды халықаралық және тарихи баға берді. Біз енді мемлекеттік деңгейде баға берілгенін қалаймыз. Біз тәуелсіз Қазақстанның мемлекет билігін қолында ұстаған жоғары органдардан заң немесе мемлекеттік акті қабылдауын сұраймыз. Бұл көтерілісті қазақ жастарының жаппай қаһармандығы, жоғары ұлттық құндылығы, Қазақстанның мақтанышы деп мойындап, көтеріліске қатысушыларды Қазақстанның тәуелсіздігі мен бостандығы жолындағы күрескерлер деп тануы керек. Осыны мемлекет ресми мойындауы қажет. Осы орайда Жамбыл облысының жаңа басшылығын өзгелерге үлгі етер едім. Олар Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын іске асыру іс-шаралары шеңберінде Қайрат Рысқұлбековтің саябағын ашқан. Соның ішінде «Желтоқсан-86» орталығын ашып, Қайрат Рысқұлбековке жаңадан ескерткіш орнатыпты. «Тәуелсіздік ұшқыны» деген символдық стелла орнатқан. Жуырда осылардың бәрін арнайы барып көріп, облыс басшыларына алғысымды айттым.

Жалған  ақпаратты  кім  таратты?

– Одан бері 30 жылдан аса уақыт өтсе де, Желтоқсан көтерілісінің ұйымдастырушылары туралы қауесетті көпіртіп айта беретіндер бар. Шын мәнісінде көтерілісті ұйымдастырған белгілі бір адамдар, ұйымдар, мекемелер болды ма? Осы мәселеге нүкте қоятын кез келген сияқты.

– Осы қауесетті үнемі көпіртіп айта бергісі келетіндердің бары рас. Оларға айтарым: Көтерілісті ұйымдастырған ешқандай да құпия ұйым болған жоқ. Ел, ұлт тағдырына бейжай қарамайтын, патриоттық көңіл күйдегі адамдар бейресми көшбасшыларға айналды. Сондай-ақ ұйымдасқан белсенді адамдардан құралған шағын топтар болды. К.Маркстің «Бұқараны жаппай қамтыған идея материалдық және жетекші күшке айналады» деген доктринасы бар. Яғни, бұл жерде патриоттық, ішкі сезімдердің бәрі бір жерге жиналып, жетекші материалдық күшке айналды. Бұл жерде мыңдаған адамдарды қамтыған қарсылық энергиясы халықты көтеріліске шығарған, ұйымдастырған сол күш болатын. Оларға Мәскеудің кезекті жіберген адамының Қазақстанның бірінші басшысы болып тағайындалуы ұлттық мүдде мен құқықтарды қорғауға, жинақталған өкпе-ренішті айтуға, өз Отанындағы кемсітушілікке ашық қарсылық білдіруге тамаша себеп болды. Халықтың қарсылық білдіру қуаты үлкен салмағы көптен бері жиналып қалған еді. Өйткені ол орталықтың ұзаққа созылған, жаппай және жүйелі үстемдігіне, жергілікті халықтың ұлттық мүддесі мен құқықтарын шектеуге, өз Отанында ана тілінде сөйлеу құқығынан айыруға деген қарсылық болатын. Осындай қарсылық ондаған мың адамды Алматының көшелеріне алып шықты. Атап айтарлығы, адамдардың өздері де осыған дайын болып, қолайлы сәтті күтіп жүрген. Қайталап айтайын, халық жаппай бас көтеруі үшін өз құқықтарын қорғауға қажетті қарсы тұрушылық, төңкерістік қуаттың жиынтығы болуы тиіс. Осындай күш-қуат жұртты жаппай наразылық акциясына алып барды. Міне, халық көтерілісінің негізгі сипаттамасы, мәнісі осында. Халық өзінің құқықтарын қорғау үшін бас көтерді. Халықтың барлық бөлігінің көтеріліске шығуы, қатысуы міндетті емес. Бастысы, халықтың белсенді бөлігі алаңға шығып, қазақ ұлтының мүддесі мен арманын жеткізді. Көтеріліске қатысушылар мен оны өз көзімен көрген жандар 1986 жылы желтоқсан айында Қазақстанда осындай жаппай көтерілістің болғанын біледі. Қалғандарының барлығы: көтерілістің жоспары, халықтың қарулануы, көтеріліске басшылық еткен күштің немесе топтың алдын ала құрылуы – бұлардың бәрі билікті басып алудың маркстік-лениндік теориясы және бір таптың, бір саяси күштің екіншісіне үстемдігін орнатуы. Бізге мұндай көзқарастан арылу ғана емес, аулақ болу керек. «Құпия ұлттық ұйым болды» деген жалған ақпаратты арнайы қызметтердің кеңесімен СОКП ОК Саяси бюросының басшылығы әдейі таратты. Өйткені сол арқылы өзіне және өзгелерге көтерілісті басып-жаншуға, кең көлемдегі репрессиялар жүргізуге жол ашты. Көтерілісшілерді қуғындау мен жазалау жоспары дайын тұрған болатын. Осының негізінде тұтас қазақ халқын «ұлтшыл» деп айыптап, қылмыстық іс қозғады. Қылмыстық істі тергеу барысында бүкіл Қазақстаннан, тіпті оның шекарасынан тыс жерлерден де қазақ ұлтшылдарын іздеді. Міне, көтерілісті ұйымдастырған құпия ұйым болды деген жалған ақпаратты осы мақсат үшін таратты.

Мәліметтер  мен  деректер  бұрмаланды

– Сабыр аға, сол кездегі кеңестік қуғын-сүргіннің қылмыстық және жазалаушылық тетіктері туралы бұған дейін де айттыңыз. Алайда «Желтоқсан-86»-ның кейбір бізге мәлім емес, әлі айтылмаған ақтаңдақтары бар. Мысалы, қуғын-сүргіннің кең етек алғанын дәлелдейтін мәліметтер мен цифрлар қасақана бұрмаланған. Осыны тарқатып айтып берсеңіз.

– Өзіне төнген қауіптен зәре-құты қалмаған, заңсыз билікпен басқарылатын, диктатор Сталиннің заманынан бері барлық саяси дағдарыстарды қуғындау-жазалау әдісімен шешуге әдеттеніп қалған тоталитарлық мемлекеттік машина көтерілісшілерге лап қойды. Саяси бюрода тіпті Алматыға тұрақты түрде әскерлерді кіргізу туралы мәселе талқыланды. Бірақ Желтоқсан қаһармандары осынау екі жақтың күші тең болмаған айқасқа төтеп берді. Қуғын-сүргіннен қорқып-үріккен жоқ, саяси және рухани жеңіске қол жеткізді. Уақыттың сынағына лайықты үн қата білді. Олар үш күн бойына асқан батырлықпен, халықтың ерік-жігері мен арман-мұратын білдіре отырып, еркіндік, демократия және Қазақстанның егемендігі, идеялары үшін күресті жалғастырды. Заңсыз кең көлемдегі қуғын-сүргінді идеологиялық жағынан қамтамасыз ету үшін, өтірікші және бұзылған насихаттық партиялық-мемлекеттік машина өзінің барлық ескі тәсілдерін қолданды. Саяси және идеологиялық қызметтер өз арсеналында сақталған НКВД-ның тәжірибесін пайдаланды. Жоғарыда ҰҚК органдарының тұтас қазақ халқына қылмыстық іс қозғағаны туралы айттым. СОКП ОК қаулы қабылдап, қазақ халқын «ұлтшыл» деп айыптады. Соның көмегімен Қазақстанның түкпір-түкпірінен, тіпті шетелден «қазақ ұлтшылдығының» және «ұлтшылдардың» ошақтарын іздестірді. СОКП ОК Саяси бюросының және КСРО ҰҚК басшылығының тікелей нұсқауымен көтерілістің шынайы бет-бейнесін бүркемелеу, одақішілік және халықаралық қауымдастықты алдау, сондай-ақ өз қателіктерін жасыру және көтерілісшілерге қатысты жоспарланған жазалау іс-шараларын алдын ала дәлелдеу мақсатымен көтерілістің ауқымы мен себеп-салдарын сипаттайтын барлық негізгі мәліметтер мен деректер, ресми бағалау мен хабарламалар толықтай бұрмаланды. Мәселен, көтерілістің саяси мақсаттарын бүркемелеу үшін, арнайы қызметтердің әртүрлі арандатушылық шаралары арқылы Алматыдағы бейбіт шерулерге қылмыстық реңк берілген. Олар бейбіт шерулерді көтерілісшілер мен әскерилердің, милиция бөлімшелерінің арасындағы қақтығыс ретінде көрсетті, сонымен қатар көтерілісті басып-жаншуға қаланың халқын пайдаланды. Бұл сөзімді сол кездегі ТАСС-тың таратқан хабары дәлелдейді: «Алматыда студенттер, есірткіқұмарлар және алқаштардан тұратын қоғамға қарсы жастардың бұзақылық тобы бүлік шығарып, қылмыс жасады, азаматтарды ұрып-соқты, машиналарды өртеді». Көтерілісшілердің саны мен бас көтерудің көлемін жасыру мақсатымен «Алматыдағы студенттердің бүлігі» деген ақпарат қана таратылды, соның өзінде көтеріліске қатысушылар саны ондаған есеге азайтылып берілді. Менің айтарым, құқық қорғау органдары және ҰҚК қызметкерлері мен тергеушілерінің, партия және кеңес қызметкерлерінің, сондай-ақ кино-фото құжаттардың және басқа да дәлелдердің куәлік етуі бойынша көтеріліс ең шарықтау шегіне жеткен кездері Алматының көшелеріне шыққан адамдардың саны 100 мыңға жетті. Егер бұған аймақтардағы демонстрацияға шыққан азаматтардың (оларға өзінің азаматтық және саяси ерік-жігерін ашық білдіруге мүмкіндік бермеді) санын қоссақ, онда бүкіл Қазақстан бойынша қарсылық акциясының көлемі қандай болғанын шамалай беріңіз. Ресми мәліметтерде Алматыда ұсталған адамдардың саны 2,4 мың адам деп көрсетілді, ал Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі президиумы комиссиясының мәліметтері бойынша көтеріліске шыққан 8,5 мың адам ұсталған. Яғни, 6 мың адам есептен әдейі жасырылған. Ол ол ма, биліктің өзі жарақтандырған әскери жасақтардан алынған темір шыбықтар, арматура кесінділері және темір құбырларды БАҚ арқылы халыққа көтерілісшілердің қолынан жинап алынды деп жеткізілді.

Кең ауқымдағы қуғын-сүргіннің деңгейін көрсететін мәліметтер мен сандар әдейі бұрмаланды немесе тіпті тіркелмеді. Мысалы, арнайы әскерлер сарбаздары мен құқық қорғау органдарының дене жарақат алғандарының саны дәл көрсетілді, ал көтеріліске қатысушылардың арасынан зардап шеккендердің саны қасақана азайтылды немесе тіркелмеді. Негізінен алғанда, ресми қорытындылар мен хабарламалар да, көтерілістің ауқымын көрсететін негізгі мәліметтер мен деректер де толықтай бұрмаланды. Әлемдік және одақішілік қауымдастықты алдау мақсатында да деректерді әдейі бұзып көрсетті. Кеңестік насихат жоғарыдағы одақты билік құрылымдар берген ақпаратты негізге алып, бұл нашақорлар мен араққұмарларды қосып алған студенттердің бүлігі деген бағасын қайталай берді. Ал Алматыда ұсталғандардың 60 пайызынан астамы жас жұмысшылар мен интеллигенция өкілдері болатын. Сотталған желтоқсаншылардың санын қысқарту үшін Қылмыстық кодекстің басқа баптарымен соттады. Ол мәліметке көтеріліске қатысып, сотталғандарды қоспады. Мұндай жаппай бұрмалауларды біз Желтоқсан жөніндегі комиссияда да, Конституциялық Сотта да жұмыс істеген кезімізде мұқият талдау нәтижесінде таптық. Мұны айтып отырған себебім, ғалымдар, осы мәселені келешекте зерттейтін адамдар ресми мәліметтерге сенбей, өздері объективті мәліметтерді іздеп, ақиқатты қалпына келтіруі тиіс.

Саяси  элита  мен  зиялы  қауым  әрекеті

– Желтоқсанда ұлт зиялыларының көпшілігі бұғып, жеке басын арашалап қалғаны рас. Бұл жөнінде Сіз: «Республиканың сол кездегі билігі ғана емес, қазақ ұлттық интеллигенциясы, бүкіл интеллигенция емес, зиялы қауым (кейбір жекелеген тұлғаларды қоспағанда) көтерілісшілерге сатқындық жасап, жаңа биліктің жағына шықты» деп жаздыңыз. Бұған не себеп болды?

– Ел басына күн туған шақта Қазақстанның жаңадан атқа қонған билік өкілдері көтерілісшілерді қудалауға, көтерілісті басып-жаншуға, жазалау акцияларына белсенді қатысты. Билік өкілдерінің көпшілігі елге келген СОКП ОК-ның қызметкерлеріне өздерінің «ұлы интернационализмін», Мәскеуге шексіз берілгендігін және көтеріліске қатысушыларға деген толыққанды айыптауы мен жек көрушілігін бар ынтасымен дәлелдеді. Республиканың зиялы қауымы деп аталатын қазақ интеллигенциясы (барлығы емес) жедел түрде жаңа биліктің жағына шықты. Әрине, көтерілісшілерді қолдаған аз ғана зиялылар да болды. Ал партиялық комитеттер мен ҰҚК-нің мәжбүрлеуімен олар көтерілісшілерге күйе жағып, «ашулы» ұжымдық хаттарға қол қойды, әртүрлі құпия өсектерді ойлап тауып, өздерінің жаулары мен қарсыластарына алуан түрлі мыңдаған жалалы мәлімдемелер жазды. 18 желтоқсан күні түнгі сағат 2-де Алматыдағы саяси ағарту үйінде өткен жиналыста осынау саяси жазалау-науқанына алғаш рет пәрмен берілді. Осы басқосудың стенограммасын жариялағанымыз жөн болар еді. Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінен бастап, ең шалғайдағы ауылдар мен селолардағы бастауыш партия ұйымдарына дейін өздерінің қаулылары мен іс-шараларында аталған жиынның нұсқауларын қайталады. Саяси элита мен «зиялы» қауымның осындай іс-қимылына қарамастан СОКП ОК және СОКП ҰҚК-нің қызметкерлерінен құрылған десант «ұлтшылдықтың» түп-тамыры мен ошақтарын іздеу, біздің көптеген танымал қайраткерлерімізге «ұлтшыл» деген айыпты таңбалау үшін, орталықта да, аймақтарда да жастарға жақтасқан тұлғалардың үстінен қылмыстық істер қозғап, оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында абыройын төгетін материалдар жинады. Бұл тізімнің көлемі өте үлкен болуы тиіс еді. Егер халықаралық қауымдастықтың, одақтас республикалардың демократиялық қоғамының белсенді ұстанымы, сондай-ақ қоғамдық өмірде яковлев-горбачевтік либералдандыру мен демократияландыру болмаған жағдайда біз одақтағы күштік құрылымдардың қолымен жүргізілген кіші «37-нің» қайталанғанының куәсі болар едік. Бұған біздің шығармашыл интеллигенция мен жекелеген шенеуніктерге қатысты жинақталған материалдар және жоғары жақтан берілген нұсқаулар дәлел бола алады.

Арандатушыларға  жол  бермейміз!

– Желтоқсанға қатысты саяси арандатушылықтың, оны өз жеке басының мақсатына пайдаланушылықтың болғаны анық. Алайда Сіз саяси арандатушыларға үнемі жауап қатып, дер кезінде анық-қанығын айтып отырасыз. Айтпақшы, Желтоқсан қаһармандарын мәскеулік демократтар, ғалымдардың қолдағаны рас қой?

– Осы тақырыпты бұрыннан зерттеп жүрген адам ретінде айтайын. Саяси арандатушылыққа ешқашан жол берген емеспін. Ол кімнің тарапынан болса да үнемі жауап қатып келемін. Кейбір арам ниеттілердің «Желтоқсан-86»-ны қорғау мен құрметтеу, биіктету Ресейге және орыс халқына қарсы шығу деп көрсетуге тырысқаны рас. Бұл – біздің алға қойған мақсаттарымызды жоққа шығару. Жазалауға қатысқан адамдарға тағылған бұрынғы жалған айыптар мен берілген бағаларды қайта қарауға мүмкіндік бермеу деп түсінемін. Біз «Желтоқсан-86» үшін кеңес империясының басшылығын, СОКП ОК басшылары мен Кеңес Үкіметін, сондай-ақ бұрынғы Кеңес Одағының күштік құрылымдарының басшылығын айыптаймыз. Бірақ Ресейді емес! Бұған қоса, кезінде алғашқы президент Б.Н.Ельциннен бастап жаңа демократиялық Ресейдің басшылары Желтоқсанның идеяларын белсенді түрде қолдады. Олар Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін қолдады, екі ел арасында достық және өзара тең қарым-қатынастар орнатты. Мен көптен бері айтып жүрмін. Борис Ельцинге Астанада ескерткіш қойып, бір көшенің атын беру керек. Тіпті Петропавл немесе Павлодар қаласының бірін Ельцинград деп атаса болар еді. Достық пен ізгі қарым-қатынасты Ресейдің бүгінгі басшылығы да жалғастырып отыр. Барлық заманда Ресейдегі либералдар, демократтар және барша прогресшіл адамдар қазақ халқының өзінің бостандығы үшін күресін қолдады. Бұл сөзіме жүздеген және мыңдаған мысалдар келтіре аламын. Сондықтан біз сақтықты ұмытпай, арандатушылар мен саяси спекулянттарға дер кезінде жауап қатып отыруымыз керек.

Желтоқсанның халықаралық маңызы туралы айтайын. Ол уақытта мен Мәскеуде тұрдым. Одақтағы аймақтарға қарағанда ол қалада қайта құрудың идеялары көбірек айтылып, қоғамға тарап жатты. Интеллигенция, ғалымдар және қарапайым адамдар демократиялық өзгерістерге зор үмітпен қарайтындар барлық әлеуметтік мәселелерге сол кездегі СОКП ОК басшылығы мен елдің бұрынғы басшыларын кінәлады. Олар ТАСС-тың ақпараттарына көп сенген жоқ. Кейінірек Анатолий Собчак, Андрей Сахаров, Елена Боннер сияқты көптеген белгілі демократтар, Жоғарғы Кеңестің депутаттары қазақ халқынан «ұлтшыл» деген жалалы атауды алып тастауға, қылмыстық істерді қайта қарауға ықпал етті. Желтоқсанның ерекше бір қасиеті айтылмай жүр. Желтоқсанның даңқы, рухы, саяси күші, желтоқсаншылардың көзсіз ерлігі болмаса, бізге сол кезеңде Парламентте «Тәуелсіздік туралы декларацияны» және «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңымызды қабылдау қиынға соғар еді. Бұл ерлік қарсы шыққандардың мысын басты. Осылайша, қазақтың қайсар, жігерлі жастарының асқақ рухы, бірлескен күші тәуелсіздігімізге жау адамдардың қорқақтығы мен сатқындығына тойтарыс берді.

Сабыр аға, ашық әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан  Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: