Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жақсы ұсыныс түссе, елге қайтуға қарсы емеспін

03.10.2024, 11:20 3264

Ғалымжан  ҚАРАМАНҰЛЫ:

БАҚ-тың дамығаны соншалық, қазір ел асып ақпарат тарату да қиындық тудырмайды. Бүгінде кез келген телеарнаның шетелдегі меншікті тілшісі бар. Солардың бірі – 24KZ телеарнасының Лондондағы меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлы. Сыр өңірінде дүниеге келіп, осындағы журналистика мектебінен түлеп ұшқан азамат қазіргі сәтте отбасымен тұманды Альбионның астанасында тұрады. Елдегі еңбек  демалысынан  соң Лондонға  қайта  оралған жырақтағы  жерлесімізбен сұхбаттасқан  едік.

– Ассалаумағалайкүм,  Ғалымжан аға! Отандық журналистикадан шетелге меншікті тілші болып ауысу – қиын іс. Ол үшін ең алдымен ағылшын тілін жетік меңгеру қажет. Жалпы, халықаралық журналистикаға деген қызығушылық қайдан пайда болды? Бұл  қызметке  қалай келдіңіз?

– Негізі мен журналистика мамандығында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін бітіріп, кейін осы салада жиырма жылдай қызмет ету арқылы жетілдім. Қызылордадағы соңғы қызметім – облыстық «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы директорының орынбасары. Қысқасын айтқанда, қарапайым қатардағы журналист-редактор қызметінен директор орынбасарлығына дейін көтерілдім. Алайда, бұл маған аздық етті, артынша оқу-білім алу қажеттілігі туындады. Оған дейін ағылшынша еміс-еміс білетін едім, бірақ тек орта мектеп деңгейінде ғана. Содан соң қажетті балл жинап, «Болашақ» бағдарламасы арқылы Ұлыбританияға аттандым. Ұлыбританияда жүріп, бір жарым жылға жуық академиялық ағылшын тілін меңгердім. Ол кезде менің жасым 37-де болды. Бірақ, мен «қандай да бір іс бастау ешқашан кеш емес» деген ұстанымда едім. Өзімнен 10-15 жас кіші білім алушылармен қатар оқып, жарысып, жақсы нәтиже көрсете алдым. Сөйтіп, Шотландиядағы әлемнің ең үздік университеттерінің қатарына кіретін Глазго оқу орнына түсу бақыты бұйырды. Ол жақта Медиаменеджмент мамандығы бойынша білім алдым. Медиаменджемент журналистиканың төңірегінде болғанымен, онда медиаға, командаға басшылық жасау қызметі үйретіледі. Негізінен телеарнаның экономикалық ахуалын қалай қадағалау керектігін меңгердік. Университетті тамамдаған соң, осы бүгінгі қызметіме келдім. 24KZ телеарнасының Ұлыбританиядағы меншікті тілшісі болып тағайындалдым. Лондонда біраз уақыт жұмыс істеп, өмір сүріп, ағылшын тілін жетік меңгерген соң, бұл ұсынысқа бірден келістім. Бұйырса, екі жылдан соң Лондондағы тілшілік тіршілігіме он жыл болады. Осылайша халықаралық журналистикаға жолым түсті. Телеарнадан бөлек ҚазАқпарат ақпарат агенттігінде жұмыс істеймін.

– Ұлыбританияда өмір сүру Қазақстанға қарағанда әлдеқайда қымбат. Бұл жөнінде әлеуметтік желідегі стористеріңізден, посттарыңыздан білдік. Осы тұста өз отбасыңыздың қаржылай ахуалын  британдық ортастатистикалық санат бойынша қалай бағалар едіңіз? Телеарнадан түсетін жалақы Англияда өмір сүруге жеткілікті ме?

– Шынымен де бұл жақта өте қымбат. Пәтер жалдау, қоғамдық көлік Қазақстанға қарағанда қалтаға біраз шығын. Бірақ, азық-түлік, киім бағаларында аса айырмашылық жоқ. Тіпті, кейде арзан болып та келеді. Не де болса, бұл жақта қымбат екен деп қарап отыруға болмайды. Негізгі жұмыстан бөлек, қосымша шаруалар атқаруға да тура келеді. Менде Instagram-нан да табатын табысым бар. Алайда, бәрібір қаржылық еркіндік болмайды. Лондонда төрт баламен өмір сүру деген оңай нәрсе емес. Риза болатыным, балаларымыздың біліміне келген сәттен бастап инвестиция құйдық. Бүгінде балаларым британиялық білім жүйесімен етене таныс. Ағылшын тілінде еркін сөйлейді, есесіне ана тілімізді де ұмытпайды. Британиялық санат бойынша орташа өмір сүреміз деуге болады. Біреуден кейін емеспіз, біреуден ілгері емеспіз, өзімізге ұнайтындай, қиналыссыз өмір сүрудеміз.

– Негізі Ұлыбританияда жұмыс істеп, паналағысы келетіндердің қатары көп. Шығыс Азиядан да, Үндістан мен Пәкістаннан да қаншама адам отбасымен көшіп келіп жатады. Британиялық кейбір басылым «Ұлы ауысым» теориясы жайында да дабыл қаққан еді. Еуропа зайырлы мемлекет болғанымен, көші-қонды қауіп көретін, асыра «ұлтшыл» адамдар Англиядан да табылады. Осы орайда сізден сұрағым келіп тұр. Ол жақтан ұлтқа, раса немесе дінге байланысты қысым немесе қандай да бір әжуа көрмедіңіздер ме?

– Иә, Ұлыбританияға келіп, осы жақта тұрақтанғысы келетіндер өте көп. Франция территориясынан заңсыз жүзіп өтіп, осы жақтан баспана сұрайтындар шаш етектен. Мұнда мигранттар келген жағдайда олардың қоныс орнын, қонақүйін төлеп береді. Апта сайынғы жүріс-тұрысы, ішіп-жеміне ақша береді. Тіпті Франция секілді дамыған мемлекеттен Ұлыбританияға келетіндердің қарасы қалың. Ал енді ұлтшыл адамдарға келер болсақ, жалпы нәсілшіл қауым кез келген елде бар деп ойлаймын. Бірақ, мұнда расизмге, яғни нәсілшілдікке өте қатты мән береді. Өйткені, адамды дініне, нәсіліне, наным-сеніміне қарай алалау – заңсыздық. Сол себепті мұнда сырт жақтан келген мигранттарға түсіністікпен қарайды. Біздің нанымызды жеп жатыр деген қызғаныш жоқ. Керісінше, қолдауға, ағылшын тілін үйретуге тырысады. Бірақ та, мынау маған былай қарады, былай сөйледі деп өмір сүру де қате. Мейлінше ондай адамдарға назар аудармаған жөн. Ал жалпы, біз Лондонға келгелі мұндай мәселені басымыздан өткерген жоқпыз. Бұл жақта антинәсілшілдік бала кезден дәріптеледі. Егер балаларға қандай да бір қысым түссе, ол мәселемен мектеп әкімшілігі айналысады.

– Ұлыбританиядан тікелей ақпарат таратқаннан кейін ол жақтағы басылымдарды жіті қадағалап, тіпті байланысу да керек болатын шығар. Сіз отандық БАҚ-тың да, британдық БАҚ-тың да басы-қасында жүрген жансыз. Екі жақтағы медианың айырмашылығы жөнінде айтып өтсеңіз.

– Жалпы, біздің БАҚ бұл жақтан кем емес деп айтуға толық негіз бар. Бірақ, арадағы басты айырмашылық, мұнда журналистердің әрқайсысының жеке зерттейтін саласы, тақырыбы бар. Ал бізде журналистер әр тақырыпты қозғай береді, әмбебаптықты жөн көреді. Адам бәрін білуі мүмкін емес. Былайынша мағлұмат алуы мүмкін, бірақ толық меңгеріп, сараптап жазу қиынға соғары анық. Бұл жақта салалық журналистика жоғары деңгейде дамыған. Нәтижесінде сапалы мақала, жөнді телевизиялық сюжет шығады. Сосын қосымша айту керек жайт, Лондонда журналистердің жалақысы жақсы. BBC-де жұмыс істейтін тілшілер өнер адамдарымен қатар айлық алатынын бірі білсе, бірі білмейді. Сонымен қатар, бұл жақта ақпарат басылымдарының көпшілігін халық қаржыландырады. Әрине, мемлекет ақша береді, бірақ қаражаттың көп бөлігі көрермендерден түседі. Сәйкесінше, БАҚ та халықтың сөзін сөйлейді, демократия кең ауқымда қалыптасқан. Үкіметті, билікті, премьер-министрді еркін сынайды. Тіпті, өз араларында жанжал, шу шыққан жағдайда да ақпараттандырудан тайынбайды.

– Балаларыңыз ержетіп келеді. Білуімше, үлкеніңіз сол жақтағы колледждердің біріне оқуға түсті. Кәусар қызыңыз бен Алмасбек ұлыңыз бала кезінен камераға бейімделді. Оның үстіне әйеліңіз де журналистік салада еңбек етіп жатыр. Балаларыңызды да медиаға икемдеп, журналистер династиясын жасау ойыңызда жоқ па?

– Иә, Кәусар Balapan телеарнасында «Miss Kausar» бағдарламасын жүргізді. Үш маусым көлемінде балалардың ағылшын тілін меңгеруіне септігін тигізді. Кәусарды Қазақстанда көптеген бала таниды. Әрине, бұл тұста журналист ретінде көмегімді тигіздім. Бірақ, балаларымның болашақта медиа саласында болуын қажеттілік деп есептемеймін. Бірақ, егер өздерінде ынта болса, қарсылық көрсетпеймін. Мысалы, Кәусар бала күнінен блог түсіріп, камераға бейім болып өсті. Сондықтан, мен оны қинап, еркінен тыс бұл салаға тартпадым. Кәусар өзіне берілген мүмкіндікті толық пайдалана алды. Әйелім де Qazaqstan телеарнасының меншікті тілшісі. Ол кісі филология мамандығы бойынша білім алған соң, бұл сала таңсық емес. Жалпы, династия құру ойымда жоқ

– Біршама жыл бойы Англияда тұру қаржылық жағынан да, жалпы коммуникация жағынан да оңайға соқпайтыны анық. Балаларыңыз толықтай ағылшынша білім алады, жүріс-тұрыста да тек ағылшын тілі пайдаланылады. Өзіңізден немесе отбасы мүшелеріңізден қазақша сөйлегенде кідіру, акценттің бұзылуы байқалмай ма? Тіл мен ділді сақтау үшін қарапайым сөйлесуден бөлек қандай амал қолданасыздар?

– Бізде қазақтілді орта жоқ. Мектепте тек ағылшын тілінде байланысқаннан кейін, балаларға қиын. Үйде тек ана тілінде сөйлесеміз. Жалпы, төрт балам бар. Үлкен екі балам бастауыш мектепті өз елімізде бітірген соң, тілмен мәселе туындаған жоқ. Бірақ, соңғы екі балам мектеп табалдырығын аттаған сәттен ағылшын тілінде білім алды. Мысалы, олар кириллицаны жөнді білмейді. Кәусар сәл біледі, ал Алмасбек мүлде меңгермеген. Сөйлеген кезде еркін сөйлегенімен, ортаның жоқтығынан қиналып қалатын кездері болады. Дегенмен, жаз келген сайын отанымызға қайтып, Қызылордада демаламыз. Сонда барғанда балаларым қазақ балалармен сөйлесіп, тілін жаттықтырады. Қазақ болған соң, мейлінше қазақ тілінде сөйлесіп, салт-дәстүр сақтауды құптаймыз. Ұлттық тағамдармен тамақтанамыз. Және болашақта да осы үрдістің жалғасуын  қадағалауда  ұстаймыз.

– Егер елге медиа саласы бойынша лауазымды қызметке шақырса, келер ме едіңіз? Қазақстанға оралу әзірге жоспарда жоқ па?

– Егер жақсы ұсыныс түссе, неге келмеске? Келесі жылы Ұлыбританияда жүргеніме он жыл болады. Әрине елдің дамуына үлес қосқым келеді, бірақ әзірге ұсыныс түсе қоймады. Он жылда біраз нәрсе көрдім, үйрендім. Есейген соң, елге тартып тұрады. Жақсы ұсыныс түссе, ойланбастан оралар едім. Бірақ, қазақстандық телеарнада жұмыс істеп, қазақша ақпарат таратып жүрген соң, бұл тұста біраз еңбегім сіңіп жатыр деген ойдамын

– Сұхбатыңызға  рақмет,  сәттілік  тілеймін!

Сұхбаттасқан

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: