Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ұлы дала зары» – қазақтың трагедиясы

21.01.2021, 10:30 2621

«Ұлы дала зары». Оқуға да, жазуға да қандай ауыр сөйлем еді!? Қалай десек те, бұл – біздің тарихымыз! Аталған кинотуынды «Алтын глобус» премиясының «Шет тіліндегі үздік фильм» аталымына үміткерлердің қатарына қосылды. Сондай-ақ, «Азия фильмдері» фестивалінің ашылу салтанатында алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды. «Біздің мақсатымыз номинация алу емес» дейді фильмнің бас продюсері Ернар Мәліков. Түсірілім тобының басты мақсаты мен «Ұлы дала зары» фильміне қатысты бірқатар мәліметтерге біз сұхбат барысында қанықтық. Қазақстандықтар кинотуындыны ақылы түрде cinexus.kz сайтынан онлайн форматта тамашалай алады.

Ернар  МӘЛІКОВ,

«Ұлы  дала  зары»  фильмінің  бас  продюсері:

ФИЛЬМ  ҮШІН  ЖЕКЕ  ДҮНИЕЛЕРІМДІ САТУҒА  ТУРА  КЕЛДІ

– Ернар аға, әңгімемізді «Ұлы дала зары» фильмін  түсіру  идеясынан  бастасақ…

– Жалпы, ата-бабаларымыздың басынан өткен зобалаң заманды, зұлмат жылдарды түсіремін деген режиссерлер мен продюсерлер өте көп болды. Бірақ, әлі де Мәскеу жаққа қарайлайтындар, жалтақтайтындар бар, кейбірінің алдынан «басыма бәле болады» деген­ секілді мәселелер шыққан. Фильмнің режиссері Марина Құнарова екеуміз мұны 2 жылдай зерттедік. Біз Қазақстанның көлемінде ғана емес, Украина, Ресей, Франция, Америка, т.б. елдерден  материалдар  алдық. «Қорқа-қорқа болдық, біттік ғой» деп іске белсене кірістім. Бұл – біздің тарихымыз. Бұл – қазақ халқының трагедиясы! Тіпті, тек қазақтың ғана емес, бүкіл Совет одағын­дағы халықтардың трагедиясы! Қолдан жасалған ашаршылықтан біздің деректер бойын­ша 47 миллиондай адам зардап шеккен, соның  40 миллионы  аштықтан  өлген.

Түсірілімді бастамай тұрғанда бизнесмен жігіттер «Ереке, басташы, біз саған қолдау білдіреміз» деген болатын. Шынын айту керек, біз фильмді бастағанда олар секіріп-секіріп қашып кетті, қорықты. Екі ортада мен жалғыз қалып қойдым. Сондықтан жеке дүниелерімді сатуға тура келді. Қарызға ақша алу қажеттілігі туды. Біз тікелей эфирде баспасөз мәслихатын өткізгенде БАҚ өкілдеріне «түсірілімді алдағы ақпан айында бастаймыз» деген едік. Айтыл­ған сөз – атылған оқ мен үшін, сондықтан шегінер жол  жоқ  болды.

«МЕН  МҰНЫ  «ХАЛЫҚТЫҚ  ФИЛЬМ»  ДЕП  АТАЙМЫН»

– Фильм  қайда  түсірілді?

– Фильмді түсіргенде Алматы облысы, Ақсу ауданының Суықсай, Қапал, Арасан, Баласаз, 11-ші ауылында желтоқсан мен наурыз аралығында 4 айы бойы тұрдық. Сондағы жергілікті тұрғындар әдепкіде сеніңкіремеді. Түсірілім бастал­ғаннан кейін 10 күн өтер-өтпестен олар киноны­  сезіне  бастап, ашаршылық  жылда­ры­на қатысты өз тарихын (менің атам былай деп айтып еді, әжемнен естігенім бар еді, т.с.с.) айта бастады. 5 ауылдың халқы бізге көп көмектесті. Біреуі киіз үйін әкеліп жатады, енді бірі ат арбасы­н дегендей… Түсірілім тобында 88 адам болды. Жатын орында күніне 500 теңге деп келіс­кенбіз, артынан тегін тұрыңдар деуге барды­. Халық бізге сенді, күш-қуат сыйлады.

Ал, жалпы киноны түсіруге 5 жылдай уақыт кетті.

– Кинотуындыны біздің биліктегілер қалай қабылдады?

– Осыдан 1 жарым ай бұрын «Ұлы дала зары» фильміне байланысты мені Нұр-Сұлтан қаласына  шақырды. Онда ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың адамдары болды. Одан кейін ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева,­ ҚР Президентінің Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев болды­. Киноны көрген соң Қырымбек Елеу­ұлы мені құшақтап, қолымды алып: «Ернар, біз ашаршылық туралы кішкентай кезімізде ата-әжелерімізден естуші едік. Одан кейін кітаптан, газеттен, интернеттен оқыдық. Сенің азаматтық позицияңа риза болып тұрмын. Мен мұндай фильм көрген емеспін» деді. Менің көзімше министр Ақтоты Райымқұловаға тапсырм­а  берді. «Жігіттер фильмді өз ақшасына түсірген екен. Халықтың көмегі бар екен. Мен мұны «Халықтық фильм» деп атаймын. Өйткені, халықтың үлесі көп. Сондықтан, екі аптада фильмге қаржы қарастырып, қолдау көрсетіңіздер» деді. Бірақ, кейіннен Мәдениет және спорт министрлігінің айнып қалғанын байқадым.

«СОНДА   СІЗДЕРДІҢ   МИНИСТРЛЕРІҢІЗ ЕШКІМДІ   ТЫҢДАМАЙ   МА?»

– Сонда  қалай? Мүлдем  қолдау  білдірмей­тінін  ашық  айтты  ма?

– Білуімше, Қазақстанның «Оскар» комитетінің мүшелері 3-4 фильмді таңдап алады. Оның ішінде «Томирис», «Черный, черный челове­к», тағы да басқа 1-2 фильммен қатар біз де бармыз. Мен оны артынан естідім. «Томирис» өтпей қалғаннан кейін, екі аяғын алдыға қойып, тіреп тұрып қалды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы өз мақаласында «тарихи кинола­рды көптеп түсіруіміз керек» деді. Мемлекет­тік хатшы Қырымбек Елеуұлының көзімше тапсырмасы болды. Не Құдайдан қорықпайтын, не ата-бабаларымыздың аруағын сыйламайтын министрлікке өкпелімін. Мұны өкпе деп ғана айтуға болмайды. Біз жалдап­  алған  публицистер, пиар-менеджерлер айтады. «Бұл – парадокс! Сонда сіздердің министр­леріңіз ешкімді тыңдамай ма? Бұл – қазақ халқының тарихы, трагедиясы!» дейді. Одан қалды «Оскарға» белгілі бір адамның фильмі деп бармайды ғой. Ол жаққа «Қазақстанның фильмі» деп жол тартады» дегенді айтып,­ басшылардың немқұрайды қарағанына таңданысын  білдірді.

Тағы да айтамын, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ешқандай көмек жасамай отыр. Естуімше, «Черный, черный человек» деген фильмге 30 миллион теңге бөлінген. Қазіргі күні фильм барлық жерде тұр. Еуропада, Америкада, тағы да басқа елдерде. Енді бәрі кеш, бізге еш кедергі келтіре алмайды, тіпті мені атып тастас­а  да.

БҰЛ  ФИЛЬМДІ  АҚША  ТАБАЙЫҚ  ДЕП  ТҮСІРМЕДІК

– Фильмді түсірудегі мақсаттарыңыз белгілі ғой. Сол мақсатқа осы күні жетіп қалған боларсыздар?

– «Ұлы дала зары» әр қазақтың көгірегін ашуы керек. Мен бұл фильмді ақша табайын деп не номинацияға ұсынайын деп түсіргенім жоқ. Бірақ, фильм номинация алуы керек, сонда дүниежүз­і мұны көреді. Сонда олар Совет үкіметінің қазақтарға, басқа да халықтарға жасаған­  сұрқия  саясатымен  танысады.

Маған арнайы адамдар да келіп кетті. «Сіз қорықпайсыз ба?» дейді. «Егер мені осы фильм үшін атып тастайтын болса, көнемін! Жазықсыз құрбан болған сан миллиондаған ата-бабаларымның, елім, жерім, тілім, дінім, ділім деп өткен Алаш арыстарының тырнағына да татымаймын»  деп  айттым.

Дүниежүзі халықтары ашаршылық жайлы толық білмейді. Мен шетелдіктермен сөйлесемін, олар Украинадағыны ғана айтады­ да «Қазақстанда да болды ма?» дейді. Негізі, ашаршы­лықтың «көкесі» Қазақстанда болған. Халықтың 20-30 пайызын ғана қалдыру керек деген тапсырма түскен. Сталинде 1 ғана бағдар­лама болды. Ол – заводтар салу, қарулану. Ақша жоқ, оны қайдан алады? Сосын бәрін қазақтан  сыпырды.

Қазақстанда ашаршылықтың алдында 40  миллионнан  астам ірі қара, 120 миллион қой, 20  миллионнан астам жылқы, 171 мыңнан астам­ түйе болған. Сонда Голощекин айтады ғой: «Мұнда кедей жоқ, бұлардың бәрі бай. Ең кедей дегеннің  өзінде 20-30 қойы, 1-2 сиыры, көшіп-қонуға  өгізі болған» деп. Сондықтан олар  бізді  аямай  қырды.

ФИЛЬМДІ   ТЕГІН   КӨРСЕТУГЕ  БІЗДІҢ  ҚҰҚЫҒЫМЫЗ   ЖОҚ!

– Оқырмандар үшін айта кетейік, осы күні «Ұлы дала зары» фильмін  ақылы  түрде cinexus.kz сайтынан онлайн форматта қарауға болады  ғой.

– Киноны тегін етуге де болатын еді. Бірақ, оған менің құқығым жоқ. Өйткені, «Алтын глобус» пен «Оскардың» талабы бойынша фильм коммерциялық бағытта болуы тиіс. Сол үшін ғана осылай жасап отырмын. Бұл қалай бітеді, мен әр қазақ көретінде­й  ашық  етемін.  Көп  продюс­ерлер  менен «Ереке, сіз 5 жыл бойы қанша ақшаны құйып жатырсыз, қарызданып жатырсыз­, осыны ақтай аласыз ба?» деп сұрайды. «Мен әлде­қашан ақтадым»­ дедім. Сонда «Сатып үлгердіңіз бе?» деп сұрақ қойды. «Достар­ым, мәселе ақшада емес, мен бұл фильмді  ақша үшін  түсірген  жоқпын» дедім.

– Фильмге қатысты сұхбаттарды, мәліметтерді, жаңалықтарды­ өзге тілдерге аудару жұмыс­тарын  күшейту  керек  шығар…

– Өзіңіз айтқандай, өзге тілге аудару – бізге бұл өте жақсы жаңалық болар еді. Өйткені, фильмге қатысты ақпараттар аудитори­ясы көп, шетелдік басылымдарда жарық көре бергені дұрыс.

– Көп-көп рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан   Рыскелді   ЖАХМАН

Фильмнен үзінді

«Әке, мен сіздерді ешқашан жемеймін!»

Аштықтан зиратқа айналған ауыл. Бүркітші мен баласы түндігі түрусіз қалған­ үйлердің  біріне  кірсе, ит-құс жәукемдеп тастаған әйел мен ердің мүрдесі жатыр. Көлденең­  құрылған  шымылдықтың  артынан  сұлба  көрінеді. Сөйтсе, аштықтан есі ауған  қыз әке-шешесінің  сүйегін  талғажау ете бастаған екен. Көзіне қан толған бейбақ  бүркітшінің  баласына атылады. Әкесі оны қағып тастап­, екеуі сыртқа шығады.

– Әке, оның көзін көрдіңіз бе, көзін?! Ол… жеген екен… Әке, мен сіздерді ешқаша­н  жемеймін!­

– Ол  аштықтың  көзі,  балам!


Сұхбаттың ағылшынша нұсқасы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: