Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сұрағы жоқ сұхбат. Арман Дүйсенов

27.01.2023, 11:00 1097

Арман Дүйсенов (1974-2023) — белгілі композитор, музыкант, әнші, продюсер, тележүргізуші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері. Талай қазақша хиттің авторы.

Мені алғаш елге композитор ретінде танытқан үш ән бар. Ол – Алтынай Жорабаева орындайтын «Ағажан» әні, Ұлықпан Жолдасов айтатын «Шаттығым сенсің» әні және Динара Қырықбаевамен бірге салған «Ұстазым менің» әні. Одан кейін «Музарт» репертуарындағы «Қайдасың?» әнін ерекше атауға болады.

Шабыттан бұрын адам білім алуы керек. Музыка деген — ғылым. Бұған машықтану керек. Адамның ішіндегі құмырасы әбден толуы қажет. Білім, тәжірибе, дайындық болмаса, шабыт жайлы айту қиындау.

Әншінің бейғамдығына қарай бағы жанбай қалған ән болды. Ақылбек Жеменей бауырым айтатын өзім үшін қымбат «Тырналар» деген ән бар. Тыңдаған адамға ерекше әсер ететін әдемі туынды. Бірақ ән көңілден таса қалып кетті. Өкінішке қарай, мұндай «әттеген-ай» дейтін кез болып тұрады.

Мен ерекше құрметтейтін топ – «Музарт». Егер «Музарт» менің әнімді орындаса, ол мен үшін ерекше қуаныш, ерекше жетістік. Кейінгі толқын әншілерден «Кешью» тобын ерекше атай аламын. Себебі бұл топтың орындауындағы «Туған жер» деген әнім көпшіліктің ыстық ықыласына ие.

Кейде әншінің жағдайы болмай тұрса, бірақ әнге деген икемі, дауысы, дауысының бояуы келіп тұрса, әнді тегін де беремін. Бағаға келгенде қатып қалған қағида жоқ.

Бұл уақытқа дейін келіскен ақыны бермей кеткен адам болған жоқ. Кейде әнге сөз керек деп келетіндер бар, кейде әннің бір жерін түзеуімді сұрайды. Оның бәріне ақша ала беретін болсақ, ел деген аттан бас тарту керек шығар.

Музыканы плагиат деп санаудың да шарттары бар. Алты нота ырғақ пен биіктік жағынан сол қалпында қайталанып жатса, плагиат деуге болады. Ал ырғағы, нотасы бөлек болса, онда ол жай ғана ұқсастық. Моцарт, Гайдн, Бетховен және Бах пен Вивальди — бір дәуірдің музыкант-композиторлары. Сондықтан шығармашылығы да бір-біріне қатты ұқсас. Бірақ әрқайсының қайталанбас қолтаңбасы бар.

«Тапсырыспен ән жазу» деген — өте күрделі әрі қауіпті нәрсе. Біреулер «тапсырыс» деген сөзді ести қалса, «жаны жоқ, коммерцияланған дүние» деп қана қабылдауы мүмкін. Ал негізі нәтиже адамның шығармашылығы мен тәжірибесіне байланысты.

Қоғам бірауыздан «Арман, сенің әнмен айналысуға құқың жоқ, сен композитор емессің» десе, бұл істі қойып кетуге бармын. Осы уақытқа дейін елдің батасы мен алғысынан басқа сөз естігенім жоқ.

Кәсіби өмірімнің өзекті тақырыбы – қазақтың төл өнері мен бүгінгі немесе кешегі классикалық өнердің озық үлгілерін кәсіби түрде ұштастырып, қазақтың музыка өнерін дамытуды жалғастыру.

Тойға сапасыз нәрсе деп қарауға болмайды. Халық ақымақ емес. Бізге «күрделі ән жазбай-ақ, халыққа өтпейді» деп жатады. Бұлай деу — қылмыс. «Халық Құдайдан бір-ақ жас кіші». Халыққа шоқтығы биік туынды ұсына берсек, ел сені солай бағалай бастайды. Жеңіл-желпі нәрсе ұсына берсең, жадыда сол деңгейде сақталып қаласың.

Әкем мен анам ақкөңіл, кісіге жамандық ойламайтын аңқылдақ, ақжарқын жандар еді. Ата-ана деген биік дәрежеде тұратын тұлғалар ғой. Мен олардай бола алмайтын шығармын. Дегенмен олардан музыкалық қабілет, позитив болу сияқты қасиеттері дарыды.

Нағашы әжемнің қолында тәрбиелендім. Әке-шешем дүниеден ерте өтіп кетті де, интернатта өстім. Анам жамандық ойламайтын кісі еді. Есігіміз құлып көрмей кетті. Қонақ үзілмейтін.

Әжем суық тиіп қалмасын деп маған қабат-қабат киім кигізетін. Әкем ауылдан Оралға алып кетеді. Үйде ылғи достары отырады. Орындықты ортаға әкеп, менің үстімдегі киімді «бір, екі, үш» деп шешіп тауыса алмайтын. Соны бәрі қалжыңдап, күлетін.

Анам қалада әдемі, сәнді киім киігізіп қояды. Оны көрген әжем бетін шымшып, «мына баланы өлтірейін дедіңдер ғой, айналайындар» дейтін. «Салқын тиеді де, өледі» деп қорқатын.

Бір күні анамнан «молда болсам, қандай молда болар едім» деп сұрадым. Анам «молда болсаң, барлық халықты мұсылман қылатын молда болар едің» деді. Ол маған «сен — жан-жақты дарынды баласың, қай жолды таңдасаң да, биігіне шығасың» дейтін. Осы сөзі менің қалыптасуыма сеп болды.

Бір қызығы, қалаға келсем орысша сөйлеймін, ауылға барсам, қазақша сөйлеймін. Өмірім сондай болып қалды. Ортам орысша еді, орыс мектебіне бардым. Ауылда қазақша сөйлейтінім сол, әжем жырау болды. Ауыз әдебиетінің жауһарларын сіңіріп алған, лиро-эпостық, батырлар жырын жатқа білетін.

Бұрын бүгінгінің көбі шариғатқа томпақтау көрінетін еді ғой. Қазір заман басқа, заң басқа. Амал басқа, жол басқа. Мен Instagram-ды осы тәрбиенің көзі-ау, бұл кері әсерін тигізетін шығар деп жүргізбеймін. Мысалы, кейбір әріптесім «мына суретте түрім онша емес, шашым дұрыс болмай қалды, мұны салмашы» дейді. Мен ондай емеспін. Өзімді сол қалпында саламын. Алланың берген түрі сол болғандықтан, сәнденіп жатпаймын.

Instagram-ды табыс көзі ретінде қолданатындар көп. Бірақ мен олардың қатарында емеспін. Неге десеңіз, сол баяғы қазақы бейжайлығым шығар. Әрине, оны қолға алу керек. Мен оны қалай жасайтынын да білмеймін. Адамдар хабарласып: «Мынаны парақшаңызға салып беріңізші», – дейді. Мен жаппай сала беремін.

Материл марқұм Арман Дүйсеновтің Sputnik.kzStan.kz сайттарына, «Төрлетіңіз», «Менің анам, Менің әкем..» бағдарламасына берген сұхбаты бойынша әзірленді.

Таңшолпан БЕГАЛЫҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: