Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шәкіртімнің әжуа сөзі мені Сыр еліне әкелді

09.07.2020, 10:15 788

Садық  МҰСТАФАЕВ:

Бірнеше жыл Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметін атқарған Садық Мұстафаевпен болған сұхбат «Жас Алаш» газетінде жарияланды. Спорт майталманын сөйлеткен – журналист Аманкелді Сейітхан. Еркін сұхбатта Сыр өңіріне қатысты сұрақтар мен жауаптар болған соң, автордың рұқсатын алып, газет бетіне жариялағанды жөн көрдік.

«БАПКЕРЛЕР  ИНСТИТУТЫН  ЖАСАЙ  АЛМАДЫҚ»

– Садық Шоңмұрынұлы, егер елдегі спорттың дамуын өлшеу мүмкін болса, өткен  ғасырдың  90-жылдарымен салыстырғанда қазір қанша қарыс ұзарды  дейтін  едік?

– Сұрағың ұзақтау екен. Таразыға тартып, салмағын білмек болсаң да, құлаштап өлшеп, ұзындығын тексергің келсе де, мына бір қағида ойыңда жүрсін: cпортты алға сүй­рейтін – фанат-бапкерлер. Олар ілуде бір кездессе де, кез келген елді мекеннен табылуы мүмкін. Бейнелеп айтқанда, олар табиғатта әлі де бар. Тіпті қазір де екеумізбен қатар өмір сүреді. Ел ішінде жүреді. Біреу байқайтын шығар, екіншісі елемейді. Шетінен тегіс тұйық келеді. Ашылып сөйлемейді де. Ешкім­ге мұң шақпайды. Күнін қаратпайды. Бірақ бүкіл спорттың даму индекс­і солардың қарымы мен қабіле­тімен өлшенеді. Бұл түсінікке ауыр, қабылдауға қиын қисын шығар­. Біз алтындап спорт залдарын салайық немесе арена біткенге­ балаларды толтырып қоялық. Егер әлгі мамандар іске бел шешіп кіріс­песе, бәрі де – құр әурешілік.

– Демек…

– Демек, біздің ел бірінші кезекте талантты бапкерлердің тұрмыстық  жағдайына  мән  беруі тиіс. Жер-жерде спортқа жаны ашитын азаматт­ар бірді-екілі бапкердің жағдай­ын жасап жүр және ол қадам өз жемісін беруде. Тізіп айтуға да болар­ еді. Арқадағы, осы төңіректегі Жақсы ауданы, Қарағанды облысын­да да бар. Шығыс пен Батыс­ Қазақстаннан да табасыз. Жетісудан, Сыр бойынан дегендей. Бірақ толық жүйе қалыптастыра алмады­қ ғой. Бапкерлер институтын жасай алмадық. Осы бір жерде сұхбатты аяқтасаң да болады. Өйткені мықты маман болмай, жалпы­, істің дөңгеленіп кетуі екі­талай…

Бапкер дегенде, чемпиондар мен жүлдегерлер солардың ұста­ханасында шыңдалады. Әлгі бейнетті елемейтін жаттықтырушылар шәкірт іздейді, табады. Жөндейді, тезге салады. Жонады, күзейді, түбінде солардың шәкірті бәрінен озады. Олар бүкіл чемпиондар мен кешенді сындарда, әлем бірінші­ліктері мен құрлық жарыстарында жүлде алған ұл-қыздардың алғаш­қы, тіпті қазіргі бапкерлері. Рас, жыл санап қатарлары сиреп келеді. Ол анық. Эволюциялық өзгеріс десек­ қайтеді? Әйтеуір, адамдардың көзқарасы өзгерді. Қоғамды қабылдауы, ақиқатты мойындауы, тағысын тағылар. Сана толысқан шығар,  иә? Шетімізден ақылдымыз, а? Бәлкім, тым дамып кеттік, мүм­кін, өзге де жағдай әсер еткен болар. Білікті бапкер аталатын дәрежедегі мамандар қазір мүлде тапшы. Оны  мойындау  керек.

– Кім, нені  мойындауы  тиіс?

– Мысалы, екеуміз. Өзің тілші ретінде шын таланттарды тауып, солар жайында материал беруді азайттың, баяғы қарқын жоқ, келісес­ің  ғой?

– Мүмкін.

– Біз ауыл-ауылды кезіп, жылт еткен жаттықтырушыны тауып, солар­ды жұмысқа жегуді, сенім артуды­ сәл бәсеңдеттік. Біз дегенде, мен өзімді құрбан етейін деп отырған жоқпын. Шамам келгенше білікті маманды танып, алыстан-жақыннан алдырып, Сыр елінің спортын дамытуға жұмылдырдым. Оны тіпті де батырлық деп санамаймын. Күнім қарады, сол жаттықтырушыларға және оның өзге себептері де көп. Себеп өзімнен де табылатынын білемін. Көрдің бе, егер екеуміз осы мәселеге мән бермесек, өзгелер мән бермесе, қазақ не деуші еді, осы жағдайда?

– Қазақ  көп  айтады.

– Қазақ «Аурудың асқынғанын өлім әшкерелейді» дейді және өте дұрыс айтады. Қазір қолыңда сарапт­ама бар ма, соңғы жетістіктерді жіліктеп беретін? Негізгі кем­шілікті тізіп салатын? Бапкер жоспары, оның жүзеге асқан-аспағаны жайында мәлімет? Көбіне жауап таппайсың, өйткені қолыңда дерек жоқ. Керек десең, сенімен бөлісетін өкілетті орынды емге таппайсың. Спорт та – үлкен өндіріс орны, оның да өзіндік техникалық регламенттері бар. Талаптары, шығындарын былай қойғанда. Шынығып жүріп медаль теріп аламын деп ойлама. Басқа емес, бір Руслан Әбдіразақовты қазақша күрес майталманы жасаймыз деп, қанша тер төктік. Жапон апарып күрестірдік. Елдегі қарсыластарын түгел зерттедік. Тіпті ас-суына дейін қарадық. Тіл ұшында тұрған соң, мысал ретінде айтқанымыз. Ал ол – ұлттық спорттағы  жігіт.

Классикалық спорттағылар ше? Бапкерге қырық есе салмақ түседі. Егер ол аймақтағы спортшы болса, облысты басқарып отырған азаматтарға. Еңбек, ізденіс, қиындықтан жол табу, қиындық дегенде, негізгі қажеттілік қаржы ғой. Екінің бірі ұстата салмайды. Тағы да сол келіссөздер. Бір аймақта бірнеше жыл жұмыс істедік, бір кісідей білеміз дегендей. Өңір басшысының ұрпақ тәрбиесіне көзқарасы, ел намысына қатысты түсінігі маңызды рөл атқарад­ы. Бүгінді емес, болашақты зерделеуі, ертеңді ойлауы, жалпы, пайым-парасаты таразыға түседі. Аллаға шүкір дейін, Қызылорда облысы­нда өзім еңбек еткен жылдарда өңірді басқарған әкімдердің бәрі де кез келген идеяма қолдау көрсетіп, қаржылық мәселені дер кезінде шешіп отырды. Тіпті, спорт орталығын да салып қойдық. Ол жерде бәрі бар. Бірнеше арена бой көтерді.

«АҒАРТУ,  НАСИХАТ  ЖАҒЫНДА    ДА   КЕМШІЛІК   БАР»

– Қызылорда спорттағы бақытты шақты бастан кешті, негізі. Жарыс сайын жүлде алды. Бірінің ізін бірі басып келе жатқан таланттар­ шоғыры. Бір Қармақ­шыдан бірнеше спорт шебері шығып­ жатса, қала маңы спортшыларға лық толса, әрине, нәтиженің көрінісі. Сіз облыстық деңге­йден  республикалық  кезеңге өттіңіз. Бірнеше жыл оқушылар мен  студенттер  спортына  жауапты  болдыңыз…

– Спорт ғана емес, тұтас дене тәрбиесі ісі ғой. Мұнда да мәселе жетіп-артылады. Мысалы, дене тәрбиесі пәнінен сабақ беретін мұғалімді алайық. Ортақ әдістеме, оқу жоспары өз алдына, тап сол ұстаздың мәртебесі қандай? Мектеп директорлары немесе колледж директорлары пән мұғаліміне қаншалықты жағдай жасай алады? Балала­р мен жасөспірімдер спор­тына жағдай жасалмай, дене тәр­биесі елде бұқаралық сипат ала алмай­ды. Олимпиадалық ізбасар дайындаудың да реті келмейді. Есің­де жүрсін, өзің де білесің, негізі. Жалпы, дүниежүзінде студенттік спорттың шоқтығы биік. АҚШ оны жақсы жолға қойған. Университет командаларының қарқынын біле­сің, студенттер лигасы ше? Жоғары оқу орнында жасақталған команда кез келген қарсыласын шаң қаптырады. Көптеген ел өзіне тиесілі спорт түрлерін солай дамытты. Жаста­рды тарту жағын айтамын. Кез келген шетелдік оқу орнының спорттық немесе жаттығу базаларын  алыңыз. Таңғаласың. Қытай да студенттер лигасына, тіпті оған дейінгі дайындығы, яғни оқу-жаттығу жиындарына жете мән береді. Жарыстары өз алдына бір төбе. Өзің де куә болдың, Бейжің олим­пиадасының жарыстары өткен арена­лардың басым көпшілігі сол студенттер игілігіндегі ғимараттар. Бізде ол әзірше мүмкін емес.

– Неге?

– Өйткені әзірше біздің елде студенттер спорты, жалпы, дамудың қайнар көзі деп есептелмейді. Есептелсе де, ескерілмейді. Жібі түзу жаттығу базасы бар жоғары оқу орындары бар ма? Студенттер лигасы ше? Мүмкін, бір-екі жерде көрі­ніс берген шығар. Дегенмен оның керемет бір мәртебесі жоқ. Мысалы, спорттық ойын түрлерін алайық. Рас, бір кезде футболдан бастағымыз  келді. Жалғасын таппай қалды ма, ұмытып кеттік пе, бір себеп бар, әйтеуір. Баскетболдан, волейболдан, су добынан бір-бір команда құру бір қарағанда ЖОО үшін түкке тұрғысыз дүние. Қандай дүмпу болар­ еді қоғамда? Университеттер арасында өтетін шын мәніндегі универсиадалар болса ше? Олар тіпті ел біріншілігіне араласа алатын мәртебеге ие болып жатса… Әлгі футболды алайық. Екінші лигаға команд­а қоя алатын бір жоғары оқу орны бар ма? Жоқ! Неге? Жауап табу қиын. Желеу табыла кетеді. Баяғыда СКИФ деген команда болды. ҚазМУ «Университет» баскетбол командасын тіпті КСРО біріншілігіне қатыстырды. Темірхан Досмұхам­бетовтің шәкірттері ше? Басы самбо, кейін дзюдошылары қандай саңлақтарға айналды. Есімі елге мәлім. Даңқы жер жарды дегендей. Любовь­ Коваленко кезіндегі спорттық гимнастика қайда? Бір университет бүкіл Одақта дүрілдеп тұрды. Қазір ондайға мән беретін ректор бар ма? Төл шәкірттерін әлемдік додаға салып отырғаннан неге жериді?­ Рас, олимпиада чемпиондарын оқуға тіркеп қояды. Оның жөні басқа. Даңқы асқанның дақпырты­на  елігу  ғана.

– Мектептердегі  жағдай  ше?

– Оның бәрін кеңінен әңгімелеуге газетіңнің көлемі жете қояр ма екен?! Баяғыда көптеген мектептердің спорттық жабдықтары сын көтеретін дәрежеде еді. Шығыс Қазақстанда шаңғы толып тұратын. Солтүстік өңірлерде де. Дене шынықтыру сабақтарына пайдалану үшін. Сынып толы спортқа бейім балалар. Алғашқы іріктеулер мектептің өзінде өтетін. Дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі шәкірттерінің қарымын біліп, кейін жаттықтырушылар­ға өздері бағыттап отырды. Селекцияның көкесі сол. Қазір ол мұға­лімнің қолы тие ме? Шәкірттің құл­шынысы қандай? Ол неге құлшынбайды? Ағарту, насихат жағында да кемшілік бар. Тізе берсек таң атырамыз. Бұл іс белгілі деңгейде жүйеленуі керек. Ол үшін білікті мамандар кеңесін құру қажет шығар. Біз іште жатқан, шығуы тиіс, әлде тиіс емес дүниелер биігінен қарадық. Нақты айта аламын, спортты алға апаратындар, чемпион тәрбиелейтіндер – өз ісіне әбден берілген бапкерлер. Жанкешті жандар, таланттар шоғыры. Былайша айтқанда, жанын жұлып беретіндер. Бірнеше есімді атап өтуге болар еді, енді бірін ұмыта қалсақ өзіме ыңғайсыз, сондықтан бапкерлер деп ғана тоқтайық­.

– Олар міндетті түрде қала­ларда  тұра  ма?

– Неге? Ауылдық жерде де жүреді. Олар бап талғамайды. Тұр­мысын түзеуге ұмтылмайды. Атақ іздемейді. Даңқ пен дақпыртқа құмар емес. Қолдасаң риза болады, қолдамасаң ренжімейді. Өз әлемі бар. Оған ешкімді кіргізбейді. Талант­ты бала көрсе талабын бай­қап, қабілетін танып, тынысын ашуға ұмтылады. Жарысқа қосып бағын сынайды. Өзінің де, шәкірті­нің де. Озып шықса шаттанады, қалып қойса қайта қайрайды. Жат­тық­тыра­ды. Шаршамайды. Шебер­л­ігін шыңдайды. Ерінбейді, жалықпайды. Түбінде мақсатына жетеді. Біздің қолымыздан келетіні – солар­ға көмектесу. Жағдайын жасайы­қ, жан дүниесін түсінуге тырыса­йық. Кем дегенде, кедергі болмайық.

– Кедергі  келтіретін  кім?

– Мүмкін, бәріміз. Оларды түсінуге салақпыз. Тұрмысына мән бермейміз. Мүйіздейміз. Барынша жолын­ жабамыз. Жұмысына кедер­гі келтіреміз. Еңбегін бағалау қайда, шеттетеміз, қуамыз. Міне, көбіне көрініс беретін жағдайлар. Өзім де спорт саласын басқардым. Туған өлкеге бара сала соларды іздедім, шәкірт тәрбиелеуге құл­шынған  мамандарды…

– Бірнешеуін  таптыңыз…

– Мақсатым сол еді. Қызылорда облысының спортта кенжелеп қалғаны­н шәкіртімнің бірі ащы әжуамен­ сездірді. Сездіргенде, менің Сыр бойынан екенімді білмеді-ау, сірә. Алматыда шәкірт тәрбиелеп жүрген кезім, жібі түзу дұрыс қызметім болды. Халық­аралық дзюдо қауымдастығына жол ашылған кездер­. Өсудің табалдырығын тап басып­, мүмкіндік кеңіс­тігіне енді енген­ кез дегендей. Өзіндік жоспарым да жасал­ған. Бірде  байрақты  бәсекеде күресетін шәкіртім ұйықтап жатыр­. Арнайы­ барып көрдім, сол балуанның сәлден кейін татамиге шығатынын. Сұраймын ғой, «не жатыс?­» деп. «Ағай, бірінші айналымда боспын­ ғой. Тынығып алайын­ деп едім». Өз-өзімнен қуыстандым. Қалай ғана жаңсақ көргем? Бел­десуге шығатынын көзбен көрдім ғой. Ерінбей жұптар тізімі ілулі тұрған тұсқа қайта бардым. Қателеспеппіз. Бірнеше белдесуден кейін шәкіртім шығады. Жүгіріп қасына бардым. Оятып әлекпін. Ұрсып та қоямын. Сөйт­сем, шәкір­тім айтады, «Ағай, қызықсыз ғой, бірінші  айналымда  Қызылорданың балуаны. Оларға дайындалып не керек?». Есеңгіреп қалдым, әлде есімді жинап алсам керек. Рас, шәкіртім күресті. Алғашқы­ минутта жеңіске жетіп, келесі айналымға жолдама алды. «Ер жігіт туған жеріне» деуші еді. «Менікі не жүріс?» деп қатты күйзелдім. Достарға айттым. Бәрі қарсы болды. «Еуропаға, Жапония­ға жол ашылып тұрғанда елді қайтейін деп едің?». Шешімді өзім қабылдадым. Елге қайттым. Облыс­тық спорт басқармасының тізгінін берді. Рақмет, бірнеше әкіммен жұмыс істедім. Бәріне де өз жоспарымды дәлелдей алдым. Олар мейлінш­е  қолдау  көрсетті.

– Мысалы, Б.Қуандықовты біз Бейжіңде  көрдік…

– Иә, Ильяның жеңісін көру үшін әдейі барды. Ильин де жарады.­ Бір ғана ол ма екен, облыстың бірнеше спортшысы Қызылорданың шоқтығын биіктетті. Іздеген адам табады. Тарихта  жазулы  тұр.

Барған бетте Берік Көпешовтің жастар арасында велоспорттан әлем чемпионы атануын жақсылық­қа жорып едік. Сыр бойында салын­ғ­ан көптеген футбол алаң­дары, облыс­ орталығындағы аре­нал­ар ізде­ністің жемісі деп білеміз. Қызыл­орда теннис ойнайтын болды. Мұзда сырғанауды меңгерді…

«ФУТБОЛДЫҢ   ДА 

ӨЗ   САЯСАТЫ   БАР»

– Біздің әңгіме басқа бағытта еді ғой…

– Мақтағаным емес, сол өлкедегі спорттың дамуын көзбен көр­дік, жақсылықтың, жеңістің насихатшысы едік. Басқа емес, «Байқоңырдың»  жанкүйеріміз.

Ауылдарды аралаймын ғой. Ағайын бар, дос көп. Бәрінің бір-бір өтініші бар. Балалары талантты көрінеді. Доп тебеді. «Қайсарға» сұранады. Футболыңның өз саясаты бар. Облыстың маңдайалды командасы ауыл-ауылда доп теуіп жүрген балаларды ала қоя ма? Қасымдағы мамандардан сұраймын, «әлгі балалардың бәрі шынымен талантты ма?» деп. «Бір­сыдырғы жақсы ойнайт­ындары көп, негізі. Бірақ оларға орын қайда? «Қайсар» толық жасақталған». Ойланды­қ. Шешім іздедік. Таптық. Облыс басшысын «Байқоңыр» деген команда құруға көндірдік.

– «Байқоңырды» біз айтайық. Кілең ауылдың балалары. Шоқан Абзалы қандай! Елжас Сарыбайы қандай! Өркен Мақаны қандай! Ерболат  Рүстемі  қандай!

– Құрамын түгел хабарлайын дедің ғой. Бапкер Ерлан Шойтымов­қа да Алла риза болсын! Талай жігіттің  жолын  ашты. Әлі де ел футболына еңбек етеді. Шын мәнінде тәжірибесі енді толысып келеді. Ашығына келсек, сол «Байқоңырға» көп қаржы да кетпейді. Өзіміздің балалар. Бірінші лигадағы мықтылардың мысын басады кейде. Ұпай алады. Ұтып кетеді, тең түседі.

– Өзге өңірлер осыны неге қолға  алмайды  екен?

– Мәселе сонда ғой. Кез келген басшы, жалпы, халықтың денсаулығын ойлауы тиіс. Ал денсаулық кепілі, ең алдымен, дене тәрбиесі. Дәл қазір сәл қиын тиіп тұрған шығар. Бірақ кез келген облыста тым болмаса балалар мен жастар спортын дамытуға мүмкіндік бар ғой. Тек соған жүрегі сыздайтын, жаны  ашитын  маман  қажет.

– Әзірше 52 лицензия ұстап отырмыз. Токио олимпиадасы өте ме, жоқ па, ол уақыт еншісіндегі дүние. Қазіргі кезде  келесі  жыл­ға  белгіленді.

– Елу екіге тағы қосылатын болар­, өйткені кейбір іріктеу сындары өтпей қалды. Дегенмен осының алдындағы Азия ойындарына талдау жасадық па? Кемшілікті көрдік пе? Артық тұсын екшедік пе? Маған осы жағы маңызды. Рас, олимпиада ойындарындағы нәтижелер, жалпы,­ спорттың дамуына өлшем шығар. Медальға жұмыс істеуіміз керек. Бірақ оны кімдер алады, қалай алды деген сауалдар да өзекті. Көп көптігін жасайды. Балаларды дұрыс іріктеп, жағдайларын ұйымдастырып, білікті мамандардың қолына тапсырайықшы, бір­неше жылда түлеп сала береді. Оны өз тәжірибемнен жақсы білемін. Бізде күмән басым. Ақсап тұрғандай  көрінеді. Тағы бірер олимпиадада баяғы қарқынмен біраз жерге барамыз. Сосын, тоқтап қалмаймыз ба? Мені осы сұрақ көбірек мазала­йды. Нақты айт дейтін шығар­сың, тағы сол – бір жүйенің болуы тиіс деген ойға тоқтаймыз. Жүйеге негізделген жұмыс – кез келген табыстың кілті. Қолынан іс келетін азаматтар бар. Соларды ортақ мүддеге жұмылдыру керек. Бұл енді билікке тиесілі шаруа.

Әңгімелескен 

Амангелді   СЕЙІТХАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: