Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Самалбек Қосанов: «Келешекте қауын стратегиялық дақыл болуы мүмкін»

09.10.2025, 10:40 777

Самалбек  ҚОСАНОВ,

Ә.Бөкейхан  атындағы  қазақ  орман  шаруашылығы  ғылыми-зерттеу  институты Қызылорда  филиалының  директоры,  ауыл шаруашылығы  ғылымдарының  кандидаты:

Сырдың  қауын-қарбызы  кезінде Кеңес үкіметі тұсында-ақ танылған деседі. Дәмі тіл үйірер бақша өнімдерінің бүгінгі жай-күйі қандай? Диқаншы қауымның ала жаздайғы еңбегі ақтала ма? Агроном мамандығы аймағымызда кенжелеп қалған жоқ па? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде  ауыл  шаруашылығы ғылымдарының  кандидаты,  «Балшекер» қауын  сортының  тең  авторы  Самалбек  Қосановпен  сұқбатымызда  кеңінен  айтатын  боламыз.

– Самалбек  Оразбайұлы, Сыр  қауыны сырт­қа қай деңгейде экспортталады? Әңгіме әлқиссасын  осыдан  бастасақ.

– Біздің Қызылорда қауындары шет мемлекетке мүлде экспортталмайды деп айтуға болады. Себебі, қазір  тек ішкі нарықтың өзін қамтамасыз етіп келе жатқан жағдайымыз бар. Жәрмеңкелерде немесе Жаңақорған жақтың бақша өнімдері Алматыдағы «Алтын орда» базарларына ғана апарылады. Арал ауданының дақылдары жолдың бойына немесе Ақтөбе облысына шығарылады. Ақтөбе облысында «Қырық бір» деген атаулы жер бар. Сол жерге Аралдың Ақбай, Шиелі ауданының қауындары саудаланады. Сонымен қатар, Қызылорда іргесіндегі ауылдардың өнімдері Астана, Қарағанды қала­ларына қарай жөнел­тіліп жатыр. Соңғы кезде жолдың нашарлығына байланысты шыға алмай отыр. Сіздің сұрағыңыз – өте күрделі мәселе. Мұны біз бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатырмыз. Қауынды экспорттау деген жай сөзбен айтатын нәрсе емес. Мұндай түйткілді мәселе бұған дейін де болған. Жаңадан ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ. Ал, экспортқа байланыс­ты бұрынғы із әлі күнге дейін байқалады. Ресей немесе Еуропаға теміржолмен я автожолмен  тасымал­даудың  көне  сарыны сақталған. Ендігі кезекте Шиелі ауданынан бір қауын база салу керек. Себебі, қазір экспортқа шығаруға әлеуетіміз жоқ. Эстония болмаса Германия 300-500 тонна бір сортынан керек деп сұраныс жіберсе, ол сұранысты орындайтын жағдайда емеспіз. Бір сортты егуге алдымен диқандарымыз дайын емес. Мұны жасырып, жаба салуға болмайды.  Бір сорт­тан жүз тонна шығару үшін қанша гектар жерге егіледі, неше  тонна тұқым керек? Міне, үлкен мәселе – осы. Сырт­қа шығарылатын қауындардың ерешелігі стандарт болу керек. Дәл осындай жағдайды Өзбек­стан мемле­кеті жасауда. Олар өнімдерін Еуропаның бүкіл еліне саудалауда. Бұл елде осы мәселе жүйелі жолға қойылған. Мәселен, Түркістан облысына қарасты Жетісай, Мақтарал, Шардараның бақшашылары өнімдерін сыртқа экспорттап келеді. Олар да «жабайы» түрде шығарып жүргенін білеміз. Талдың көлеңкесінде отырып, бақшаның басы­нан трактор тіркемесімен тиеп әкеледі. Өз өнімдерін осылай  Ресейге жан-жаққа шығаруда. Өнім алдымен 5 градус салқында бір тәулік тұрады. Одан соң екінші іріктеуге алынады. Содан соң ыстық жерде бір тәуліктей сақталады. Әрі қарай үлкен жүк көліктеріне тиеліп, жолға шығарылады. Сол кезде барып бұл өнім ұзақ уақытқа төзімді келеді. Өткенде маған Алматыдан бір сортты қауын керек деген сұраныс түсті. Жан-жақтан сұрас­тырып, таппадым. Неге десеңіз, диқандарымыз қазір бір сортты екпейді. Бір диқан бірнешеуін аралас­тырып егеді, яғни, ол өзінің ыңғайына қарайды. Кезек­тілігімен пісетінін саралап барып егеді. Бұл сатып алушының тала­бын қанағаттан­дырмайды. Ал, кәсіпкер бір ғана мекен­жайдан алғанды жөн көреді. Өйткені, басқа жерлерді  аралап, уақыт  өткізгісі, артық  шығынға  ұшырағысы  келмейді.

Қызылорда   өңірі – қауын  дақылының   отаны. Сондықтан арнайы көңіл бөлінуі қажет-ақ. Қазір осы мәселені айтып келе жат­қанымызға жиырма жылға жуықтады. Бұл келешек стратегиялық дақылымыз болуы мүмкін. Бұған аса бір артық шығынның керегі жоқ. Жастар егіншілікке бейім емес, бейнеттене бермейді. Бір қорқыныштысы, болашақта диқаншы табу­дың өзі қат мәселеге айналуы бек мүмкін. Осының да алдын алу маңызды. Диқан болғасын, қасында ғылым қатар жүруі керек. Көбіне шаруашылықтар мәселелерімен өздері күресуде. Содан келіп, олар жан-жақты тәжірибеге сүйенеді. Алайда әр аймақтың топыр­ағында, өнім зиянкестерінде айтарлық­тай айырмашылық бар. Диқаншыларға дайын сапалы тұқым бере алмаймыз. Біздің басты кемшілігіміз – осы.

ҚАУЫН  ТҰҚЫМЫНА  БИЛІК ТАРАПЫНАН  КӨҢІЛ  БӨЛІНІП  ОТЫРҒАН  ЖОҚ

– Өңірде тұқым шаруашылығын дамыту жолға  қойылған  ба?

– Бізде  тұқым шаруашылығы жолға қо­йыл­маған. Әркім қолына не түседі соны егіп жүр. Соңғы кезде тұқым шаруашылығы жолға қойыл­мауы себебінен Голландия немесе шетел­дік фирмалар пайдасын көріп келеді. Солардың тұқымдарын егуге түбегейлі түрде мәжбүрміз. Себебі, олардың кепілдіктері бар. Бір ұяға бір тұқымнан тасталады. Егу тәсілін өзіміздің тәжірибе негізінде еге беруге болады. Қауын тұқымына билік тарапынан ешқандай көңіл бөлінбейді. Мәселен, тұқым бойынша біздің облыста төрт түрлі популяция жүрген­дігі байқалады. Бастапқы типтік сортынан ауытқып кеткен. Бұл – жедел түрде тұқым шаруашы­лығын жолға қою керек деген белгі. Сыр елінің топырағының өзі сапалық көрсет­кішін арттыруға сеп. Міне, осыдан-ақ көп дүние­ні  аңғарамыз.

– Ауылдық елді мекендерде бақша өнімдері қалай  жүзеге  асуда?

– Әр ауданда бақша өнімімен айналысатын арнайы елді мекендер барын білеміз. Жаңақорғанда Келінтөбе ауылы және дария­ның бергі беткейінде Жайылманың өзіндік ерекшелігі бар. Жауын-шашынның қыстай жиналған суын сақтап, соны пайдаға жара­тады. Жайылма қарбызының дәмді болуы – судың сапасында. Таудың басында тоғандары бар. Судың мөлшеріне байланысты 500-1000 гектар аралығында егін егеді. Ауыл әкімшілігі арна­йы бақылауға алған. Судың көлеміне қарай қимылдайды. Шиелі ауданы – облыс­та ауыл  шаруашылығына ең қолай­лы аудан саналады. Халқы өте еңбекқор. Адамдардың ағайын арасында ауызбіршілігі бекем. Бұл аудан­ның кез келген ауылынан қауын база­сын  ашуға  әбден болады. Соның ішінде Бота­бай елді мекенінің орны ерекше. Одан кейін Сырдария ауданындағы Қоғалы, Айдар­лы ауыл­дары бар. Кезінде осы жерлерде қауын тосабын жасайтын үлкен зауыттар болған. Өкінішке қарай, солардың орнын ғана көріп отырмыз. Басқа түкте іліп аларлық нәрсе жоқ. Жалағаштың Аққыр, Еңбек ауылдары да керемет. Мұнда кезінде картоптың «Жала­ғаш» деген сорты бар еді. Қазір жойылып кетті. Сондай-ақ, самаурындай үлкен қант қызылшалары өскен. Дәл мұндай жерге өнім ексең, дүрілдеп кетеді. Ал, Қармақшының барлық ауылы егінге өте қолайлы. Ол жерде атадан бала­ға  жалғасып  келе  жатқан  ұрпақтар сабақ­тастығы қалыптасқан. Қазалыдағы Кәукей, Бозкөл ауылдардың барлығын да керемет жерлер  бар.  Аралдың  атақты Ақбайының қауын, қарбызы республикаға белгілі. Шағын ғана ауыл көшпелі егінжайды түбегейлі қолға алған. Бір еккен жеріне көп жыл өткізіп барып егеді. Сонда жер әбден тыңайып,  өнім  беруге  әзір  тұрады.

ҚЫЗЫЛОРДАҒА  БАНАН, ЛИМОН  СЕКІЛДІ  ЖЕМІС-ЖИДЕКТЕРДІ ҚИНАП  ӨСІРУДІҢ  ҚАЖЕТІ  ЖОҚ

– Осы  орайда  сұрайыншы, фермерлерге нендей  жеңілдік  жасалуда?

– Қазір қауынға субсидия деген атымен жоқ. Фермерлерге ешқандай жеңілдік қарас­тырылмаған. Ендігі біздің мақсатымыз – бұларды отбасылық бизнестен, ауылдық бизнеске біріктіру. Бірақ, бұл өте қиын. Шаруа­шылық өнімді  өзі егіп, өзі жинап, өзі техникасын табады. Соңында арзан бағада делдалдар­ға  барып ұрынады. Қазір нарықта базар бағасы қауынның келісін 290 теңге деп тұр. Ал, диқаннан олар 60-70 теңгеден сатып алып тұр. Кімнің пайда  үлесі басымырақ есептеп көріңіз. Бүкіл бейнет­ті диқаншы көріп, делдал үстін­дегі пайда­сын  көріп  жүр. Көрдіңіз  бе, шарулар­дың қиналатын, қынжылатын жері – осы. Тыңайтқыш  мәселесі  де  үлкен  мәселеге  айналып  отырғанын айта кету керек. Жергілікті шаруалар мұның барлығын түсінеді. Алайда қаражат жағына келгенде қысыла­ды. Көпші­лігінің жаңа  жер іздеп кететіні де сондықтан. XXI ғасырда топыра­ғымыз дегра­дацияға ұшыра­ған. Фермерлерге мемлекет тарапы­нан үнемі қолдау керек. Әр аймақтың өзінің жер құнарлығында айырмашылық бар. Қызылордаға банан, лимон секілді  жеміс-жидек­терді қинап өсірудің қаже­ті жоқ. Біздің банан, лимонымыз  – қауыны­мыз. Табиғаттың  сыйына қарсы шықпау керек. Фермерлердің  күрішке кетіп қалуының  себебі – бағада. Сепкеннен бастап, жинағанға дейін механикаландырылып алын­ған.  Біреуі техника көмегімен, екіншісі қолмен жасалынады. Қазір тұтыну­шының  талабы  өте жоғары. Мұны басты  мәселе  деуге  болады.

ШАҒЫН  ШАРУАШЫЛЫҚТАР  ТАСАДА  ҚАЛЫП  ҚОЙЫП  ЖАТАДЫ

– Ауыл  шаруашылығындағы  реформалардың  кемшілік  тұсы  қандай?

– Әлі күнге дейін тәуелдіміз. Қарапайым мысалмен айтайын, үйіңізге қонақ шақырсаңыз, базардан алатын азық-түліктің неше пайызы өзіміздің отандық өнім? Саралап көріңіз. Сіздің алған алмаңыз, жүзіміңіз, картоп, қызылшаңыз қайдан әкелініп жатыр? Расымен, отандық өнімдер ма әлде сырттан әкелініп отыр ма? Бұл – бірінші мәселе. Екіншіден, ірі-ірі  шаруашылықтарға  көңіл бөлінеді де, шағын шаруашылықтар тасада қалып қойып жатады. Негізінен олай болмауы керек. Сондықтан біріктіру үшін жақсы заң шығып  жатыр. Фермерлерді біріктіруде оңай емес. Әрқайсысы өз ұстанымымен жүргізіп келеді. Ал, оларды бір мүдде жолында біріктіру үшін жағдай жа­сауың керек. Біріктіру үшін, қызық­тыруың керек. Оған техника басқа да жағдай қажет. Ал онда тәуелсіз болмайын деген түсінік бар. Бұл үлкен мәселелер жиынтығы  деп  ойлаймын.

– Жалпы, Сыр өңірінде қандай  қауын  сорттары бар?

– Қазіргі уақытта айна­лымда жүрген қауын сорты­ның барлығы – халықтық негізде шыққан сорттар. Бүгінде бірде-бір сортты ажырата  алмаймыз. Қара  күләбі, әміре торлама – халықтық селе­кция негізінде пайда болғандар. Бір таңғаларлығы, арада алпыс жылдай уақыт өтіп кетсе де, бұл қауындар өзінің бойын­дағы қасиеттерін жоғалтпай келе жатыр. Табиғаттағы қаншама қарсы дүниелермен күресуде. Бір-бірімен үлкен процестер жүруде. Бұлар өзінің  тұрақтылығының мықты екенін көрсетуде. Бұл – гендік қасиеті­нің жоғары екендігінің дәлелі. Тұқым шаруашы­лығы, іріктеу жұмыстары жүргізілмейді. Сапалық, дәмділік қасиеттер  қаралмайды. Сақтау­ға қабіле­ттілігін ешкім бағамдап отырған жоқ. Соған қарамастан өзіміздің 5-6 сортымыз Қазақ­стан Республикасының тұтынуға болатын өнімдер одағының тіркеуінде бар. Басқа да сорттар  бар. Бірақ, ел арасында  оларға сұраныс  жоқ. Бір айта кетерлігі, бұрынғыдай үлкен емес, шағын қауындар көбірек сұранысқа ие болуда. Бұл енді заман ағымына нарықтық кезең­ге бе­йімделудің  салдары  деп ұғынған дұрыс  шығар.

– «Жаса агро» бау-бақша орталығы қалай жұмыс  істеуде?

– Бұл бау-бақша орталығының басты мақ­саты – сапасыз тұқымдардың алдын алу. Біз­дің жергілікті  тұтынушыларымыз әуесқой саяжайшылар, қала тұрғындары базардағы маусымдық тұқымдарды пайдаланады. Бұлар көбіне сапасыз болып шығады. Ал, алған тұқым өнім бермесе, қайта шағымдана алмайды. Өйткені, сатушы тұрақсыз. Бізде ше? Бізде тұтынушының  сұранысына жауап бере алатын дақылдар саудаланады. Және онымен үнемі байланыста болып, бірлесе жұмыс істейміз. Мәселен, бізден алған тұқым өспесе не себепті болғанын қарастырамыз. Өкінішке қарай, орта­лық жұмы­сын тоқтатты. Өйткені, өнімнің өтімділігі өте нашар болды. Келешекте жал­ғасын табады деген ойдамын. Қазір өсімдік зиянк­естерімен  күресу  секілді мәселелерді жасап  жатырмыз.

АГРОНОМ  МАМАНДЫҒЫНА  СҰРАНЫС  ӨТЕ  ТӨМЕН

– Жаратылыстану бағытында білім алған эколог  мамандар  қандай  үлес  қосуда?

– Ашығын  айту керек, агроном мамандығына сұраныс өте төмен. Себебі, өздеріңіз көріп отырсыздар. Шаруашылықта оларға қажет­тілік жоқ. Бір шаруашылыққа бір агроном да жеткілікті. Ол сол жерде топырақ құнарландырады, көшеттейді, күтіп-баптайды. Кезінде бұлардың әрбіріне бөлек мамандар жүретін. Қазір біріктіріліп, бір агроном атқарып жатыр. Әсіресе биология мамандығын бітіріп келген жастарды жұмыспен қамту өте қиын болып тұр. Мұндай өсімдік лаборатория­лар біздің облыста жоқ. Оның барлығы Астана, Алматы секілді үлкен қалаларда шоғыр­ланған. Бір  анығы,  жастар  келмей,  жұмыс алға  баспайды. Біз  осыны  мойындауымыз керек. Жастардың ойында бірінші материалдық дүние тұр. Ең бірінші сұрақ:  «айлық қанша?» Сондықтан,  бұл – үлкен  мәселе.

– «Жасыл Қызылорда» секілді орталық маман­дарына  көзқарасыңыз  қандай?

– Сауалыңыздың мазмұнын түсіндім. Сырт­тан келген ғалым да, жай маманда өз деңгейінде  толыққанды жұмыс істемейді. Бұл – бір. Екіншіден айтарым, тал көшеттерін мысалға алатын болсаңыз, олар осы уақытқа дейін басқа топырақта жетіліп келді. Біздің аймаққа келген кезде көптеген қателік­ке ұшырайды. Өйткені, табиғаттың қатаң заңы оның бұрынғы тәжірибесін жоққа шығарады. Сол себепті, жергілікті мамандарды даярлауымыз қажет. Қанша гектар аумақ­қа күріш, бақша  дақылдарын егіп өсіріп отырғанда, аядай қала аумағын абаттандыру түкке тұрмайды. Әрине, дұрыс көзқарас болса. Қасымызда дария ағып тұр. Жақсы гидротехнологтарды  қосып  өзіміздің  аяқсу  мәселесін  шешуге  болады.

ТЕХНОЛОГИЯ  мен  МАМАН – ЕГІЗ  ҰҒЫМ

– Әрине, белгілі бір саланы кемітуге не тежеу­ге болмайды. Дегенмен, өндірістің де, ауыл шаруашылығының да белгілі бір мөлшері болуы керек.  Бұл  жайында  не  айтар  едіңіз?

– Француздардың мынандай тәмсілі бар «Тәуелсіз мемлекет болғаныңмен, жейтін тама­ғыңа тәуелді болсаң, сенің тәуелсіздігіңнің құны көк тиын» деген. Бұл не деген сөз!? Яғни, сырттан азық-түлік сатып әкеле­тін болсақ, бұл – үлкен мәселе. Өзіңіз ойлап көріңіз. Әлемде  жыл  сайын халық саны артып келе жатыр. Бізде де сондай. Тамақты біреуіне аз, енді біріне көп жегізе алмаймыз. Қарап тұрсаңыз, бұның ешқандай қиындығы жоқ. Сәл заманауи технологияны қосу керек. Технология және маман. Бұл екеуі – егіз ұғым. Қызыл­ордада заманауи технологиямен салынған ауыл шаруашылығы жұмысын немесе жылыжайды көрмейсіз. Климаттық дағдарыстарға дайын болуымыз керек. Бақша дақылдары Қызылорда  облысының  экономикасының негізгі  кіріс  көзіне  айналдыруымыз  керек.

– Қызылордада өсіп тұрған жасыл желектің түрлік құрамы қандай? Олардың негізгі зиян­кестерін  атап  өтсеңіз?

– Аймағымызда жасыл желектің бес-­алты түрі ғана жақсы аталады. Соңғы кезде тораңғыл­ға қатты көңіл бөліп жүрмін. Бастап­қы екі жылында жақсы суғарылса, кейінгі кезеңд­ерінде  суаруды аса қажет етпейді. Тамы­ры  тереңге  кететін өсімдік қатарына жатады. Одан кейінгі екінші ағаш – тал. Бұл біздің бағымызға біткен – қарағаш. «Қазақ­тың күпі киген қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» дегені секілді. Қарағашты өңдеп,  дұрыс  күтім жасап жіберсе, тамаша болар еді. Соңғы кезде үйеңкінің екі түрі бізге жерсінді. Қылқанжапырақтылардың ішінде арша, жай арша, қарағай түрлері бар. Түрлік құрамында көбейтуге болады. Қазіргі уақытта көгалдандыруға байланысты әуежайдан Белкөлге дейін­гі топырақ анализін алып отырмыз. Алғашқы нәтижелері көңіл көншітпейді. Уақыты келгенде барлығын ашып айтамыз, ұсынымдарын  беретін  боламыз. 

– Әсерлі  әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер:
  • Айтылған пікірлеріңіз бау-бақшалыққа, экологияның жағдайын түсінуге деген қызығушылығымызды арттырды. Әсіресе болашақ зерттеу бағыттары жөніндегі ойларыңыз көп сұраққа жауап берді. Осындай пайдалы сұхбаттар жиірек болса екен.

  • Қауынның осылай бағаланғаны қуантады. Расында да, қазақ жерінің топырағына сай өсетін бұл дақылдың болашағы зор. Еңбектің қадірін білетін адам үшін мұндай жаңалық – үлкен үміт.

Добавить комментарий для Ғайни Отменить ответ

Тағы да оқыңыз: