Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ,
жазушы, эколог:
Қалам қайратын тек көркем сөздің қамын күйттеуге емес, елу үш жыл бойы Арал теңізі тудырған экологиялық апат қатерін жан-жақты зерттеуге арнап, ел-жер жайында жиі мәселе көтеріп жүрген жазушы, эколог Сайлаубай Жұбатырұлымен әңгімеміз еліміздегі су проблемасы, оның ішінде Сыр өңірінің экологиялық жағдайы туралы болды. Нақты деректермен дәлелді айтылған қаламгердің пікірлері тиісті орындарға ой саларлықтай.
– Арал проблемасы дегенде, арнасы ұлы теңізге жетпей суалған Әмудария еске түсетін. Кейінгі кезде теңіздің бүгінгі қалпын әупіріммен сақтап тұрған Сырдарияның да басына бұлт үйіріле бастағандай…
– Орталық Азия аумағында ғана емес, әлемдік ауқымда Сырдария ұлы өзендер санатына жатады. Өзімен қатар өрілген Әмудария сияқты, бұл су Тұрандай әлемдік шөлдер табиғатын дәстүрлеген қатыгездеу өлкеге, бар жанды-жансыз жаратылымының игілігі үшін, бір шәксіз даналықпен түсірілген бе дерсің! Сонан да, оның тарихты табиғаты, қасиетті болмысы, керім сұлулығы, ризықты пейілі жай ғана ағын судан тереңірек ұғынылушы еді. Сонан да, ғасырлар аңызына айналған ертегідей ғажайып, тіпті, киелі өлке аталған еді бұл Тұран. «Алаштың анасы» аталатыны да сонан. Кешеге шейін… Енді… Сол, ғасырлардан аман-есен жеткен, бабалардан бізге мұра боп қалған сондай киелерді қор еткен сияқтымыз.
Он сегіз мың ғаламның егелігі аманатталған Адам, әйтеуір, «тіршілік» деп, «қажеттілік» деп, Жер бетінде білгенін істеумен келеді. Енді осы күні сол адамзат ақыл кермесіне жетіп тірелгендей. Ғаламға көрсеткен жойдасыз зор істерінің алдында тәубе айтып, қоршаған ортамен мәміле жолын іздей бастағандай. Кештеу тәубе емес пе?!.
Бұл әлемнің сонша күйрек екенін, пендеге жөнсіз асып-тасуға рет жоқ екенін Жаратушы-құдірет саналыға көрсетудей көрсетіп-ақ келеді. «Менің үйім шеттеу», «маған мұндай пәле жоламайды» деген тайыз есеп – дүниедегі ең парықсыз саясат болса керек… Десек те, осыны көре тұра, төңіректегі әркім ортақ көрпені өзіне тартқыштап, өз қотырын өзі қасумен әлек… Арал алабы, Сыр бойындағы жағдай осыдан көп озбай тұр. Дарияда су тапшылығы бұрын да болған. Жыл қайыру ретімен келетін ылғалы аз жылдар бар. Бірақ биылғы жағдай тым сорақы көрінді, бұдан былай тұрақты сипат алып, алдағы жылдар бойы қайталана бере ме деген қауіп бар.
– Көп қиындықтар өткен тарихпен кетті дейміз. Ендігі мәселелерді Орталық Азия мемлекеттері өзара реттей алатын шығар?
– Көп мәселе кетті-ау. Бірақ Арал алабына осы сөз жүрмейді… КСРО саясаты, тарих кесімі айтқандай, ашкөз, экстенсивті, төмен мәдениет тірлігін жүргізді. «Қызыл империяның» тойымсыз араны сыртында тұтас бір социалистік лагерь-жүйенің тіленші, тұтынушы-масылдық тәбеті тұрды. Сонан да, «мақта тәуелсіздігі», «күріш молшылығы» деген ұрандармен, «Ура, социализм!» ындыны үшін біз қимастарымызды көз алдымызда құрбан еттік, үнсіз көнуімізге тура келді. Орталық Азияның қорғансыз табиғаты сол құрбан бейім сияқты еді… Енді, Құдай қарасып, тәуелсіздіктерімізге қол жеткіздік. Қорамыз да, даламыз да, танабымыз да өз құзырымызға қарады. Өз жерім, өз табиғатым деп жанашырлықпен, тіпті, ұлдық махаббатпен іс атқаруға болатын имани тірліктерге жол ашылды. Бұл орайда, әсіресе, проблемалы Орталық Азияның үміті үкілі еді…
Бірақ… Биыл көктем басталмай, дариямыз жылдағы әдетінен жаңылды. Жылдағы жазғытұрымғы қызыл су, көктемгі жайылма дегендер көрінбеді. Сырдария әлемдік маңызы бар үлкен «экологиялық дәліз» ғой. Оның бойымен жылына 5-7 миллион жыл құсы ұшып өтетін. Ал енді, биыл Сыр аспанында сол құс-керуен көрінбеді… Ол – ол ма, дария табанындағы «жанды» ағынның өзі, жаз шықпай, көз түбіне кетті. Өткен қыс-көктемнің жауын-шашыны жылдағыдан кем түскен жоқ, табиғат өз ауанында жерге, пенделерге берерін беріп-ақ жатыр, дарияның бұл жағдайы қалай деген сұрақ көңілде жүрді. Сөйтіп жүргенде, Өзбекстан жеріндегі бір су қоймасы сыр берді. Және ол көп сұрақтың артын ашқандай болды: Орта және төменгі Сыр жаз шықпай қаңсып жатқанда, көршідегі бір ғана су қоймасының өзі қанадан шыға «күпті» болған. Ал күптілік сәл нәрседен бүлінеді, әдеттегі мезгілдік жауын мен ұйтқып соққан желдің өзі оны қайта «құстырған». Сырдағы сырқатты жайттың пердесі осылай бір түрілді.
Халықаралық қатынастар кешенінде, ортақ (трансшекаралық) сулар қорын пайдалануда бекем ұстанатын, яғни әлем мойындаған және елдердің саяси мәдениеті мен өркениетті пайымына негізделген шарттар бар. Соның бірі – ортақ суды пайдалануда көрші елдер мүдделерін ескеру, мәмілелі бір тұғырда болу. Бұл, әсіресе, біздің Сырдария (жалпы, Жайық, Талас, Шу, Іле, Ертіс өзендері) үшін аса көкейкесті мәселе. Ал заңды бұзу – кәдімгі, тәртіпсіздікке жатады. Сол заң талабын орындап, Қазақстан 15 жыл бойы ешкімге забыры жоқ, ең төменгі жақта жатқан және әлем уайымына айналған Аралдың Солтүстік айдынын көтеру ісін ары жалғай алмай отыр. Ал енді, төменгі жағында ел мен тірлікті жерлер бар және өзге мемлекеттің ел-жеріне зияны көре-көзге айқын әлгіндей нысанды салмас бұрын, өрдегі көрші халықаралық заң тәртібін, көрші мүддесі және жауапкершілік, элементар адами тәртіп талаптарын сақтауы керек еді.
Оңтүстік көршілер биік таулар басында – арғы көршілер жерінде салынғалы жатқан қуатты су қоймаларына қарсы үрейлі наразылықта өзін қолдауды сұрап, Қазақстанға қанша рет жүгінді. Ал онан беріде суға тоймас Арнасай, салынбақшы Шымқорған қойма нысандары ше? Оларды енді неге айтпаймыз? Бәрі де төменгі ел-жер мүддесіне көлденең тірліктер ғой.
Еліміздің біраз суы көршілермен ортақ. Қара Ертісті бөле-жарған Қытайды айтпасақ, Үлкен Ертіс негізі, өзімізде өніп, солтүстік көршіге кетеді. Есіл, Тобыл да солай… Ал Жайық, Сыр, Шу, Талас, Іле бізге сырттан келеді… Осылардың ішінде Сыр (Әму) жайын ойласақ, өз аумағымызда да, сырт алапта да соншалық адам әрекетінің қатал қыспағына түскен мұндай өзен мен өлке сирек деуге болады… Ғарышкерлер айтады: көктен Арал алабына көз салғанда, әр тұстан бөгеле берген, жан-жаққа қисапсыз тартыла берген көп суды көресің. Қызылқұм мен Қарақұмның беті – шашыраған бейберекет су. Кешегі КСРО-дан қалған және онан кейін де «мұрты бұзылмай» жалғаса берген, өзгеріссіз, керітартпа әрекеттің нәтижесі. Азат тарихымызда көл-көсір имандылық сөзінің тиегі ағытылғанмен, Сыр (Әму, Арал) басындағы жағдай, солай қала берген. Тіпті, онан ары кері кеткен!
– Осындай жағдайда, Сыр бойында су-мешкей егін түрлерінің көлемін қысқартудың орнына көбейтуде не мәніс?
– «Құлды мақтау өлтірген». Анау Арал бедерінде, дарияның мына жеткен жағдайында, «Сыр бойы ел күрішінің 90 процентін береді» деген көтеріңкі сөз енді күпірлік іспетті. Күріш деген асыл дәмнен бұрындары кенделік жоқ еді, кеңестік көкірек саясат, кейін, нарықтық пайда қисабы осы тірлікті ел-жердің жарақатты проблемасына айналдырды. Дариялар бойында егістіктің, оның ішінде, мақта мен күріш сияқты, әлгі айтқан, «су-мешкей» дара дақылдардың аран-тәбеті қайтпай тұр. Осыдан 27 жыл бұрын, бірінші Арал саммитіне келген көршілес 5 ел басшылығы осы жайтқа баса назар аударып, дара дақылдар монополиясын тежеуді салмақты сынға салып еді. Соның бәрі «бос сөз» болып, далада қалды. Анығы, кері кетті…
Соңғы 30 жыл не көрсетті?.. КСРО саясатында Қызылорда жерінде 60-70 мың гектар көлемнен артпаған күріштік, біздің экологиялық «иманды» ұрандарымыздың астарында, биыл 90 мың гектарға бір-ақ жеткен! Міне, керемет! Прогресс!.. Мұның сыртында көлеңкелі (ұрлық) гектарлар қанша? Бізге мәлімі аз, Оңтүстік өлкедегі мақталықтар мәселесі қалай? Міне, осының бәрі Сыр басына жойдасыз түскен зіл, нәубет… Мысалы, күріштей сусамыр дақылды таптаурын дәстүрмен Сырға таңа бермей, ел аумағына тарата өсіру мүмкіндігі бар, бірақ, бүгінгі ақиқатта күріш міндеті тек бір Сырдың бойына ғана қамыт боп киілгендей…
Иә, нан керек. Егіс керек. Халыққа кәсіп керек. Үлкен уәж. Бірақ бұл жолда әсірепрагматизмнен биік көтеріліп, төл табиғат үшін ізгілік бағытын таңдаған үлгілер Қазақстанда аз емес. Бүгін экологиялық мәдениетті қамшылап қолға алынған шаралар науқан қумай, өмір-ғұрпымызға орнығатын сияқты. Балқаш, Алакөл, Теңіз-Қорғалжын сияқты суларға, Жайық өзеніне қамқорлықтар біраздан ел назарында. Ол сулар бүгін өмір сүру құқығына ие. Салауатты өмір құқығы! Жайылым, егін, оның ішінде, күріш танаптарын орната берсе, ол аймақтарда да жер жетеді. Бірақ адами, экологиялық мәдениет ондай пайдакүнемдіктен жоғары көтеріле алды. Қызғаныш жоқ, үлгі алатын өнеге. Іле атырауының сынын бұзбау саясаты, Қаратал өзені атырауында Тұран жолбарысын өсіру жоспары қандай! Ал біздің Сырдың «мініс мәстегіндей» – күріш міндет қамыты мойнынан түсер емес. Түспегені сол, осы ахуал биыл тіпті сондай сорақылыққа жетті.
Нәтижесі жақсы емес: Сыр диқандары биыл ораққа әупірімнің күшімен жетті. Біраз егін күйіп кетті…
Әрине, табиғатты шыбық тимес шыңқетер жағдайына көтеріп қою деген сөз емес. Адамның табиғатсыз күні жоқ. Солай екен, Сыр-Арал төңірегіндегі тірліктерге өркениетті ел үдерісінде жаңа технологиялар, ең бастысы, ұлдық жанашырлық керек. Сыр өңірінде аймақ шаруашылығын әртараптандыру айтылмайды емес. Әйтсе де, су үнемді бақша және басқа тірлік көздерін ашу әлі мардымсыз. Сыр алабындағы агротехникалық саясатқа терең, түбегейлі өзгерістер керек. Осыны бүгін ойластырмаса, ертең егін егетін жер де, су да, мал жаятын өріс те болмауы мүмкін… Дәстүрлі іргелі шаруашылықтардың мүмкіндігін сақтай отырып, диқан елдің шағын кәсіптерін мемлекет көмегімен, басқа тірліктерге ауыстыру – толғағы жетіп тұрған мәселелер.
Сыр бойындағы су пайдалану ісін, анығы, экологиялық мәдениетті көтеру керек. Су ысырабында қисап жоқ. Дарияға зорлық сорақы… Күріш қасиетті дәм. Кешегі өткен Ыбырай Жахаевтай ақсақалдардың иманды тірліктері жалғасты болса деп ойлайсың. Бұл айтылғандар – жеке бір адамның тілегі емес, Сыр бойындағы жағдай бізді әкеп тіреп тұрған шындықтың қайғысы.
Дария алабындағы күріштік алқабын кешегі КСРО-дағы 60-70 мың гектарға, онан арғы болашақта 50 мың гектардан төмен деңгейге дейін түсіру жолдарын қарастыру қажет. Жаңа тарих жолы басқаша жалғасуы керек.
– Соңғы дәуірде Сырдария ағып өтетін аймақтарда, Арал маңында түрлі су қоймалары салынып, су шаруашылықтары пайда болып жатыр. Олардың уәжі не?
– Мұның шет-жағасын жоғарыда айттым… Мысалы, «Көксарай» Аралға көмек үшін!» деген зор уәжде салынды. Енді ол неге екінші Шарадараға айналады? «Көксарай» міндеті – дарияның апатты жағдайына кері суреттегіш, демек, ол өзінің уәделі миссиясына сай болуы керек. Күн санап жұтап бара жатқан қайран Арал-Сыр табиғаты көз алдымызда, мұндай жағдайда бізге екінші, үшінші «Шардаралар» қажет пе? Бірақ, «Көксарай» маңында жоспарланып жатқан тірліктер анау – 60 мың гектар суармалы жер түсіру, балық шаруашылығын дамыту және тағы басқалар…
Соңғы кездері Сырдағы аз ағынды мейлінше игеріп қалу мақсатында тағы да су қоймаларын салу мәселесі айтыла бастады. Қызылорда облысының өзінде «Күміскеткен», «Қараөзек» қойма идеялары бас көтерді. Және бұл ондаған жылдар бойы Арал халқы табанды түрде сұрап отырған бір деңгейлі Кіші Арал ұсынысынан гөрі, қабағат басталды. Жаңа гектарларға ағыл-тегіл су керек… Салыстырып қараңыз, оңтүстік көршілер дария бойына сондай құрылыс саламыз десе, біз Аралды алға тартып, экология, әлеумет жайын айтып, халықаралық ауқымда орынды сөз көтереміз. Бұл әлем кеңістігінде өркениетті, дұрыс қадамдарға жатады. Ал өзімізге келгенде, Сырымыз үшін әй дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ па? Азын-шұғын су ағып жатыр екен деп, дарияның шамалы ағынына қол сала беру не?.. Кезінде КСРО саясаты шөлді өлкеде толыса ағып жатқан еркін дариялардан экономикалық, әлеуметтік, тіпті, демографиялық мол пайда жоспарлап, бет қаратпас уәждермен Аралды өлтіріп тынып еді. Осы саясат 1993 жылғы тұңғыш Арал саммитінде қатты сынға алынған. Елбасымыз дариялар бойындағы бір жақты саясат: дара дақылдар экспансиясын тежеу, экстенсивті, ысырапшыл су пайдалану ісін тыю, үнемді жолдар, шаруашылықтарды әртараптандыру, Арал-экология жайын оңалтуды баса айтқан.
«Көксарай» кері су реттегішінің рөлін түбегейлі қайта қарау керек. Төменгі ағыстағы «Күміскеткен», «Қараөзек» су қоймаларының жұмыстары тоқтатылуы керек!
– Сырдағы биылғы жағдай жаман дәстүрге айналып кетпес пе екен?
– Өлкедегі бес ел басшылығы (әр кездесуде) сусамыр дара дақылдардың өрескел экспансиясын тежеп, бұл елдер мен ұлыстарда бар ондаған-жүздеген игіліктер мен халық кәсіптерінің көзін ашуды, яғни өмір, дәстүр, шаруашылықтарды әртараптандыруды 30 жылға жуық уақыт айтумен келеді.
Өлке үшін алтыннан қымбат екі дария суының осындағы елдер арасында нақты үлесті сыбағалары бар. Біз дариялар суын кешегі КСРО тәртібі бойынша пайдаланып келеміз. Сол дәстүр-тәртіппен, (әзірге) 12 миллиард текше метр таза Сырдария ағыны Қазақстанға тиесілі. 12 миллиард!.. Көпжылдық орташа көрсеткіш боп саналатын осы көлем проценті – әр жылдың Құдай бұйыртқан суына байланысты Сырдариядан күтілетін су. Мұның әділетті түрде жүзеге асуы қатаң мониторинг және көршілер жерінен өтетін аманат-суға деген сол көршілердің имандылық ұстанымына байланысты. Бұл аса айқын, қазіргі тілмен айтқанда, транспарентті саясат болуға тиіс. Осы тәртіп бойынша, биылғы күн райының қалыптылығында, дариямызда бүгінгідей жағдай болмауы керек еді…
Айналып келіп, өзіміздің жер-суды қинай бермей, дариядағы 12 (мүмкін, 16) текше километр заңды суымызды қорғап алу керек. Сыр бойындағы көп жағдайды оңалтудың басты кепілі осы.
Өз ішкі саясатымызда: Іле-Балқаш, Каспий-Жайық алабындағы өнегелер үлгісін алып, енді Сырдарияны артық су жыра берумен, артық су қоймаларын сала берумен қинап қажеті жоқ. Экологиялық апат аймағында ерек қамқорлыққа алынуы тиіс игілікке – ерек адамгершілік ұстаным керек. Баяғы КСРО-ның экстенсивті амалдары мен дөкір көзқарастары ендігі тарихқа жүрмейді…
Жақын болашақта Солтүстік суларынан, Ертістен Арал алабына бір көлем ағын жеткізілуі қалай да жолға қойылады. Бұл – біз үшін ділгір өмір қажеттілігі. Қолға алынып жатқан Есіл бойындағы «Бұзылық», Ертістегі «Шүлбі-2», «Бұлақ» нысандары, Ертіс-Қарағанды арнасын жетілдіру жұмыстары – бізді осы мақсатқа жақындата түсетін бастамалар. Оңтүстіктің жері, экологиясы, халқы бұл нысандардан үлкен үміт күтіп отыр.
– Арал, Сырға қатысты проблеманы түбегейлі шешу үшін Қазақстанға халықаралық қауымдастықтың қандай көмегі керек?
– Сырдария (Әмудария да) – тарихи тағдыр бұйыртқан Орталық Азия табиғаты мен халықтарының ортақ ризығы. Ғасырлардан өмір дәстүріне айналған бұл ақиқатты ешкімге өрескел бұрмалап, жойдасыз бұзып, ақиқаттан аттап кету құқығы берілмеген. Ондай «құқық» арты – апат!
Кешегі бір кездерде, біздің таудағы көршіден астық, газ, көмір сияқты игіліктерге сатып алған қосымша көлем суымыз Ферғана, Ходжанд, Мырзашөл жерінен өтіп, Шардараға жетемін дегенше, жүздеген млн текше метр көлемде жоғалып отырды. Ол аманат су еді. Ақ-адал дүниемізге сатып алған өз игілігіміз еді. Аманатқа қиянат – адам моралінде де, дін-ислам шартында да ауыр күнә. Мысалы, дәл сол су сияқты, әлде, онан да маңызды аманат түрінде жерімізден, жолдарымыздан, аспанымыздан көршілердің өмір арналары ағылып өтіп жатыр. Оларға сондай қиянат жасалса, не болар еді?..
Әлемде Дунай, Ніл, Колорадо сияқты ортақ өзендер мысалдары бар. Олардың жұрттары да өзендер игілігін (нан, мақта, күріш) тұтынады. Тек, адами-экологиялық мәдениет ауанында. Табиғаты бүтін, қоршаған ортасымен мәмілелі, өркениетті елдер үлгісі сол. Көбінің халық саны, тамаққа, жер игілігіне сұранысы бізден басым. Бірақ өз өмір ортасына тойымсыз әсіретұтынушылық көзқарас мейлінше азайтылған, тәртіпке келтірілген. Әсіресе, халқы біздегіден сан есе көп, зілді индустриялар алабы мен оншақты елдер жерінен өтетін Дунай мәдениеті – Дунай өнегесі біздей жұрттарға керек-ақ.
Азия төріндегі ұлы шөлдердің мыңдаған жылдық өзіне тән, өз қасиетін сақтаған шөл философиясы бар еді. Сол мыңжылдық терең дәстүр бұзылып жатыр. Жердің сорлануы, өсімдік, жан-жануарлар дүниесінің өзгеріске ұшырауын айтпағанда, бұл да ауқымды Арал қасіреті сияқты, сол шөлдер басына орнаған нәубет деуге болады.
Дүниеде биік тауларда, қаупі анық тұстарда тоғандалған су – қатерлі нысандар санатына жатқызылады. Биіктен ары – биік бар, тоғаннан ары – алапат сел суын ұстап тұрған алып бөгеттер тұр. Құдай бетін аулақ қылсын, солар «Сардоба синдромын» қайталаса, Тұран тағдыры не болар?..
Мұндай ахуалда, Сырдария (Әмудария) алабына Біріккен Ұлттар Ұйымының бақылаушы, қадағалаушы, міндеттеуші миссиясын, күн ұзартпай, бүгіннен жіберу керек деген ой көкейде көптен жүр. Осы мұратты істі жария ету, жолға қою қажет! Ол миссияның нақты форматы мен әрекет ережелерін сол Бүкіләлемдік Гуманитарлық Институт мүдделі, ынталы тараптармен бірлесе отырып, ойдағыдай жасап шыға алады деп сенемін. Сондай миссия, басқасын айтпағанда, жарты ғасырдан астам әлемдік ауқымдағы проблемалы Арал үшін де керек. БҰҰ өз тәжірибесінде, де-факто апат, дау-жанжалдар болған жерлерге өз күштерін жібереді. Ал менің айтып отырғаным, кәдімгі адами қисында, сондай жағдай болмай тұрып (болмағанмен, мәселенің зілді бұлты бұл жерлерге баяғыдан көлеңкесін түсіріп тұр), мәселе ушықпай, белең алып кетпей тұрғанда, жағдайдың алдын алатын қарекет туралы. Ауырып ем іздегеннен гөрі, белгі берген аурудың алдын алған – ақыл ісі емес пе?
Әлем, төл табиғаты жолында, өзін-өзі алдарқатқан әлдилеуші ұйқыдан әлдеқашан оянды. Біз қашан оянамыз?
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ,
«Түркістан» газетінің меншікті тілшісі
«Түркістан» газеті. 10.09.2020 жыл. Сұхбат автор ұсынған толық нұсқада беріліп отыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!