Әрбір космополиттің, мен сияқты шетелде көп жылдар жүріп қалған қазақтың 40 жастан кейін бойында “жан дағдарысы” пайда болады, өзіне “мен кіммін?” деген сұрақ қоя бастайды, жас кезіндегі өмірі, балалық шағы есіне оралады. “Менің жаным, менің қазақтығым туған тіліме байланысты екен ғой, екеуі ажырамас біртұтас нәрсе екен ғой” деген ойлар келе бастайды. Мен 40 жастан кейін осы дағдарысты, жанымның дағдарысын бойымнан кештім. Тілімді қайта меңгеруге, еркін сөйлеуге, сөйлеп ғана емес жазуға бекіндім. Өзім сияқты орыстілді қауымындағы көптеген әріптестеріммен сөйлестім. Ең бастысы – осы қауымның тілін табу, оларға дұрыс көзбен қарау, осылармен жұмыс жүргізудің қажеттігін түсіндім. Себебі, қоғамымызда орыстілді қауымды қазақтілділерге қарсы қойып жүрген, арасына от салып жүрген күштер бар. Осы қауіпті, осы жағдайларды жақсы түсінгендіктен бұл іске араласуымды міндетті деп санадым. Өйткені, мен ол ортадағы ахуалды бес саусағымдай жақсы білемін.
Осы жолда талай рет опық жедім, қиналдым, кедергілер көп болды, бірақ, білмейтін жерімді сұрауға ұялмадым. Бір жиында маған бір филолог маман “Сіз тілді 50 жасымда үйрендім дейсіз бе?” деді. Мен “иә” дедім. “Неге?” деген сұрағына “өз тілімді білмегеніме намыстандым” деп жауап бергенім сол еді, “сонда оған дейін намысыңыз болмады ма?” деп тағы сұрақ қойды. Шынымды айтайын, жауап бере алмадым. Тіл үйренуді бастаған орыстілді қандастарымыз осындай ыңғайсыз сұрақтардан ұялады, әжуа-келекеге түсіп қаламын ба деп қорқады.
Туған тілім маған көп нәрсені үйретті. Менің өмірлік танымымды, біршама көзқарасымды да өзгертті. Қысқасы, менің орыстілділерге айтарым болды. Ол ойымды бүгінде “Ситуативный казахский” атты үш томдық кітабым арқылы, сөзім, ісім арқылы жүзеге асырып жатырмын деп ойлаймын.
Қоғам белсендісі Қанат Тасыбековтың
«Қазақтың тілге байланысты бөлінуіне
жол бермеуіміз керек» атты
сұхбатынан үзінді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!