Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өз жұмысыңды сүй және қиындықтан қорықпа

21.11.2024, 11:00 69

Біздің  кейіпкеріміз, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ қызметкері, мұнайды дайындау және айдау цехының шебері, кәсіби табыс пен мансаптық өсудің прототипі саналатын  Камила  Нұрланқұлованың  айтары – осы.

Бүгінде көптің ойынша, дәстүрлі түрде ерлердің жұмысы есеп­телетін кәсіптерде жынысқа қатысты кері­тартпа пікірлерді жоққа шығарып, аянбай тер төгіп жүрген нәзікжандылардың қарасы қалың. Тіпті, көбіне ерлер қызмет атқаратын мұнай өнеркәсібінің өзінде әйелдердің үлесі айтарлықтай өскен. Статистика­ға сүйенер болсақ, мұнай-газ саласын­да 20 пайызға жуық әйел адам жұмыс істейді екен. Олар – жоғары басшылықтағылардан бастап, орта деңгейдегі менеджерлер, жетекші мамандар, сондай-ақ сарапшылар. Сол себепті Қазақстанның мұнай өнеркәсібінің үздіксіз дамуына әйел­дердің де үлес қосып, ерлермен қатар қызмет етіп жүргені қазірде таңғаларлық жаңалық емес. «Петро­Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының қызметкері, кәсібіне адал әрі еңбекқор жан Камила Нұрлан­құлова – бұл сөзімізге айқын дәлел.

Камила Нұрланқұлова мұнайды дайындау және айдау цехында 34 жылдан бері еңбек етіп келе­ді. Тәжірибелі маман цехқа құры­лыс-монтаж жұмыстары енді-енді аяқ­талып жатқан сәтте келіп, компаниян­ның дамуының әр кезеңін көзбе-көз көрді. Қазіргі таңда Камила Нұрланқұлованың шебер ретінде  жұмыс істеп  келе  жатқанына – 25 жыл. Айта кетерлігі, оның  еңбек  кітапшасында тек бір ғана жазба бар. «1990 жыл, Құмкөл, мұнайды дайындау  және  айдау цехы».

Мектепте оқып жүргенде Камила өзінің кәсіби болашағын техникалық салада, әсіресе мұнай саласында көрген жоқ. Аталған салада қызмет ету оның асқақ арманы да, өмірлік мақсаты болмаса да, артынша бұл іс кенеттен оның өмірінің мәніне айналды десек, артық айтқанымыз емес.

Осы тұста Қазақстанның ірі мұнай  компаниясында  ұзақ  жылдар бойы  қызмет  етіп,  мұнай саласының даму кезеңінің куәсі болған тәжірибелі қызметкерге біршама сұрақ қо­йып, сұхбат  алған  болатынбыз.

– Камила  апай, сіз бұл өнеркәсіпке қалай келдіңіз. Көбіне ерлер қызмет  атқаратын салада тер төгуіңізге не түрткі  болды?

– Негізінде мен техникалық жоғары оқу орнына, оның ішінде мұнай факультетіне оқуға түсемін деп ойламаған едім. Бірақ, тағдырдың бөлек жоспары болады екен… 1985 жылы анам қайтыс болды. Сәйкесінше әкем мені жыраққа жібергісі келген жоқ. Сөйтіп, жазмыштың әсерінен, әкемнің кеңесімен сол жылы Қазақ политехникалық инс­титутына оқуға қабылдандым. Инс­титутты аяқтағаннан кейін курстас қыздарыммен бірге Қызылордаға келдім. Алған білімімді тәжірибе арқылы шыңдап, мамандық бойынша елге қызмет ету мен үшін қызық болды. 90-жылдары ауыртпалық көп болды. Жұмысқа орналасу да қиынға соқты. Алайда, «Петро­Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы бізді қуана-қуана қарсы алды. Бұл мұнайды дайындау және айдау цехын (ЦППН) іске қосу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақындап қалған уақыт-тұғын. Басқарма басшысы Мұрат Ғазизұлы Саламатов бізбен сөйлесіп, жас мамандарды цехқа жұмысқа шақырды. Небәрі бір ай уақыт өткен соң цехты сәтті іске қостық. Сол уақыттан бері осында қызмет етіп келемін және өз жұмысымды  мақтан  етемін.

– Мұнайды дайындау және айдау цехындағы жұмыстың күрделі, сондай-ақ кәсіпорын үшін стратегиялық маңызы зор екені бесенеден белгілі. Осы тұста сіздің негізгі  міндеттеріңіз  жайлы  сұрағым  келіп  отыр.

– Расын айтқанда, менің міндеттерімнің ауқымы кең. Қысқасы, мен цехтың мұнайды өңдеу және оны «ҚазТрансОйл» жүйесіне өткізу процесін үздіксіз әрі еш апатсыз қамтамасыз етуім қажет. Кез келген басшы секілді мен де цех жұмысшыларын бекітілген учаскелер бойынша тиімді әрі уақытылы бөлуге жауаптымын. Сондай-ақ, технологиялық режимнің сақталуы мен жабдықтардың жұмысын жіті назарда ұстау, мұнай, су, газ және химиялық реагенттердің шығынын есепке алу да – менің міндетім. Өздеріңіз байқағандай, мен күрделі әрі қауіпті жұмыстарды басқарумен айналысамын. Сонымен қатар, әр менеджер сияқты уақытында басшылықтың тапсырмаларын орындау, ай сайынғы есептерді жасау, құжаттарды рәсімдеу, акті­лерді толтыру, іс-шаралар жоспарын жасау да менің қызметтерімнің қа­тарына  кіреді.

– Сіздер жұмыс барысында қандай технологиялар мен жабдықтарды қолдана­сыздар? Басқа кен орын­дарында жұмыс істеп көрдіңіз бе? Көрсеңіз, айырмашылықтар жайлы  айтып  өтсеңіз.

– Басқа кен орындарында жұмыс істеп көрмеппін. Еңбек кітапшамда тек бір ғана жазба бар. 1990 жылдан бері Құмкөлде, мұнай дайындау және айдау цехында жұмыс істеп келемін. Біздің цех шикі мұнайды дайындап, оны магистральді мұнай құбырына «ҚазТрансОйл» жүйесі арқылы жіберуге дейін жеткізумен айналысады. Мұнай әртүрлі кен орны­нан құбырлар арқылы цехқа келе­ді, ке­йін оны тек біздің цехта бар арнайы құралдармен өңдеу жұмысы жүзеге  асырылады. Мұнайды дайын­дау және айдау технологиясында химия­лық реагенттерді айдайтын блоктар, мұнайды қыздыру пештері, суды кетіріп, тұзсыздандыратын тұндыр­ғыштар, мұнайды газсыздандыратын сепарациялық қондырғылар, мұнай және су резервуалары, мұнай мен суды айдайтын сорғылар қолданы­лады. Біз тек заманауи әрі жоғары сапалы технологиялар мен жабдық­тарды  қолданамыз.

– Әрине,  ер-азаматтар шоғырлан­ған салада қызмет атқару әйел бала­сына оңайға түспесі анық. Осы шама­дағы қиындықтарды басыңыздан өткердіңіз бе? Соңғы жылдары  мұнай өнеркәсібіндегі әйелдер жайлы көзқарас  қаншалықты  өзгерді?

– Менің компаниядағы алғашқы жылдарымдағы кезіккен мәселеле­рімнің көп бөлігінің мұнайға қатысы жоқ. Көбіне вахталық жұмысқа бейімделу қиынға соқты. Мұндай қиындықты артқа тастау, ер адамдар қатарлы жұмысқа ілесу оңай емес. Тек табандылық пен төзімділіктің арқасында еңсердім. Ал өндірістегі әйелдерге көзқарасқа келер болсақ, мұнда бізге әрдайым құрметпен және түсіністікпен қарайды. Бізді олар ешқашан шеттеткен емес, керісінше, ұдайы қолдау білдіріп отырды. Біздің ұжым – ұйымшыл әрі мейірімді. Әріптестерім әрдайым көмек қолын көрсетуден тайынған емес. Сол себеп­ті ерлермен бірге жұмыс  істеу­ді қиындыққа баламас едім. Олармен бірлесіп қызмет атқару – үлкен мүмкін­дік.

– Сіздің жеткен жетістіктеріңізге арқау болған әйел адамдар  жайлы  айтып  өтсеңіз.

– Жалпы, мұнай саласында елге белгілі әйелдер жоқ емес, әсіресе біздің компанияда. Десе де, мен ерекше атап өтетін, осы сала төңірегіндегі кумирім – Ұлсерік Сарибае­ва. Ол кісі біраз жыл бойы Құмкөл кен орнын игеру мен дамытуға мол үлес қосты. 90-жылдардың бас жағында кен орнын игеру жұмыстары енді басталып жатқанда ол тәулік бойы тынымсыз жұмыс істейтін. Ұлсерік Сарибаева кен орнының шебері болып қызмет атқарды. Өте талапшыл, қатаң адам еді, әр жұмыс­тың дұрыс орындалуын жіті қадағалайтын. Алғашында ол кісінің бұл мінез-құлқы мен ұстанымы қорқынышты болып көрінгенімен, артынша танысқан соң мейірімділігі мен адамгершілігіне куә болдық. Ұлсерік бізге көмектесуден жалтарған емес, өзінің қаншама жыл бойы жинаған білімі мен тәжірибесін жадымызға құя білді. Оның бізге тәлімгер болып, жол сілтеуінің арқасында мен бүгінгі атақ пен абыройға ие болдым десем, артық айтқаным емес. Ұлсерік ұстаз өз ісіне деген шынайы махаббат пен адалдықтың үлгісін көрсетті. Менің ойымша, ол секілді өз жұмысына адал, ықтиярлықпен қарай білген адамдардың арқасында еліміздің мұнай өнеркәсібі бүгінгідей жеміс беріп, айтарлықтай дамыды әрі даму үстінде.

– Мұнай саласында мансап құрғысы келетін әйелдерге қандай  кеңес  берер  едіңіз?

– Кеңесім қарапайым болғанмен, өте маңызды. Өз жұмысыңды сүй, қиындықтардан тайсалма және білмегеніңді сұраудан ұялма. Сондай-ақ, әрдайым жаңа дүниелерді меңгеруге талпыну және тоқтап қалмау  қажет.

– Әңгімеңізге  көп  рақмет!  Ісіңіз  оң  болсын!

Сұхбаттасқан 

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: