Мира БАКИБАЕВА,
халықаралық деңгейде коуч, нумеролог:
Қазір жаңа мамандық алудың қиындығы жоқ. Аз ғана қаржымен өзің ұнатқан трендтегі мамандықты оқып алсаң болады. Трендтің төркіні түсінікті шығар. Ол – заманға сай сұранысқа ие мамандық. Жасыратыны жоқ, қай салада қаржы көп, соның жетегінде жүретін заман болған. Нумеролог дегенді естіп жүрген боларсыз. Сіздің тағдырыңызды сандармен байланыстырып, болашағыңызды болжап береді. Туған күн, ай мен жылыңызды айтсаңыз, өзіңізге тән мінез-құлық, өмірлік мақсат, отбасылық және өзге де тек сізге қатысты мәліметтерді жіпке тізгендей етіп айтып береді. Әсіресе «Instagram» әлеуметтік желісінде осы салада қызмет көрсетіп, нәпақасын айырып жүргендер көп. Халықаралық деңгейде коуч, психолог, нумеролог Мира Мырзабайқызы Бакибаевамен сұхбаттасып, аталмыш ғылым жайында аз-кем әңгіме құрған едік.
ӘЛЕМНІҢ ӨЗІ САННАН ТҰРАДЫ
– Өзіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз.
– Негізгі мамандығым – экономист. Одан кейін психолог және дінтанушы-теолог мамандығын игердім. Нумерологияның түрлі салаларын оқып, зерттегенмін. Атап айтқанда, таронумерология, астронумерология, кармалық нумерология, классикалық Пифагор нумерологиясы, америка мектебінің нумерологиясы салаларын жетік игердім деп айта аламын. 2018 жылдан бастап «77 терең тазалық» деп аталатын елге қажет болған психологиялық әдістермен жүйеленген сабағымды жүргізіп келемін. Бұл – өте нәтижелі және сұранысқа ие сабақ. Өзімнің зерттеп жүрген тақырыптарым бойынша @amira_alim5 инстаграм парақшамда жазып тұрамын. «Ниет» атты феншуй заңдылығына сай күнделік шығарғанмын. Алла бұйыртса, елге өте пайдалы әйелдер құқығына байланысты және психологиялық, философиялық ой жинақтарым жазылған кітаптарым да жарыққа шығып қалады.
– Бұл салаға қай жылдан бастап ден қойдыңыз?
– 2006 жылы психологияны оқып жүрген кезімде нумерологиямен таныстым. Бірақ өзімнің діни көзқарасыма әлі толық көзім жетпегендіктен, ол ілімге күмәнмен қарап, бетін жауып қойған едім. Кейін 2014-2015 жылдары нумерология саласына саналы түрде келіп, жан-жақты зерттей бастадым. Әлі де оқып келемін. Және білімімді тәжірибе жүзінде пайдаланып келе жатырмын. Бастапқыда айналамдағы дос-жаран, туған-туыстарға тәжірибе жасай келе нумерологияның дұрыс-бұрыстығына әбден көзімді жеткізгім келді. Нәтижесінде дәл осы ілімнен өмір бойы іздеген сұрақтарымның жауабын таптым. Өзімнің бұл өмірге не үшін қандай миссиямен келгенімді толық түсіндім. Өзгелерге де сол мақсаттарын анықтауға, өмірде дұрыс бағыттарын таңдауға көмектесіп келемін. Адамдар осы нумерология арқылы дұрыс шешімдер қабылдауды, өмірлік шешуші сәттерде өзін қалай ұстауды, қай кезде бизнес бастауға болады, денсаулығына байланысты сәтті ота жасату керек болса, оны қай уақытта жасау қажеттігін білуге болады. Марс және Нептун кезеңі деген бар, егер соған сәйкес келсе, отасы сәтсіз шығуы мүмкін. Жалпы, ол кезеңде адам сақтанып жүруі керек. Отбасылық жағдайға байланысты айтар болсам, үйленетін кезең, жар таңдау, қателікке бой алдырмау сәттерін көруге болады. Жалпы, жеке өміріңе қажетті ақпараттың барлығы осы ілімнің ішінде бар. Әлемнің өзі саннан тұрады. Өйткені біздің бар ғұмырымыз есептен тұрады. Дене тұрпатымыздағы әрбір мүшеміз сантиметр, миллиметрмен, жол жүрсек, километрмен, тамақ ішсек граммен, литрмен есептеледі. Нумерология – бұл өмір матрицасы. Ал адамдар сол матрицаның құрылымының ішінде өмір сүреді.
ӘРКІМ ӨЗІНІҢ ТҮСІНІГІ, ТАҢДАУЫМЕН ӨМІР СҮРЕДІ
– Осы дінде нумерологияны харам деп есептейді, сіздің оған көзқарасыңыз қандай?
– Мен жоғарыда атап өткенімдей, көп жылдар бойы осы ілімге аса мән бермей жүрдім. Бірақ, өмірімдегі келеңсіз, күтпеген қиын жағдайларға қарап отырып ойландым. «Хақ жолында жүргеннің өзінде мұндай жағдайлар неге болып жатыр?» деген сауал мені мазалады. Сөйтіп жүріп іздендім. Ел аралап, жер аралап іздендім десем де болады. Дінді зерттегенімде Мекке, Израиль, Мысыр, жалпы мұсылман мемлекеттерін қалай араласам, одан кейін Үндістан сияқты елдерге барып білімімді толықтырдым. Сол талабымның арқасында біраз сұрағыма жауап алдым. Дінге қайшы ештеңе көрмедім. Керісінше түсінігіңді кеңейтіп, көңілде тыныштық орнайды. Тағдыр жазулы дегенге дәлел ілімді оқып, көзім жеткен соң, осы салаға келдім. Бұл – енді менің жеке таңдауым, жеке көзқарасым. Әркім өзінің түсінігі, таңдауы бойынша өмір сүреді. Біздің арғы ата-бабаларымыздың әрқайсысы шетінен астролог, нумеролог, психолог болған. Қалай десеңіз, қойшының өзі айға, күнге қарап болжамдар жасап отырған. Сондықтан мұның барлығын көріпкелдік, харам, ширк деп айтуға келмейді. Байқасаңыз, айналамыздың бәрі сан. Сіз дүниеге келгенде сізді әбден өлшеп, жер планетасына тіркейді. Туған күніңіз, айыңыз, жылыңыз. Дүниеден озғанда да пәлен күні пәлен сағатта жарық дүние есігін жапты дейді.
– Нумерология мен психологияның ара қатынасы қандай? Жалпы, екеуінің бір-бірімен байланысы бар ма?
– Иә, екеуі бір-бірімен тығыз байланыстағы ғылым. Әрбір психолог нумерологияны оқыса екен деймін. Психологияда адамды тек таным-түсінігі арқылы ғана зерттейді, ал нумерологияда адам өмірінің бағыт-бағдарының барлығын біліп отырасыз. Нумеролог психолог болса, ол ең мықты психолог болар еді. Себебі жай психологияның өзі – бір әлем, нумерология – бір әлем. Екеуін біріктірсе, ол күшті әлем болады.
ЖЫЛАП ОТЫРЫП АЛҒЫСЫН АЙТАТЫНДАР БАР
– Сізге әртүрлі мәселелерімен келіп, осы ілім арқылы жолы болып кеткендер бар ма?
– Өте көп, тіпті жылап отырып рақметін айтатындар бар. Өйткені олардың өздеріне сенімділігі артады. Өз-өздерін табады. Жолдарын тауып, өмірлік мақсаттарын, бағыт-бағдарын біледі. Өмірге нақты қадам жасауға бейімделеді.
– Көп нумерологтар күнделікті аффирмация айтуды әдетке айналдырған жөн дейді.
– Аффирмация – ол психологияның тақырыбы.
– Нумерологияны ғылым деп қарастырған жөн бе?
– Ресей Федерациясының Білім министрлігі мұны ресми қабылдады.
– Курс оқытасыз ба?
– Жоқ.
– Танымал, ықпалды адамдардың арасынан сізден кеңес алғандар болды ма?
– Бар, бірақ олардың атын атап, түсін түстей алмаймын.
– Құпия болмаса, қызмет ақыңыз қанша?
– Құны 15000 теңгеден басталады. Мұнда не үшін, кім үшін бұл дүниеге келдіңіз, өмірлік миссияңыз қандай, отбасылық мәселелер, жылдардың сізге әсері, жаңа жұмысты қашан бастауға болады, мінез-құлқыңыз қандай және бұдан да бөлек тағы көптеген ақпараттарды алуға болады.
– Болашақта нумеролог болғысы келетіндерге қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
– Шағын бір курсты оқып алып, мен нумерологпын деуге болмайды. Бұл – өте үлкен, шексіз ілім. Білім алуды тоқтатып қоюға болмайды және үнемі ізденіс үстінде болу керек. Алдымен өзінің айналасындағылармен жұмыс істеп, тәжірибе жинақтау керек. Тәжірибе жинақтау үшін де терең білім қажет. Оқы, оқы және оқы.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Әйгерім НАЖМАДИНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!