Бәріміз жарыса айтып, жазып жүрген Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстан қалай құрылады? Жаңа Қазақстанды құратын ең негізгі саяси құрылым, ол – парламент! Жаңа парламентке бұрынғыдай, ұйқысы қанбаған, сұрақ қоюдан ары аспайтын, партияның сызығынан шықпайтын, популистер мен жағымпаздар өтпеуі керек дегенді айтып жүр жұрт! Екі шақырылымда сенат депутаты болған, мемлекет қайраткері Мұрат Бақтиярұлына қоғамда осындай креативті ойлардың барын айтып, болашақ парламенттің рөлі мен депутаттардың біліктілігі қалай болу керек дегенді сұрадық.
– Мұрат аға, алда үлкен саяси науқан – парламент пен мәслихат сайлауы келе жатыр. Бұл Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстанның парламенті болуы керек. Келесі сайланатын парламенттен не күтесіз? Қандай депутаттар қызмет ету керек деп ойлайсыз?
– Әңгімені былай бастайын. Былтыр саяси реформаға байланысты парламент көптеген заңдар қабылдады. Соның ішінде, конституциялық маңызы бар үлкен-үлкен заңдарды қабылдадық. Мәжіліс тарады. Сенат құрамының 60 пайызы толықтай жаңарды. Халықтың арасында көп жүреміз ғой. Сонда бір байқағанымыз, парламентке, оның ішінде, мәжіліске айтылатын сын, депутаттарға деген реніш көп. Өйткені парламенттің құзыреті төмендеп кеткен.
Заңды дайындайтын – үкімет. Парламент соны толықтырады немесе өзгертулер енгізеді. Шынын айту керек, заңның негізгі базалық нұсқасын дайындап беретін, ол – үкімет. Үкіметтен келген заңдар көп жағдайда өзгертулерге түсе бермейді. Парламенттің сол заңдарды түпкілікті өзгертуге қауқары, құзыреті жетпей жататын бұрын. Ол құпия емес.
Жаңа конституциялық өзгерістерге байланысты парламенттің құзыреті біршама күшейді. Қазір көптеген заңдарды парламент өзінің бастамасымен жасап жатыр. Мәжіліс те, сенат та көптеген заңдары өздері жасады.
Енді тікелей сұрағыңызға келейін. Парламенттің бұрынғы жүйемен сайланғаны дұрыс емес. 2007 жылдан бері партиялық жүйе арқылы сайланып келді ғой. Оның дұрыс емес екенін уақыт өзі көрсетіп берді. Партиялық жүйе дамымаған елдерде қолданылады, мұндай жүйенің тиімсіз екенін көрдік. Партияға кімдер кіреді, парламентке кімдер баратынын партия басшылары ғана шешеді. Халықпен ешкім санасқан жоқ. Соның кесірінен, көптеген депутаттарды халық танымады. Тіпті, өз өңірлерінен сайланған депутаттарын да танымайтын жағдайлар болды. Жаңа заң бойынша аудандық, қалалық мәслихаттың депутаттары бір мандатпен халықтың ішінен сайланады. Облыстық мәслихаттар 50/50 деген жүйемен сайланады. Олардың рөлі күшті қазір. Облыс әкімдерін сайлайды.
– Бұрынғы сайлау жүйесінде партия атынан сайланған депутаттың еркіндігі шектеліп тұратындай көрінуші еді.
– Бұрын депутат болатын адам алдымен, бір партияға мүше болып кіретін. Партия атынан түскен адам партияның барлық жарғыларын мойындауы керек. Ең сорақысы, сол заң парламентке де енді. Парламентте де партиялық жарғыдан шығып кетпеу, партиялық көпшілікке бағыну, «тәртіпке» бағыну деген сияқты талаптарынан шыға алмады. Сондықтан да депутаттардың көбі өзінің пікірін, ұстанымын айта алмай жүретін. Шала-шарпы қабылданған конституциялық нормаларға байланысты, бұдан былай мәжілістің 30 пайызы өңірлерден сайланып келеді. Мәжілісте 98 депутат болса, соның 30-ы осы мажоритарлық тәртіппен сайланады. Бұл өте жақсы жүйе. Қазір 70/30 болса, болашақта 50/50 болатын шығар. Осы жағынан келгенде, бұл заң демократиялық үрдістерге сай деп есептеуге келеді. Ондай депутаттар партияға, үкіметке тәуелді болмайды. Олар халықтың алдында ғана тәуелді. Парламент ондайларды тәуелсіз депутаттар деп атайды. Биліктің алдында бүгежектемейді. Партия басшысының қас-қабағына қарамайды. Өткір мәселелер көтере алады. Мәслихат депуттары да солай ғой, округтерден сайланады.
– Парламентке қандай депутат барады деген сұрағымыздың мәні былай еді: қоғамда «Шымшық сойса да қасапшы сойсын», деген түсінік бар. Сондықтан заң шығарушы қызметте журналистер, ақын-жазушылар мен өнер адамдары, спортшылар емес, заңгерлер мен қаржыгерлердің, білім мен медицина саласы мамандарының отырғаны дұрыс дейді. Осындай пікірлерге көзқарасыңыз қалай?
– Бұл пікіріңізді қос қолдап қолдайтын адаммын. Бұрыннан айтып келе жатырмын. Жалпы, мәжілісте де, сенатта да ең мықты заңгерлер, қаржыгерлер, кәсіпкерлер, дәрігерлер, мұғалімдер сияқты өз саласын жақсы білетін мамандар отыруы керек. Алайда соңғы кездері жас спортшылар, популистер парламентке өтіп кетіп, заң шығарушы құрылымның беделін әбден түсірді. Ондай жағдайлар болды, мойындаймыз. Көптеген дамыған мемлекеттерде кәсіби парламент болады. Кәсіби дегеніміз – өз саласының білікті мамандары деген сөз. Көп жағдайда заң саяси жүйеге, экономикалық салаға, әлеуметтік салаларға жасалады ғой. Әлеуметтік саланың ішінде денсаулық, білім кіреді. Осы үш салаға мәжілісте басымдылық берілуі керек. Кәсіби дегеніміз осы. Бұл – бір. Екіншісі – тәжірибелі азаматтардың парламентке барғаны дұрыс. Отызға толмаған адамда қандай тәжірибе болады? Қазақ ондайларды «басы піспеген» дейді. Басы піспеген адам парламентке барып нені қарық қылсын? Мысалы, терапевтен бастап, облыстық ауруханаларды басқарған дәрігерлер бар, сол сияқты ауылдағы мектептен бастап, министрліктегі басқарушы қызметтерге дейін өз күшімен жеткен педагогтар кездеседі. Өз саласының бүге-шігесіне дейін біледі олар. Солардың депутат болғаны дұрыс. Өйткені олар өз саласы бойынша қандай кемшіліктер барын, қай жерін дамыту керектігін жақсы біледі. Кім келсе де, кәсіби адамдардың келгені абзал заң шығарушы құрылымға. Үшінші, сайланған депутаттардың бойында шешендік қасиеттердің болғаны артық етпейді. Жұртты өзіне үйіріп әкететін, логикалы ойлармен әдемі сөйлейтін шешен-ділмар азаматтардың депутат болғаны екі есе артықшылық деп айтар едім. Депутат болу қомақты айлық алып, демалу емес, кез келген үміткер бұл қызметке жауапкершілікті сезініп баруы керек! Бетегеден биік, жусаннан аласа, көптің бірі болып жүре беру депутатқа жараспайды.
– Жуырда ғана «Ақ жол» партиясының өкілі Азамат Әбділдаев аяқ астынан путиншіл болып шыға келді. Қырда жүрген қойшы емес, парламентте жүрген мұндай сатқындар қалай байқалмай қалған? Әлде бұл да саяси ойынның бір түрі ме?
– Ол жігіт туралы жарытып ешнәрсе айта алмаймын. «Ақ жолдың» атынан сайланған депутат қой. Осымен екінші рет сайланып отыр. Өкінішке қарай, қоғамда агрессиялық саясатты қолдайтын азаматтар бар. Оларды жоққа шығармаймыз. Бірақ сондай адамдардың парламенттің мүшесі болуы, масқара жағдай. Билікке қызмет етіп отырған бір азаматтың агрессиялық саясатты қолдап жатқаны біздің де жанымызға батты. Партия өз шешімін шығарыпты. Басқа не айтамыз? Бұл жағдай «Ақ жол» үшін де, басқа партиялар үшін де сабақ болуы керек.
– Әділетті Қазақстанның парламенті демекші, қашан біздің заң қазақша жазылып, қашан таза мемлекеттік тілде талқыланады? Қателеспесек, тәуелсіздіктен бері көші-қон туралы заң ғана қазақ тілінде жазылып, қабылданған жоқ па?
– Осы тақырыпқа байланысты мен парламентте екі-үш рет депутаттық сауал жолдадым. Одан бөлек, дөңгелек үстел де өткіздім. Оған мәжіліс, сенат депутаттары қатысты. Үкіметке талап қойдық. Заңдарды орыс тілінде де, мемлекеттік тілде де дайындап әкелсін дегенді айттық. Нәтиже болмады. Сылтау көп. Мамандар жоқ деп құтылғылары келеді. Онысы, қып-қызыл өтірік. Не көп, маман көп қазір. Қазақ тілінің жілігін шағып, майын ішкен филологтар баршылық. Екінші сылтауы – терминдер көп дейді. Терминология комиссиясы барлық терминдердің баламасын тауып қойған. Ниет болса, бәрін жасауға болады. Тіпті, қазақ бөлімдерін бітірген білікті заңгерлер де бар. Екі тілге де жүйрік. Сол дөңгелек үстелде үкіметке қажет болса, біз көмектесейік дегенді де айттық. Жазып берейік дедік. Айтқан сылтауларына жауап бердік. Бірақ ықылас, ниет жоқ. Ықылас-ынта болмаған жерде – шайнап берсең де жұтпайды. Ұят жағдай. Тіпті, айтудың өзіне ауыз бармайды.
Тәуелсіздік алған 31 жылда екі заң ғана қазақ тілінде жазылды. Біреуі сіз айтып отырған көші-қон туралы заң болса, екіншісі мақта туралы заң. Өз тілінде заң жаза алмаған Қазақстан сияқты мемлекет жер бетінде жоқ шығар. Бұл масқара жағдай.
–Конституциядан Елбасы мәртебесі алынып тасталды, бірақ заңда Н.Назарбаевқа берілген мүмкіндіктердің бәрі сол күйінде сақталған. Сонда бұл көзбояушылық емес пе?
– Елбасы туралы заңда көптеген артықшылықтар болған. Оның бәрі алынып тасталды. Қоғамда алып-қашпа жаңсақ ақпарат көп. Бұл жұмыстың ішінде болдық қой. Сондықтан барды бар, жоқты жоқ деп айту керек. Бізде конституциялық заң бар, содан кейін президент туралы заң бар. Ол бірінші президентке ғана емес, екінші, үшінші президенттерге де арналады. Қандай артықшылықтар сақталды деген сұрағыңызға тоқталайын. Негізінен, әлеуметтік бағыттағы артықшылықтар. Бірінші, тұңғыш президенттің 80 пайыз еңбекақысы сақталады. Екінші қызметтік көлік, пәтер, медициналық көмек, саяжай, шипажайларда демалу, күзет, көлік жүргізуші сияқты әлеуметтік артықшылықтары сақталды. Қалған артықшылықтарының бәрі алынып тасталды. Әсіресе, жақындарына қатысты артықшылықтар жоқ қазір. Мысалы, бірінші президентке байланысты туған-туыстарының қылмыстық іске қатысы болса, қылмыстық іс қозғалады. Бұрынғы Елбасы заңында ондай тармақ жоқ болатын. Жаңа заңда бар.
– Мысалы, Назарбаевтың жақындарының: қыздары мен күйеу балаларының шетелдегі ақшаларына іздеу салып, осындағы заңсыз иемденген жылжымайтын мүліктері болса, мемлекет меншігіне қайтара аламыз ба?
– Әрине! Елбасының статусымен бірге көптеген артықшылықтар кетті. Ал жаңа заң бойынша жақындары, қыздары мен күйеу балаларының заңсыз иемденген ақшалары, жылжымайтын мүліктері болса, оның бәрі тексеріледі, елге қайтарылады. Заң бойынша ешнәрсе сұраусыз қалмайды. Тексеріліп те жатыр ғой қазір.
– Шеттегі ақша демекші, отыз жыл Қазақстанды тонап, байлықты шетел асырған олигархтардың мұрты қисаймай жүр әлі. Әділетті Қазақстан дәл осы шаруамен қашан айналысады?
– Бұл туралы былтыр мемлекет басшысы айтқан. Қазақстанның байлығы 162 адамның қолында деген мәлімет сол кезде шықты. Сол қаржылар мемлекет бюджетіне қайтып та жатыр. Көптеген олигархтардың меншігі елге қайтарылуда. Екібастұз кенішіне байланысты іс қаралуда. Кентаудағы темірге байланысты да шешімдер шықты. Сыртқа кеткен 500 млрд теңге елге қайтты. Оның бәрі республикалық бюджетке түседі. Оған апатты жағдайдағы мектептер мен ауруханалар салынады.
Қазір сыртқа қаржы шығару өте қиын. Декларация күшіне енді. Кез келген олигарх болсын немесе мемлекеттік қызметкер болсын, оның табысы мен шығысының бәрі есептеледі. Тағы бір қолға алынып жатқан шаруа бар. Бұрын олигархтар да жеңілдетілген несиенің игілігін көріп, жеңілдетілген салық төлеу тәртібін пайдалана алатын. Қазір соның бәрі теңестірілді. Жасыратыны жоқ, бұрын банктерден жеңілдетілген несиелерді қалталылар алатын. Қазір олардың жолы жабылды.
– Мұрат мырза, қаңтар қасіретіне 1 жыл болды. Аз уақыт, әрине. Бірақ төрт жастағы Айкөркем, Талдықорғандағы жылқышы жігіт сияқты еш жазықсыз оққа ұшқан азаматтардың ісі неге тоқтап қалды? Басқалары емес, жазықсыз жапа шеккендердің өлімі зерттеліп, атқан адамдар тиісті жазасын алуы керек емес пе?
– Мәжілісте бұл мәселе екі рет талқыланды. Прокуратураға ауыр-ауыр сөздер айтылды. Қылмыстық істе бұлтартпас куә болуы керек. Ең басты талабы сол. Дәл осы қаңтар ісінде бүгін куәлік беріп алып, екі-үш айдан кейін сөзінен қайтып жатқан оқиғалар көп. Ал оның бәріне уақыт кетеді. Іс қайта басталады. Қылмыстық істердің көбінде бар жағдай бұл.
Қаңтар қазақтың қасіреті. Қабырғамыз қайысады, әрине. Дәл осы оқиғада артық дүниелер болды. Мысалы, мемлекет басшысына күштік құрылымдар ақпаратты бұрмалап жеткізді. Дәл қазір айтуға оңай. Бірақ дәл сол кезде шешім шығару өте қиын болғанын ешкім жоққа шығармайды. Дұрыс ақпараттар берілмей, оқ атуға мәжбүрледі. Шетелдерде оқ атуға жеткізбей, су шашып, көз ашытатын газ шашу арқылы да ереуілшілерді таратып жатады. Ең ауыр дүние — адам өлтіру. Өкінішке қарай, бізде мемлекетті сақтап қалу үшін, тәртіп орнату үшін сондай ауыр шешімдер жасалды. Оқ адам таңдамайды: қанішерге де тиеді, жазықсыз кісіге де тиеді. Оқ жасқа да, кәріге де тиеді. Сол жағынан келгенде, біздің де жанымызға батады, жүрегіміз ауырады. Еш күнәсіз сәбилердің оққа ұшқаны өте ауыр. Қаңтар оқиғасы әлі зерттеледі, әлі баға беріледі. Кім бұйрық берді, кім ұйымдастырды, бейбіт митингі ме, кімдер арандатты? Осының бәрі зерттеледі, анықталады, саяси баға беріледі. Бәріне уақыт керек!
– Уақыт бөліп, берген сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Жарас КЕМЕЛЖАН,
«Жас Алаш» газетінен алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!