Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Кранды тек ер адамдар айдайды деп еш жерде жазылмаған»

09.03.2023, 10:00 1402

Фагима  ШАКУРОВА, краншы:

«Адамды адам еткен – еңбек» дегендей, адамдықтың бір анықтамасы – еңбек. Сондықтан, еңбек адамы қашан да қоғам арасында насихатталып, бағалануы керек. Бұл туралы мемлекет басшысының өзі жолдауында айтып өткен болатын. Осылайша, қоғамның да қоғам болуына ықпал жасаған еселі еңбек иегерлерінің бұқара алдында құндылығының маңызын арттыру – басты міндет. Осы тұрғыда газетіміздің арнайы бетіне краншы Фагима апамызбен сұхбаттасқанды жөн көрдік. Тыңбай еңбек етудің арқасында бір салаға беріліп, маңдай терімен елеусіз ғана өмір сүріп жатқан кейіпкеріміз зейнет жасында болса да, әлі күнге дейін ауыр жұмыстың жүгін арқалап, кран машинасын айдаудың хас шебері  болған.

– Алғашқы сауалым, қазір жасыңыз нешеде? Қанша жылдан бері кран машинасын айдап келе­сіз? Қай  өңірдің  тумасысыз?

– Ресей елінде туғанмын. Бала кезім­нен бастап осы қалада өмір сүріп келемін. Қазір қалалық тұрғынмын. Есімім – Фагима Шакурова. Бірақ барлығы мені Фая деп атап кеткен. 64 жастамын, 20 жасымнан бастап кран айдаймын. Алғашында осы сала­ға көзім бірден түсті. Табиғатыма жақын болғаннан кейін ба бірден үйреніп  кеттім, енді өз қалауым бойынша 40 жыл жұмыс істеп келе жатырмын. Осы уақыт аралығында құрылыс саласында үйренгенім көп болып, өмірлік тәжірибеме де жарады.

– Бұл жұмысыңыз өзіңіздің таңдаған мамандығыңыз ба әлде басқа арманыңыз  болды  ма?

– Өзім таңда­ған маманды­ғым болған соң, еш өкінбеймін. Кезінде арманым бойынша оқуға түсуге мүмкіндік болмады. Ұнағанын таңдадым, қазір жұмысым өзіме ұнайды. Бірақ, бастапқыда кран тұрмақ,  жүк машинасын айдауды білмейтінмін, кейін тез үйре­ніп кеттім десем болады. Әрине, әуелгі уақытта қорқыныш, үрей, қалтырап-дірілдеу болғанымен, уақыт өте келе кәсіпқой болдым. Осылайша, өз жұмысымның жемісін көріп, табысым­ды  адалынан  тауып  келемін.

– Қазір қай мекемеде краншы болып жұмыс істеп  жатырсыз? Бұрыннан осы мекемеде қыз­мет  атқарып келесіз бе? Өзіңіздей  краншы әйел­дер  бар  ма?

– Құрылыс материалдары комбинатында жұмыс істеп бастадым, әлі күнге дейін осындамын. Қазір мұнда кран айдайтынның бәрі – әйел. Үлкен, тәжірибесі көп қыз-келіншектер жұмыс істейді. Барлығымыз бір ауызбіршілікте, тату-тәтті, бір отбасындаймыз. Зейнетке шыққаныма 6 жыл болды. Сонда да жұмыс­тан шығу, шаршау деген жоқ. Жұмыс­тан қалмауға  тырысамын.

– Сондай-ақ, кран айдайтын жандардың екі көзі мен құлағында мәселе болмау керек дейді. Өзіңіз денсаулығыңызға байланысты қаншалықты  жиі  тексеріс­тен  өтіп  тұрасыз?

– Жұмыс­та жауапкершілікті бірінші орынға қоямыз. Ақылды әрі жылдам болу маңыз­ды. Сондық­тан, жұмыста уақыт тапшы болады. Бірақ, жылына  бір рет тексеруден өтеміз, денсаулығымыз­ға бейжай қарай алмаймыз. Қазір денсаулығым жақсы, жұмысқа жарамдымын. Бір  Құдай  күш-қуат  берсе, қолдан келгенше халыққа қызмет етуге  дайынмын.

– Осы уақытқа дейінгі тәжірибеңізде қандай кран түрлерін айда­дыңыз? Сонымен қатар, осы уақытқа дейін жұмыс барысында күрделі тап­сырмалар мен оқиғаларды бастан  өткерген  шығарсыз?

– Иә, жұмыста берілген кранның барлығын айдай аламыз. Үлкені-кішісі деп бөлуге болмайды, жылдам жұмыс болуы керек. Кран айдаудың еш қиыншылығы жоқ, тек жұмысына жауапты болған жөн. Көпшілігіне қорқынышты көрінгенімен, үйренуге оңай машина­лардың бірі. Күрделілігі – үлкен жүктерді құлатпай тасыл­мау. Және құрылғыларды жөнді басқарып отырса болғаны. Сондай-ақ, қазір бұрынғы жылдардағыдай ескі крандар жоқ, барлығы жаңа технологияға сай десем болады. Бірақ ескілері тез бұзылмайды, ұзаққа  шыдамды  екен. Ал жаңаларына жөндеу  жұмысы  көп  қажет.

– Байқағанымыздай, жұмыста бос уақытыңыз  мүлдем  болмайтын  көрінеді. Жалпы, жұмыс  уақыты  нешеде  басталады?

– Жұмысымды өте қатты жақсы көремін. Жұмысқа келсем, бәрін ұмытып кетемін. Уақытты әрқашан қуанышты, көтеріңкі көңіл күйде өткіземін. Кран айдағанда уақыт қызық өтеді. Жан-тәніммен беріліп, жауапкершілігін сезініп істеймін. Бар ынтамды жұмысқа аударған сәтте ештеңені ойламаймын. Тіпті, күйбің тірліктің бітпейтін мәселесін де ұмытып кетемін. Азаңғы жұмысым 8-ден өте басталады. Біз соған үйренісіп қалдық. Кейде түнге де­йін  жүретін  сәттеріміз де болады. Сондай-ақ, жұмысымда тек түскі ас уақытысында ғана босаймын. Сізбен сөйлесуге де уақытты  әзер  тауып  отырмын.

– Сіздің жұмысыңызға өзгелер таңырқап, «кран айдау тек ер адамдардың жұмысы» деп айтатын­дар болған шығар? Сол  кезде  жауабыңыз  қандай  болды?

– Иә, осы уақытқа дейін «жоғары жақта қалай қорықпайсың, басың айналып тұрған жоқ па?» деп сұрайды. Негізінде әйел адамдар өмірдің қиындығына шыдай біледі. Сондықтан болар, бұл жұмысты әйелдер тез алып кетіп жатады. Ал ер адамдар крандарда жұмыс істеуге қорқады. Тәжірибемізде де кезіккен жағдайлар  бар. Қанша рет кран айдап үйренгісі келгенімен, әрі қарай алып кете алмаған жігіттерді де көрдік. Десек те, оларды әлсіз деген сөзім емес, тек шынымен бізде әйел адамдардың барлығы кран айдауды біледі. Көбі  осы  әңгімеме  сеніңкіремей  қалады.

– Сізді 8 наурыз  әйелдер  күнімен шын жүректен құттықтаймын! Соңғы сауалым, қандай арманың­ыз бар? Қыз-келіншектерге қандай кеңес берер едіңіз? Сіз сияқты жұмыс істеуге басқа  әйелдерді  де  шақырасыз  ба?

– Өзіңізге де, құтты болсын! Адамның арманы мен қалауы таусылмайды ғой, менің бір қалауым осы жұмысымды жақсы көріп істейтін жастар көп болса екен. Қазіргі таңда кран айдауды үйрететін оқу орындары мен мамандықтар жоқ. Ал бізде жұмыс істейтін үлкен әйелдер ғана. Жас қыздар бұл жұмысқа келмейді. Кран айдауға қаншама қыз-келіншекті үгіттеп, шақырып, келтіре алмадым. Көбі қорқады. Бірақ, еш жерде бұл жұмысты тек ер адамдар істейді деп жазылмаған. Сондықтан, барлығына бұл жұмыстың қыр-сырын үйретуге дайынмын.

-Сұхбаттасқаныңызға  көп-көп  рақмет!

Әңгімелескен

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: