Бір жапырақ қағаз алу үшін дедек қағып әр мекеменің есігінен сығалайтын заман өтті. Қазір барлығы халықтың өмір сүру дағдысына оңтайландырылуда. ХҚКО-на барсаңыз, бірнеше минут өтпей-ақ сұраған құжатыңыз қолыңызда тұрады. Карантин кезінде үйден шықпай-ақ «e-gov» арқылы ел біраз шаруасын тындырып отырды. Бастысы, цифрлық сауаттылықты меңгеріп алсаңыз жеткілікті. Осы тақырыптың төңірегінде туындаған сауалдарға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Айнұр Тобаева жауап берген еді.
– Пандемия басталғалы орталық онлайн қызметке ойысты. Осы уақыт аралығында ең көп көрсетілген ТОП қызметтер қандай?
– Иә, әлемді шарпыған ауыр індет біздің мемлекетімізді де айналып өтпеді. Алайда қиын жағдайға қарамастан халыққа қызмет көрсету орталығы өзінің жұмысын тоқтатқан жоқ. Осылайша онлайн қызмет көрсетуге ауыстық. Бұл бір жағынан халықтың цифрлы сауаттылығын арттыруға себеп болса, екінші жағынан кез келген тұрғын үйден шықпай-ақ өзіне қажетті құжаттарды рәсімдей алады. Ең көп көрсетілген қызметтер тізімін атап өтейін. Олар:
– Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландыру орталығының тіркеу куәлігін беру және қайтарып алу;
– Еңбекші көшіп келушіге рұқсаттар беру және ұзарту;
– Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау;
– Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау;
– Жылжымайтын мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды) мемлекеттік тіркеу;
– Жер учаскесіне актілерді дайындау және беру;
– Жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын айқындау;
– Композиттік қызмет «Бала туу»;
– Бала тууды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу;
– «Наркология», Психикалық денсаулық орталығынан мәліметтер ұсыну;
– «Психиатрия», Психикалық денсаулық орталығынан мәліметтер ұсыну;
– «Фтизиатрия», Фтизиопульмонология орталығынан мәліметтер ұсыну;
– Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің есептері бойынша тұлғаның әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны туралы мәлімет беру;
– Жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтама беру;
– Есебі мемлекеттік кірістер органында жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәлiметтердi беру;
– Жеке тұлғаның жылжымайтын мүлiктiң болмауы (болуы) туралы анықтама беру.
Осы аталған қызметтер өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды деп айта аламын.
– Көпшіліктің айтуы бойынша онлайн кезек қою (броньдау) қызметінде көп түсініспеушіліктер болып жатады екен. Қызылорда мен Нұр-Сұлтан уақытына байланысты. Осыған не айтасыз? Әлі сол қалпы ма?
– Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес филиалдың барлық фронт-офистерінде азаматтарға броньмен және броньсыз мемлекеттік қызметтер ұсынылуда. Броньдау уақытында Нұр-Сұлтан уақыты көрсетілген. Бірақ қазіргі уақытта ол мәселенің олқылығы толықтырылып, айтарлықтай мәселе туындап жатқан жоқ.
– ХҚКО тарапынан Call-center қызметіне конкурс жарияланды. Оның нәтижесі қандай? Жұмысқа қабылданғандарға қандай шарттар қойылады?
– Қалалық және аудандық бөлімдердің қызметкерлерін 1414 байланыс бөлімі орталығына ауыстыру тәртібімен 74 маман тағайындалып, ал ХҚКО бойынша бөлім мамандарына резервте тұрғандар жұмысқа қабылданды.
– Карантин кезінде мүмкіндігі шектеулі, жасы үлкен кісілерге қызмет көрсету қалай жүргізіледі? Оларға жеңілдіктер қарастырылған ба?
– Әрине, бізде арнайы топтағыларға қосымша жеңілдіктер қарастырылады. Филиалдың барлық фронт-офистерінде мүмкіндігі шектеулі, жасы үлкен зейнеткерлерге арнайы жеңілдігі бар терезе арқылы мемлекеттік қызмет ұсынылады. Фронт-офис ғимараттарында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз кіруі үшін пандустар мен тактильді тақтайшалар, қоңырау батырмалары орнатылған. Мемлекеттік қызмет ұсыну барысы арнайы жеңілдігі бар терезе арқылы кезек күттірмей қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар 1, 2, 3-топ мүмкіндігі шектеулі тұлғалар және жасы үлкен зейнеткерлер 1414 байланыс орталығы арқылы мамандарды үйге шақырып, мемлекеттік қызметтерді пайдалана алады.
– «E-gov» порталына қосымша қандай қызметтер қосылды?
– Порталда өздеріңіз білетіндей, белгілі бір аралықта қосымша қызметтер қосылып отырады. Соңғы мерзімде порталға қойылған қызметтер мыналар:
– Көпбалалы отбасына жәрдемақы тағайындау;
– Мүгедектерді техникалық қосымша (компенсаторлық) құралдармен қамтамасыз етуге құжаттарды ресімдеу;
– Мүгедектерді және мүгедек-балаларды санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз етуге құжаттарды ресімдеу;
– Мүгедектерді протездік-ортопедиялық көмекпен қамтамасыз етуге құжаттарды ресімдеу;
– Есту кемістігі бар мүгедектерді жылына алпыс сағат ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етуге мүгедектерге құжаттарды ресімдеу;
– Жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерді жеке көмекшінің қызметімен қамтамасыз етуге құжаттарды ресімдеу;
– Мүгедектерді жүріп-тұрудың арнайы құралдарымен қамтамасыз етуге құжаттарды ресімдеу;
– Шетелде баланың тууын мемлекеттік тіркеу;
– Шетелде некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу;
– Қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу туралы хабарлама;
– Шетелде неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу;
– Электрондық тіркелімде апостиль мөртабанын тексеру;
-Мүгедектерді протездік-ортопедиялық көмекпен қамтамасыз етуге құжаттарды ресімдеу;
– Вакцинацияға жазылу;
– Жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерді жеке көмекшінің қызметімен қамтамасыз етуге құжаттарды ресімдеу;
– Шетелде қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу;
– Шетелде атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеу;
– Халықпен тығыз байланыс орнату мақсатында сіздердің тараптарыңыздан қандай жұмыстар атқарылуда?
– Халықпен тығыз өзара іс-қимыл жасау мақсатында азаматтарды электрондық форматта көрсетілетін қызметтер туралы хабардар ету бойынша түсіндірме жұмыстары әлеуметтік желілерде (Facebook, Instagram) насихатталып, кері байланыс орнатылды. Сонымен қатар халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында фронт-офистердің жұмысын ғимарат ішінде ілінген электронды бағалау QR коды арқылы (барлық бағытта қызметті бағалау) және әрбір қызмет алушыға қызмет алу барысында қосымша мониторда қызметкерлер жұмысын бағалау белгісі ұсынылған. Осы арқылы біз көрсетілген қызметті және қызметкерді бағалап отырамыз. Бұл өз кезегінде біздің қызмет көрсету сапасын жақсартуға септігін тигізеді.
– Шетелдегі қазақстандықтар үшін портал жұмысы қолжетімді ме?
– «Электронды үкімет порталы» (бұдан әрі – ЭҮП) арқылы Қазақстан Республикасының барлық азаматтарына интернет байланысы бар жерден еш кедергісіз мемлекеттік қызметтер алуға қолжетімділік бар және қажетті құжаттарды ЭҮП арқылы рәсімдеп, оларды тұратын елінен шықпай-ақ ала алады. Қызметтер әлемнің 20-дан астам ірі еліндегі Қазақстанның елшіліктері мен консулдықтарын тарта отырып іске асырылды.
– Аудандардағы ХҚКО филиалдарының жұмысы қандай деңгейде? Қызмет сапасы қалай бақыланып отыр?
– Филиалдың барлық фронт-офистерінде мемлекеттік қызметтер көрсету стандартына сәйкес қызмет ұсынылады және мемлекеттік қызметтер көрсету сапасы үнемі бақыланады. Аудандық фронт-офистерінің жұмысы, мемлекеттік қызметтер ұсыну барысындағы бизнес үдерістер үнемі бақылауда. Тұтынушы ресепшннен құжат тапсыруға талон алғаннан бастап қызмет алуға күту уақыты және қызмет алу уақыты ықпалдастырылған ақпараттар жүйесімен, бейнебақылау камераларымен күнделікті ахуалдық орталық арқылы қадағаланады.
– Карантин мерзімі аяқталған соң бастапқы режимге көшу жоспары бар ма? Әлде онлайн режимі сақталып қала ма?
– Әзір нақты ештеңе айта алмаймыз. Енді дәл қазіргі уақытта филиал облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес жұмыс істейді. Алдағы қызмет көрсету кестесін уақыттың еншісіне қалдырамыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Әйгерім НАЖМАДИНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!