Фердоуси ҚОЖАБЕРГЕНОВ,
Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:
Жеке кәсіппен айналысқысы келетіндер көп. Бірақ, салаға аса үлкен жауапкершілікпен, ұлы мақсатпен келмесе, бәрі бекершілік. Кәсіпкерлік жарты жолда қол сілтей салатын сұйық сала емес. Мұны шын ұғынатындар бар, сонымен қоса байыбына бармай жатып, «мен де бәленше секілді кәсіпкер боламын» деп дандайсып кәсіп ашып, сәл сәтсіздігіне сынып кететіндер де бар. Қызылорда облысы бұл салада топ жарып тұрған жоқ, бірақ көштің соңында да емес. Мемлекет кәсіпкерлерге қарасып-ақ жатыр. «Несібесін кәсіптен табамын» дегендерге жағдай жасалуда. Қайтарымсыз несиенің өзі біраз адамның бағын ашты. Берген тиынды ұқсатып жатқандар бар, оны жоққа шығармаймыз. Алайда ашылып жатқан кәсіп көп те, екі қолға бір күрек таппай жүрген жұмыссыздар саны осыған кереғар. Қарапайым кәсіп түрі саналатын жеңіл өнеркәсіптің де өрге жүзбеуіне не себеп? Көкейдегі сан сауалға Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов жауап берді.
ТЕГІН АҚША БОЛҒАН ЖЕРДЕ АЛАЯҚТАР ДА ЖҮРЕДІ
– Фердоуси Әбілқасымұлы, облыста қайтарымсыз несиеге қаражат беру мәселесі қалай жүргізіліп жатыр? Олар қандай бағдарламалар негізінде жүзеге асуда?
– Бұған дейін баршаға мәлім, мемлекеттік гранттар «Бизнестің жол картасы – 2025», «Еңбек» мемлекеттік бағдарламалары аясында іске асырылды. Биылдан бастап мемлекеттік бағдарламалардың барлығы мемлекет басшысымен қабылданған «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында жүзеге асырылады. Оның ішінде мемлекеттік гранттар беру құралы да жалғасын табатын болады. Биылғы жылдан бастап 200 АЕК көлемінде берілетін грант 400 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Ол үшін бюджеттен 2376,8 млн теңге қаржы қаралып отыр. Сонымен қатар, «БЖК – 2025» бағдарламасы аясында 2-5 млн теңге аралығында жаңашыл бизнес-жобаларға берілетін грантқа 120 млн теңге, оның ішінде жастарға 70 млн теңге қаралған. Гранттар беру жөніндегі конкурстар жыл көлемінде ұйымдастырылатын болады.
– Енді осы қайтарымсыз гранттың айналасында алыпқашпа әңгіме көп. «Тамыр-таныс, ақша бергендерге ғана беріледі» деген сыбысты естиміз. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтынын» ескерсек, бұл фактіге қандай түсінік берер едіңіз?
– Өкінішке қарай, тегін ақша болған жерде алаяқтардың да жүретіні белгілі. Кейбір мәселелерде мән-жайды ашып көрсетпесе, басқа адамдардың дұрыс емес тіршілігі басқарма қызметкерлерін қаралауға жетіп артылады. Осындай алаяқтық фактілерді қылмыстық тергеп-тексеру кезінде басқарма қызметкерлері мен комиссия мүшелерінің ешқандай қатысы жоқ екені анықталды. Негізсіз әңгімелер мен жалған ақпараттарға сеніп жүрген кейбір адамдардың бейқамдығы бізді қынжылтады. Жалпы, гранттар беру конкурсын ұйымдастыру үшін Үкіметтің қаулысымен бекітілген ереже бар. Ережеге сәйкес қоғамдық бірлестіктер, салалық сарапшылар, ғылыми-білім беру мекемелері, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары мен атқарушы билік өкілдерінің міндетті қатысуын қамтамасыз ете отырып, жыл сайын комиссия құрамы бекітіледі. Бұл комиссияға кәсіпкерлік және туризм басқармасы үйлестіруші орган ретінде кәсіпкерлердің өтінімдері мен жобаларын қарауына енгізеді. Конкурстық комиссия бизнес-идеяның жаңашылдығын «нақты елді мекенде немесе ауылдық округте бұрын өткізілмеген тауарларды шығару, қызметтерді көрсету, жұмыстарды орындау, жаңа немесе жетілдірілген технологияларды қолдану» өлшемшарттарына сәйкес бағалайды. Сондай-ақ, жобаны жеңімпаз деп тану туралы шешімді арнайы құрылған комиссия алқалы түрде қабылдайды. Сол себепті, басқармаға қатысты бұндай қаңқу сөздер мен айыптаулар негізсіз дер едім.
– Еліміз жеңіл өнеркәсіпті дамыту саласында артта қалып келеді. Пайыздық мөлшерде шамалап айтқанда, 1 пайыздың о жақ-бұ жағында. Облыста бұл саланы дамытуға индустриалды аймақ құрылады деп еді. Пандемия кезінде 100-ден аса жоба жүзеге асыпты. Солар туралы толығырақ айтсаңыз.
– Адамның бәрі бірдей кәсіпкер бола алмайды. Кәсіпкер болу да мамандық сияқты, ол да – өнер. Ол үшін тәуекелге бел буып, қиындықтарға шыдай білу керек. Алайда бұл тұрғыда әкімшілік кедергілер жасырын емес, көп. Банк ұйымдары несие алуға барған адамнан 45 түрлі құжат сұрайды. Енді осы арада айта кетейін, біз аграрлық өңір саналғандықтан, құжаттарға келгенде кішкене шорқақтау болатынымыз рас. Кәсіпке құлшыныс білдірген адам несие алмаққа банк табалдырығын тоздырады. Жөнді ештеңе түсінбегендіктен, қолын бір-ақ сілтейді. Біздің әлсіз жеріміз – осы. Тағы бір кедергі бар. Құрылыс, жер беру, ғимараттың мақсатын ауыстыру кезінде үш айға дейін уақыт созылып кететінін білеміз. Кәсіпкерлерге арналған бір кедергі – кепілдігінің жоқтығы. Кепілдігі болмаса, оның өтініші де қабылданбайды. Анау шалғай аудандардағы ауылда тұратын ағайындардың кепілдікке көрсеткен үйлері 1-2 миллион теңгеге өтпейді және оны қабылдамайды. Менің өзімнің жеке ойым, ауылдық жердегі бизнесті қолдау, оның ішінде Байқоңыр қаласында кәсіп ашуды жеңілдету керек. Қаланың өзінде тұратын Қазақстан азаматтарының кәсіп бастауда кедергілері өте көп. Кепілге қоятын үйі өзінікі емес, кәсіп ашайын десе, ол Үкіметаралық комиссияның шешімімен ғана жүзеге асырылуы тиіс. Сол үшін біз Байқоңырда кәсіп бастауға ниет еткендерге арнайы бағдарлама жасауға ұсыныс бердік. Облыс көлемінде іске асырылатын жобалардың басым бөлігін өңдеуші өнеркәсіп, оның ішінде тамақ өнеркәсібі саласына бағыттау шаралары қолға алынды. Облыс әкімдігімен «Облысты 2023 жылға дейін экономикалық дамыту жоспары» бекітіліп, оның аясында 11,2 млрд теңгені құрайтын 171 жоба іске асырылды. Биылғы жылы 7,6 млрд теңгені құрайтын 206 жобаны іске қосу көзделуде.
«ШЕКТЕУДІ КҮШЕЙТСЕК, ВИРУСТАН ҚҰТЫЛАМЫЗ» ДЕП ОЙЛАДЫҚ
– «Қаңтар қасіретінен» зардап шеккен шағын және орта бизнес иелеріне қандай көмек көрсетілді? «Бірлік» сауда үйінде алтындар ұрлану фактісі болып еді ғой.
– Ия, қаңтарда болған жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлерден Кәсіпкерлер палатасына 20 арыз түсті. Кәсіпкерлердің берген арыздарына сәйкес облыста 30 кәсіпкерлік нысан зардап шегіп, келтірілген шығын сомасы шамамен 414,1 млн теңгені құрады. Оның ішінде, осы «Бірлік» сауда үйіне келтірілген залал да бар. Қазіргі таңда бұл кәсіпкерлік нысандардың нақты шығынын анықтау және арнайы комиссияның қарауына шығару үшін тиісті құжаттар әзірленуде. Бұл құжаттар облыс әкімдігінің қаулысымен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік зиянды айқындау жөніндегі Өңірлік комиссияның қарауына шығарылып, нәтижесімен шығындарды өтеу жұмыстары жасалатын болады.
– Президент Қ.Тоқаев «Қасіретті қаңтар сабағы» атты мәжілісте сөйлеген сөзінде кәсіпкерлерге қолдау түрлері ұсынылады деді. Несиелер бойынша жеңілдіктер болады деген. Өңірде осыған орай атқарып жатқан нақты жұмыстар қандай?
– Бұған дейін атап өткенімдей, жалпы биылғы жылы кәсіпкерлікті қаржылай қолдау, дамыту шаралары Президентпен қабылданған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында іске асырылмақ. Ұлттық жоба аясында «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасын облыста іске асыру үшін 2,5 млрд теңге, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 4,8 млрд теңге қаралып отыр. Одан бөлек, жеңілдікпен несиелер беру үшін облыстық бюджеттен «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығына 950 млн теңге бөлінді. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасына сұраныстың жоғары болуына орай, жыл көлемінде бөлінген қаражатты ұлғайту көзделуде. Сонымен қатар, бұдан бұрын облысымызда «Даму» қорымен бірлесіп іске асырылған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін өңірлік қаржыландыру бағдарламасын қаржы бөле отырып, іске асыруды жалғастыру жоспарда бар.
– Қалада бірқатар кәсіпкерлік нысаны «Аshyq»-пен жұмыс істеп тұр. Аймақта коронавирус күннен-күнге өршіп келеді. «Аshyq»-пен кіріп-шыққаннан пайдалы нәтижесі қайда сонда?
– «Шектеуді күшейтсек, вирустан құтыламыз» деп ойладық о баста. «Дүкенді ашпа» деп, «арақашықтықты сақта» деп айтқанымызбен, сол халық қоғамдық көлікте сығылысып бірге келе жатыр. Енді «Аshyq»-тың жұмысын ҚР Бас санитары реттейді. Пандемия уақытында облыс аумағында локдаун режимі қойылып, кәсіпкерлік нысандарының басым бөлігінің қызметі тоқтап, әсіресе сауда, туризм салалары мен қоғамдық тамақтану орындары және мейрамханалар бизнесі аса зардап шекті. Осы орайда, Үкімет тапсырмасымен «Ashyq» жобасы әзірленіп, іске қосылды. Бұл жобаның басты мақсаты – кәсіпкерлік объектілеріне келушілердің мәртебесін анықтап, оның вирусты тасымалдаушы емес екендігін көрсету. Жалпы, бүгінгі күні облыс бойынша барлығы 3892 нысан «Аshyq» жобасына тіркелген болса, оның ішінде ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес міндетті тіркелуді қажет ететін 633 нысан анықталып, толығымен тіркелді. Жыл басынан бері қоғамдық орынға баруға тыйым салынған 46 адам анықталды. Олардың 45-і – «қызыл», 1-еуі – «сары» мәртебедегі азаматтар.
– Жанар-жағармай бағасы тұрақталды. Солай болғанның өзінде қаладағы такси бағаларының төмендегені байқалмайды. Қайсыбір жылдары таксистерді де жеке кәсіпкер есебінде тіркеп, салық салынады деген сыбыс шығып еді, арты не болды?
– Өте өзекті сұрақ қойып отырсыз. Қоғамда осы тақырыптың төңірегінде қауесеттер қаулап, сыни пікірлер жиі айтылуда. Президентіміз айтқандай, билік пен бұқараның арасында конструктивті диалог құра отырып, осындай мәселелерді шешу өте маңызды деп ойлаймын. Және дер кезінде мемлекет тарапынан реттеліп, тиісті қадағалау-бақылау жұмыстары жүргізілу керек. Бүгінгі таңда бұл сұрақты бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жіті назарға ала отырып, нәтижелі жұмыстар атқаруда.
ТУРИСТЕРМЕН АШЫҚ ДИАЛОГ ЖҮРГІЗІЛМЕЙДІ
– Соңғы он бес жылда аймақтағы кәсіпкерлер саны артты. Мысалы, 2005 жылы осы салада 40 мыңға жуық адам жұмыс істеген болса, бүгінде 50 мыңның үстіндегі кәсіпкерлік бірлігі бойынша аймақ халқының үштен бірі, яғни 100948 адам жұмыспен қамтылған деген дерек бар. Бірақ облыстағы жұмыссыздық деңгейі – 4,9 пайыз. Осы жерде жүз мыңдап жұмыспен қамтылып жатқандар қайда деген сауал туындайды.
– Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2021 жылдың қорытындысымен облыста шағын және орта кәсіпкерлікке 56 976 субъекті тіркелген болса, оның ішінде жұмыс істейтін субъектілер саны 51 063 бірлікті құрады. Онда жұмыспен қамтылғандар саны 104 250 адамға жетіп отыр. Бұл жұмыспен қамтылған азаматтардың 51 мыңнан астамы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар болып табылады. Қалғаны сауда, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ өңдеуші өнеркәсіп салаларында жұмыс істеуде.
– «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы бізге керек пе? Атқарып жатқан жұмыстарыңыз мазмұндас, ұқсас. Палата мен басқарманың ара жігі, айырмашылығы, түптеп келгенде мақсаттарыңыз қандай? Соларды түсіндіріп берсеңіз.
– Жалпы, бұл екі мекеменің түпкілікті мақсаты бір, ол – кәсіпкерлікті қолдау және дамыту. Басқарма кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік саясатты дамытуды, оның ішінде мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, бизнес үшін қолайлы жағдай жасауды, қаражаттарға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Ал, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бизнес-қауымдастық пен мемлекеттік билік органдарын байланыстырады. Облыс әкімдігі өңірлік кәсіпкерлер палатасымен өңірдегі кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Кәсіпкерлер палатасы шағын, орта және ірі бизнес мүдделерін білдіреді және құқықтарын қорғайды. Сондай-ақ, Палата мемлекеттік бағдарламалар аясында оқыту курстарын жүргізуге, отандық өндірісті дамытуға, инвестиция тартуға, ұйымдардың сатып алуларында жергілікті қамтудың үлесін арттыруға қатысады.
– Ал «Байқоңыр» СПК-мен байланыстарыңыз қандай? Екі мекеменің де қазаны бөлек болғанмен, қайғысы бір деуге келе ме?
– «Байқоңыр» СПК бұл мемлекеттік және жеке серіктестіктің негізінде Қызылорда аймағының өркендеуіне ықпал ететін жергілікті даму институты болып табылады. Корпорация кәсіпкерлермен бірлескен кәсіпорын құра отырып, ірі болашағы бар жобаларды іске асырумен айналысады. Басқарманың бұл жердегі рөлі іске асырылатын жобаларды қосымша мемлекеттік бағдарламалар аясында, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы қаржыландыру. Мәселен, «Байқоңыр» СПК-ның қатысуымен құрылған «Қызылорда сельхозпродукт» серіктестігінің қымыз және шұжық өнімдерін өндіру, «Шиелі шұжық» серіктестігінің шұжық өнімдерін шығару, сондай-ақ «Қызылорда жантақ балы» ара балын өңдеу және өткізу жобаларына «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының жеңілдетілген несие қаржысы бағытталды. Бұл – тек қана бір жоба. Бұдан басқа да жобалар бар. Айта кету қажет, «Байқоңыр» СПК бірлескен кәсіпорындарды тек қаржыландыру емес, жергілікті әкімдіктерімен бірлесе отырып, жер алып беру мәселесімен де айналысады.
– Кәсіпкерлік саласының жыл сайын атқаратын жұмыстары жаттанды. Жылда сол мемлекеттік бағдарламалар, несиелеу. Бірақ, экономикада бір жоғары өсім жоқ. Қаз-қалпы. Ресми дерек көздері «керемет» деп айтады, бірақ қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайы барлығын айдан анық көрсетіп отыр. Бұған не дейсіз?
– Әрине, әлеуметтік жағдай, жұмыссыздық деңгейі, қоғамдағы негативтік құбылыстарға қарап, бір саланың жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Соңғы екі-үш жылдағы кәсіпкерлік саласының негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің өсу қарқынына тоқталмай-ақ қояйын. Себебі бұл ақпараттардың барлығы тиісті сайттарда, интернет-ресурстарда, ашық деректерде қолжетімді. Макроэкономикалық көрсеткіштерінің оң өсіміне мемлекеттік қолдау іс-шараларының оң әсерін жоққа шығаруға болмайды. Мемлекеттік қолдау іс-шаралары пандемия уақытында облыс әкімдігімен қабылданған «Облыстың 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары» аясында өндіріске бағытталған жобаларды іске асыруға айтарлықтай септігін тигізді. Облыста тамақ өнеркәсібінде қой, сиыр, жылқы еттерінен консервілер, жартылай фабрикаттар, 16 түрлі шұжық өнімдері, макарон өнімдері, сондай-ақ, асқабақ сусыны мен шоколад өндірістері іске қосылды. Сонымен бірге, құрылыс саласында бірқатар құрылыс материалдарының, сабын және антисептик өндірістері де бар. Бұдан бөлек, алдағы уақытта өңірімізде жастардың тамақ өнеркәсібі саласында «күнбағыс майы», «ет чипсы», «сусын» өндірістері, құрылыс саласында «шеге», «полистролбетон», «травертин», «сайлентблок, профнастил өндірістері», сондай-ақ, тұрмысқа қажетті «эко ыдыс-аяқ өндірісі», «кір жуатын ұнтақ», «резеңке аяқкиім», «тент» өндірістері іске қосылуы күтілуде. Бұл тек бірқатары ғана. Егер қызығушылық танытсаңыз, алдағы уақытта сізді өндірістік нысандармен танысу, ақпараттандыру жұмысын жүргізу үшін баспасөз турына қатысуға шақырамын.
– Туризмді дамыту керек дейміз. Бізге тек аймаққа келетін туристердің саны ғана белгілі. Ал саладағы сапа ше? Олар тарапынан аймақтағы туристік нысандарға беретін бағалары қандай? Соны неге ашық көрсетпеске?
– Сіз айтқан көлемде бізде диалог жоқ. Туризм біздің басқармаға қарағанмен, бар болғаны бөлімде екі-ақ мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. Сосын бір келісімшарт негізінде жұмыс істеп жатқан адам, бас-аяғы үш адам бар. Статистикалық мәлімет сырттан келетіндердің санымен есептеледі. Ал шын мәнінде туристермен ашық диалог, туристік көзқарасты білу жұмыстары жүргізілмейді. Енді алдағы уақытта блогерлерді шақырып, солар арқылы туризмді дамытуға ықпал етсек деген жоспарымыз бар. Бәрімізге мәлім, пандемия басталғалы тек өңірімізде ғана емес, бүкіл әлем бойынша туризм саласы өте қатты зардап шекті. Дегенмен, қазіргі таңда туристік саланы қайта жандандыру жұмыстары жүргізіліп, жаңа бағытта даму үстінде. Бұдан бөлек, «Орда Туризм 2020» туристік компаниясы экстремалды және рухани туризм бағытында жаңа жобасын ұсынды. Қазіргі таңда бұл жобаны жүзеге асыру мақсатында, келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ, «Байқоңыр» кешеніне тур ұйымдастыруға өзге облыстардың туристік компания өкілдері қызығушылық танытып, «Роскосмос» корпорациясымен келіссөздер жасалуда.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Әйгерім НАЖМАДИНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!