Парасат ЖАҢАБЕРГЕНОВ,
Қызылорда қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы:
Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр елінің бас қаласы Қызылорда бүгінде бар аймақ таңдай қағып қарайтын шырайлы шаһарға айналды. Қай салада да ауыз толтырып айтар тыңғылықты дүние көп. Пандемиялық қиын кезеңдерге қарамастан Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалы тұрақты. Кәсіпкерлік кең өріс алып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны жылдан-жылға артып келеді. Бұның өзі – әлеуеттің артып келе жатқандығының белгісі. Биыл президент Қ.Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауына байланысты жүйелі жұмыстар жүргізіліп, ондағы маңызды міндеттер орындалу үстінде. Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Парасат Жаңабергеновпен әңгімелескен едік, Қызылорданың жалпы даму барысы, бөліммен атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жөнінде хабардар етті.
– Парасат Болатұлы, қазір қаладағы қоғамдық-саяси ахуал қалай?
– Есепті мерзімде қала бойынша қоғамдық-саяси ахуал тұрақты деп сипатталады. Дегенмен, қоғамдағы келеңсіздіктер мен кемшіліктер, теріс көзқарастар мен пікірлер қай кезеңде де болары анық. Қазір ақпараттың ағыны да, көзі де көп. Жантүршігерлік жағдайды, оғаш оқиғаны «сенсация» санап, оған елді елітіп әкеткісі келетіндер жеткілікті. Бұл ретте, біз қоғам болып арзан ақпаратты желеу еткен «сенсация» емес, халықтың көкейкесті мәселесін жеткізу, сол арқылы байыбына барып бағасын беру – міндетіміз. Ел бірлігі мен берекесін сақтап, халық пен биліктің бағытын бір арнада тоғыстыру қоғамда тұрақтылықты сақтаудың кепілі болып табылады. Дана халқымызда «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген сөз бар. Ең бастысы, елдің сол сынның шығу тегі мен оны шешу тетігін таба білуі, бұл – үлкен парасаттылық пен пайымды қажет ететін дүние.
– Президент Қ.Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын насихаттауда қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жариялады. Әлемді жайлаған пандемия елді есеңгіретіп тұрған уақытта Қазақстан халқын нақты стратегиялық дамуға бастайтын бұл Жолдауда барлық сала толықтай қамтылды. Жолдауды ақпараттық сүйемелдеу мақсатында қала әкімдігімен арнайы медиа-жоспары әзірленді. Онда пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру, сапалы білім беру, өңірлік саясатты жетілдіру, еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру, саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау, ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы сынды Жолдауда атап көрсетілген басым бағыттар және бес бастама бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық-насихат жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімдігінде Жолдауда жүктеген міндеттерді талқылау мақсатында қалалық идеологиялық актив отырысы өткізілді. Сондай-ақ, одан туындайтын міндеттер бойынша түрлі форматтағы бас-аяғы 50-ге тарта іс-шара ұйымдастырылды.
– Үкіметтік емес ұйымдармен байланыстарыңыз қалай? Олармен бірлесіп істеген қандай ауқымды істерді атай аласыз? Қаржы бөліну жағынан қиындықтар жоқ па?
– Өздеріңізге белгілі, үкіметтік емес ұйымдардың қызметі қоғамның әртүрлі саласын қамтиды. Бүгінде мемлекет тарапынан үкіметтік емес ұйымдарға көрсетілетін қолдау мен өзара іс-қимыл нәтижесінде олардың қоғамдағы әлеуметтік маңызды мәселелерді шешудегі рөлі артып келеді. Осыған сәйкес, бөлім тарапынан қала аумағында өз қызметін жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыс орнатылған. Бөлім тарапынан жүзеге асырылған әлеуметтік жобалар ғылым мен ақпарат, білім беру, дене шынықтыру және спорт саласы мен жастар саясаты бастамаларын қолдау, отбасылық-демографиялық және гендерлік мәселелерді шешуге жәрдемдесу, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталып, жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, биыл үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік маңызды жобаларын жүзеге асыру қызметіне қалалық бюджеттен 22 млн 227 мың теңге қаржы бөлініп, оған 4 әлеуметтік жоба, «Жастар саясаты саласындағы өңірлік бағдарламаларды жүзеге асыру» қызметіне 15 млн 899 мың теңге қаржы қаралып, оған 8 әлеуметтік жоба қарастырылып, жобалар аясында тиісті жұмыстар атқарылуда. Аталған жобалар аясында жыл басынан бері 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар, қала әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Жыл басынан бері кеңестің 2 отырысы онлайн форматта өткізілді. Бұдан бөлек, қала әкімдігі жанындағы 14 комиссия мен кеңес құрамында 23 үкіметтік емес ұйым өкілдері мүшелік етеді.
– Биылғы қала күнін мерекелеуде қандай жоспарларыңыз бар?
– Қала күнін мерекелеу бойынша іс-шаралар жоспары дайындалды. Өздеріңізге мәлім, әлемді шарпыған індеттің қаупі әлі сейілген жоқ. Мерекелік іс-шараларды іске асыру эпидемияға қарсы карантиндік режимге байланысты санитарлық нормаларды сақтай отырып, өткізілетін болады. Жалпы, қазіргідей кезеңде қала күнін мерекелеу қоғамды ортақ мүдде жолында топтастыруға, жағымды көңіл күй мен оң ақпараттық күн тәртібін қалыптастыруға ықпал етуі тиіс. Тұрғындарға ерекше көңіл күй сыйлау мақсатында қаланың орталық көшелері мен алаңдары мерекеге сай безендіріледі. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және қала күні мерекесі аясында ағымдағы жылғы 9 қазанда қала күні мерекесінің бастауы ретінде «Салауатты Қызылорда» атты жеңіл атлетикалық кіші марафоны өтті. Жоспарға сәйкес, «Qosyl acoustic» акустикалық ән кеші, «Қызылорда – таза қала» атты көңілді сенбілік, «Қазыналы Қызылорда» ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі, «Қызылорда – интеллектуалды қала» интеллектуалдық сайысы, «Қызылорда менің көзіммен» атты жас суретшілер байқауы, «Жыр шумағым өзіңе» атты жас ақындар мүшәйрасы, апатты деп танылған көпқабатты тұрғын үй тұрғындарына арналған 50 пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру рәсімі ұйымдастырылады. Сондай-ақ, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерманның 70 жылдығына орай жаңа кітабының тұсаукесері және қалалық Жастар театрының сахналауында режиссер О.Нұрмахановтың «Ұлардың дауысы» атты поэзиялық қойылымының премьерасы өтеді. Осы ретте, қала тұрғындарын өткізілетін шараларға белсенді қатысуға шақырамыз.
– Жастардың дінге бет бұруы көңіл қуантады. Сонда да діни ахуалды тұрақты ұстап тұру, соған тікелей қатысы бар іс-шараларды ұйымдастырып отыру да жастардың өзге ағымдардың жетегінде кетпеудің алдын алады. Осы тұрғыда не айтасыз?
– Қала көлемінде діни ахуал тұрақты. Қазіргі таңда қала бойынша 20 мешіт, 1 шіркеу, 10 өзге діни бірлестік тіркелген. Қала әкімдігі жанынан дін мәселелері бойынша тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында 47 мүшеден тұратын ақпараттық түсіндірме тобы құрылып, нысаналы жұмыс атқаруда. Жыл басынан бері аталған топ мүшелерінің қатысуымен діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында 108 кездесу (71 офлайн, 37 онлайн) ұйымдастырылды. Одан бөлек қалалық ақпараттық- түсіндірмелік топ мүшелерінің қатысуымен карантиндік талаптарды сақтай отырып қалада орналасқан 54 мектептің ұстаздары мен оқушыларына «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу» тақырыбында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, шарада барлығы 2765 адам қамтылды. Сонымен қатар, арнайы әзірленген бейнероликтер жергілікті телеарналар мен әлеуметтік желілерде көрсетілді. Оған қоса, бұқаралық ақпарат құралдарында 31 материал жарияланды. Қала көлемінде 6 дана сыртқы көрнекі үгіт-насихат ақпарат құралдары (билборд) орнатылды. Сондай-ақ, қала әкімдігі арқылы 2014 жылдан бастап «Қала көлемінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған насихаттық шараларды ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылып келеді. Биыл аталған жобаға жергілікті бюджеттен 4 млн 200 мың теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы тәртібімен «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қоры жеңімпаз атанды (келісімшарт жасалған сома – 4 млн 185 мың теңге). Жоба аясында ағымдағы жылдың 26-28 мамыр күндері республикаға белгілі теолог-ғалым, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Дінтану кафедрасының доценті, республикалық ақпараттық-түсіндірмелік топ мүшесі Кеңшілік Тышханның қатысуымен қалалық ақпараттық-түсіндірмелік топ мүшелеріне, қалаға қарасты кент және ауылдық округ әкімдеріне, мешіт имамдарына, арнайы сала мамандарына 3 күндік семинар, 12 кездесу өткізіліп, 300-ге жуық сала мамандары қамтылды. Мұнымен қоса, ЗК-169/5 түзету мекемесінде діни экстремизм бағыты бойынша сотталған 2 азаматпен жеке, 18 азаматпен жалпы 2 топтық кездесу ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Дәстүрлі емес діни ағым идеясының теріс мәнін әшкерелеу, оларға қарсы иммунитет қалыптастыру, зайырлылық, жастарды патриотизмге баулу, ұлттық құндылықты насихаттау мақсатында «Фейсбук» әлеуметтік желісінде «Руханият және дәстүр» парақшасы жұмыс істеуде. Парақшада 506 тақырыптық постер мен бейнеролик жарияланды. Жоба шеңберінде жастар арасында 2 сауалнама жүргізу және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында 5 бейнеролик әзірлеп, адам көп шоғырланатын орындарда көрсету жоспарлануда.
– Өзіңіздің осы қызметке тағайындалғаныңызға көп уақыт бола қойған жоқ. Сонда да аз мерзім ішінде салаға қандай өзгерістер енгіздім деп ойлайсыз?
– Идеологиясы мықты мемлекеттің бағыт-бағдары да, болашағы да айқын келеді. Идеологияның сан алуан қыры бар. Бірде ол сырт дүниені бейнелейтін қоғамдық сананың пішіні болса, енді бірде адамның басты сенімі орнынан көрініс табады, яғни ұлттық идея мәселесінің мәні ұлттың тілегі, ниеті, ойы дегенге саяды. Сондықтан ұлттық идеяны ұлт мұраты деп қабылдайтын болсақ, онда нақты ұлттық мүдде тұрғысынан ой өрбітуге жетелейді. Оны әлемдегі дамыған мемлекеттер мен дамып келе жатқан мемлекеттердің тәжірибесінен көреміз. Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының «Жаңа жағдайдағы қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Ұлттың жаңа болмысы» деген мәселені көтерді. Бұл – тұнып тұрған идеология. Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. «Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт ғана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алатындығы» бұл Жолдауда көрініс тапты. Бұл – бізге берген бағыт-бағдар. Оны орындау, халқымыздың рухы биік, тұрмысы жайлы, табысы жоғары болу үшін аянбай еңбек етеміз. Елге қызмет – абыройлы міндет. Ал енді өзім бұл салаға қатысты қандай өзгерістер енгіздім дегенге келсек. Мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Қызмет өтілімнің алғашқы сатысы оқытушылықтан басталды. Бұған дейін қала әкімдігі аппаратында, білім саласында қызметтер атқардым. Мемлекеттік қызметте азды-көпті тәжірибе жинақтағаным бар. Сол тәжірибем мен біліктілігімді, күш-жігерімді ел үшін, ел бірлігі мен ынтымағы үшін жұмсап, қызмет көрсетемін.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Әйгерім НАЖМАДИНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!