Тәжімұрат ӘЛЖАНОВ, журналист:
– Әңгімеміздің әлқиссасын журналистикаға келу жолыңыздан бастасақ. Бұл салада жұмыс істеу бала күнгі арманыңыз ба?
– 7-8-сынып оқып жүрген кезімде болашақ мамандығым туралы көп ойланатынмын. Алғашында «адвокат» деген мамандықты ұнаттым. Жазықсыз жапа шегіп жатқандарды сотта қорғап, араша түскім келетін. Осы салаға қатысты үлкендерден сұрадым, киноларды көрдім. Бірақ адам өлтірген қанішерлерді де қорғауға тура келеді екен. Ойымнан бірден айныдым. Сол мезетте газет редакцияларын көп аралайтынмын. Шағын әңгіме жазып, кросворд құрастыратынмын. «Халық» газетінде «Тұсаукесер» деген арнайы бет болды. Мен секілді шимақтап жүрген балалардың алғашқы жазбалары жарияланды. Ол кездегі қуанышты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тіпті, құлшынысым артып, жазуды да көбейттік. Газетті қолға алғанда қуанып, сүйінші сұрап жүретінмін. Мұғалімдерім, сыныптастарым оқып, мақтауын асырады. Теледидардан жаңалықты үзбей көріп, тілшілердің сюжетін қайталайтынмын. Өзімнің осы салаға қызығушылығым жоғары екенін байқадым. Содан «журналист боламын» деп шештім. Мектеп бітіретін жылдары сынып жетекшім басқа мамандық таңдауға үгіттеді. Мен есепті жақсы шығаратынмын. «Математика немесе физика таңдасаң, мемлекеттік грантпен оқуға мүмкіндік көп» дейтін. Бірақ ойымды өзгерткен жоқпын. Осы саладан нан тауып жеп жүрміз.
– Журналист ретінде кімнен сұхбат алуды армандайсыз және қандай сұрақ қоятын едіңіз?
– «Халық» газеті бала күнгі арманымды жүзеге асырды. Университет қабырғасында жүріп, осы басылымның тілшісі атандық. Зухра Ермағанбетова, Гүлмира Әшірбекова, Аягөз Әбдіразақова, Асыл Оразова апайларымыздан үйренгенімізді тәжірибе жүзінде жүзеге асырдық. Нұрлан Көбегенұлы мен Нұржан Әбжанұлы да әрбір жанрдың ерекшелігі мен талабын айтудан жалықпайтын. Әсіресе, сұхбатқа ерекше дайындықпен баратынбыз. Ұстаздарымызға сұрағымызды тексертіп, қандай ақпаратты біліп бару қажеттігін сұрайтынбыз. Әлі күнге дейін бұл қағидалардың барлығын мінсіз орындаймыз. Кейіпкердің болсын, спикердің болсын жаңа қырын ашып, осы кезге дейін айтылмаған мәліметті алуға, айтқызуға тырысамыз. Телеарнада интервьюді тіпті көп аламыз. Оны пікір дегеніміз дұрыс шығар. Өз басым қандай да бір тұлғадан интервью алсам, оған мына сұрақты қояр едім деп армандамаппын.
– Журналистика әлемінде жүрген кезде басыңыздан өткен ең қызық оқиға туралы айтып берсеңіз.
– Журналистикада әрбір күнің қызықты өтеді. Түрлі жерге барасың, жаңа адамдармен танысасың, дидарласасың. Қазір – ақпарат дәуірі. Секунд сайын жаңалық жаңарып жатыр. Көрерменнің көзайымына айналу үшін түрлі тәсіл қолданасың. Өзім трюкті тренд қылуға тырыстым. Биік ғимараттардан секіріп, лаулаған өрт ортасынан жүгіріп өту секілді элементтер қолдандым. Адамның зәресін алып, денеңді дір еткізеді. Съемканың сәтті шығуына бірнеше адам атсалысады. Тіпті, әріптестерім де «келесі съемка қашан, енді не істейміз?» деп жүретін. Қыс мезгілі болатын. Дариядағы мұздың қалыңдығы жұқарған. Шеф-редакторым Мөлдір Құлмырзаева тапсырма берді. Төтеншеліктермен бірлесіп, дариядағы қауіпсіздікті түсіндіру керек. Сол түсірілімнен апта бұрын атыраулық әріптесіміз суға құлап, әдемі сюжет әзірледі. Соны түрлендіруге тырыстым.
– Трюктеріңізді үзбей көрдік. Жаңашылдық ретінде қабылдадық. Ол үшін арнайы дайындықтан өтесіз бе?
– Бір байқағаным, бойдағы қорқынышты дер кезінде жеңе білу керек екен. Расын айтсам, өзім судан, биіктен қатты қорқамын. Бірақ сюжетің ерекше шығуы үшін бәрін ысырып қоясың. Өзіме тылсым бір күш көмектесетіндей көрінеді. Экстремалды сюжеттерді төтеншеліктермен бірлесе істедік. Алдын ала дайындалмаймыз. Жаттығу алаңына барып, сөзімізді сол жерде реттейміз. Телеарнада стендап дейтін ұғым бар. Яғни, тілші телеэкранға өзі шығып сөйлейді. Түсінікті болу үшін қимылмен істеп, керек болса кейіпкер кейпіне енген дұрыс. Сонда бейнематериал сәтті шығады, көрермен есінде сақтап қалады. Негізі мұның барлығы – ұжымдық жұмыс. Сондықтан әріптестеріңмен түсіністікпен әрекет ету керек. Бір-біріңді ыммен ұғынбасаң, еңбегің зая кетуі мүмкін. Журналистикаға енгізіліп жатқан жаңашылдықтар өте көп. Трюк – соның бірі ғана. Қазір мұндай қиын элементтерді қолданатын тілшілер республика көлемінде көбейіп келеді. Бұл – көрерменді қорқыту емес, қауіптен сақтау. Осыны ажыратып, түсіну керек.
Тәжімұрат Әлжановтың трюгы:
– Бүгінгі отандық журналистика мен журналистердің кемшіліктерін атай аласыз ба?
– Кемшілік қай кезде де болады. Ол тәжірибемен түзеледі, күзеледі. Біз өткеннен сабақ алып, жаңашылдықты үйрене беруіміз керек. Салалық журналистика да қарқынды дамып келеді. Сыр өңірінде бір салаға машықтанған мықты мамандар жетерлік. Жолдасбек Ақсақалов, Айткүл Шалғынбаева секілді ардагер журналистер сөзімізге дәлел. Ал жастарға қашанда үлкендердің көңілі толмайтыны белгілі ғой. Уақыт өте бәрінің тәжірибесі толысады, мықты маман болады.
– Ешқашан ұмытпайтын, керек кезде демеу болатын, жаныңызға жақын 3 цитата қандай?
– «Ұлық болсаң, кішік бол», «Кең болсаң, кем болмайсың», «Адамның ұяты – бетінде, адамгершілігі – ниетінде». Бұл сөздерді өмірлік ұстанымға айналдырғанмын. Үлкенмен де, кішімен де доспын, сыйласпын. Оны мақтанышпен айтамын. Қызметтің түрлі сатысынан өттім. Ешнәрсе мәңгілік емес. Сондықтан сыйласып, түсінісіп еңбек етуге тырысамын.
– Облыстық «Qyzyqlorda» телеарнасында трюктеріңізбен есте қалдыңыз. Одан кейін мекеме басқарғаныңызды білеміз, жалпы басшы болған қандай екен?
– Еңбек жолымды «Халық» газетінен бастадым деп айттым ғой. Директорымыз Аманжол Сақыпұлы болатын. Басшы деген аты болмаса, ағамыз, әкеміздей болды. Үнемі қамқор болып, демеп жүретін. Балалықпен қателік жасасақ, өзіміз басшыға айтып баратынбыз. «Ұрысады, біздікі дұрыс болмады» деген ой жоқ. Ол кісіден мейірімділік күтіп тұрасың. Екінші басшым – Жағыппар Қарабала. Облыстық телеарнаны түрлендіріп отырған жан. Екі кісі де қатаңдық керек кезде сөзбен түйреп алады, кішкене жетістікке жетсең, мерейіңді асырады. Басшы болу оңай еместігін өзім директор болғанда түсіндім. Отырып алып, тапсырма берумен барлық мәселе бітпейді ғой. «Өңірлік коммуникациялар қызметі» мекемесіне басшылық жасадым. Орталық тек брифинг өткізбейді. БАҚ және әлеуметтік желіге сараптама жасайды, мемлекеттік саясатты насихаттайды. Түрлі бағдарламаларды қысқа ролик, түрлі графикалармен әзірлеп, тараттық. Брифингте де аптаның ең негізгі жаңалықтарына қатысты спикерлер шақыруға тырыстық. Тек басқармамен ғана емес, республикалық орталықтың да тапсырмаларын орындау қажет. Аймақтар арасында бәсекелестік өте жоғары болатын. Үздіктер қатарынан түскен жоқпыз. Көбіне жастар болды. Әр үйдің еркесі, бірінші жұмыс орны дегендей. Барлығына бағыт бердік, білмегенін үйретуге тырыстық. «Кресло» мәңгілік емес, сыйластық бірінші кезекте қалуы керек. Қай жерде жүрмейін осы ұстанымнан айныған емеспін.
– «Журналистің жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» дейді жазушы Шерхан Мұртаза. Артыңыздан ерген жас журналистерге айтатын ақылыңыз?
– Шерхан атамыз айтқандай, абырой биігінде жүру – әрбір қалам ұстаған жанның арманы, мақсаты. Осы жолда бағытымыздан адаспай жүргенімізге шүкір деймін. Төрт жыл журналистиканы оқып, басқа саладан нан жеп жүрген әріптестер көп. Бірнешеуінің осы салаға келіп, тәжірибе жинауына ұйытқы болдым. Қазіргі талаптарына қарап қуанам, көрсеткен жолдан шығып кетпегендеріне риза боламын. Ондай мысалдар өте көп. Бастысы, ізімізден ерген жастарға қолдан келгенше қолұшын беруге әзірміз. Бұнымен өзіміз болдық, бәрін білемін деген сөз емес. Әлі күнге дейін ізденеміз, мақаламыздың сапалы шығуына үлкендерден кеңес аламыз.
– Астанаға қоныс аудардыңыз. Республикалық телеарнаның артықшылығы қандай?
– Жыл басында Елордаға көштім. «Астана» телеарнасына қызметке орналастым. Алғашында жаңалықтар қызметінде жүргем. Көп ұзамай аптаны қорытындылайтын «SarapTimes» бағдарламасы ашылды. Мұнда тақырыпты тыңғылықты зерттеуге уақыт береді. Тиісінше, талап та жоғары. Жаңа ортаға тез сіңісіп кеттік. Әріптестер қолдауын, көмегін көрсетіп отырады. Салыстырмалы түрде жүктеме аз. Облыста жинаған тәжірибеміздің көп көмегі тиіп жүр. Барша әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын! Еңбектеріңіз жана берсін!
– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан
Мұхаммедшах КАЮП
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!