Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ештеңе өздігінен келмейді

16.01.2025, 10:20 183

Наурыз  САЙЛАУБАЙ:

Қоғамға айтары бар азаматтарды сөзге тартқымыз келіп тұрады. Оның жасы мен жынысы маңызды емес. Бастысы, таптаурын түйсік пен стереотиптенген сананы серпілтетін сөзіне қарайсың. Әдетте жастардың ойын аға  буын  елемей  жатады. Оның көрген-білгеніне күмән келтіретіндер де табылады. Бірақ, болашақ сөзсіз жас буынға табысталатыны аксиома емес пе? Жалпы, коммунистік дәуірді көзбен көріп, ойы отарланбаған буынның болашаққа құрған жоспары көп. Тіпті әрекетімен сүйсінтіп жүргендер де табылады. Оны былай қойғанда, билікте жүрген  жастар  да  бар. Елдік  мүддені  көтеру  жолында  аянбай  іс  қылатындарды көргенде  болашағыңа  алаңдауды  азайтасың.

Жуырда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наурыз Сайлаубай Сыр өңірінде болды. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының атынан сайланған депутаттардың бірі – бұл. Қазірде Мәжіліс мінберінде жастар жайлы сөз қозғап, олардың баспана алу мәселесін көтеріп, айлық жалақысын қозғап жүр. Жалпы, жастар саясатын көтеруге күш салып жүргендердің қатарында. Өзі жас болса да, Парламент кулуарында түрлі саяси сауалға жауап іздеп, сарапшы ретінде пікір беріп жүргені мәлім. Қызылорда облысы халқымен кездескенде жастарға қатысты тақырыпты тәптіштеп түсіндірмей қоймайтынын байқадық. Басылымның арнайы «Тұлпар» бетіне жас мәжілісменді сөзге тартып, бірер сауал аясында ойын білген едік.

– Наурыз Саятұлы, Сыр өңіріне қош келдіңіз! Парламенттегі ең жас депутат ретінде көп жерде пікіріңізді байқаймыз. Мұндай мандатта жүргеніңізге көп болмаса да, тәжірибеңізбен өзіңізді дәлелдеп келесіз. Орда бұзар отыз жаста екеніңізді де әлеуметтік желідегі парақшаңыздан байқадық. Отыз  жастағы  жігіт Парламент  төріне  қалай  келді?

– Қош көрдік. Әрине, осы қыз­метке келгелі жұртшылықпен жақын байланыс орнатып, әлеуметтік желідегі белсенділігімізді арттырып, түрлі тақырыпта зерттеулер жүргізіп, мәселелер көте­ріп келеміз. Оны отанымның ал­дын­дағы борышым деп білемін. Ал мәжілісмендердің қатарына қосыл­ғаныма бір жылдан асып бара жатыр. Өзім Жетісу өңіріненмін. Сонда туып-өсіп, аймақта қыз­мет етіп  бастадық. Негізгі мамандығым – теолог. Дін саласында да қызмет ету бұйырды. Одан кейін жастар саясаты сала­сында біраз жыл істедім. Қала­лық, облыс­тық жастар орталығында басшылық қызметтерді де атқарып көрдік. Сондықтан, осы саланың қиындығы мен жауапсыз сұрақтарын бір адамдай білемін. Сондықтан, әрдайым жастар тақырыбын көтеретінім де сол. Оның ішінде айлық жалақы, баспана алу жайын да жастарға айтып келемін. Дәлірек айтсақ, жастар саясаты саласында істеген тәжірибем сайлау науқанынан соң осында алып келді. Қазірде тек «ЖСДП» фракциясының ғана емес, «Қаржы және бюджет» комите­тінің де мүшесімін. Мемлекеттік бюджетті басқаруда есте болу керек дүниелерді қарап, біліп келеміз. Оны тиімді жұмсау мен әлеуметке ашық түрде ақпарат­тандыруды  мақсат  еттік.

– Жұмыстарыңызға  сәттілік. Енді сұхбатымызды  жастар  саласы­на бағыттасақ. Пропогандистердің аудиториясы жастар болды ғой. Ол саяси пропоганда болсын, діни пропо­ганда, бөлінушілік болсын. Жас­тардың пропагандаға еруінің соңы елдік мүддеге зияны қандай болуы  мүмкін?

– Қазірде жан-жағымыз пропоганда болды ғой. Іштен де келеді, сырттан да бой көтеріп жатқандар бар. Ашығын айтқанда, көп нәрсені артық пайдалану үлкен қауіпке алып келуі мүмкін. Ол аса ұлтшылдық, аса діншілдік немесе басқасы болса да. Орта жолды ұстанған адам бір жетістікке жетеді. Бұл жерде азаматтар кез келген пропогандаға бой алдырмас бұрын бірінші жүгінетін дүниесі заң болуы тиіс. Түрлі жағдай болып жатыр ғой, мектептегі орамал мәселесі, спорттық орталықтарда намаз оқитын жер болуы керек деген ұсыныстар, осы және өзге де жағдайдың барлығында заңның диктатурасы болғаны дұрыс. Өйткені пікір көп, ұсыныс та аз емес. Пікір мен ұсыныс артқан сайын пропогандаға еретіндер артып, соңында қиын жағдайға тап болуымыз мүмкін. Сол үшін демократиялық мемлекеттің негізгі қа­ғидатын ұстанып, Конституция­ға бағынуымыз керек. Өйт­пеген жағдайда адамзат өз-өзіне ор қазып, өзін сонда тас­тайды. Пропоганданың апарар жері – сол. Бұл халыққа да, үкіметке де керек емес. Қоғам осы тұр­ғыдан әр пропоганда сипатында айтылған дүниелерге салқынқандылық  таныту  керек.

– Рас айтасыз. Бүгінде діни ағым көп. Қайсысы тура жолда екенін білу қиын. Ал жастар осы ағымдардың кейіпкері боп кетті. Жалпы, жастардың діни сенімінің мемлекеттік сая­сатты  жүргізуге кері ықпалы бар ма? Сарапшы  ретінде  не  дейсіз?

– Негізі дін бөлек, мемлекет бөлек  дүние. Дегенмен, халқымыз – бұрыннан келе жатқан «әһли сунна уәл джамағат» жолды, яғни суниттік бағытты ұстанып келе жатқан қауым. Шынында Ислам дінін бір ғасыр емес, бірнеше ғасыр ұстанып келе жатқан халықпыз. Сол үшін діни сенім, ағым көп, миссионер де жетерлік. Жан-жақтан жастарды өзіне тартып жатқан ағымдар жоқ дей алмаймыз. Шетел асып, Сирияға дейін кеткен азаматтарымыз, «Жусан операциясы» кезінде қаншама халық елге қайтарылды. Сол пропоганда кесірінен болған еді. Үкімет осындай әсіредіншілдікке, жөнсіз уағыз айтатындарға арнайы жұмыс істеп жатыр. Мен сол саланың маманы ретінде өңірлерде дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталықтарымен, басқармалармен, діни конфессиялармен бірлесіп, ынтымақтасып, мемлекеттік саясатты жүргізуге ықпалдасуға күш салудамыз. Әлеуметтік желіде уағыз, подкаст көп, иә, дұрыс жол іздегендер соны тыңдап жатады. Бірақ кейбір діни сауатсыз­дық кесірінен жат ағым жетегіне еріп, қоғамды соған тартып жатқан жастар жоқ емес. Біз осындай мәселелер бойынша жастарды діни сауаттандыру кезінде ақпараттық науқандарды көбейтіп, оның дұрыс бағытта жұмыс істеуіне күш салуға тиіспіз. Жастар үшін қазір бірінші орында білім алу тұрса, елдің келешегінен үміт күтуге әбден болады. Ол мемлекеттік саясатты жүргізуде де оң ықпал етіп, кереғарлық көрсетпейді. Айтқым келгені, дін ашық талқыланып, оны қоғамда насихаттайтын емес, адамның Құдаймен жеке байланысы екенін жұртшылық білсе, мәселемен күресу салдары қиын болмайды. Діни фанатизм – дерт. Ал орнымен іске асса, ешкімге зияны жоқ. Өз замандастарымды әртүрлі ағымның кейіпкері ретінде емес, ұлтына қызмет етуші ретінде көргім  келеді.

– Жастар саясаты саласында жүргеніңізге көп болды. Өзіңіз қозғап, бірақ шешімін әлі таппаған ірі үш  мәселе  қандай?

– Алғашқысы – жалақы. Өте аз. Қазірде көп жерде жастар ұзақ мерзімге мақсат құрып, бір жерде жұмыс істеп жүре алмайды. Мұғалім секілді 10-15 жылдап уақытын бір жұмысқа арнау қаржының аздығына байланысты қиын мәселе болып кетті. Одан кейін баспана мәселесі де әлі толық шешімін таппады. Жалақының аздығы осыған да қолбайлау болып тұр. Тағы бір мәселе – жас буынның қарызға көп жолайтыны. Шағын қаржы ұйымдарына әбден белшесінен қарызға батқандар да бар. Осы мәселелерді әбден зерделеп, үкіметке сауал жолдауды жоспарлаудамын.

– Енді жастардың отбасы құруына келейік. Олардың ойын контент басқарып жатыр. Ал ол контент гендерлік теңдік, ер жігіттің бай болуы, қыз баланың қырық үйден тыйылуы деген дүниелер боп кетті ғой. Қысқасы, коучтардың  контенті  көлеңкеден шығып кетті. Осы контенттің орнын басқа дүниеге алмас­тыру тура­лы ойланып көрдіңіз бе? Жастардың отбасын құру көрсеткішін арттыру  үшін  қандай саяси қадам  бастаймын  деген  ойдасыз?

– Жақсы сауал. Өзім әлеуметтік желіде белсенді болғандықтан, сонда «Әр қазақтың баласы білуі тиіс» деген жобаны іске асыруды ойлап жүрмін. Барған жерлерде белгілі тұлғалардың өмірбаянын айту, істеген  істерінен хабардар ету, қайраткерлігін көрсету, одан бөлек қазіргі таңда бізбен параллель  өмір сүріп жатқан тұлғалардың да өмірін, өмір салтын насихаттау, контент ретінде шығаруды көздеп отырмын. Бұл жас ұрпақтың тек отбасы мәселесінде ғана емес, өмір сүру стилі мен дағдыларын дамытуын­да жақсы көрсеткіш көрсетеріне  сенемін.

– Жобаңызға сәттілік тілейміз. Соңғы сауал болсын. Масылдық көзқарастан арылту үшін жас­тарға не керек? Жас ретінде өз заман­дастарыңызға айтатын үн­деуіңіз  болса…

– Жастарды масылдықтан арылту үшін ең алдымен, олардың бойын­да жеке жауапкершілік сезімін қалыптастыру қажет. Әр азамат өз болашағына өзі жауапты екенін түсінгенде, мемлекеттің қолдауы тек бір мүмкіндік екенін бағалайды. Масылдықты жеңудің негізгі жолы – білім, еңбек және сана­лы шешімдер қабылдау. Мен өз замандастарыма мынаны айтқым келеді. Біз – елдің болашағымыз. Ендеше, әрқайсысымыз өзіміздің қоғам алдындағы жауапкершілігімізді түсініп, үлкен мақсаттар қоюымыз керек. Қолда бар ресурсты тиімді пайдаланып, бәсекеге қабілетті болуға ұмтылған дұрыс. Мемлекет жастар үшін көптеген бағдарлама ұсынуда: білім алуға, кәсіп бастауға, баспаналы болуға арналған жобалар бар. Бірақ ең бастысы – осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдалану. Бір нәрсе анық, қоғамда орын табу үшін еңбек ету керек, ештеңе өздігінен келмейді. Менің жастарға айтарым, әркім өз құндылығын түсініп, болашаққа сенімділікпен қараса, елдің өркендеуіне үлес қосатынымыз сөзсіз. Біз бір-бірімізге тірек болу арқылы үлкен биіктерді бағындыра  аламыз.

– Уақыт бөлгеніңізге көп рақмет, жұмысыңызға сәттілік  тілейміз!

Сұхбаттасқан  Е.ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: