Менің бабам – батыр болған, он шақты бала туғызған, ел билеп, болыстық қызметтер атқарған… Бүгінгілердің бұрынғылар жайлы айтатын әңгімесі – осы сарында. Сөздің сүйкімі болмаса да, бұлай дейтіндер көп қазір. Неге бұрынғы ата-бабамызбен мақтана береміз? Өзіміз сол деңгейге неге жеткіміз келмейді?
Қазір қоғамда ер адамдардың үстемдігі, басқарушылық қабілеті азайып бара жатыр. Демографияны көтеруге қосып жатқан үлес те шамалы. Бүгінде отбасындағы дау-жанжал, ұрыс-керісті ер адамдар бастайды дейді психологтар. Еркек кіндіктің «майыса майдалануына» себеп қандай? Тақырып таңданыс тудырды ма? Өтірік нәрсе жазбадық, тақырып тікелей ерлерге қатысты. Сұхбатты оқып, ауызыңыз ашылып қалмасын, өйткені бұл жағдай сізде де кездесуі мүмкін. Негізінен, ерлер жайлы тақырып таңдағанда, олардың денсаулық мәселесін көтеруді жөн санадық. Дәрігерлерге қаралуға баратындардың дені – қыз-келіншектер. Ал еркек атаулы дерттің соңғы шегіне жеткенше, дәрігерге баруды ұят санайтын секілді. Ер-азаматтар күтімге көңіл бөлмегенімен қоймай, өз ұрпағы мен ұрығына риза болмай жатады. Келіншегі көтермей жүрсе, кінәратты өзгеден іздеуге құмар. Мұндайда уролог кеңесі қажет-ақ. Емхана жағалап, уролог қабылдауына жазылмайтыныңыз түсінікті болған соң, басылымның арнайы «Мырза» бетінде ерлер денсаулығының маманы Олжас Иманғалиұлымен сұхбаттасуды жөн көрдік. Төсек төріндегі тірлікте төре болғыңыз келсе, сұхбатты толық оқып көріңіз.
«БЕС МИНУТТЫҚ ЛӘЗЗАТ МАҢЫЗДЫ БОЛСА, ӨМІРДІҢ ДЕ ҰЗАҚТЫҒЫ ҚЫСҚАРАДЫ»
– Олжас аға, сұхбатымыз қазіргі ер адамдардың денсаулығы жайында болсын. Ел арасында еркектік қуат, еркектік мінездің, еркектің қасиеттің жоғалып, сарқылып бара жатқаны туралы көп айтылып жүр. Осыған байланысты пікір білдірсеңіз. Оған басты себеп қандай деп ойлайсыз? Және оны тоқтатуға бола ма?
– Урология саласында көптеген мәселені көріп жатырмыз. Қазіргі уақытта ерлердің мінез-құлықтары өзгеріп бара жатыр. Қызтекелік қылық басым. Бұрынғы ермінезді азаматтар аз. Бұл дегеніміз – қазіргі генетиканың бұзылысы. Ерлердің бұлай өзгеруі – қазақ халқы үшін жат дүние. Олардың көбіне денсаулық мәселесі маңызды болмай қалған секілді. Мұнымен қоса өзі алдына мақсат қойып, биікке шыққысы келмейді. Бұл дегеніміз – ерлер қауымы жалқауланып бара жатыр деген сөз. Жыл өткен сайын жігіттердегі тестостерон гормоны азаю үстінде. Оның мінезі қалыпты болуы тікелей осы тестостерон гормонына байланысты. Осы өзгерген дүниелерді қайта қалыпқа келтіру үшін ер-азаматтарымыз иманжүзділікке, әдептілікке, ұстамдылыққа бағытталып, бой түзеуі керек. Спортпен тұрақты шұғылдану, дұрыс тамақтану деген дүниені ұстанар болсақ, үш ай ішінде қалыпқа келетін болады. Тек осы нәрселерді әдетке айналдыру керек.
– Өзіңіз көп жылдан бері урология саласында қызмет етіп келесіз. Жеке клиникаңыз да бар. Жалпы, урологиялық қызметке жүгінетіндер көп пе? Қандай шағымдармен келеді? Оларға қандай кеңестер бересіз?
– Ерлердің денсаулығын қалыпқа келтіру саласында жұмыс істеп келе жатқаныма 15 жылдан асты. Урологқа қаралуға келетін ер-азаматтар жылдан-жылға көбейіп жатыр. Бұл денсаулығын бақылауға алған жігіттердің саны өсті дегеннен бұрын, ауырып, асқынудың халіне жеткендер көбейді дегенді білдіретін секілді. Солар амалсыздан қаралуға келеді деген дұрыс шығар. Көрінуге келетін еркектердің шағымын бірнеше топқа бөлуге болады. Оның біріншісі – жыныстық әлсіздік. Екіншісі – қуықасты безінің, қуық жолдарының қабынуы. Оған себеп болатын дүние – салқында көп жүру. Далада, базарда істейтін кісілер осындай симптомдарға ұдайы кездесіп жатады. Қаралуға келетіндердің үшінші санатындағылар – жеңіл жүрісті қыздармен көп жыныстық қатынасқа түсетіндер. Содан қуық жолдарына инфекция жұғып, түрлі мәселеге тап болып жатады. Бұл өте қауіпті зардаптарға жатады. Өйткені, мұндай кезде инфекциядан бұрын ЖРВИ-ға шалдығуы да мүмкін. Мұндайда еркектерде физикулит, простатит, уретрит, эпидидимит деген аурулар пайда болып, оны белсіздікке алып келеді. Одан кейін көп отбасында ажырасулар, бір-бірін жек көру, бағаламау, бала болмау салдарынан екі жұп өздерін кінәлау сынды дүниелер болады. Негізінен, біреумен жыныстық қатынасқа түспестен бұрын, еркек те, қыз баласы да өз денсаулығын ойлауы керек. Егер, 5 минуттық ләззат маңызды болса, өмірдің де ұзақтығы қысқарады. Ал өмір, отбасы, денсаулық маңызды болса, барынша сақтануға, көрінген адамдармен жыныстық қатынасқа түспеуге кеңес беремін. Инфекция қанға түссе, ол адамды түгел ауыртты деген сөз. Мұндайда күдікті адамның ауру тарату деңгейі жоғары. Тіпті, өзінен кейінгі ұрпағы да тұқымқуалаушылық ауруға шалдығуы мүмкін. Сондықтан, жыныстық қатынасқа түсер кезде өз әйелімен ғана болуы қажет. Бұл – медицинадағы маңызды дүниелердің бірі. Алдыма келген пациенттерге де осыны айтамын.
– Қазір ер-азаматтарға арналған түрлі препараттық өнімдер, табиғи өнім деп жарнамаланатын заттар көбейіп кетті. Тіпті, көлікте отыруға арналған ер-тоқым деген де бар. Жік-жігімен айтып беріңізші, ерлерге арналған бал мен ер тоқымның қандай пайдасы немесе зияны бар? Жалпы, сондай жарнамаларды көргенде оған қаншалықты көңіл бөлуіміз қажет?
– Қазір кім өз өнімін жақсылап жарнамалай алады, сол мықты маркетинг маманы болып кетті ғой. Адамдар дәрігерге емес, жай ғана ақ халатты киіп алған сату маманының кеңесіне жүгініп жатыр. Барлығында еркектік мәселе болған соң, урологқа қаралмай, ауруды интернетте кездескен препараттармен емдей салғанды жөн көреді. Мысалға алсақ, әлеуметтік желілерді ашып қалсаң, «еркек бол» деп балдың жарнамасын жақсылап жасайды да, қолдан жасалған дүниелерді қымбат бағаға сата береді. Оның кейін денсаулыққа кері әсері бар ма, жоқ па, оған онша көңіл бөлмейді. Сатылды ма, сатылды болып тұр. Мұнан өзге ерлерге арналған ер-тоқымдардың да жарнамасынан көз сүрінеді. Олардың өнімі ешқандай денсаулық сақтау министрлігімен мақұлданған жоқ, тек халал сертификатын алды, одан кейін өткізе беруге болады деген түсінік қалыптасқан. Ары қарайғы тірлік тек пайда көру болып кетті. Мысалы, сол тауарды сатып алған адамның холестерин деңгейі жоғары ма, мүмкін ол семіздікпен ауыратын шығар, мүмкін балдағы кейбір қоспаларға сатып алушының аллергиясы бар болуы мүмкін, бәлкім гормоналдық бұзылыста жүрген адам болуы ғажап емес. Оны адамдар білмей, сондай өнімдерді сатып ала береді. Мұндайда дәрігерге қаралып, нақты ауруға қажетті өнімді тұтынуға кеңес беремін. Ал үйде жатып, түрлі бал жеу арқылы аурудан айығамын деу – өтірік, миф әңгіме. Егер алған препараты әсер етпесе, қайтадан дәрігерге қаралуға тура келеді. Екі есе шығын.
«КӨП ЕРКЕКТЕ ТЕСТОСТЕРОН ТЫМ ӘЛСІЗ»
– Жалпы, «ұлы сөзде ұят жоқ» дейміз ғой, ер-азаматтар десе, төсек тақырыбы ойға оралады. Осы орайда еркектік қуат деген дүниеге тоқталсақ. Тестостерон гормоны туралы бірі білсе, бірі білмейді. Оның қызметін, біздер үшін алар орнын қоғамға түсінікті тілде айтып берсеңіз. Оны қалай көтеруіміз қажет?
– Еркектердің қуаты төмендеуіне оралатын болсақ, көп еркекте тестостерон тым әлсіз. Түсіп кеткен. Тестостерон гормоны – ерді ер қылатын ең маңызды дүние. Бұл гормонды спорттық сайыстарда міндетті түрде тексереді. Егер тестостерон түсіп кететін болса, спортта да жетістікке мүлде жете алмайсыз. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, бұл гормон біздегі еркектік мінез, қасиет, күш-қуатты, нағыз ер адамға тән қасиеттерді реттеп отырады. Сонымен қатар, екінші жағы – жыныстық өмірде бұл маңызды. Төсектегі тірлікте күш-қуаттың көп болғаны маңызды. Ал тестостерон тиісті нормадан төмен болса, әйелдің қанағаттанбауы деген дүние болады. Мұндайда ер-азаматтар әйелін басқара алмайды. Отбасының ойрандалатынына да басты себептің бірі – осы. Енді оны қалай қалыпқа келтіреміз десек, күнделікті қозғалыс қажет. Одан кейін тамақтану рационының маңыздылығына тоқталған жөн. Түрлі тәтті, майлы, газды, химиялық қоспасы көп тағамдар ағзаға ғана емес, еркектік қабілеттің төмендеуіне де алып келеді. Жоғарыдағы сауалға оралайық. Жарнамадағы бал тестостеронды көтеретін шығар уақытша, бірақ үнемі емес. Көп уақыт өтпей, еркектегі мәселелер қайта шыға бастайды. Өмір бойы қуатты балмен сақтау деген мүмкін емес қой. Тағы бір айта кететін нәрсе – тестостеронды химиялық жолмен де көтеруге болады. Бірақ ол табиғи жолмен көтергенге жетпейді. Мәселен, спортқа қатысатын жігіттерді алайық. Бірі денедегі бұлшықетті химиялық жолмен түрлі гормондармен көтерсе, екіншісі табиғи жолмен шынықтырады. Бірақ кейін химиялық жолмен жасалған бұлшықет солып, тіпті, түрлі ауруға алып келуі де мүмкін. Айтайын дегенім – бұл гормонды табиғи жолмен арттырған дұрыс. Егер оны адам ағзасына шектен тыс сала беретін болса, обыр дертіне әкеп соғуы мүмкін. Негізінен, тестостеронның 95 проценті ер адамдардағы жұмыртқада өндіріледі, оны холестерин тасымалдайды. Ал қалған 5 проценті бүйрек үсті безден шығады. Егер ер адамдардың жұмыртқасы кішірейіп кетсе, гормон да азаяды, ал жұмыртқасы үлкейсе, гормон да арта бастайды. Бұл гормон әйел адамдарда да болады. Оның қызметі ағзадағы артық майды ыдыратуға көмектеседі. Түктердің нормаға сай өсуіне де осы гормон үлкен әсерін тигізеді.
– Тестостерон гормонын арттыруға қандай да бір дәрумендер көмегін тигізе ме? Жалпы, дәрумен қабылдау дегенге пікіріңіз қандай? Маман ретінде қандай дәрумендер пайдалануға кеңес бересіз? Әлде оны пайдаланбай-ақ, тек спорт пен тұрақты қозғалыс жеткілікті ме?
– Әлбетте, бірінші орында – саламатты өмір салты. Оған жоғарыда айтқанымдай, спорт пен дұрыс тамақтануды, үнемі қозғалыста жүруді жатқызамыз. Жалпы, түрлі дәрумендерді қабылдау арқылы да тестостеронды қалыпты деңгейде ұстауға болады. Сонымен бірге цинк селен, фоли қышқылы, Д, В9 дәрумендері жақсы көмектеседі. Бұл дәрумендер тамақтардың құрамында да кездеседі, бірақ жастар көбінде дұрыс тамақтанбайтын болған соң, дәрумендерді қабылдаса, артық емес деп есептеймін.
– Тағы айтар дүниелер болса, мархабат.
– Тамақтану кезінде біз ұн тағамдарын көп тұтынамыз. Сосын тәтті сусындарды, фаст-футты жоғары мөлшерде қабылдауды азайту керек. Мұның салдарынан ағзадағы тестостерон гормоны түседі. Өйткені, ағзада инсулин гормоны бар. Сол көтерілетін болса, тестостерон түседі. Мұндайда артық салмақ, холестериннің шектен тыс артуы сынды дүниелер басталады. Осыдан кеп, дене пішімі әйелдердікіне ұқсайтын еркектер артады. Мінез-құлқы да соған сай өзгеріске ұшырайды. Ал бізге бұл керек емес. Қалыпты форманы сақтау, тестостеронды түсірмеу маңызды.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
ТҮЙІН. Ер-азамат сөзі салмақтылық, шымырлық, мінез, қайраттылық ұғымдарымен сипатталады. Сипатталып ғана қоймай, осылай болуы да керек. Уролог-андролог бүгінгі ер-азаматтар қауымы бұрынғыға қарағанда әлсізденіп, майдаланып бара жатқанын тілге тиек етті. Өтірік дейін десең, «көгілдір» қауым көзге жас үйіреді. Ол ғана емес, жігітпін деп, жезөкшелерді аңдығандар да дертті қоғамды көбейтейін деп тұр. Рас деуге ауызың бармайды. Дұрысы денсаулықты күтіп, «бабам батыр болған» деп шіренбей, шымырланып жүрейік. Байрақты биік ұстайтын ерлер мен ұрпақты көбейтетін жігіттер мықты һәм білімді болуы керек. Қайрат пен ақыл таразыны теңестірсе, атағынан ат үркейтін ағалар артар еді. Әрі тестостероныңызға да көңіл бөліп қойыңыз.
Сұхбаттасқан
Ердәулет ҚАЛИЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!