Жасұлан АЛДАБЕРГЕНОВ:
2008 жылдан бері жастармен тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқан көшбасшы азамат Жасұлан Алдабергенов белсенділік пен ерік-жігерінің нәтижесінде біршама биік белесті бағындырды. Досбол шешен айтпақшы, бәрінен сөз бастау қиын болса да, сөзінің мазмұндылығымен жастарға жол көрсетіп, бағыт-бағдар беріп жүрген өңірдің беткеұстар азаматы. Ол жастар саясатының пәлсапасын терең ұғынып, үздіксіз еңбек, төгілген тер мен адал кәсіптің арқасында облыстың «Үздік көшбасшысы», «Сыр үміті» сынды жетістіктерге қол жеткізген. 2009-2012 жылдар аралығында «Облыстық студенттер альянсының» көшбасшысы болып қызмет атқарған. 2012-2014 жылдары «Жас Отанда», 2013-2015 жылдары «Жасыл ел» жастар еңбек жасағында басшылық, 2015-2019 жылдары облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры қызметінде болды. Қазір «Аслан» балалар киностудиясында кино түсіріп, болашақ ұрпаққа кино сиқырымен тәлім-тәрбие беріп, жастардың танымын кеңейтумен айналысып жүр. Еліне сүйеу, халқына тіреу бола білетін азаматтары мол елдің ғана еңсесі биік, ертеңі жарқын, тәуелсіздігі баянды болатыны даусыз. Міне, 10 жылдан аса уақыттан бері жастармен етене бірігіп жүрген білікті маманмен аз-кем тілдескен едік.
– Жасұлан, таяуда әлеуметтік желіде бөліскен жазбаларыңызды оқып жүріп, өзіңізбен тілдесуді жөн көрдік… Ең әуелгі сауалымыз жастардың қандай мәселесін жиі кездестіресіз?
– Қазіргі кезде жастардың өзекті мәселелерінің бірі – тұрғын үй, жұмыссыздық, сауаттылықтың төмендігі мен талпыныс, ізденістің жоқтығы. Мемлекет тарапынан барынша қолдаулар көрсетіліп жатыр. Көптеген жастар соны дұрыс пайдаланып та үлгерді. Кейбіреуіміз әлі қалың ұйқыдамыз. Мүмкін дұрыс ақпарат берілмей, құлағдар етілмей жүр ме? Білмедім. Жалпы, осыған дейін де айтылып жүрген мәселелер легі жоғарыда атап өткендеріміз. Бұған қоса, білім сапасының төмендігі деп айтқан дұрыс емес шығар. Дегенмен колледж бен университеттерде студенттер теориялық білімді дұрыс алмауынан, практиканың талапқа сай игерілмеуінен жастарымыз 4 жыл уақыттарын құр босқа өткізіп, жұмысқа тұра алмай, жұмыссыздық деңгейі жоғары болып тұр. Міне, содан кейін керек кадрлар аз болады.
– 2019 жыл – жастар жылы болды ғой! Бұл жақсылықтың нышаны деп қуандық. Бір жыл бойы жастардың мәселелері қарастырылды. Алайда толығымен шешілмеуіне не себеп деп ойлайсыз?
– Әрине, жастардың мәселесі бір жылда шешіле қоймас. Жастардың проблемасы толыққанды шешілуге келе жатыр деп айта аламын. Мысалы, студенттердің шәкіртақысы көбейтілді, жастар тәжірибесі, «Дипломмен ауылға», «Болашақ» бағдарламасы сынды мүмкіндіктер көрсетіліп жатыр. Мұнымен шектеліп қалуға болмайды. Әлі де жұмыссыздықты азайту үшін мемлекетімізде кәсіпорындар, зауыттар ашылып, жастар жұмыс істейтін ірі мекемелерді іске қосу керек. Жастар – қоғамның қозғаушы күші, елдің тірегі. Сол себепті алдыңғы шепте жүрген жастардың иығынан демеуіміз қажет. Бізде, өкінішке қарай, мынадай бойымызға біткен дағды бар. Егде жасқа жетсе де, зейнетке шығып жұмыс істей береді. Бұл дұрыс емес. Жастарға мүмкіндік беріп, жол ашуымыз керек. Олардың әрбір басқан қадамын сын мен мінге толтырмай, керісінше ақыл-кеңес айту керек деп санаймын. Қазақтың баласы ешқашан да үлкенге жекіп сөйлемеген. Сондықтан көбі беттей алмай, именшек болып бара жатыр. Міне, осыған өзгерістер қажет. Сол кезде жұмыссыздықтың статистикасы да азаяры сөзсіз.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі баяндамасында сапқа тұрып сарбаз болуға жастардың құлшынысы аз деп айта кетті. Осы жөнінде сіздің көзқарасыңыз қандай? Неліктен әскерге жастар барғысы келмейді?
– Иә, дұрыс айтасың. Жастардың әскерге қызығушылығын қоя бергенде, Отан алдындағы борышы екенін естен шығарып жатыр. Әрқайсысы елім, жерім десе, мұндай келеңсіздік туындамас та еді. Кезінде шетаймақ түгілі, өзге елге әкелеріміз әскерге барды. Олардың бойындағы қасиет қазіргі ұрпақта да бар. Тек қазіргі әскердің ішкі тәртібіне деген ата-аналардың сан сауалы бар екенін айта кеткен жөн. Ең бірінші, неге әскерге барушылар саны аз десек, мемлекетімізде жастарды әскерге шақыру бойынша ақпараттың, түсіндірме жұмыстарының тұтқасы істен шыққанынан деп ойлаймын. Жастардың патриоттық сезімін оятатындай іс-шараларды ұйымдастыра алмай жатыр. Өйткені жастарды біз қызықтыра білуіміз керек. Қазіргі буынның өкілдері басқа екенін әлі ұқпай келеміз. Олардың жүрегінің түкпірінде жатқан сезімді жаңғыртып, жиі жастармен адресті түрде кездесулер ұйымдастырып, әскерде болған кісілермен түрлі форматтағы кездесулер қажет. Енді екінші мәселеге тоқталсақ. Әскерде білесіздер, қазір адам өлімі, ұрып-соғып жынды қылған деген жағдайлар болуда. Иә, әскери тәртіп деген өте дұрыс. Десе де, басшылар іштегі мәселені назардан тыс қалдырмау керек. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» демекші ережеге бағынғанмен, адам баласы болғасын осыған дейінгі болып жатқан жұмбақ оқиғаларға жол бермеу қажет. Ешкім баласын мүгедек болу үшін әскерге жібермейді. Тәртіп қатаң болса да, әрнәрсенің өз шегі болады. Басшылар осыны басты назарға алып, әскерден қаралы хабарды лайым енді естімесек екен. Сондай-ақ, 2 жылдық әскерді енгізу керек деп ұсыныс айтар едім. Бір жыл тым аз. Не үйреніп шығады? 9-10 ай қас қағым сәтте өтеді де кетеді. Ал, 2 жылдық әскерге баратын болса, бір жыл еңбек етеді, қиыншылықтарды көріп тәжірибе жинайды, жарқын өмірге жол ашылады. Елдің қауіпсіздігі де нығая түседі.
– Жастар ресурстық орталығының ашылуына себепкер болған жанның бірісіз. Бұл орталық біраз жастың рухани дамуына, өзінің жан-жақты қырын жетілдіруге жұмыс істеп келеді. Осы орталықтың қай тұсы әлсіреп тұр? Мемлекет тарапынан қандай көмекке зәру?
– Жастар ресурстық орталығы барынша қазіргі кезде жеті аудан және Байқоңыр қаласында жұмыс істеп жатыр. Және Қызылорда облыстық жастар ресурстық орталығы бар. Бірақ әлі де қолымыз жетпей жатқан мәселелер көп. Мысалы, қаланың шеткі аймағында тұратын жастары сол жағалауда орналасқан орталыққа келе бермейді. Келуге мүмкіндіктері де жоқ. Сондықтан көптеген жерлерге кішігірім пункттер ашу керек. Олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, мемлекеттік бағдарламалар туралы түсінігін қалыптастыру мақсатында жұмыс істегеніміз абзал. Қазіргі күні жастардың тең жартысы ең жеңілі жастар тәжірибесі не екенін білмейтіндері бар. Олар толғандырған мәселесімен жастар орталығына немесе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына барады деп айта алмаймын. Бұл ұрпағымыздың болашағына немқұрайды қарау болып саналады. Сонымен қатар Жастар ресурстық орталығына қаржылай қолдау керек. Себебі жастар бір байқауға қатысқанда «Қандай сыйлық бар?», «Жүлде қорында не бар?» деп бірінші кезекте сұрайды. Оларды ынталандыру мақсатында бағалы сыйлық бергеннің еш әбестігі жоқ. Және қысқа метражды фильмдер түсіруге де қаражат жоқ. Содан кейін ақпараттандыру жағы әлсіреп тұр деп ренжиміз. Сосын тағы бір айтатын мәселе. Мақтанғаным емес. Мен Жастар орталығының директоры болған кезде «ананың інісі», «мынаның ағасы» деп жұмысқа қабылдамадым. Арнайы комиссия құрып, іріктеуден өткізіп, мықты мамандарға жол ашып бердік. Осыны қазір де ұстанып, ішіндегі қызметкерлер жастардың арасынан шыққаны дұрыс сияқты.
– Жастарды қолдау жолында ауыр жүгін иығымен көтеріп жүрген азаматтар не істеу керек деп ойлайсыз?
– Елмен бірге болып, жастардың бастамаларын қолдап, оларға әрқашан адал қызмет істеу керек деп санаймын. Елбасымыз бен Президентіміз бірнеше тапсырмалар берді. Бірақ оның жүзеге асуына ықпал етпей, елге қастандық жасап, іс жүзінде түк бітірмей жатқан азаматтардың бары өкінішті. Сол үшін әрқашан халықтың жанында болған дұрыс деп ойлаймын.
– Facebook парақшаңызда «елге жанашыр көшбасшыларды тәрбиелеуіміз керек» деп жаздыңыз. Осының тетігін айта аласыз ба?
– Кешегі митингке байланысты білдірген ой-пікірім ғой. Өңірдегі біршама белсенді жас буын өкілдерінің көшбасшыларын алаңда көре алмадым. Қазіргі кезде Жастар ресурстық орталығында, «Жас Отанда» жұмыс істеп жатқан, жалпы мемлекеттік жастар саясатында қызмет етіп жүрген жастар ел басына күн туғанда бір үн қатпағаны ұят болды. Жастардың ортасында жүріп, арандатушыларға еріп кетпеуін қадағалап, басу айтып, көпті тыңдата алмаса да, үш-төртеуіне болса да әсер берер еді. Өйткені жастың тілін жас түсінеді. Осы уақытқа дейінгі көшбасшы санаған азаматтарымызды қиындықта қолдау білдірмейді деп күтпедік. Бізде көшбасшылар жетерлік. Бірақ мұндай сәтте солар қайда кетті? Тағы да бір ренжігенім, бейбіт шеруге шыққандардың арасынан дуалы ауызды ақсақалды байқамадым. Қазақтың тарихында ымырашылдыққа, бітімгершілікке әкелген осы қадірлі ақсақалдарымыз. Облыс әкімі әйел адам болғасын, қасында жүрген ер-азаматтар, үлкен жиындарда иығына шапан іліп қайтатын ағаларымыз ортаға шығып, өз пікірімен бөлісіп, елді бірлікке шақырса, септігі тиер еді. Қазақстан бойынша Сыр өңірінен шыққан жанашыр көшбасшыларымыз сыртта жүр, басқа салада, өзге облыста. Осылардың ізімен жаңа бір буынды тәрбиелеу керек. Бұл қалай? Яғни университет қабырғасында жүрген студенттерге көңіл бөліп, жастар комитетінің жүйелі жұмыс істеуіне атсалысу керек. Қазір жылтыраққа, атаққұмарлыққа әуестеніп кеттік. Біз бір жыл жұмыс істеп, бір парақ алғыс хатты алғанды мақтан тұтатынбыз. Бүгінгі күні бір парағың ешкімге керек те емес. Сол үшін дұрыс идеологияны қолға алатын, сөздің емес, істің адамы қажет.
– Ұйымдастырылмаған жастарға нендей көмек қажет?
– Ұйымдасқан және ұйымдастырылмаған деп жастарды екіге бөлуге болады. Ұйымдасқан жастардың арнайы басшылары бар десек, куратор, ұстаздары, директоры дегендей. Ал, ұйымдастырылмағандардың мәселесі тасада қалып қойып отыр. Осылардың түйткілді мәселесіне көңіл бөлетін арнайы орталық ашылу қажет. Өйткені түкке қызықпайтын жастар зиянды заттарға үйір болып, әлсіздерге әлімжеттік көрсетіп, бір-бірімен төбелесіп, қылмыстық істерге қатысы болып, кейін опық жеп, нәтижесінде болашақтарына балта шауып отыр. Кежегесі кейін тартқан жастарға қолдан келгенше түрлі көмек ұсынып, қол жалғау қажет. Оларда өзгелер секілді өз биік шыңдарын бағындыруға мүмкіншіліктері бар, тек адасу жолында жүр. Сөйтіп өздерін шектетіп, бір іске қауқарсыз болып отырған жайы бар. Жастар ресурстық орталығында ұйымдастырылмаған жастармен жұмыс істейтін бөлім бар, бірақ оларға басқа да міндеттемелер жүктелген. Сол себепті ұйымдастырылмаған жастардың мәселесі екінші орында қалып қояды. Осыны реттеу үшін жұмыс істесек. Мысалы, рухани жаңғыру орталығының ауқымды істерін, өзімнің айналамда жүрген адамдардың рухани жаңғырғанын көре алмадым. Осының орнына ұйымдастырылмаған жастармен жұмыс істейтін мекеме қылып ауыстыруға болады.
-Қазіргі таңда «Аслан» киностудиясында директор қызметіндесіз. Осы кино саласы бойынша жұмыс бастауға не түрткі болды? Және қолдау бар ма?
– 2018 жылы тамызда эксперимент ретінде ашып көрдік. Басқа жерлерде қызметте болғанымда жастардан көптеген ұсыныс түсті. Біразы қиын болса да, қызығы мол актерлік өнерді бағындырсам дейтіндер көп болды. Әлі де бар. Солармен сауалнама жүргізіп, ұсыныстарын таразылай отырып, актерлік шеберлікті үйрететін орталық ашуға бел байладық. Бастаған ісімізге білек сыбана кірістік. 6-18 жас аралығында жастарды оқытып жатырмыз, біршамасы киноға түсті. Әрине, курсқа қатысу ақылы негізде жүреді. Облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін ескере отырып, 12 мыңнан бастап, қазір 15 мың теңгеге көтердік. Бұл оқушылардан түскен қаражат – ұстаздардың, оператор, режиссерлардың жалақысы. Алдағы уақытта мемлекеттен қолдау тауып жатсақ, тегін оқыту жоспарда бар. Қазіргі күні YouTube желісіне Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Болашақ университетіне қысқа метражды фильмдер, толыққанды сапалы контенттер түсірдік. «Бақталас» сериалы жастардың тілімен әңгімемізді өрбіткенде трендке айналып, көңілдерінен шығуда. Бұл салада жұмыс істеу жеңіл емес. Біз өзге сала бойынша жұмыс істеп, содан түскен қаражатты мұнда құйып, жоқтан бар жасап, киномызды түсірудеміз. Мемлекеттен көмек сұраудамыз. Бір-екі сағаттық форумдарға 3-5 миллионнан бөлініп жатыр, тіпті 10 миллиондап та қомақты қаражат берілуде. Бізге де 5 миллион қаржы берсе, 30 қысқа метражды фильм мен роликтер түсіруге шама-шарқымыз жетеді. Мұны бір конференцияға жиналған 50 шақты адам көрмейді, бүкіл әлем көруге мүмкіншілігі бар. Жастардың стилімен, солардың жүріс-тұрысымен қандай мемлекеттік бағдарламалар бар екенін 2-3 минуттық вайндармен көрсетуге болады.
– Болашақта қандай фильмдер түсіру жоспарда бар?
– Бұйырса, Қызылорда қаласы туралы, жастарға ой саларлықтай фильмдер, мелодрамалар түсіру жоспарда бар. Сыр өңірінде енді ғана киноның иісі шығып жатқан сияқты. Заманауи технологиялар бізде барлығы қамтылған, тек соған қолдау көрсетіп, мұрындық болатын демеушілер қажет. Актерлердің өзі де – Сыр жастары. Олардың қарым-қабілеті де басқалардан кем түспейді. «Дарынды балалар – ұлт байлығы» демекші, бізде, Аллаға шүкір, талантты жастар көп. Солардың дарынын ашып, үлкен киноға түсуіне себепкер болсақ дейміз.
– Тағы айтарыңыз бар ма?
– Облыс әкімі, қала әкімі жастармен көбірек кездесіп тұрса, жылына бір-екі рет дөңгелек үстел басында емес, бейресми жиі кездессе, кешегідей күн кешпейтін едік. Кездесу дегенде қалай? Арнайы жазылған сценариймен емес, тірі форматта сөйлесіп, көп болса 1-1,5 уақытты алар, алайда сол уақыт жастарға көмегі болатынына сенімдімін. Жастар – біздің болашағымыз дейміз ғой. Ендеше, келер ұрпақтың түзу өсуіне ықпал етейік.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Азамат АБИМОЛДА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!