«Бай ауыл» жобасы арқылы аймақтағы ауылдарды байытуды көздеген кәсіпкер Ерұлан Өмірсеріковпен ауыл шаруашылығы саласында әңгімелесуді жөн көрдік. Жалпы, сырбойылық азамат кәсіптің «майын ішкен» маман екенін көбі біледі. Оның кезекті бастамасы тағы да нәтижеге құрылған. Себебі кәсіпкер елдегі ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлар жасауға құмарлықты тежеп, 2-3 жылда нәтижесі көріне бастайтын бастамалар керек деп санайды. Міне, бірқатар кәсіпті қатар алып жүрген азаматтан ауыл шаруашылығын дамытудың тәсілі қандай екенін білейік.
ҮКІМЕТТІҢ АУЫЛДЫ ҚОЛДАУ БАҒДАРЛАМАСЫНДА «ЖҮЙЕЛІЛІК» ЖОҚ
– Ер-аға, елде біраз өзгеріс болып жатыр. Ауыл мәселесін әртүрлі алаңда көтеріп жүрген маман есебінде осы өзгерістер ауылға оң нәтиже әкеледі деп ойлайсыз ба?
– Дұрыс айтасыз, Азамат. Біраз саяси өзгеріс келді. Экономика дұрыс болу үшін, оның алдында дұрыс саясат жүруі қажет. Жаңа келген депутаттардың ауыл туралы ауызын ашқаны кішкене үміттендіреді. Саяси өзгеріс ауылдың дамуына оң өзгеріс әкеледі деп ойлаймын.
– Ауылдың тағдырын тек айтып қана қоямыз. Ел күткендей әлі күнге дейін дамымауына не кедергі деп ойлайсыз?
– Президентіміздің бірінші жарлығы ауылды дамытуға байланысты болуы көп жайды аңғартып отыр. Халықтың жартысы дерлік – ауыл тұрғыны. Ең төмен күнкөріс деңгейі де – ауыл адамында. Әр отбасының табысын арттыру қажеттігін айтқан мемлекет басшысы осы саладағы мәселені түзеуді басты бағыттың бірі деп атады. Ауыл шаруашылығы саласы – «жүйелі» дамытуды қажет ететін сала. Үкіметтің ауылды қолдау бағдарламаларында «жүйелілік» жоқ. Тек ауыл адамын емес, ауылды қоса дамытатын бірегей мемлекеттік бағдарлама қажет. Үкіметтің бүгінгі күнгі «өз күніңді өзің көр» деген саясаты – ауылдың дамуына кері әсер ететін фактор. Елдің етене қауіпсіздігінің бірі азық-түлік қауіпсіздігі екенін ескерсек, бұл салаға аса маңыз аудару қажеттігін бесіктегі бала да біледі.
– Осы орайда, ауылдағы жұмыссыздық туралы айтып өтсеңіз.
– Ауылдағы ең үлкен мәселе ол жұмыссыздық екені рас. Ауыл шаруашылығы дамымай, ауылдағы жұмыссыздық мәселесі шешілмейді. Ауылды жүйелі дамыту дегеніміз – осы. Жұмыссыздық масылдыққа, ал масылдық – адамды рухани аздыруға әкелетін тура жол. Бұл өте қорқынышты, өте қауіпті. Бұл мәселенің басы бүгінгі күні қылтиып көрініп тұр. Қанша қиын, қанша қымбат болса да ауылдағы жұмыссыздық мәселесін шешуге үкімет баруы қажет.
ЖЕРГЕ БАЙЛАНЫСТЫ КИКІЛЖІҢ КӨП
– Ер-аға, сұхбатымыз ауыл шаруашылығына қатысты ғой. Осы саладағы ең көп қозғалатын жер мәселесі туралы ойыңызбен бөліссеңіз.
– Ауыл шаруашылығының негізі – ол жер. Жерге байланысты кикілжің көп. Екі жақтың да өз шындығы бар. Жер үлескерлері мен жерге қаржы салып отырған инвестор арасындағы дау – бүгін бітпейтін шаруа. Ауыл адамына да, инвесторға да тәртіп пен жауапкершілік керек. Жерге байланысты заңды реттемесек, ауылда тыныштық сақтау өте қиын. Жайылымдық жер үкіметтің меншігінде болуы керек деп ойлаймын. Ауыл адамының қорадағы азғантай малына жайылым жетпеуін түсіну қиын. Табысы қорасына байланысты болатын ауыл тұрғынына бұдан кейін қалай ренжисің?
– Өзіңіздің «Бай ауыл» жобаңызды ауыл адамы жақсы қабылдады деп естідім.
– Иә, «Бай ауыл» жобасының тиімділігін мүмкін болған алаңда айтып жүрмін. Ауыл шаруаларымен біршама кездесу өткізіп, ауыл шаруашылығында «ауызбіршілікті тіршіліктің» экономикалық жағынан «тиімділігін» түсіндіріп, дәлелдедім. Шаруалар да қуаттады. Президент өз сөзінде үкіметке «кооперация» бағытын дамытуды тапсырды. Кооперацияны, ауыл шаруашылығын ауызбіршілікпен, бірігіп дамыту деп түсінген жөн. Экономикалық жағынан шаруалардың «кооперацияға» бірігуін тиімді жасамай, ауылдың дамуы екіталай. Елдегі шаруаларға көп түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек. Тез арада ауылды жеңіл қаржыландыратын жаңа мемлекеттік бағдарлама қабылдамасақ, кеш қаламыз. Президент тапсырғасын ауылға жауаптылар ауылда бірігіп тірлік жасауға бағытталған «Бай ауыл» жобасына да мән береді деп ойлаймын.
ӨЗІМІЗДЕ ӨНІМ ӨНДІРМЕСЕК, ӨЗГЕ ӨҢІРДІҢ ЭКОНОМИКАСЫН ДАМЫТАМЫЗ
– Ауыл шаруашылығында өнім өңдеу мен баға саясаты туралы не айтасыз?
– Өзіңіз жақсы білесіз, өзімізде өнім өндірмейінше, азық-түлік бағасына тұрақтылық орнатамыз деген өте қиын, болмайтын шаруа. Өзгенің бағасын өзіміз өзгерте алмаймыз. Шаруаларға «өндірістік» көлемде өнім өндіруге нақты қолдау жасамасақ, олардың «қаржылық» мүмкіндіктері жоқ. Өңіріміздегі ауыл шаруашылығы құрылымдары бірігіп, өңделген өнім көлемін қалыптастырмаса, азыққа баға саясатын жүргізу де, ұстау да мүмкін емес. Әлеуметтік тұрақтылық сақтаймыз деп, құр қаржылық шығынға барамыз. Ауыл шаруасының өндірген, өңдеген өнімін жоспарлы сатып алатын «Дайындау орталықтары» жүйесін құру – бүгінгі күннің басты мәселесі. Қаламызда үлкен сауда орындарындағы сөрелерде тұрған 8-10 мың зат түрінен қанша өнім өзімізде өндірілетінін саусақпен санап шығуға да болады. Бір сөзбен айтар болсақ, өзімізде өнім өндірмесек, өзге өңірдің экономикасын дамытамыз.
– Ер-аға, ауыл шаруашылығын дамытуға қандай іс-шараларды шұғыл қабылдау қажет деп санайсыз?
– Бірінші кезекте ауыл шаруашылығын қолдау бағдарламаларын бірыңғайлау, жүйелеу қажет. Ауыл шаруашылығына байланысты заңдардың тиімділігін арттырған жөн. Кооперация жүйесіне бірігуді барынша қолдау, субсидия түрін қайта қарап, тиімділігін арттыру, қолжетімді ету керек. «Дипломмен ауылға» бағдарламасына түзетулер енгізіп, ауыл шаруасының өнімін алдын ала тапсырыспен сатып алатын «Дайындау орталықтарын» құру дер едім. Ауыл шаруашылығының өзі әртүрлі саладан тұратынын да ескеру керек. Ауылға байланысты көп ойларымыз бір қағазға сыймайды. Дегенмен, бірінші кезекте осы жұмыстар қаралса, тиімділігін көп ұзамай көретін боламыз.
– Ашық әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Азамат АБИМОЛДА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!