Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ақталуға жатпайды» деген құпия қормен жұмыс жүргізілді

25.05.2023, 12:00 822

Дәулет  ОМАРОВ,

философия  ғылымдарының  докторы,  PHD:

Солақай саясат Алаштың талай арда азаматын орға жықты. Билікке бағынбай бас көтергендерді байлап-матап, қуғынға ұшыратты. Тарих әділетсіздікті кешірмейді. Қуғын-сүргін жылдары ішінде Қазақстан аумағында құрылған лагерьлерге 5 миллионнан астам адам жіберілді. Сол жылдардағы орасан зор адам шығыны мен тағдыр тауқыметі әрбір азаматтың жүрегіне жара салды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев егемендіктің алғашқы жылдарынан осы зұлматтың құрбандарын мәңгі есте сақтап, рухына тағзым етуге зор мән берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев та осы ұстанымды жалғастырып келеді. Нәубетті жылдардың ақтаңдақтары мен қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы Қызылорда облысы Қоғамдық даму басқармасының  «Қоғамдық  келісім»  КММ  директорының  орынбасары, философия ғылымдарының  докторы,  PHD  Дәулет  Омаровпен  сұхбаттасқан едік.

– Дәулет Кәрібайұлы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссия мүшелері  қандай тың дүниелерге қол  жеткізді?

– Мемлекеттік комиссияның басты міндеті – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру. Материалдарға жан-жақты әрі кешенді зерделеу жүргізгеннен кейін, халықаралық тәсілдер мен стандарттар негізінде толықтай заңды, ал жекелеген санаттарға қатысты қуғын-сүргін құрбандарын саяси ақтау жоспарланып отыр. Қызылорда өңірлік жұмысшы тобының мүшелері жергілікті өлкетанушылардан,  тарих­шы ғалымдардан, зиялы қауым өкілдерінен құрылған комиссия Қызылорда облыстық мемлекеттік архивімен, құқық қорғау органдарының құпия қорларындағы саяси қуғын-сүргін кезіндегі қаралған істермен танысу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қызылорда облысының мемлекеттік архивінен 6 қордан (Р-1, Р-2, Р-33, Р-107, Р-498, Р-591) 90-ға жуық  құжат  іріктелді.

Атап айтқанда, Қызылорда округтік ат­қару комитеті қоры құжаттарында 1928 жылғы 27 тамызда «Бай шаруашылықтарды тәркілеу» туралы декрет жарияланып, байларды  тап  ретінде  жоюды  қолға  алды.

Қазақ Атқару комитеті және Халық Комиссарлар кеңесі 1928 жылдың 5 қыр­күйегінде байлардың малын кәмпескелеу­мен қатар жер аудару жайлы декрет қабылдады. Бұл декрет бойынша байлардың малын тәркілеп, шаруашылық иелері мен  оларды  жер аударуға рұқсат берілді.

– Облыстық Полиция департаменті мұра­ғатындағы 3 қорда  4669  тұлғаға  қатысты, 3016 қылмыстық іс сақталып тұр деген дерек бар. Сол  қандай  қылмыстық  істер  екенін  атап  айт­саңыз?

– Жұмыс тобы мүшелерінің қатысуымен  Қызылорда  облысы  ішкі істер департаментінде «ақталуға  жатпайды»  деген  құпия  қормен  жұмыс жүргізілді. Жұмыс барысында 1929-1931 жылдардағы ұжымдастыру, көтерілістер кезіндегі, 1937-1939 жылдардағы саяси репрессия тұсында және Ұлы Отан соғысы жылдарында қудаланған азаматтар, күштеп көшірілген халықтар  өкілдері туралы бірнеше іс анықталды.

– «Саяси  қуғын-сүргін  құрбандарын ақтау мәселелері  жөніндегі  өңірлік  экспедиция  жұмысын үйлестіру» әлеуметтік жобасы  туралы  айтып   өтсеңіз?

– Жоба аясында Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда университетінің базасында об­лыстық және аудандарда арнайы жұмысшы топтар құрылып, республикалық үлгіге сәйкес 11 бағыт бойынша зерттеу жұмыстары жүргізілді. 2022 жылы өңірлік жұмысшы топ облыс көлемінде қуғын-сүргін құрбандары жерленген жерлер мен халық наразылығы болған көтерілістер аймағын анықтау мақсатында 7 ауданға көшпелі семинар мен экспедициялар ұйымдастырды. Халық тығыз қоныстанған оңтүстік өңір үшін ашаршылықтың зардабы мол болды. Өңірлік комиссия мүшелері архив қорларындағы мәліметтермен бірге аудандарға экспедиция сапарлары кезінде бұрын беймәлім болып келген жерлерді анықтады. Жұмыс барысында тарихи жерлерді анықтау кезінде архив қорларындағы материалдар және ашаршылықты көзімен көрген жандардың ұрпақтары­ның естеліктері пайдаланылды.

– Жазықсыз жалалы болғандар жерленген аумақтарға белгі қою, зұлмат жылдар зардабы тиген қайраткерлер туралы арнайы ақпараттық  кітапшалар  әзірлеу  міндеттеліп  еді,  сол  іске  асырылды  ма?

– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік  комиссияның жұмысшы тобы жұмысы биыл да өз ісін жалғастыруда. Алдағы уақытта облыс көлемінде ашаршылық құрбандары және жаппай қуғын-сүргін құрбандары атылған жерлерді мемлекет қамқорлығына алуға және  ескерткіш белгі орнату жөнінде ұсыныстар әзірленіп берілетін  болады.

– Қуғын-сүргін құрбандарын жас ұрпаққа насихаттау, олардың еңбектерін ұлықтау мақсатында аймағымызда жұмыстар жыл  көлемінде  жүргізіле  ме?

– Осыған дейін жұмысшы топ мүшелері облыс­тық музей, архив, кітапхана,  құқық қорғау саласының қызметкерлерімен, өлкетанушылар, тарихшы ғалымдар, саяси қуғын- сүргін ұрпақтарының қатысуымен бірнеше кездесу, дөңгелек үстел ұйымдастырды. 2022 жылдың  30  қарашасында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Шоқай­тану» ғылыми орталығында «Сыр өңіріндегі сая­си қуғын-сүргін:  зерттелуі және мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық  конференция  өткізілді.

– Нәубет жылдарындағы құрбандар туралы ғылыми еңбектердің  жарыққа шығуы үшін қандай  нақты  қадамдар  жасалып  жатыр?

– Алдағы уақытта өңірлік комиссия мүшелерінің зерттеу жұмыстарының нәтижесі және табылған архивтік құжаттар негізінде ұжымдық монография, арнайы жинақтар шығару көзделуде. Осы бағытта Мемлекеттік комиссия­ның Жобалау офисі өңірлік комиссиялармен бірлесіп, 2023 жылдың соңына дейін «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысы бойынша мұрағаттық құжаттардың арнайы жинағын және  «Халық жады» (Память народа) еске алу кітаптарының  жинақтарын шығаруды  жоспарлап отыр. Алдағы  31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай бірнеше кешенді іс-шара ұйымдастыры­лады. Атап айтар болсақ, оқу орындарында студент жастармен кездесулер, облыстық архивте, Қоғамдық  келісім мекемесінде дөңгелек үстелдер  өткізу  жоспарланған.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Әңгімелескен

Әйгерім  НАЖМАДИНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: