Мақсат ХАЛЫҚ:
Кеше ғана, қараша айында «теңге 5 пайызға құнсызданды» деген ақпарат тарады. Ұлттық банктің нарыққа араласуының арқасында доллар бағамы сәл тұрақтанды. Ал, 2025 жылы доллар тағы 6 пайызға қымбаттап, 542 теңгеге дейін жетуі ықтимал. Сарапшылар теңгенің құнсыздануына мұнай бағасының арзандауы мен Ресей рублі бағамының құбылуы әсер етеді деген пікір айтады. Осы орайда, дүйім елді дүрліктірген осы соңғы тақырыпты толық тарқату мақсатында Sana business academy директоры, экономист Мақсат Халықпен сұхбаттасқан едік.
– Мақсат Әбілахатұлы, сұхбатқа келісім бергеніңізге рақмет! Бүгінде доллар әлемдік нарықта дауға айналғалы отыр. Бәріміз білетіндей, бұл тақырып қашанда өзекті. Ендеше, осы дүйім жұртты дүрліктірген доллар бағамының өсуіне қандай факторлар әсер етіп отыр?
– Иә, бұл тақырыпқа бірнеше факторды қарастырып көрдім. Бірінші кезекте ең негізгі факторлардың бірі – ұлттық қор аударымдарының азаюы болды. Жылдың басында ұлттық қордан бірінші тоқсанның өзінде 70% аударым жасалып кеткен. Демек, қалған 3 тоқсанға тек 30%-ы ғана қалды. Осы ұлттық қор аударымдары теңгеге кәдімгідей күш-қуат беріп тұрды деп айтуға негіз бар. Соңғы жылдары неге теңгеміз тұрақты, құнды болып тұр? Оның негізгі себебі – ұлттық қор аударымдарының көп болуы. Өткен жылы да 5 триллион теңгеден астам ақша аударылған, биыл да осындай көлемде қаражат аударылып отыр. Бұл – енді жоқ дегенде 10 миллиард доллардың үстіндегі қаражат. Демек, көрдіңіз бе, елге, ішкі нарықта жетіспей жатқан доллар ұлттық қордан келеді және де соған осы жерден теңге сатып алынады, жалпақ тілде айтқанда, теңгеге қолдан күш беріліп тұрды. Яғни, бірінші тоқсанда 70% аударудың негізгі себебі, еліміздің біраз бөлігінде топан су болды, осы апатты жағдайға байланысты үкімет ұлттық қордан өте көп қаржы аудартуға мәжбүр болды. Осы бірінші тоқсанда әр ай сайын ұлттық қордан 800 млн доллардай ақша аударылып отырған, ал жаздың басында теңгеміз 10%-ға, яғни 440-тан 480 теңгеге дейін құнсызданды, сол сәтте бірден осы аударымдардың көлемі 400 миллион долларға дейін, 2 есеге қысқарып қалды. Бұл бірінші себеп деп айтуымызға болады. Ал, екінші себеп, әрине, жаздағы маусымдық кезең. Жаз мезгілінде көптеген азамат шетелге шығады, демалады, балаларын оқуға дайындайды дегендей, жаз мезгілінде долларды сатып алу халық тарапынан көбірек болады. Бұл енді маусымдық кезең ретінде өзінің рөлін ойнады деуге болады. Сол уақытта үкімет осы жағдайды реттеу үшін ұлттық банкке тапсырма береді. Ал, ұлттық банк ұлттық қордың қаражатына «Қазатомпромның» акцияларын сатып ала бастады. Ай сайын 250 миллион доллардан аударып, қосымша теңгемізге күш беріп тұрды. Одан кейін, әрине, ішкі фактор – ол интервенция. Ұлттық банк есебіне қарасақ, тамыз айынан бастап ай сайын интервенция жасап отырғанын көруімізге болады. Бұл да – белгілі бір дәрежеде қолмен араласу, қолмен реттеу, қолмен теңгенің құнын арттыруға үлес қосу. Яғни, алтын резерв қорынан ақшаны шығарып, оны осы қор нарығында арзан бағада долларларды сатады. Тиісінше, долларға деген бағам өсіп кетуі керек еді, бірақ осы әрекет әсерінен доллар бағамы реттеліп тұрды деп айтуға негіз бар. Ал, енді соңғы ойнаған рубль факторы бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке дейін құнсызданды. Бұл фактор, әрине, біздің нарыққа да әсерін тигізді. Біздегі азаматтарда девальвациялық, инфляциялық күтім болды. Демек, девальвациялық күтім халық арасында белгілі бір дәрежеде ойнап кетті. Өткенде де теңгеміз әлсіреп кеткенде, доллар 600 болады, 1000 болады деген дақпырт ақпараттар кең тарады. Енді оны нарықтағы алыпсатарлар дейміз, болмаса нарық ойыншыларының өздері осындай жағдайды қолдан туғызады, яғни, пайда табуы үшін жасалынатын қадамдар десек те болады.
– Осы тұрғыда, маман ретінде халыққа қандай кеңес бересіз? Қаржылай қандай күдіктерді ескере отырып қимылдауымыз қажет?
– Иә, бұл турасында қаржыгерлерде алтын заң бар. «Бәрі сатып жатқан кезде сатпа, бәрі сатып алып жатқан кезде сатып алма». Өкініштісі сол, осындай кез – жоғарыда атап өткенімдей, алыпсатарлардың «ойнайтын» уақыты. Мұндай кезде алданып қаласыз, ұтылып қаласыз. Ақша эмоционалды шешімді жақсы көрмейді. Ақша – салқынқандылықпен шешім қабылдауды ұйғаратын сала. Сондықтан да, қаржыгерлердің алтын заңы бойынша девальвация кезінде мүлікті сатуға және сатып алуға кеңес бермейді. Нарықтың қиын жағдайының аяқталуын күту керек. Сәл әліптің артын бағып барып қимылдасаңыз, қаржылық тұрғыда дұрыс шешім қабылдайсыз деген кеңес беремін.
– Нарық бағамындағы өзгерістер Қазақстанның экспорттық және импорттық секторларына қалай ықпал етеді? Қандай салалар шығындарға ұшырауы мүмкін? Сондай-ақ, ұлттық валютамыз теңгенің құнсыздануы халықтың тұрмысына қалай әсер етеді? Халықтың сатып алу қабілеті қалай өзгереді және инфляция деңгейі қандай болмақ?
– Қазақстанның экспорттық және импорттық секторларына қалай ықпал етеді дегенде, әрине, теңгеміз құнсызданып жатса, бұл экспорттаушылар үшін тиімді. Біздегі экспорт негізінен тау-кен, шикізат саласында. Осы саланың экспорттаушылары үшін бұл тиімді. Өйткені олар доллармен сатады, доллармен пайда табады. Теңгелік айырмада пайда көреді. Ал, импортталушылар үшін бұл өте қиын. Қытайдың өзінен болсын, тікелей юаньмен саудаласып келмейді. Импортты алу үшін алдымен теңгені долларға айналдырып, долларды юанға айырбастайды. Бұның өзі Қытайдан келетін импорттық тауардың бағасының өсуіне алып келеді. Одан бөлек, отандық өндірістік компаниялардың өзі өндіріске шикізатты шетелден доллармен сатып алатын болғандықтан, түпкі өнім бағасы қымбат боп шығатыны бар. Одан кейін, логистика қымбаттайды, ол да белгілі бір дәрежеде тауар бағасының өсуіне алып келеді. Қанша жерден қазақстандық компания болса да айтатындар бар, отандық өнім қымбаттамауы қажет деп. Дегенмен де, олар шетелге шикізатымен тәуелді. Көп жағдайда бізде толық циклді тауарды өндіретін өндірушілер жоқтың қасы. Болған жағдайдың өзінде де шикізаттың алғашқы өңдеуін жасайтындар ғана болмаса, олардың өзі көп емес. Ал, өкініштісі сол, елімізде автоөндірушілер де автокөліктердің көптеген шикізатын шетелден алып келеді, тіпті шикізатын емес, біршама бөлшектерін десек те болады. Оның барлығы түптеп келгенде біздегі автокөліктің де бағасының өсуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, құрылыс материалдары қымбаттайды. Өзімізде арматура өндірісі бар десек те, оның өзінің өте көп бөлігін біз шетелден тасимыз. Ол да құрылыс материалдарының қымбаттауына, ал құрылыс материалы қымбаттаса, тұрғын үй шаршы метрінің бағасының шарықтауына әсер етеді. Міне, осындай жағдайлар тұтастай қымбатшылыққа әсерін тигізеді. Жалпы, бізде девальвация болса, шетелден келетін импорттық тауарлар өте көп, олардың бағасы қымбаттайды. Жаппай қымбатшылық болып жатқаннан кейін, өзіміздің өндірушілер, кәсіпкерлер тауарларының бағасын өсіреді. Себебі, шикізат шетелден әкелінеді, логистика қымбаттайды. Бұның барлығы халықтың төлем қабілеттілігіне, азаматтардың өмір сүру деңгейі сапасының нашарлауына, кедей азаматтардың көбеюіне әсер етеді. Сондықтан да, доллар өсіп жатса, халықтың жағдайы тұрақты болады деген қағида жоқ. Өйткені бізде доллар өссе, тауарлардың бағасы өседі. Ал, ол дегеніміз – халықтың табысы теңгемен, девальвацияның кері әсері деген сөз.
– Әлемдегі мұнай бағасының өзгеруі доллар бағамына әсер ете ме? Қазақстан мұнай экспортына тәуелді болғандықтан, мұнай бағасының өзгерісі ұлттық валютаға қалай ықпал етеді?
– Иә, ол міндетті түрде. Қазақстан жағдайында әлемдегі мұнай бағасы өзгеріп жатса, ол долларға тікелей әсер етеді. Өйткені, экспорт пен импорттың айырмашылығы бар, оны төлем балансы дейді. Төлем балансы деген экономикада термин бар. Біз қанша экспорттап отырмыз және қанша импорттап отырмыз. Егерде біздің экспортымыз ортайып қалса, импортымыз көбейіп кетсе, ол теңгемізге қысым түсіреді. Алып отырған импортымызға қаншама доллар кетіп жатады, екіншіден, шетелге шығаратын экспорттық өнімдеріміздің бағасы 2 есеге төмендейді. Тиісінше, экспорттық әлеуетіміз нашарлап қалды деген сөз. Бұл төлем балансының теріс сальдосын береді, қалдығы теріс болады, өкініштісі сол, ол теңгемізге қысым түсіреді. Алайда, ең қызығы, бізде мынадай. Мұнай бағасы қымбаттап жатқан кезде теңгеміз құнсызданады, ал бірақ, мұнай бағасы өсіп жатқан кезде теңгеміз керісінше құнды болуы керек қой. Ондай жағдай болмайды. Себебі, бұның қарапайым ғана жағдайы Қазақстанда нарықтық заңдар жоқ, не орындалмайды деген сөз. Бізде көбіне нарықты қолмен реттеу бар. Яғни, Ұлттық банктің, үкіметтің араласуымен реттеліп отырады. Сондықтан, теңгенің құнсыздануын, девальвацияның болуын үкімет те қалап отырады. Себебі, бюджеттік тапшылықты жабу керек, ол үшін әр доллардан кіретін кірістің теңгелік айырымы арқылы бюджеттің тапшылығын жабуға болады. Мінеки, сол үшін үкімет іштей девальвацияның болуын қалап отырады деуге болады. Осындай да ұлттық валютаға ықпал ететін факторлар бар.
– Қазақстанда қазір долларсыздандыру деңгейі жоғары болып отыр. Әлемдік нарық бәсекесінде әлсіз екенімізді байқаймыз. Бұл мәселені шешу үшін елімізге қандай шаралар қажет? Жалпы, долларсыздандыру дегеніміз не? Және осы саясаттың әлемдегі тарихи оқиғасына толығырақ тоқталып өтсеңіз.
– Дедолларизация деген саясатты Ұлттық банк жүргізе бастады. Бұрындары krisha.kz, kolesa.kz секілді сайттарда тауар бағасы доллармен бекітілетін еді. Ал, қазір теңгеге ауыстырылды. Енді оны Еуропа елдері 70-жылдары жасап кеткен. Сол 70-жылдардың өзінде олар долларға деген тәуелділікті сезініп, одан кету үшін «SDR» деп аталатын электрондық есепшот жасап шығарды. Содан кейін, 2000-шы жылдары EURO шығарылды. Демек, Еуроодақ доллардан кету амалы – дедолларизация саясатын жасады. Тура осы саясатты Ресей де жасады, Қытай да жүргізе бастады. Енді Қазақстан да жүргіземіз деп жатыр. Демек, әлемде айналымда доллардың үлесі 70%-дан астам. Сондықтан да, ол әлемдік валюта болып тұр. Оны бүкіл әлем пайдаланады, қолданбалы болады және айырбастауға болады, тауар сатып алуға болады дегендей. Ал, енді доллардың күші, өкініштісі сол, бұрындары алтын стандарт деген ұғым болып, соған бекітілуші еді, сол 70-жылдан бастап, бүкіл Америка долларды алтын стандартына байлаудан бас тартады. Неге? Өйткені, 1944 жылы болған конференциядағы шешім бойынша Америка долларды әлемдік валюта жасайды, сол уақытта халықаралық валюталық қорды, дүниежүзілік банкті құрады. Тиісінше, олар әлемге жетпей жатқан долларды жеткізіп береміз дейді. Доллар әлемдік валюта болады, тек ғана алтынмен теңестіру деген талап қояды. Бүкіл әлем елдері осыған дауыс береді, тек Кеңес үкіметі ғана келіспеген дейді. Солайша, доллар әлемдік валюта болып бекітіледі, қолданысқа енеді. Кейінен «сіздер бізге долларды қайтарсаңыздар, біз орнына алтын береміз, өйткені біз алтын қоры бойынша бір елміз» дейді. Алтын стандарт деген осы ұғымды білдіреді. Ал, кейін Франция президенті Шарль де Голль 70-жылдары өзінде бар долларын жинап, Америкаға «долларларыңды ал, алтынға айырбаста» деп келеді. Алайда, Америка сол доллардың орнына алтын қоя алмайтындығын, мұндай ресурсы жоқ екендігін айтады. Сол сәттен бастап, Ямайка конференциясы өтіп, толықтай алтын стандартын алып тастайды. Сонда бұл доллар артында алтындық тірегі жоқ валюта болып тұр ғой. Және де қазіргі уақытқа дейін доллардың сұраныста болуының, құнды болуының себебі нота-вид, Американың әскери күшінің арқасында ғана деп есептеймін өз басым.
Ал, енді еліміз де әлемдік үдерістен қалмай, дедолларизациялау саясатын жүргізе бастады. Долларлық ставкалар, депозиттер – 1%, теңгемен қойсаңыз – 14-15%. Осы арқылы да адамдарды жинақтарын теңгемен емес, доллармен ұстауға ынталандыруға болады.
– Соңғы сауал болсын, төл теңгемізге, яғни ұлттық валютаға деген сұранысты арттыру үшін нақты қандай реформалар мен саяси шешімдер қабылдануы мүмкін? Осы тұста, өзіңіздің маман ретінде ойда жүрген жоба, ұсынысыңызды атап өтсеңіз.
– Бұл сұрағыңызға былай жауап берейін. Ақша, несие саясатын – монитарлық саясат дейді. Оны жүргізетін – Ұлттық банк. Бізде өкініштісі сол, Ұлттық банктің билігінде негізгі әсер етуші саяси күші, бұл базалық пайыздық мөлшерлеме арқылы әрекет жасайды. Соңғы уақыттары, осы базалық пайыздардың өсімі 4%-дан жоғары болуының себебі – сол теңгеге құн беруі үшін жасалған қадамдар. Бірақ, бұның кері әсері де бар. Несие пайызының, қайтарымдардың пайыздық үлесінің жоғары болуы. Бұл экономикалық өсімдерді тежейді. Сол себептен де, бізге негізінен арзан ақшалар керек. Ал, арзан ақшалар болуы үшін нарықта инфляция төмен болуы керек. Өкініштісі, бізде инфляция да 10%-ға жуық. Сондықтан да, инфляция төмендеу керек, ал оған бір ғана Ұлттық банктің күші жетпейді. Бұл жерде үкіметтің индустрияландыру, тауар өндіру бойынша тыңғылықты, кешенді жұмысы қажет. Бізде тәп-тәуір бағдарламалар жасалады, бірақ нақты жұмыс барысын қарасақ, шын мәнінде ешқандай өндіріс те жоқ, ашылған, бірақ жабылып қалған, бәсекеге шыдамайды. Сондықтан, міне, осындай саясат болып тұрғанда теңгеміз ешқашан күшті болмайды. Керісінше, сол өндіріс ошақтары дұрыс жүзеге асса, онда мемлекеттік қолдау саясатын дұрыс межеге қойса, салықтық жеңілдіктер болса, сырттан келетін өнімдерге кеден салығын көбейтсе, сол кезде отандық өнімге қолдау артады. Өзімізден өндіретін өнімдер, арнаулы тауарлар өндірістік жолға қойылады. Тауарларымыз тек ғана Қазақстан ішіне емес, әлемдік деңгейге шикізат болып емес, тұтас тауар ретінде экспортқа шықса, онда әрине, мұның барлығы біздің қуатты экономикамыздың болуын қамтамасыз етеді. Бұл – бір жағынан, тұрақты валютаның да кепілі. Яғни, теңгеміз де тұрақты болады, құнсызданбайды. Сондай-ақ, іскерлік белсенділік жанданады, бұның барлығы экономикалық өсімге әкеледі. Халықтың табысы сапалы түрде өсе бастайды. Осылайша, 3-4 жылда халықтың өмір сүру сапасы жоғарғы деңгейде болады.
– Мақсат Әбілахатұлы, ашық әңгімеңізге рақмет! Жұмысыңызға сәттілік тілейміз! Оқырман осы сұхбатты оқи отыра өзіңіз атап өткен қаржы нарығының қыр-сырын меңгеріп, қаржылай сауаттылыққа нық қадам басады деген ойдамыз.
Әңгімелескен
Перизат ЗАХРАДИН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!