Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ақпараттық саладағы жеңіс – оқырманның сенімін ақтау»

16.04.2020, 10:48 1366

Vatan  OZ,

«Avrupa Media Group»

компаниясының құрылтайшысы:

Әлемдік өркениеттің аса маңызды бөлімдері адамзаттық өлшемге ие болуы­ тиіс. Қоршаған орта, табиғи ресурстар мен ақпараттық тасқын ұғымдары бір-бірінен алшақтамаған жағдайда жаһандану деңгейі қалыпты түрде орнығуы әбден мүмкін. Бүгінде «ақпараттық тасқыннан» гөрі «ақпараттық төңкеріс» жасайтындар көп. Жалпығаламдық даму үрдісінің толқыны жер жүзін жаһандан­у процесіне ығыстырып жатқан кезде журналистиканың әлеумет­тік маңыздылығы күшеюі тиіс. Оған себеп те жоқ емес, ақпарат саласы – заманауи интеграциялық үрдістердің ең ықпалдысы. Осы ретте әлемдік ақпарат құралдарымен тәжірибе бөлісу мақсатында Лондоннан жарық көретін «Avrupa» газетінің және «Avrupagazete.co.uk», «Avrupa­times.com», «Avrupajansi.com», «Avrupaseriilan.com», «Аvruparadyo.com» сайттарының құрылтайшысы Ватан Өзді аз-кем әңгімеге тартқан едік.

– Ватан мырза, Сізді Лондонның медиа-магнаты ретінде білеміз. Сіздегі сәттілік өлшемінің сыры  неде?

– Сәттілік әр адамға түрлі жолмен және түрлі деңгейде келеді. Ал мен өз жолымның ашық әрі сәтті болуы үшін жұмыс қарқынын ешқашан тоқтатпауға тырысамын. Ең басты қажеттілік ретінде өз-өзімнен бақылау жұмысын талап етемін және жаңа технологияларды игеру, жаңалықтарды жедел түрде тарату деп білемін.

– Мойындауымыз керек, журналистика саласы керемет дамыған елдің бірегейі – Ұлыбритания. Ағылшынның «BBC» агенттігін әлем біледі. Сондай бәсекелестік дамыған ортада өзіңіз басқарып отырған алты бірдей медиа құралыңызды қалай  мойындатып  отырсыз?

– Рас, Ұлыбританияда журналистика күшті және зор күшке ие. Айта кетерлігі, британдық БАҚ-қа қатты бақылау жоқ. Тек негізгі бақылау ғана жүргізіледі. Сіз мақаланы баспасөз ережелеріне сәйкес, қалағаныңызша жаза аласыз. Менде дәл қазір 2002 жылдан бастап жарыққа шығып келе жатқан бір баспа газеті және 5 интернет-жаңалықтар порталы бар. Бәсекелестік, жаңашылдық бар жерде алға өрлеу болады. Ақпараттық саладағы жеңіс – оқырманның сенімін ақтау, өзгелерден жедел жұмыс істеу. Мен осылайша Ұлыбританияда өз медиамды басқарып отырмын десем болады.

– Ақпарат кеңістігінде жұмыс істеп келе жатқаныңызға 20 жылдан асты. Осы уақыт ішінде салалық тұрғыда өзіңіз басқарып отырған ақпарат құралына менсінбеушілікпен қарағандар болды­  ма?

– Әрине, кедергісіз, қиындықсыз, жеңіс пен жеңіліссіз өмір болмайды. Ал жұмыс барысында 20 жылда 3 мәрте қиындыққа кезіктім. Қаржылық қиындықтарға байланысты баспа құрылғыларым 3 рет жабылды. Бірақ мен бұл кедергіге бола жұмысымды тоқтатқан жоқпын. Керісінше, сондай мезетте алға ұмтылып, қайтсең де тығырықтан шығудың тетігін іздеп кетеді екенсің. Дәл осы жағдайда мен солай істедім де, газетімді басқа жерден шығаруға тура келді. Уақыт өте келе бұл қиындықты да еңсердік. Бүгінде біздің басылымға 20 жыл толып отыр және жұмысымызды әрі қарай жалғастыратын боламыз.

– Сізді «BBC» ақпарат агенттігін екі рет «тізе бүктірді»  деп  естідік…

– Кейде үкімет BBC-ді мәжбүрлейді. Мұндай жағдай кез келген жұмыста кездесуі мүмкін. Бірақ менікі сияқты жекеменшік секторларға тіс батыру оңай емес. Сондықтан кез келген уақытта кез келген деңгейлесіңді «тізе бүктіруге» болады. Ал сіз айтып отырған оқиға ақпарат беру тұрғысынан  болған  жайт еді. Яғни, бәсекелестік.

– Алпауыт державада БАҚ пен оның өкілдері қандай құрметке ие? Журналистердің әлеуметтік мәртебесі бар ма?

– Қазақстандағы секілді ұлыбританиялық журналистер де әлеуметтік мәртебеге ие емес. Бірақ, назардан тыс қалдырмайды, кейбір журналистерді ерекше құрметтейді. Мысалы, Ұлыбритания мен Еуропадағы түрік қоғамдастығы үшін менің «Аврупа» газетім және мен аса зор құрметке иеміз. Себебі, біз – Британ қоғамындағы түрік қауымдастығымен арадағы алтын көпірміз. Әрқашан елдегі  қауымдастықты қолдаудан біз де аянып қалмаймыз.

– Лондонда дәстүрлі БАҚ пен әлеуметтік желі арқылы ақпарат таратудың қандай айырмашылығы бар?  Еуропа журналистері үшін ақпараттың шынайылығы мен құндылығы маңызды ма әлде жылдам  таралуы  мен  оқылымы  маңызды ма?

– Жақсы сұрақ, рақмет! Дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарында баспасөз этикасын ұстануға уақыт бар, ал әлеуметтік медиада баспасөз этикасын ұстануға уақыт жетпейді. Бірақ, егер сіз білімді журналист болсаңыз, сапалы мақала жазуға уақыт бөлуіңіз керек. Сіз мақаланы зерттеусіз және ресми ақпаратсыз жаза салсаңыз, тұщымды болмайтыны анық. Бұл – дәстүрлі БАҚ өкілдері үшін маңызды. Ең бастысы, шынайы жазу, ешқашан жалған ақпарат таратпау. Ешқашан! Ал, әлеуметтік медиа уақытпен санасады. Ал уақыт өте маңызды құндылыққа ие.

– Журналистикадағы маркетинг пен менеджмент проблемасын шешудің тетіктері деп нені айтар­  едіңіз?

 – Маркетинг және менеджмент топтамасы журналистика саласына «ұнамайды». Өйткені онда сапалы мақала мен жаңалықтарға мән берілмейді. Олар онлайн жаңалық сайттары мен интернет-порталдардағы клик (лүпіл – ред.) үшін маңызды. Бұл күндері маркетинг пен менеджменттің аккредитацияларын алу өте қиын. Өкінішке қарай, бұл журналистиканың сапасына емес, рейтинг үшін жұмыс істейді.

– Блог  жүргізу  қаншалықты  дамыған?

– Мен арнайы блог жүргізбеймін. Өйткені, әлеуметтік желілерде блог жүргізудің барлық мүмкіндігі бар. Мәселен, «Twitter» әлеуметтік желісі. Сонда тіркелген құзырлы органдар мен жауапты адамдардың жазбасына шолу жасап, ресми түсініктемелері арқылы жаңалық жазуға болады.

– Қазақстанда салалық журналистикаға қарағанда әмбебап журналистикамен айналысатындар көп. Бұл бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистің дамуына қаншалықты кедергі келтіреді?

– Дәл осы әмбебаптық пен салалық туралы айтар әңгіме көп. Әрине, әмбебап журналистиканың да маңыздылығы бар. Бірақ, арнайы салаға бейімделген де жөн. Журналист өзінің аймағына қатысты жаңалықтарды біліп отыру шарт. Бірінші кезекте жергілікті ақпаратқа мән беру керек. Әмбебап журналистиканы толық меңгерген маман үшін салалыққа бет бұру қиындық әкелмейді.

– Сырт көзбен қарағанда, Қазақстандағы ақпарат  құралдарына  не  жетіспейді?

– Мен Қазақстанға журналистер конференциясына екі рет қатыстым. Қазақстандық жас журналистердің дені әлемнің жаңа медиасын қолданбайтынын көрдім. Мысалы, әлемдік журналистердің әлеуметтік желілеріне шолу жүргізбейтінін білдім. Ақпаратта шекара мен шектеу жоғын ескерсек, бұл ең бірінші орынға шығатын қателік дер едім.

– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға алғыс білдіремін!

Сұхбаттасқан  Нұрбике  ҚАЗИ

(Сұхбат  ағылшын  тілінде  алынып,

қазақ  тіліне  аударылды.)

Пікірлер:

Рыскелді Жахман үшін пікір үстеу Жауапты болдырмау

Тағы да оқыңыз: