Мұстафа Шоқайдың бюстін жасау туралы конкурс жарияланғанда мен “әкем ғой ” деп бәсекелестікті күшейту үшін, қыздыру үшін қатысқан болатынмын. Сонда көптеген өнер иелері, журналистер менің жұмысыма жақсы баға берді. Бірақ, комиссия мүшелерінің пікірі екіге жарылды. Жалпы, комиссиядағылардың бір-бірін мойындамайтын, өзара қарсылығы бар адамдар екенін сезген де едім. Тіпті, олардың бірі маған тиісе бастады. Мен Мұстафа Шоқайдың тақия киген нұсқасын жасаған едім. Ол болса, “ол кісі мүлдем тақия кимеген” деп қиғылықты салады. Менде фотосы болатын, оның үстіне туыстығы бар, бес саусағымдай білемін ғой. Қысқасы, комиссия отырысы 6 рет өтті. Идеям дұрыс, бірақ, шаршай бастаған соң басқаша жасағаным дұрыс шығар деп жүргенмін. Қанша уақытым кетті, қоя саламын ба деген де ой болды.
Бір күні түнгі сағат 2-лердің кезінде ұйқыға кеттім. 20 минут ұйықтадым ба білмеймін, түс көріп жатыр екенмін. Франция. Париж. Қымбат мейрамхана. Бүкіл өнер иелері бар. Солармен емін-еркін араласып, сұхбат құрып жүрмін. Содан артымнан қара киім киген біреу келіп “Тұр, жұмысыңды істе!” дегендей болды. Мен мұны атам екен деп қабылдадым. Ұйқым қанып қалыпты. Эскизім мені күтіп тұр. Бірден жалғастырып, таң атқанша аяқтадым. Сол жұмысым барлық комиссиялардан өтті. Бірақ, Мұстафа Шоқайға мемлекет тарапынан ешқандай қаржылай қолдау болған жоқ. Демеушілік көмек көрсетілді. Сондықтан авторымын деп арнайы жазған жоқпын. Аман-есен Парижге орнатып қайттық. Онда 24 күн болдық. М.Шоқай атындағы француз-қазақ қоғамының басшысы Яшар Дініш, М.Шоқай қорының төрағасы Базарбай Атабаев, одан өзге Тұрғанбай Маханов, Мұрат Бақтиярұлы, т.б. секілді кісілердің еңбегі көп сіңді.
Суретші, мүсінші Аманкелді Кененбаевтың
«Сол жағалаудан ана образын көргім келеді»
атты сұхбатынан үзінді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!