Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Актердің көптігі шығармашылық өсуіне кері әсерін тигізеді

13.02.2025, 10:40 135

Хұсейн  ӘМІР-ТЕМІР,  режиссер,  Қазақстанның  еңбек  сіңірген  қайраткері:

Биыл Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының 70 жылдығы және режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейн  Әмір-Темірдің  85  жылдығы.

Мерейтой қарсаңында ағамен арнайы жолығып, өнер, театр, қоғам тақырыбында аз-кем әңгімелестік. Тәжірибелі театр тарланының айтары бар. Сексен бестің сеңгіріне шықса да, сөзі жүйелі, ойы орамды. Сонымен, ашық әңгімеге құрылған сүбелі сұхбаттың оқырманға айтары  көп.

АЛДЫМЕН  ШАХТЕР,  КЕЙІН  АКТЕР  БОЛДЫМ

– Бүгінге дейін 20-дан аса рөлді сомдап, 200-ге тарта қойылым сахналадыңыз. Әңгіме әлқиссасын осыдан бастасақ. 

– Бастапқы кезде, 1961-1965 жылдар аралығында театр факультетінде білім алдым. Қазақстанның халық артисі Асқар Тоқпанов деген аса білімпаз ұстаз, шежіреші, кәсіби маман болды. Асанәлі Әшімов, Сәбит  Оразбаев, Райымбек Сейтметов, Фарида Шәріпова, солардың бәрі сонда оқыған. Біз үшінші топ болып оқыдық. Біздің алдымызда екі топты бітірткен. Содан 1965-1967 жылдар аралығында Қарағандыға барып, екі жыл жұмыс істедім. Кейін 1967-1970 жылдары Қызылордада актер болып қызмет еттім. Міне, сол уақыттарда әртүрлі бейнеде рөлдер сомдадық. Шетел классикасынан, өзіміздің классикадан, бүгінгі күн тақырыбындағы бейнелерде ойнадым. Бой бар, дауыс бар, жаман актер болма­дық. Бағасын халық берді. Қарағандыда жүргенде «Қызғаныштан махаббат» комедиясында басты рөлді сомдадым. Содан кейін «Назым хикмет», «Елеусіз қалған есіл ер» драмасында дәрігерді ойнадым. Маман Байсеркенов Мұхтар Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыланды» дастан-драмасын қойды. Сонда ойнадым. Қалтай Мұхаммеджановтың «Жат елде» спектаклінде басты рөл Құрбанды  сомдадым.

– Биыл 85 жастың сеңгіріне шықтыңыз. Мерейтойыңыз құтты болсын. Сексен бес жастың әсері қандай  екен?

– Әсері анау айтқандай әлі сезіле қойған жоқ. Дегенмен, бұл жастың да өзіндік салмағы, бедері, берері бар ғой  деп  ойлаймын.

– Шығармашылық  жолға  түсуіңіз­ге не себеп немесе кім түрткі болды? Актер болу туралы ой ауыл баласына қалай  келіп  жүр?

– 1958 жылы әкемнің айтуымен Ленинградқа бардым. Кеңес кезіндегі ең білікті зиялы қала болатын. «Сонда барып оқысаң да, жұмыс істесең де, бөтен болмайсың» деп қолы­ма жүз сом  беріп, Ленинградқа жіберді. Барғасын бүкіл музейін аралап көрдім. Көркемдік дүниені тануға, көркем өнердің қажеттілігіне ішкі ынтызарлығым артып тұрды. Музей аралауда өмірдегі сұлулықтың, тазалықтың адам жанына әсер ететініне тәнті болдым. Содан елге қайта оралып, 1960 жылы Қызыл­ордадағы политехникалық институтқа инженер мамандығы бойынша оқуға түстім. Кейін жолдама негізінде Қарағандыға шахтер қылып жіберді. Сонда бір жылдай жұмыс істеп, бір жағынан оқыдық. Бір жылдық жұмыс барысында шахтердің өмірін бастан өткердім. Содан ол жұмыс талабыма сай келмейтінін толық сезініп, ол жұмысты да қойдым. Ленинградтағы көрген дүниелерім  өнерге  тарта  бастады.

Шығармашылық жолға келуім өнерге деген ішкі сүйіспеншіліктен болды деп ойлаймын. Оның үстіне ауылда  ән  факультетінде  оқитын жігіт  болды.  Соның ән айтып жүргенін үнемі естіп қызығатынмын. Мүмкін  соның  да әсері болды-ау деп те ойлай­мын. Сосын мен Чаплинді көп көрдім. Бір киносын бірнеше мәрте қайталап көремін. Актерлық­қа  келуі­ме сол себеп болған болу керек. Содан 1961 жылы оқуға түсіп, 1965 жылы  оқуымды үздік аяқтадым.

– Бала Хұсейннің арманы қандай еді?

– Бала арманым ұшқыш болу еді. Біздің үйдің үстінен ұшақтар көп ұшатын. Соны көріп қатты қызығатынмын. Содан «шіркін, аспанда ұшып жүрсең қандай керемет» деген балалық арман болды. Сол бала арманның жетегімен Орал қаласындағы ұшқыштар даярлайтын учи­лищеге құжат тапсырдым. Ең соңғы тексеруде құлағым жарамай елге қайттым. Сол тәтті балалық арман әлі  күнге  көңілімде  сақтаулы.

– Актердің бойынан табылуы тиіс ең  негізгі  үш  қасиетті  атасаңыз.

– Сене білу. Актер сене білу керек. Кейіпкердің сөзіне сену керек. Сенуден барып сезіну туады. Кейіп­кердің өміріне өзіңді алып барасың. Тұрысжан Айнақұлов деген керемет актер болды. Сосын тағы бір актері­міз болды. Сол әнші жігіт шілдеде терезеге қарап тұрып, «Қар жауып тұр» деп әндеткен ғой. Сөйтсе Тұрысжан жетіп келіп, «Кәне, қар, кәне, қар» деп айтады дейді. Сонда ол қар жауып тұр дегенді ән деп ойла­маған, шын айтып тұр деп сенген ғой. Актер­дің кереметтілігі де сонда – бірден  сенуі. Актер үшін бірінші нәрсе – сенім. Екінші, жаныңды тербете білу. Сол сенім арқылы жаның­ды тербете білу. Жаныңды тербету арқылы көрерменге әсер етесің. Сен елші болып кейіпкеріңді көрерменге сендіресің. Актер өзі ойнайды, өзі сезінеді, өзінің  үнімен, тілімен, қимыл қоз­ғалысымен жүрегіндегісін жұртқа жеткізеді. Үшінші қасиет – өзі  инстру­мент, өзі орындаушы.

ҚЫЗЫЛОРДАДА  ӨНЕРГЕ  ҚОЛДАУ  БАР

– Актердің жалақысы, баспана жайлы  не  айтасыз?

– Қазір жаман емес. Жақында ғана 6-7 актер пәтер алды. Жалпы, бүгінде өнер адамдарына қолдау жақсы. Жалақы жағдайы тұрақталды. Біздің Қызылордада өнерге, өнер адамына ерекше құрмет көрсетіледі. Соған жүрегім жылиды, көңілім қана­ттанады.

– Актерлердің сахналық киімдері қанша  уақытта  жаңарып  тұрады?

– Ол спектакльдің қойылуына байланысты. Мәселен, спектакльді дайындаған кезде киімі де дайын­далады. Абылай хан ба, Абылай ханның киімі. Өзіне лайықталып әзірленеді. Бір спектакльде неше мәрте киім ауысатын болса, сонша киім  дайын  тұрады. Ойнағаннан ке­йін орнына қайта қояды. Жиі қойылатын қойылымдарда, әсіресе бүгінгі күннің спектакльдерінде арнайы киім сақтау кабинеті бар. Әр аптаның басында арнайы жиналыс өткі­зіліп, өткен қойылымдар айтылып жатады. Сонда «Мына артистің мына киімі ескірген сияқты. Ауыстыру керек-ау» деп кезекші адам айтады. Басшылық ескеріп, әкімшілік арқылы киімді қайтадан жаңартады. Екі жылдан кейін киімді ауыс­тыру керек деген әңгіме жоқ. Уақытқа байланысты жаңартылып тұрады. Бір спектакль екі-үш жыл қойылғаннан кейін тоқтап қалады. Өзінің уақыты бар. Киімі де арнайы бөлмеге қойылады. Кейде мүмкін болса, басқа спектакльдерге  де  пайдаланады.

– Режиссер кезіңізде актерге рөл беруде  жаңылысқан  кезіңіз болды ма?

– Ондай  сәттер  кез  келген режиссердің  басынан  өтеді деп ойлаймын. Негізгі спектакльдерде жаңылысуға мүлде болмайды. Онда сен негізгі актер­ге сенесің. 2014 жылы алғаш және соңы рет жаңылысқан сәтім болды. «Қаракөз» деген спектакль қойғанда актерлардан жаңылыстым. Оның әртүрлі себебі болды. Сол спектакль  өзіме  де  ұнаған  жоқ.

Кезінде мынандай сәттер бола­тын. Министрліктің бекітуімен бес спектакль қойылу міндеттеледі. Министрлік драматургтерден пьесаны қабылдап, бізге жібереді. Оған өзіміздің ойымызда жүрген спектакль­ді қосамыз. Міне, содан келіп біреулер қателесіп жатады. Актерлер сәуір айынан бастап үш ай өнер сапарында болады. Екі бригада болып бөлінеді. Бірі шетелге, бірі елде қалады. Сондай кезде рөлді жақсы ойнай алатын актерге шамалас адамға бересің. Өйткені спектакльді  шығару керек. Сондайда  дұрыс  қойылым  шықпай жатады. Мұны жаңылысу емес, қажеттілік дейді. Жаңылыс жоғарыда айтып өткенімдей, бір-ақ рет болды. Және өзіме  де  үлкен  сабақ  болды.

ТЕЛЕДИДАР  мен  ТЕАТРДЫ  САЛЫСТЫРУҒА  БОЛМАЙДЫ

– Халықаралық фестивальге қатысу, өнер бәйгесінде бақ сынау театр үшін  нендей  нәтиже  береді?

– Ол театрдың деңгейін көрсетеді. Кімсің, қандай өнер ордасысың? Неңмен қызықтырасың? Сенде көретін дүние бар ма? Өнер туын­дысын әкеле аласың ба? Міне, осындай сұрақтарға жауап береді. 1992-2003 жылдары Талдықорған қаласында Бикен Римова атындағы театрда бас режиссер болып жұмыс істедім. 2003 жылы Қызылордаға ауысып келдім. Келген бойда Махамбеттің 200 жылдығына арналған спектакль қою керек болды. Содан қызу  дайындыққа кірістік. Махамбет туралы  пьеса  көп. Бірақ ең жақсысы – Иранғайыптың пьесасы. Оны үш театр қояйын деп жатыр. Біреуі – Орал қаласының театры. Одан орын жоғы белгілі. Фестиваль Оралда өтіп жатыр.  Талдықорғанда жүргенде Ілияс Жансүгіровтің «Исатай-Махамбет» деген пьесасын қойдым. Сол көріністе екі ақынның тағдырын алып келдік сахнаға. Соны қояйын десем, Алматының өзі қойып жатыр. Содан ойлана келе Исатай мен Махамбеттің ең соңғы сахнасы бар. Сонда орыс әскерлері келіп, қоршап жоқ қылайын деп жатыр. Сонда Исатай: «Махамбет, сен кет, сен аман қал. Мен мыналарды ұстай тұрайын» деп сахнада қалады. Содан кейін Махамбеттің өмірі қалай өрбиді? Соны жазу керек болды. Тәкен Әліпбай деген драматургпен бірлесе жұмыс істедім. Қойылымда басты қарсылас етіп Жәңгірді емес, Баймағанбетті алдым. Соны жатпай-­тұрмай дайындалып, Оралдағы фес­тивальге апардым. Екінші орын еншілеп, елге үлкен абыроймен оралдық. Қызылорда театры соған дейін фестивальге қатыспаған ғой. Бірден атағы республикада дүрілдеп кетті. Бір мәрте ғана қатысып, сурет­шіміз «Үздік суретші» деген номинация алған. Ал орын алу деген мүлдем болмаған. Келер 2004 жылы Талдықорғанда Жүсіпбек Аймауытов­тың «Қанапия» шығармасын, Бейім­бет Майлиннің «Талтаңбайдың тәртібі» комедиясын қосып спектакль шығардым. Сол спектакль Қос­танайда өткен республикалық фестивальде де екінші орын алды. Сол екінші орынмен Қазан қаласына халықаралық «Нау­рыз» фестива­ліне жолдама ұтып алдық. Респуб­ликада екі  рет  орын алып, үшінші рет халық­аралық деңгейге бір-ақ шықтық. Ол жақтан «Ең үздік ер бейнесі» номинациясын жеңіп алып, жақсы табыс­пен қайттық. Сонымен Қызыл­орда театры­ның аты шыға бастады. 1995 жылы Шекспирдің «Макбет» спектаклін сахналадым. 2005 жылы бізде респуб­ликалық фес­тиваль өтті. Н.Беке­жанов театры­ның 60 жылдығына орай, Гран-При алдық. 2012 жылы Түркияның Кониа қала­сына бардық. 2015 жылы Лондон сахнасында ойна­дық. Сөзге құрылған спектакль. Соның өзін ағылшындар шынайы ұғынып, жылы қабыл­дады. Актерлеріміз соншалықты терең сезіммен ойнап шықты. Актер­лік шеберліктің құдіреті осында. Актер қойылым қоюда көрермен жүрегіне жеткізу керек. Актер рухани толысқан кезде сөздің де керегі болмайды. Ол жерде адам жанының әсері ғана көпшілікке әсер етеді. Артист өзін рухани меңгерген кезде ойнай да, ойлай да біледі. Өйткені, көрерменнің қабылдауы оның соншалықты көтерілуіне себеп­ші бола­ды. 2015 жылы Шотландияда «Ақ баян» спектаклін сахналап, керемет әсермен қайттық. Міне, соның бәрі театрдың тәжірибе жинауына мол мүмкіндік берді. Осындай мәдени толысқан өнері бай театрымызға 2019 жылы академия атауы берілді. Бұл – біз  үшін  зор  жетістік.

– Қазір әуесқой актерлер кө­бейіп кеткені жасырын емес. Бұл  кәсіби  актердің  бағасын  кемітпей  ме?

– Қазір уақыттың кезеңі сондай. Жалпы, теледидар мен театрды салыс­тыруға болмайды. Халықты шоу арқылы өзіне баурап алу үдеп тұр. Жеңіл әзіл, мәнсіз әнмен көрер­менге әсер ету белең алып тұрғаны жасырын емес. Әуесқой актерлардың басым бөлігі – Темірбек Жүргенов академиясын бітірген түлектер. Біздің кезімізде актерлік мамандықты бітіргендер бірен-саран болатын. Бірінші немесе екінші курстан кейін де мамандыққа сай емессің деп оқудан шығарып жіберетін. Қазір бұл мамандықты бітіргендердің саны көп, сапасы аз. Талап жоқтың қасы. Жалпы, қазір театрдың жағдайы жаман емес. Жақсы спектакль, мықты кәсіби актер көп. Сол мені қанаттандырады, қуантады. Кәсіби актердің бағасы уақыт өткен сайын өсе береді. Мықты талант қай кезде де өзін көрсете алады. Оған ешқандай  дау  жоқ.  Уақыт  талабы  сондай.

– Ел  болашағы  – жастардың  қолында. Ал жастардың болашағы жар­қын  болуы  үшін  не  істеуіміз  керек?

– Ең бірінші мектеп тәрбиесін қолға алу керек. Негізгі нәрсе – мектепте. Түрлі реформа жасалып жатыр. Бірақ білім алу деңгейі қандай? Мысалы, қазір мектеп оқушыларының білімдарлықтан діндарлыққа  бет бұруы белең алып бара жатыр. Бала­лардың деңгейін интеллектуалдық ой-сана көтереді. Жас мамандарға жағдай жасау керек. Мамандығымен жұмыс таба алмай жүретіндер көп. Әр жас маманның диплом бойынша жұмысқа тұруына Үкімет жағдай жасауы маңызды. Жұмысшы маман­дықтар  жетіспейді  деп  айтылып жатыр. Соны жолға қою керек. Шын ниетімен оқыған мамандығы бойынша жұмыс істеген жас  маман  еліне  пайдасын  тигізеді.

АКТЕРЛАРДА  ТАПШЫЛЫҚ  БАР

– Сіз екі дәуірдің өкілісіз. Бүгінгі актер мен бұрынғы актерда айырмашылық бар ма? Не жетіспейді, нендей  артықшылық  бар?

– Бұл – өте терең сұрақ. Жай жауап беруге болмайды. Кеңес үкіметі кезінде өнердің жан-жақты дамуына қолдау ерекше болды. Театрдың директоры мен бас режиссерін министр­лік тағайындайтын. Жергілікті жер ұсыныс берген күннің өзінде министрлік шешім шығарады. Режиссер актерлер шеберлігін жетілдіріп жұмыс істейді. Актер кем дегенде жылына  бір-екі  рөл ойнауы  керек.

Қазіргі актерларда еркіндік бар. Актерларда тапшылық бар. Тап­шылыққа байланысты асаба болады. Ән айтатындары тойға барады. Сахнада да көретіні сол, тойда да көретін дәрежесі сол. Қазір актер өзінің шығармашылығымен ғана айналыспайды. Ал бұрын тек шығармашылықпен айналысатын. Үсті-үстіне спектакль қойылып жататын. Жан-жағына қарауға да мүмкін­дігі  бола  бермейтін. Бұрын бір  театрда  25  актер  болса,  қазір  55-60 актерге дейін бар. Актердің көптігі шығармашылық өсуіне кері әсерін тигізеді. Міне, негізгі айыр­ма­шылық  осында  жатыр.

– Туған  жер  несімен  қымбат?

– Туған жер – Отаныңның кішкентай бөлшегі. Үйіміздің алдында ұзын ағаш өсіп тұратын. Терең­өзектен 6-7 шақырым жерде тұрдық. Сонда сол ағаштың төбесі көрінген кезде үйге жеттік-ау деп мәз боламыз. Үйге келгеннен кейін ағашты ойламайсың. Бірақ оқудан қайтқанда ағаштың төбесін көрсең, міндетті түрде үйің есіңе түседі. Міне, туған жердің құдіреттілігі осында. Әкем соғыста болды. Анам азаннан кешке дейін егістік басында жүреді. Сонда ерте жұмысқа бара жатып үш жастағы  мені оятып, тамақтандырып  кетеді  екен. Сондай махаббатты қалай  ұмытасың? Туған жер деген – сол  ата-анаң,  өскен  ел-жұртың.

– Теледидар жиі көресіз бе? Газет көп  оқисыз  ба?

– Теледидардан жеке бағдарламаларым бар көретін. Соларды көремін. Ал арнайы уақыт бөліп көремін деп айта алмаймын. Газетте де сондай. Білікті мамандардың сөзі болса, елең еткізетін тақырып болса, міндетті түрде қараймын. «Түркістан», «Сыр бойы», «Тіл сақшысы» газеттерін  қарап  отырамын.

– Қазақы құндылық қазіргі қо­ғам­да  қадірін  жоғалатқан  жоқ  па?

– Қазақы құндылық жоғалса, халық­тың болашағы бұлыңғыр болмақ. Құндылықтың қадір-қасиеті қайта қазір артып келе жатыр. Бір ғана Қызылорданың өзінде облыс әкімінің бастамасымен қаншама мәде­ни-рухани ғимарат салынды. «Өнер орталығы», «Анаға тағзым», «Оқушылар сарайы», аудандарда «Руханият орталықтары» бой көтеріп жатыр. Осының бәрі қазақы құндылықтың дамуына септігін тигізе­ді. Кезінде Темірбек Жүргенов көптеген мектеп салды. Аудандарда театрлар ұйымдастырды.  Соның бәрі қазақ қоғамының құндылығының  дамуына  ықпал  етеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: