Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әскер – қоғамнан бөліп қарастыруға болмайтын институт

07.05.2024, 12:40 2511

Амангелді  ҚҰРМЕТ,

әскери  сарапшы, журналист:

Қазіргі геосаяси ахуалдың шиеленісі қорғанысты күшейту керегін қаперге салды. Бірақ, жоғары технологиялық қару-жарақ пен әскери техниканың базасына бас қатырып, астарына үңілмей жүрген сияқтымыз. Тінін тарқатсақ, талай мәселе менмұндалап шығады.

Иә, әлемдік  тенденция  тактиканы  жаңартуды дәлелдеді. Мемлекетті қуатты, әскери әлеуетті әлі де нығайту үшін түрлі фактор мен фактіге зер салған абзал. Бұл туралы әскери сарапшы, журналист  Амангелді  Құрметпен  әңгіме  өрбіттік.

– Қазір рейтинг реттемейтінін, салаға қатысты болжам жасаса да нақты баға бере алмайтынын түсіндік. Сіздіңше, әлем елдерімен салыстырғанда  әскери  әлеуетіміз  қандай?

– Әлбетте, әлем елдерінің әскери әлеуеті жайлы түрлі рейтинг жарияланады. Соның ішінде медиа Global Firepower-ге көбірек жүгінетіні рас. Бірақ мынандай жағдайды ескеру керек. Рейтинг – ол статистика. Ол –медиаға азық. Тіпті қоғамға да талқылап, өзара пікірталас ұйымдастырып, баға беру үшін керек. Алайда рейтинг қандай да бір елдің әскери әлеуетін білдірмейді. Елдің қорғаныс қабілеті оның экономикалық әлеуеті, халқының білімі, логистика, инфрақұрылым, тылдағы мүмкіндіктері, әскери және азаматтық өнеркәсібі, әскер саны, жарақтандырылуы сынды көптеген фактор негізінде реттелетіні сөзсіз. Сондықтан Қазақстанның қандай да бір елмен салыстырғанда әскери әлеуеті мынадай деп бағалау қиын. Кез келген елдің әскери әлеуеті ұрыс жағдайында ғана белгілі болады. Естеріңізде болса, 2021 жылдың жазында тәліптер Ауғанстан билігін қолына алды. Шын мәнінде, сол уақытта Ауғанстан әскері Орталық Азияда біршама жақсы дайындықтан өткен, АҚШ-тың, НАТО-ның, басқа мемлекеттердің қолдауына сүйенген, техникасы әжептәуір жаңғырған әскер саналатын. Алайда қаруланған, белгілі бір идеологияға жұмылдырылған тәліптер күші Ауғанстан әскерін ұрыссыз тізе бүктірді. Осы оқиғаға қарап отырып, «Ауғанстанның әскери әлеуетін мынадай орын деді» деп қалай бағалауға болады?! Демек, шынайы ұрыс болмайынша қандай да бір елдің әскери әлеуетін бағамдау қиын.

2022 жылдың ақпанынан бері Ресей мен Украина арасында соғыс болып жатыр. Ал әлемдік рейтингтерде Ресей қарулы күштерінің мүмкіндігі мен қорғаныс қабілеті жағынан АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр. Іс жүзінде, майдан даласында жағдай сәл басқаша болып жатыр. Сондықтан еліміздің әскери  әлеуеті мынадай орында деп баға бере алмаймын. Өкініштісі сол, 2019 жылдан бері қорғаныс бюджетіміздің біршама төмендегенін ескеру керек. Мемлекет қаржысының көбі әлеуметтік саладағы, инфрақұрылымдағы мәселелерді шешуге жұмсалып, әскерді толыққанды қаржыландыру мүмкіндігі болмай тұр. Негізі әскердің қорғаныс қабілетін арттыру үшін қаржыландырғанда елдің жалпы ішкі өнімінің кем дегенде 1 пайызы жұмсалуы керек. Дұрысы – 2-3 пайыз, бірақ 1 пайыздың өзі маңызды. Білуімше,  Қазақстанның  қорғаныс  бюджеті  елдің жалпы ішкі өнімінің 0,48 пайызын құрайды. Яғни жартысындай ғана деген сөз, 1 пайызға әлі жеткен жоқ. Сондықтан қаржы мәселесіне назар аударғанда әскери әлеуетімізді әлі де жетілдіре түсу керек деген ойға келемін.

– Әскери техникаға тоқталайық­шы. Сапа мен санды қаншалықты бақылауда ұстау керек? Тойтарыс беру­ге  елдегі  техника  қауқарлы  ма?

– Бүгінде әскери техникаға назар аударып жатырмыз. Рас, әскери техниканың көбі Кеңес Одағынан қалған және Ресей Федерациясынан алынған. Дегенмен Қарулы Күштерде біршама жаңалық бар сияқты. Шамасынша, мүмкіндігіне қарай техниканы жаңғыртуға тырысып, ұшақ, бронды көлік пен дрон, дүркіндетіп ататын атыс қондырғыларын алып жатыр. Бірақ ел аумағының тым үлкен екенін және бүкіл қаржыны әскерге ғана жұмсап отыра алмайтынымызды ескеру керек. Әдетте «шабуылға тойтарыс беру мүмкіндігіміз бар ма?», «техни­ка жеткілікті ме?» деген сауалдар жиі қойылып, талқыланады. Елдің қорғанысында басты фактор – адам. Сондықтан, керісінше «азаматтар қаншалықты патриот?», «еріктілер ел қорғауға қаншалықты дайын?», осы жағына көңіл бөлген жөн. Мысалы, Украинадағы жағдайды қарайтын болсақ, мобилизация күрделі деңгейде жүргізіліп жатыр. Украина­дағы соғысқа алғашқы жылдары еріктілер өте көп қатысқан. Ал қазір мәжбүрлі түрде әскер қатарына алып жатыр. Соның өзінде адам саны жетпейтіні байқалады. Яғни алғашқы патриоттардың көбі жараланды, жер жастанды. Бірақ техника бәрібір өз рөлін  атқаратыны  сөзсіз.

Енді елдегі техникаға оралайық. Алдағы жылдары Түркияның компаниясымен бірлесіп дрон жасауға көшерміз. Петропавлда дүркіндетіп ататын атыс қондырғылары жасалып жатыр. Бронды көлік құрастыратын зауыт та бар. Бірқатар техниканы ұрыс даласында жөндеу дағдысы жетілуде. Десек те ірі әскери техника өндіретін зауыттар жоқ екенін мойындауға тиіспіз. Мысалы, танк, ұшақ, зымыран кешендерін өндіре алмаймыз. Әскерді қаруландыруға қажет техниканы бәрібір шетелден алуға  мәжбүрміз. Сан мен сапа мәселесіне келгенде әзірге техниканың сапасы төмендеу. Көбі ескірді. Мыса­лы, былтыр 117 ұшақты қолданыстан шығарып, жоюға жібердік. Бөлшектеліп, түсті металл ретінде көзін құртады. 117 ұшақтың ішінде МиГ-27, МиГ-29, Су-24, Су-27, тіпті МиГ-31-ге дейін бар. Мұны күтіп-баптап ұстауға қаржы таппа­дық. Оларды өндіретін елдерге барып, жөндетіп, түзетіп келуге мүмкіндік болған жоқ. Ал 117 ұшақ әскердің қорынан шығарылғанда мейлі ескірген болса да, ол әлемдік рейтингте бірден Қазақстан ұшақ­тарының саны кемігенін көрсетеді. Бұл жерде сан мәселесі. Ал сапаға келсек, әлі күнге заманауи әскери танк жоқ. Бәрі – Т-72 танктері. Ол модернизациядан өткен. Бірақ ең заманауи танк болып есептелмейді. Біршама әскери техникамыз бол­ғанымен, сапасы көңілден шығатындай  деңгейде  емес.

Жалпы, әскери техника – сан салалы бағыт. Оған шынайы ұрыс техника­сынан бастап, радио­элек­трон­ды күрес құралдары, радиолокациялық станциялар, байланыс құралдары, эвакуциялық қондырғылар, радар мен инженерлік әскердің құралдарын жатқызуға болады. Олардың әрқайсысын жетілдіріп отыру  үшін  әскери  бюджет бірте-бірте өсіп отыру керек. Мүмкіндігінше техникаларды өзімізде жасайтын, азаматтық және әскери мақсатқа қолдануға даяр тұратын кәсіпорындар ашылғаны дұрыс. Ашылғаннан кейін өнімнің өз қажеттілігімізге жарап, шетелге де сатылғаны артық етпейді. Кейде техниканы маманның қаншалықты меңгергені де көп мәселені шешеді. Мысалы, Қарабақ соғысы кезінде Әзірбайжан әскерлерінің Д-20, Д-30 зеңбіректері арқылы ұрыста сәтті қимылдағанын байқадық. Украина да моральдық тұрғыда ескірген С-125 зениттік зымыран кешенімен сәтті ұрыс жүргізгенін көрдік. С-200 зениттік зымыран кешенінің зымырандарын жетілдіріп, оларды да пайдаланған. Яғни мамандар білімді болса, техниканы, өзі қолданып жүрген қару-жарағын меңгерсе, барға қанағат етіп, сол техникамен де елді қорғауға болады. Табысты әрекет етуге де мүмкіндік туады. Бірақ «жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында» деген сөзді қаперде ұстаған ләзім. Қандай сипаттағы шабуыл болуы мүмкін екенін болжай алмаймыз. Қазіргі таңда Қазақстан үшін қандай да бір елмен кикілжің жоқ, болмайды да деп ойлаймын. Бірақ терроризм қаупі әрқашан сақталатынын ескеру керек. Өйткені трансұлттық қылмыстық топтар, террористер кез келген сәтте кез келген мемлекетке шабуыл ұйымдастыруы ықтимал. Екіншіден, ел тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін басқа элементтер болатынын ұмытпаған абзал. Соның бірі – гибридті соғыс. Ондай элементтер кейде әскерді қажет етпейді. Сондықтан техниканы жаңғырта отырып, қоғамның өзге салаларын  дамыту  маңызды.

– Техниканы өзімізде өндіру үшін шикізаттың жоқ екендігі айтылады. Ал бұл мәселені қалай реттеуге болады? Импортқа тәуелділікті төмендететін  өндірістік  цикл  құра  аламыз ба?

– Техниканы өзімізде өндіру үшін шикізат базасы бар. Дегенмен шикізатқа негізделген ғылымымыз әлсіз. Айталық, бұрынғы «АрселорМиттал», қазір «Qarmet» компания­сы болды. Мұнда болат өндіріледі. Демек, болатты жетілдіріп, танктің бронын  жасау  мәселесіне  ғылым  керек  деген сөз. Брон күрделі ғылыми ізденісті қажет етеді. Карбон сынды элементтер қосылады. Заманауи зымыран мен атыс құралына төтеп беретіндей сапалы болу керек деген сияқты талаптар бар. Түркия­ның қорғаныс өнеркәсібі кешені өзгенің ғылыми жетістіктерін ала отырып, мүмкіндігінше жақсы дүние­лерді жасай бастады. Қателес­песем, соңғы бесжылдықта түріктер металмен мотор­ларды құрастырды. Кәдімгі стандартты трактордың, авто­мобильдің немесе ұшақ моторы адамға қалыпты дүние болып көрінуі мүмкін. Бірақ құрастырудағы металдың сапасы өте маңызды. Кейбір мотордың ішіндегі қысым сұмдық болғандықтан, соған төтеп беретін металл керек. Ұзақ уақытқа жарайтын болуы да маңызды. Меніңше, шикізатты өнімге айналдыратын ғылым және ғылымды дамытып, оны әскери бағытпен үйлестіретін жобалар жоқ. Қазақстан Қарулы Күштерінде импортқа тәуелділік жо­ғары деңгейде. Көп жылдар бойы Ресейден импорттадық. Одан кейін азды-көпті Израильден, Франция, Қытай, Түркиядан алдық. Елімізде «Paramount Engineering» компания­сы бар. Бронды көліктердің сауытын шведтердің болатынан жасайды. Импортқа тәуелділік деген кезде әскери мақсатта не өндіреміз және оның құрамдас бөлшектері қаншалықты деңгейде өзімізде шығатынына назар аудару керек. Айналып келгенде бәрі ғылымға тіреледі. Отандық үлесті алдымен 5-10 пайыз, 50-70 пайыз деп ақырын өсіре беруге болады. Бұл – өте ұзақ мерзімді жоба­лар. Бірден бір-екі жылда шешіле қоймайды. Мысалы, снаряд жасайтын зауыт ашылатын болса, снарядтың металынан бастап порох, тротил сапалы жарылғыш дәрісіне дейін маңызды. Оны шикізаттық тұрғыдан кез келген химия зауытынан алуға болғаны­мен, сапасына мән берген абзал.

Бірнеше жыл бұрын Қарағанды­да патрон зауытының құрылысы толық аяқталып, іске қосылды. Ал снаряд зауыты әлі салынған жоқ. Шығыс Еуропада, Таяу Шығыста, Израильдің газа секторындағы ұрыс­та және Украинадағы соғыста снаряд, атыс құралдары тапшылығы байқалды. Израиль Хамас шабуыл ұйымдастыр­ған кезде әуе қорғаныс кешендерінің зымырандары жетпейтінін аңғарды. Сөйтіп Америкадан алғызды. Украи­нада да снаряд тапшылығы жоқ емес. 2023 жылдың жазында ресейліктердің өзінде снаряд тапшылығы болған. Олар Солтүстік Кореядан, Ираннан алғызды деген ақпарат бар. Сондықтан, импортқа тәуелділік қауіпті деңгейде. Бұл жерде бірінші «нені жасаймыз?» «қандай зат өндіруден бастаймыз?» деген мәселе қойылып, ғылым тартылуы тиіс. Әлбетте, геосаясат, төңіректегі елдермен дипломатия­лық қатынас бар. Әскери техниканы өндіру, қару-жарақ нарығы ұдайы бақылауда болады. Сол үшін көрші-­қолаңнан бастап алыс-жақын, ірі-ұсақ­ты державалардың «не себепті қару өндіре  бастадыңдар?» деген сауа­лына жауап беретіндей уәжіміз де даяр тұру керек. Геосаяси шиеле­ніс күшейген заманда әскери өнеркәсіпті жетілдіру арқылы кіммен жақсы қарым-қатынаста боламыз, кімнен мейлінше іргемізді аулақ сала­мыз сынды көп­теген сұраққа жауап беріп, сол бағытта саясат  құру  керек.

Өзімізде техника өндіру – өте күрделі мәселе. Бірақ әртүрлі деңгейдегі әскери өнім жасайтын отыздан астам кәсіпорын бар. Соларды жетілдіру қажет. Дегенмен алдағы 20-25 жылда Қазақстан ұшақ жасай алмайтыны сөзсіз. Өйткені бізде оның базасы жоқ. Соған қарамастан ірі жобаларға қатысуға ұмтылу маңызды. Түркия «Каан», яғни «Қаған» атты ұшақ жасап жатыр. Еліміздегі кәсіпорындар олардың жартылай өткізгішін, кейбір кабелі мен катапульті сынды шағын детальдарын өндіріп, бірлес­кен жобаларға қатысқаны да дұрыс. Өйткені қорғаныс өнеркәсібі кеше­нінде серіктестік құра отырып жұмыс істеу табысты болады және кейбір мәселені дер кезінде шешуге мүмкіндік  береді.

– Әскерге барудан жалтаратындар бар. Өйткені, соңғы уақыттағы оқыс оқиғалар соған себеп. Қазір әскерге барғандарға жеңілдік жасалуда. Бұл жастарды әскер  қатарына  қосуға ынта­лы  ете  ала  ма?

– Өкініштісі сол, қоғамда әскерге барудан жалтаратындар бар. Бұның себебін дөп басып айту қиын. Әлеуметтік себептен немесе дүниетаным, пайымнан басталуы мүмкін. Қазіргі қоғам ішінде әскери әлімжеттік көп. Қауесет, шынайы ақпарат та тарап жатады. Әскерге барған баласы сол жақта қайтыс болған ата-аналар да бар. Зорлық-зомбылық жасайтын әскери қызметкерлер де болады. Мұның бәрі әскердің беделін түсіріп жатыр. Әскерге барғандарға түрлі жеңілдік жасап, оқуға грант беру немесе басқа да ынталандыратын тетіктер арқылы жалтаратындардың қатарын азайтуға болатын шығар. Бірақ мұндай іс-шаралар қоғамдағы кешенді мәселелерді түбегейлі шеш­пейді. Өйткені, әскерден жалтарудың қайнар көзі балабақша мен отбасыдан, қоғамдағы пайым-түсініктен басталады. Біздің қоғамда қылмыс әлемінің кейбір түсінігі мен ережелері әлі жұмыс істеп тұр. Мысалы, әлі күнге көп азаматтың арасында Тараз қаласын, Жамбыл облысының жерін «криминалды авторитеттердің мекені, бұзықтар болған аймақ» деп, белгілі  мөлшерде мадақ­тап қалғанын білмей-ақ айтып, наси­хаттайтын­дар кездеседі. Сол сияқты ел ішінде кейбір мәселені криминал­ды авторитеттердің амал-айласымен шешуге ұмтылатындар жоқ емес. Оның үстіне жемқорлық бар. Бұның барлығы жинала келе «әскерге барудың қажеті жоқ. Ол саған не береді?», «уақытыңды текке жоғалтасың» деген ұғымдарға әкелуі мүмкін. Материалдық құндылыққа да ұмтылыс күшейіп келе жатыр. Тез табыс тапсақ дейміз. Ал мұндай сәтте уақыт жоғалтқысы келмейтіндер кездеседі. Демек, бұл да белгілі мөлшер­де  ықпал  ететіні  анық.

Жалпы, әскерден жалтарудың себептерін кешенді әлеуметтанулық және мәдениеттанулық зерттеу негізінде анықтау керек. Біз әзірге толық анықтадық дей алмаймыз. Белгілі бір бағыттар негізінде ғана анықтаған шығармыз. Бірақ жеке көзқарасым бойынша, қоғамда мемлекетшілдік деген ғажайып түсінікті қалыптастырған жоқпыз. Билік пен мемлекетті бір ұғым деп бағалаймыз. Мысалы, атқамінерлердің әрекетінен түңілсек, оны мемлекеттен түңілгенмен бірдей қабылдаймыз. Яғни, бір министрдің оқиғасы қоғамға мемлекеттің әрекеті сияқты көрінеді. Ал шын мәнінде мемлекет қандай да бір атқамінерден, министр­ден, Үкімет басшысынан немесе тағы басқадан жоғары тұраты­ны сөзсіз. Түріктерде «мемлекет – тәжім» ұғымы бар. Патшаның басында бола­тын тәж. Олар мемле­кетті, елді ең үлкен құндылығы ретінде бағалай­ды. Сондықтан мемлекет­шілдік басым. Біздің қоғамда мемлекетті ең үлкен құндылығы ретінде көру және оның талаптарын орындау, мемлекетті қорғауға, дамытуға белгілі бір үлесінің бар екенін сезіну ұғымы жоғары деңгейге жеткен жоқ. Сондықтан әскерден жалтаратындар бар, бола да беруі мүмкін. Бәлкім, түрлі ынталандыратын тектіктер арқылы азайтармыз, бірақ  түбегейлі жоя алмаймыз. Қоғамдағы түрлі пайым-түсінік, криминалды әлемнің кейбір ережелерімен өмір сүру, соны заң үстемдігінен жоғары қою сан түрлі мәселе туғызумен қатар азаматтық және құқықтық қоғам қалып­тастырумызға  кедергі келтіреді.

Әдетте құқықтық қоғам қалыптаспаған аймақтарда әскерден жалтару, әлімжеттік жасау, тұрмыстық зорлық-зомбылық, түрлі деңгейдегі тұрмыстық қылмыстар ешқашан азаймайды. Сондықтан әскердегі мәселені тек әскердің мәселесі деп қарастыруға болмайды. Шын мәнінде бұл қоғамның ірі мәселелерінің әскерден көрініс табуы ғана. Мыса­лы, суицид қоғамда бар, әскерде де болады. Әлімжеттік, жауапкершіліктен жалтару қоғамда бар, демек әскерде де көрініс береді. Яғни, әскер – қоғамнан бөліп алып қарас­тыруға болмайтын, елдің дамуымен қатар жүретін институт. Бірақ ерекше тәртібі мен бағыты бар институт. Қысқасы, білім беру жүйесінен бастап, отбасы және демократиялық құндылыққа дейін баратын көптеген мәселені бірте-бірте шешу арқылы жастарды әскер қатарына қосылуға ынталы ете аламыз деп ойлаймын.

– Уақыт  бөлгеніңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Замира  ДАСТАНҚЫЗЫ

Суреттер ашық дереккөзден алынды.

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: