Екі дүркін Олимпиада чемпионы атағына ие өзбек боксшысы Баходир Жалоловтың кәсіпқой бокстағы кездесуі өтпейтін болды, – деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
Баходир Канаданың Монреаль қаласында өтетін бокс кешінде француз боксшысыДавид Спильмонмен (16-8-1, 11 КО) жұдырықтасуы керек болған. Алайда күтпеген жағдайда жекпе-жекке шыға алмайтын болды.
Өзбекстандық журналист Джалол Ахмедов мәлім еткендей, өзбек боксшысы жекпе-жектен шеттетілген. Себебі медициналық тексеру кезінде ернінде ұшық бары анықталған.
Жалолов жуық арада өзге бокс кешінде бақ сынайды деп күтілуде. Ал Давид Спильмонмен Ташкентте жұдырықтасуы мүмкін.
Айта кетейік, Баходир Жалолов кәсіби бокста 14 жекпе-жек өткізіп, барлығын жеңіспен аяқтаған. Ол соңғы рет 2023 жылдың 17 қарашасында Ташкентте оңтүстік африкалық Крис Томпсонмен кездесіп, бірінші раундта нокаутпен жеңген еді. Одан кейін әуесқой боксқа көбірек ден қойып, Париждегі Олимпиада ойындарында алтын алды.
Олимпиада ойындарынан кейін өзбек боксшысы біржола кәсіпқой боксқа ауысты. Бұл оның асыға күткен жекпе-жегі болатын.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!