Өткен аптада Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінде Сыр өңіріне белгілі спорт ардагері, волейбол спортының дамуына ерекше үлес қосқан бірегей тұлға Тұрғанбек Алтынбековті еске алуға арналған республикалық турнир өтті.
Бұл турнирдің басты мақсаты – өңірде волейбол спортын кеңінен дамыту және спортшылар арасында бәсекелестікті қалыптастыру және де жасөспірімдерді саламатты өмір салтына тәрбиелеу.
Жарыстың ашылу салтанатына Қызылорда облысының волейбол федерациясының вице-президенті Бақыт Кенесов, спорт ардагері Юрий Федорович Ким, Тұрғанбек Ержанұлының туған бауыры Жаңабек Алтынбеков және шәкірті Марат Божбанбаев қатысып, арда азаматтың өнегелі өмір жолы мен спорт саласына сіңірген еңбегін еске алып, сөз сөйледі. Сондай-ақ, барлық жарыс қатысушыларына сәттілік тілеп, шын мықты жеңіске жетуіне сенім білдірді.
Ардагер волейболшы атындағы турнир бұрындары ересектер арасында өткізіліп келсе, былтырғы жылдан бері жасөспірімдер арасында ұйымдастырылып, жас буынды осы бір бекзат өнерге баулу жұмысы қарқынды жүргізіліп келеді. Биылғы ұйымдастырылған турнирге еліміздің әр аймағы мен қаласынан 2007-2008 және 2009-2010 жылы туған жасөспірімдерден құралған 16 команда, 170-тен астам спортшы қатысты.
Екі күнге созылған жарыс нәтижесінде 2007-2008 жылғы ұлдар арасындағы бәсекеде бірінші орынды Қызылорда облысының құрама командасы иеленсе, екінші орынға Қызылорда қаласының командасы табан тіреді. Ал үшінші орын – Шиелі ауданының еншісінде. Қазалы ауданы, Байқоңыр қаласының және №136 мектеп командалары да жақсы нәтижелерімен көзге түсті. Ал үздік ойын көрсеткен Е.Боташ, Е.Айбекұлы, Қ.Қойлыбаев, Б.Қазбек, Ғ.Ізетула арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Ал 2009-2010 жылғы ұлдар арасындағы жарыста Қызылорда қаласы командасының мерейі үстем болып, бірінші тұғырға көтерілсе, екінші орынды Шиелі ауданының командасы иемденді. Ал үшінші орын Түркістан облысының командасына бұйырды. Мұнда да үздік ойыншыларға арнайы номинация бойынша сыйлықтар тапсырылды. Олар – М.Төлеген, З.Нартайұлы, Ш.Хавизов, Р.Талғатұлы, Н.Есен.
Ардагер волейболшыны еске алу турнирі арқылы жасөспірім спортшылар өз шеберліктерін шыңдай түсті. Достықты ту етті.
Н.Назымханұлы,
Қызылорда қаласы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!