Бүгін Наурызнама онкүндігіне сәйкес, 20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Осыған орай, Қызылорда қалалық ипподромында қазақтың ұлттық ойындарын кең көлемде дәріптеу мақсатында арнайы мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шараның ашылуына Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы қатысып, сырбойылықтарды Ұлттық спорт күнімен құттықтады. Бұл туралы басқарманың баспасөз қызметі хабарлады.
-Ең алдымен баршаңызды Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Ұлттық спорт – өскелең ұрпақты үйлесімді тәрбиелеудің ажырамас бөлігі. Сол себепті ұлтымыздың тарихы мен дәстүрінен сыр шертетін ұлттық ойындарымызды кеңінен насихаттап, қайта жаңғырту – баршамыздың парызымыз.
Білек пен білім, күш пен мінез, төзім мен сабыр сынға түсетін сан түрлі сайыс арқылы тәрбие мен тағылымды бойына сіңірген жастарымыздың әрдайым алда болары анық. Баршаңызға Ұлттық спорт күні құтты болсын!, – деді басқарма басшысы.
Өз кезегінде спорт саласының құрметті ардагері Құрманғали Мырзаұлы ақ батасын беріп, көпшілік қауымға өзінің ізгі тілегін жеткізді.
Сондай-ақ, мерекелік іс-шарада Ұлттық спорттың дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген бірқатар спорт саласының қызметкерлері марапатталып, құрмет төрінен көрінді.

Ұлттық құндылығымыз ұлықталған мерекелік іс-шарада тұсаукесер рәсімі өтті. Басқарма басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы қадам басқан бүлдіршіннің тұсауын кесіп, ел мақтанышына айналар азамат болуына тілек білдірді.
Одан кейін іс-шара барысы спорт мектептері дайындаған мерекелік концертпен жалғасты. Сондай-ақ, ұлттық ойындарымыз көкпар, арқан тартыс, қазақ күресі, қол күрес, асық ату, тоғызқұмалақ, аударыспақ, гір көтеруден жарыс өтіп, оған 400-ге жуық спортшы қатысты.
Айта кетейік, бүгінде Сыр өңірінде 29 446 адам ұлттық спортпен айналысады. Аймақта ұлттық спорттың басым көпшілігі ерекше қарқынмен дамып келеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!