Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тоғызқұмалақтың тартылыс күші

10.02.2022, 15:30 868

Тсыр, тсыр, тсыр. Мен үш-ақ рет жазғаныммен, бұ дыбыс белгілі бір секундтық сериясымен сегіз деп санағаныңызша сап тыйылмайды. Сосынғысын тағы сегіз рет. Содан соң да солай болуы мүмкін…

Ойынның аты – тоғызқұмалақ. Онда неге «тсырыңыз» тоғыз дегенде тоқтамайды? «Малшылар математикасының» мұндағы мәні мен мағынасы қандай? Түсінігімше түсіндірейін. Жайлаудан көшпелілер күздеуді көздеп үдере көшкенде ошақтағы күлінің астына азғантай ас-ауқатты көміп кететін кереметінен хабардарсыз ба? Бұл – дана халықтың алыстан арып-ашып ауылға аялдаған адамның жүрек жалғауына жан жүрегімен жасаған жанашырлығы. Тақта тартысында тоғыз тастың бірі өз орнында тапжылмай «тұрып» қалады. Өсу ретімен сегізі ғана «секіретіні» сондықтан. Түсінікті шығар немесе қазақтың қажеттілікті дөп басқанын дәлелдеудің қажеті болар ма? Мұнда үлкендердің ізін жалғаған үлкен керуен бар, бірлік пен бірізділік те жатыр. Бабалардың бір білгенін балалардың бүлдіргені жарамас. Тоғызқұмалақ – ұлықталуы тиіс ұлттық ойынымыз. Айтпақшы, тоғызқұмалаққа тек ұлттық ойын деген көзқараспен қарауды қойғанда ғана ол дами түспек.

Ақыл-ойдың ойынына кейбір ата-ана «баламның математикасы жақсарсын, есепті жақсы шығарсын» деген оймен береді дегенді естігенбіз. Ол да дұрыс шығар. Бірақ, тоғызқұмалақтың әлемдік деңгейде қанат жайғанына өткізілген әлем чемпионаттары, халықаралық жарыстар, Азия чемпионаттары, т.б. секілді турнирлер дәлел бола алады. Яғни, балаңызды математикасы жақсарсын деп емес, «ел намысын қорғайтын, үстем ететін чемпион болсын» деп тоғызқұмалақ үйірмесіне бергеніңіз жөн. Амалдар ниетке байланысты екенін ұмытпау керек.

Тоғызқұмалақтың «Қойшылар алгебрасы» деген де атауы бар. Себебі, бұл ойынды алғашында өрісте қойларын жусатып жіберген қойшылар ойнайтын болған деседі. Жерден ұя-шұңқырлар қазылып, құмалақпен ойналған. Бұл ойын осыдан 4-5 мың жылдар бұрын пайда болған деген деректер бар, бірақ оның тарихы тым тереңде жатуы мүмкін.

Тоғызқұмалақтың қазан, отау, құмалақ секілді ойын элементтері де қазақ тұрмысынан алынған. Тіпті, ойыншылар да қарсыластар емес, бастаушы-қостаушы  деп  аталған.

Жалпы,  елімізде  тоғызқұмалақ спорты жақсы жолға қойылған. Әр жылдары ҚР коман­далық  және  жекелей чемпионаты, ҚР кубогы, ҚР жастар чемпионаты, ҚР жасөспірімдер чемпионаты, Суперлига, Азия чемпионаты, ҚР президент жүлдесі, т.б. турнирлер, жарыс­тар тұрақты түрде өтіп тұрады. Осыған де­йін тоғызқұмалақтан 5 рет әлем чемпионаты ұйымдастырылды. Олар: 2010 жылы Астана қаласы (Қазақстан), 2012 жылы Пардубице (Чехия), 2015 жылы Алматы (Қазақстан), 2017 жылы Астана (Қазақстан), 2019 жылы  Анталия (Түркия). Биыл 6-шы әлем чемпионаты тағы да Түркияның Анталия қаласында өтеді.

Кеше ғана Қызылорда қаласында тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының  ерлер мен әйелдер арасындағы чемпионаты қорытындыланды. Жарыс­қа республикамыздан 14 команда, 105 спортшы қатысты. 7 күн бойы тақта үстіндегі тартыста әлем чемпионатына 4 жолдама (классика) сарапқа салынды. Жолдаманың бірін қызылордалық тоғызқұма­лақшы Бексұлтан Бос­тандықов  жеңіп  алды.

– 2010 жылғы әлем чемпионатында елімізден алғашқы үш орын алған тоғыз­құмалақшылар қатысқан еді. 2012 жылдан бастап классика мен блиц түрінен бірінші, екінші орын алғандар ғана жолдама алатын болды. Рапид түрінен кім жарна төлейді, сол ойнай береді. Яғни, бұл жерде жолдаманың  маңыздылығына ерекше  тоқталуымыз  керек. Бізде тоғыз­құмалақтан Қазақстан чемпионатының деңгейі өте жоғары саналады. Демек, әлем чемпионатына жолдама алудың өзі – жеңіс, – дейді тоғызқұмалақтан Қызылорда облысының аға жаттық­тырушысы  Хәкімжан  Елеусінов.

«Бұған дейін әлем чемпионатында қызыл­ордалық тоғызқұмалақшылар қалай өнер көрсетті?» деген сауалға жауап іздеген едік.

2010 жылғы бірінші әлем чемпионатында Әсел Далиева классика және блиц түрінен (қыз­дар арасында) жеңімпаз атанды. 2012 жылы Хәкімжан Елеусінов классикадан 1-орын, блиц­тен 2-орын (ерлер арасында) алса, Фарида Әуесбаева блиц, рапид түрлерінен күміс жүлдені иеленді. Ал, Әсел Далиева әлем чемпионатының (классика, блиц) қос алтынын мойынға тақты. Одан кейінгі чемпионаттарда да Далиева өз мықтылығын дәлелдеді. 2014 жылдан бастап отбасылық жағдайы­на байланысты ОҚО-ның намысын  қорғап  жүр.

Әлем  чемпионаттарында  тоғызқұмалақтың классика түрінен (ерлер) 7 жыл бойы Хәкімжан Елеусіновке тең келер қарсылас болмады. Ол осылайша әлемнің үш дүркін чемпионы (2012, 2015, 2017 жыл) атанды. 2017 жылы Хәкімжан  Елеусінов рапид, Ақерке Кенжебекова классикадан 3-орын алды. 2019 жылы Хәкімжан Елеу­сінов блицтен кү­міс, Бексұлтан Бостандықов рапидтен қола жүлдені  иеленді.

Осылайша, сәуір айында Түркияда өтетін 6-шы әлем чемпионатында қызылордалық тоғызқұмалақшы Бексұлтан Бостандықов (классика) бақ сынайды. Бексұлтанмен телефон арқылы телдесіп, құттықтап, дайындығы турасында білген едік. «Қазір жатпай-тұрмай әлем чемпионатына дайындықты бастап кеттік. Ел намысын, облыс намысын абыроймен қорғауға тырысамыз» деді ол. Алдағы уақытта блиц түрінен ел чемпионаты өтеді, одан да 1, 2-орын алғандар әлем чемпионатына жолдаманы иеленеді. Демек, байрақты бәсекеде Сыр өңірінің намысын қорғайтындардың  саны  әлі  де  артуы  мүмкін.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҒЫМ

Дана халықтың даласында бар, 

Ағы мен көздің қарасында бар,

Тоғызқұмалағым!

Әр қазағымның санасында бар,

Ұлт пенен ұлыстың арасында бар,

Тоғызқұмалағым!

Әкесі менен анасында бар,

Дарындылығы баласында бар,

Тоғызқұмалағым!

Жетпейтін ақы бағасында бар,

Жүйріктігі жылқы аласында бар,

Тоғызқұмалағым!

Әлемнің біраз қаласында бар,

Ат үстіндегі Алашымда бар,

Тоғызқұмалағым!

Рыскелді  ЖАХМАН

Қазіргі ойын тақтасы 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған 81 құмалақ тиесілі. Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны – бастаушы, екінші жүріс жасаған ойыншыны қостаушы деп атайды.

Жүріс жасау үшін өз жағымыздағы отаулардың бірінен құмалақтардың біреуін орнында қалдырып, қалған сегізін қолға алып, солдан оңға қарай бір-бірлеп таратамыз. Тарату сәтінде құмалақтар өз отауларымыздан асып кететін болса, қарсыластың отауына таратамыз.

Мақсат – өз қазанына мол құмалақ жинау. Ол үшін отауларды байыту керек. Бай отаудың қарсы жаққа шығу мүмкіндігі мол.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: