Қазақстан жер көлемі бойынша дүниежүзінде 9-орында тұрғанын жақсы білеміз. Осыншама кең-байтақ жерімізді ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен жан-жақтан төнген жауларына қарсы тұрып ұрпағымызға аманат етіп қалдырды. Қасиетті жерімізді аман сақтап қалуда қаншама боздақтарымыз қан төгіп, дала майданында жандарын пида етті. Қаншама білекті де жүректі Алаштың батыр ұлдары ерен ерлік көрсетіп, туған жерімізді сыртқы жаудан қорғады. Ендеше, сол қарсы келген жауға қаймықпай қарсы шапқан әрбір қазақтың бойында батырлықпен қоса жекпе-жек өнерін шебер меңгергендігін таста жазылған таңбалар арқылы тарих растайды. Одан қазақтың жауынгерлік сайысқа деген дайындығы өте жақсы болғандығын білеміз. Енді сол ата-бабамыздың қанында бар жауынгерлік жекпе-жек өнерін бүгінгі таңда жаңа заман ағымына икемдеп қайта түлетіп дамыту, орайы келген жақсы істің бірі болып тұрғандай.
Қазіргі кезде елімізде жауынгерлік күрес түрін дамыту ерекше қолға алына бастады. Әрине, бүгінгі көптеген жекпе-жек спорт түрлеріне қарай отырып, «жауынгерлік күрес қандай күрес?» деген орынды сұрақ туындайды. Осы бір жекпе-жек өнерінің Қазақстандағы спорт ареналарынан көріне бастауына назар салып келген даңқты балуан, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров айтулы спорттың болашағы жарқын екеніне сеніммен қарайды. Иә, Олимпиада асуын бағындырған Жақсылық ағамыздың жауынгерлік күреске деген көзқарасы өте жақсы.
Өткен жылы осы «Жауынгерлік күрес» түрін түбірін қазып, шығу тегін ғылыми тұрғыда зерттеп, ел назарына ұсынуда табанды еңбек етіп жүрген еліміздегі «Жауынгерлік күрес» федерациясының президенті, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Халық Қожахметтің қаламынан шыққан туындысының тұсаукесері өтті. Оқырманға жол тартқан кітаптың тұсауын даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіров СТВ телеарнасында салтанатты түрде кескен еді. Бұл да – 2019 жылдағы ел спортындағы елеулі оқиғаның бірі деп есептеуге болатын шара.
Осы саланың жілік майын шағып жүрген білікті маман Халық Қожахмет жауынгерлік спорт түрінің тарихы мен ертеңі туралы толыққанды сұхбат беріп, әңгіме өрісін кеңінен тарқатқан еді. Дегенмен де осы бір спорттың еліміздің аламан спорт алаңдарынан ойып тұрып орнын алатыны туралы бұқара халық әлі де болса өз сөздерін айтқан жоқ. Бәлкім, енді ғана аяғын нық баса бастаған бұл спортқа жарнамалап насихаттау жағы әлсіз болып тұрған шығар.
Енді, сөз етіп отырған «Жауынгерлік күрес» жекпе-жегінің тарихы мен ерекшеліктеріне аз-кем тоқтала кетсек. Қазақстан жерінде ежелгі дәуірден-ақ жауынгерлік күрестің пайда болуының негізгі куәсі ретінде тастағы суреттерді алып қарастыруға болады.
Орта ғасырда күрес көшпенділердің әскери дайындықтарының әдеттегі элементі болды. Жаттығу барысында қашып бара жатқан қарсыласын мықты қолмен тартып құлатуға үйренген. Кейбір түркі халықтарында қарусыз ат үстіндегі күрес әлі де бар. Қарсыласын белдігінен ұстап жерге бірінші болып құлатқан адам жеңімпаз болып есептелді.
Біз әрқашанда тарих түбінен сыр беретін құндылықтарымызды насихаттау парызымыз деп санасақ, елімізде «жауынгерлік күрес» өнерінің шығуы мен қалыптасуы әрбір Алаш азаматының ұлттық намысын өсіріп, мерейін көтерсе деген ойды ұмытпағанымыз ләзім. Өйткені, төл спорттың өнерімізді әспеттеуге дайын азаматтардың арқасында «Жауынгерлік күрес» түрі тарих қойнауынан жарқырап жаңа заман белесіне шығып отыр.
Бүгінгі таңда айтулы спорт түрінен Қазақстан Республикасының жауынгерлік күрес федерациясы (ЖКФ) құрылып, ел чемпионаттары жалауын көтере бастады.
«Жауынгерлік күрес» тәсілдері мен әдіс-айлаларының тек олимпиадалық жекпе-жек түрлері (дзюдо, еркін және грек-рим күресі, тхэквондо, бокс) енгізілгендіктен жекпе-жекке шығатын спортшы аталған спорт түрлерін жетік меңгеруі өздері үшін маңызы зор.
Жауынгерлік күрестің басты ерекшелігі – жекпе-жектің күрес уақытында қолмен соққы жасауға, аяқпен іштен және жоғары тебуге, табан тіреп ұстатқан сәтте тобықтан қағуға, шалуға рұқсат етіледі, ал ұстатқан бетте қолмен аяқтан алуға болмайды. Баспен, шынтақпен, тіземен соққы жасауға болмайды. Құлап жатқан адамды тебуге, соғуға рұқсат етілмейді. Жауынгерлік күрестің ауқымы, көкжиегі өте кең, оның ең бір ерекше тұсы мұнда төрттағандату /партер/ жоқ.
Қазіргі кезде Қазақстанда «Жауынгерлік күрес» түрін дамыту үшін бар күш-жігері мен тәжірбиесін салып, шапқылап жүрген еліміздегі айтулы федерациясының президенті Халық Қожахмет сынды бірді-екілі азаматтардың елеулі талпыныстары әлі де еленбей келеді. Тасқа түскен таңбаларды тірілту жолында табандылық танытып, әрекет жасап жүрген жандарға жан-жақты жоғарыдан қолдау жұмысы жетпей тұрғанын байқаймыз.
Теңіз асып Америкадағы баспасөз беттерінен Жауынгерлік күрес түріміз жақсы қырынан дәріптелініп жатқанда, өз жерімізде бұл спортқа қолдау жағы әлі де баяу болып тұрғаны әрине, өкінішті-ақ. Дегенмен де ұлттық құндылығымыздың бір бөлігі болып тұрған айтулы спорт күндердің күні салтанат құратынына сенім зор. Оған уақыт өзі төреші.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!