Бүгін Қызылорда қаласы сол жағалаудағы «Теннис» орталығында Корей елінің қаһарманы Хон Бом До-ның құрметіне арналған таеквондодан жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы республикалық турнир салтанатты түрде ашылды. Бұл туралы Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Еліміздің барлық облысынан және қаласынан 700-ге жуық спортшы жарыс алаңында бақ сынауда.
Ашылу рәсіміне басқарма басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы, «Amanat» партиясының Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы Жандос Базартай, облыстың құрметті спорт жанашыры, мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов, облыстық таеквондо федерациясының президенті Серік Палмағамбетов, спорт саласының құрметті ардагері Ким Юрий Федорович және «Хон Бом До» қоғамдық қорының төрағасы Ким Лев Николаевич қатысты.
Өз кезегінде басқарма басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы бүгінгі турнирдің маңыздылығына тоқталып, жарыс қатысушыларына сәттілік пен әділ жеңіс тіледі.
— Бүгінде аймағымызда таеквондо спорты қарқынды түрде дамып келеді. Соның айқын дәлелі ретінде облысымызда 6 мыңнан астам спортшы дәл осы спорт түрімен жүйелі түрде шұғылдануда. Олардың қатарында Ботагөз Қапанова, Тоғжан Қазнабек, Нұрай Қазнабек, Нұрперзент Саматұлы сынды талантты спортшыларымыз түрлі деңгейдегі халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, Сыр өңірінің абыройын асқақтатып жүр. Бүгін қаламызда бастау алған республикалық турнирде еліміздің түкпір-түкпірінен келген 700-ден астам спортшы бақ сынауда. Бұл өз кезегінде таеквондо спортын одан әрі серпінді дамытуға және болашақ чемпиондардың ізін жалғастыруға үлкен мүмкіндік береді, — деп жастарға сенім артты.
Өз кезегінде құрметті спорт жанашыры, мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов жас спортшыларға ақ батасын беріп, ізгі тілегін білдірді.
Одан кейін құрметті қонақтар да құттықтау сөз сөйлеп, бүгінгі турнирдің тартысты өтетініне сенім білдірді.
Айта кетейік, республикалық турнир 28 наурызға дейін жалғасады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!