Қызылорданың сол жағалауынан жаңа стадионның құрылысы басталады. Қазақстан тәуелсіздігін алғалы бері елімізде екі ғана футбол алаңы салынды. Бұл – үшінші стадион. Дей тұрғанымен, футболсүйер қауым 7000 орындық стадионның жанкүйерлерге аздық ететінін айтады. Біз бұған дейін «Халық» газетінің №4 (1166) санында «Қызылорда қанша орындық стадионды қажет етеді?» деген тақырыпта мақала жариялаған едік.
Өткен жылы сырбойылық «Қайсар» футболдан ҚР бірінші лигасында жақсы өнер көрсетті. Биыл премьер-лигада бақ сынап жатқан «қасқырлар» оқу-жаттығу жиынын отандық командалардан әлдеқайда бұрын бастап кеткен болатын. Сондай-ақ команда басшылығында, бапкерлер құрамында да бірқатар ауыс-түйіс жасалды.
Қызылордалық жанкүйерлер «Қайсардың» 2022 жылдағы соңғы ойынын тамашалауға барғанда ақжолтай жаңалықты естіді. Демеушілердің қолдауымен жаңа стадион салу бастамасы қолға алынатынын Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев айтқан-ды.
– Ресейдің Краснодар қаласында былтырғы жылы бір жыл ішінде 10 мың орындық 12 миллион долларға жабық стадион салынған екен. Келесі жылы біз де сондай жаңа стадион құрылысын бастауға ниеттіміз. Бұған Сыр елінің жанашыр кәсіпкерлері, ірі компаниялары атсалысады деп сенемін.
Қазіргі таңда жаңа стадион құрылысына демеуші ретінде «Саутс Ойл» компаниясы ынтасын білдіріп, жобалау жұмыстары атқарылуда. Алдағы жылы жаңа стадион құрылысын бастаймыз, – деген еді Н.Машбекұлы.
Жанкүйерлер әуелде стадион салынатынына қуанды. Десе де, оның 7 мың орындық екенін естігеннен соң, көрермендерге аздық ететінін жиі-жиі жазды, айтты. Ал, қызылордалық жанкүйер Райымбек Серік мүлде басқаша ойлайды.
– Меніңше, Қызылорданың сол жағалауынан салынатын жаңа стадионды әртүрлі спортқа бейімдеп, Ғ.Мұратбаев стадионын тек футбол ойнайтындай ету керек. Өйткені, бұл стадионның сыйымдылығы да, орналасқан жері де жақсы. Оның үстіне қазір бұл стадион – «Қайсар» футбол клубының балансында. Ақыры қаражат аз екен, онда орталық стадионды күрделі жөндеуден өткізген дұрыс шығар.
Ал, жаңа стадион ең болмаса 10-12 мың сыйымдылығы бар болуы қажет. Қызылордада футболсүйер қауымның қарасы көбеюде, халық саны да артып келеді, мұны ескерген жөн. Еуропа елдерінде жергілікті халықтың санын қатты басшылыққа алады. Сондай-ақ, жаңа стадионды салғанда әлемдік тәжірибеге сүйеніп, болашақта конструкторлық мінберлер қосуға да болады. Сосын жаңа алаңның міндетті түрде академиясы болуы керек, өйткені балалар футболына көңіл бөлмей, футбол ешқашан дамымайды әрі стадион көрерменге лық толмайды, – дейді ол.
Белгілі спорт комментаторы Айбек Қабылша Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте стадионның жайын сөз етіп, сыйымдылығын көбейтуге ұсыныс айтқан еді. Ол «бүгінді не ертеңді ғана емес, болашақты да ойлаған жөн» деп ойлайды.
– Осы күні Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов та «отандық футболды дамытамын, елдегі стадиондар санын көбейтемін» деп жүр. Сондықтан, Қызылорда облысының басшылығы Қазақстан футбол федерациясымен бірлесіп, ақылдасып, 7000 орындық емес, 15-20 мыңдық стадион салуға тырысуы керек. Ол стадион 2025 жылы, мейлі 2026 жылы пайдалануға берілсін. Ең бастысы, Қызылорданың символы саналатындай, ел біріншілігін ғана емес, Қазақстан ұлттық құрамасының ойындарын, Еуропа біріншілігінің іріктеу матчтарын, жастар арасындағы әлем чемпионаты ойындарын өткізуге қабілетті, заманауи стадион салынса деймін, – дейді журналист.
Ел біріншілігінің 11-турындағы «Қайсар» мен «Ақтөбе» ойынына (Қызылордадағы Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадион – ред.) 6500-ге жуық көрермен жиналған еді. Алдағы уақытта «қасқырлар» үшін жауапты ойындар болса, мұнан да көп жанкүйер келетіні анық.
– Ең біріншіден, стадион салатын құрылыс компаниясына, одан соң сыйымдылығына және УЕФА, ФИФА талаптарына сай келетініне баса мән беріп, жіті қадағалауымыз керек. Сондай-ақ, стадион салуға қазақстандық не ресейлік емес, тәжірибесі мол, сапалы компанияларды тартқан жөн, – дейді Айбек Қабылша.
«Астана Арена» стадионы 30 мыңнан аса көрерменге арналса, «Түркістан Аренаның» сыйымдылығы – 7 мың. Бұл екі футбол алаңы да ел тәуелсіздігін алғаннан кейін салынған ірі стадион екені жоғарыда айтылды. Ал, Қызылорданың сол жағалауында бой көтеретін жаңа стадионның сыйымдылығы әзірге 7000 орындық болып тұр. Мұны өзгертуге бола ма? Оны уақыт көрсететін секілді.
Рыскелді ЖАХМАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!