Көктем басталғалы Сырдың суы арнасынан асып, бөгендер жарылып, тіпті, кейбір жерлерде аз-маз тасқын да болды. Мезгіл сайын Сырдың суының құбылатыны бар осындай. Бірақ, жаз жақындағанда, егін маусымы келгенде, дарияның демі басылып қалатыны жасырын емес. Бірақ, дәл қазір қозғайтын мәселе Сырдың суы емес, су спорты болып тұр. Қызылордалықтар дарияның жағасын мекендеген халық болғандықтан, онда су спорты да, балық кәсібі де, жағажай туризмі де ерекше дамып, еліміз бойынша оқ бойы озат көрінетін ретіміз. Дегенмен, аймақтағы су спортының жайы көңіл көншітпейді. Кез келгеннен осы тақырып аясында не білетіні туралы сұрасаңыз, ештеңе дей алмауы мүмкін. Расында жаз шыққанда да Сырдарияны асып-тасып пайдаланып жатқанымыз шамалы. Тек жағажайда жайраңдап жүретініміз болмаса, су бетінде өтетін додалардан қалыс қалып келе жатқандаймыз. Бақсақ, дарияның көрші мемлекеттегі ағысы жайдан-жай тасқындап жатқан жоқ, олар мейлінше су спортын қолға алып, сол салада қаншама маман дайындап, жарыстар өткізіп келеді. Осы жөнінде өңірдегі жағдай қалай?! Мақаланың алдағы бөлігінде өңірдегі су спортының жай-күйі һәм болашағы жайында сөз қозғайтын боламыз.
Бұған дейін аймақтың экс-әкімі болған Болатбек Баянұлы су спортын қолға алу туралы тамаша жоспары барын жеткізген еді.
– Облыс орталығы Сырдария өзенінің бойында орналасқан. Бұл туризмді және су спорты түрлерін дамыту үшін су артериясын пайдалануға мүмкіндік береді. Аймақтың әр тұрғыны үшін спорттық секцияларға қатысу мен жергілікті туристік нысандардағы демалыс қолжетімді бағада болу керек. Біз облыста тұңғыш рет каноэ ескекшілеріне арналған базаны жасаймыз. Спортшылар өзенде арнайы шақырылған жаттықтырушының жетекшілігімен алғашқы жаз маусымы кезінде жаттықты. Сондай-ақ, өзен жағалауында жағажай волейболы, байдарка, парашют спорты және су шаңғысымен жағдай жасалатын демалыс зонасын салу жоспарда бар, – деген болатын Б.Қуандықов.
Айтары айтылды, бірақ, жағажай волейболы, байдарка, парашют және су бетіндегі каноэ спорты жайлы жоспар жүзеге асырылып, жұмыстар атқарылды деуге келмейді. Аймақта су спортының түрлері жоқ емес, бар. Өңір халқы бүгінде су спортының қандай түрлерімен айналысып жатыр? Бұл салада қандай жетістікке жеттік? Осы сауалдар төңірегінде облыстық мәдениет және спорт басқармасының баспасөз маманымен байланысқанымызда су бетінде өтетін екі түрлі ғана спорттың барын атап өтті. Олар – байдарка мен каноэ.
Бұл спорт түрлері өңірде 2013 жылы ашылған. Сол кездегі облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Садық Шоңмұрынұлының бастамасымен Астана қаласынан екі су спорты бойынша жаттықтырушы шақырылып, бастапқы жұмысы басталған. Соның бірі Мұхитдин Хамидұлын сөзге тартуды жөн көрдік. Олар қазір өзге мемлекетте жаттығуға кеткендіктен, әлеуметтік желі арқылы байланысқа шықтық.
– Біз осы 10 жылда ескек есу спортының дамуының 10 жылдығын атап өтеміз, ескек есу спорты ашылғаннан кейін 3 жылдан кейін өз нәтижесін беріп, алға жылжу байқалды. 2015 жылы Қазақстан Республикасының жеңімпаздары мен чемпиондарының қатарында Қызылорда облысының да спортшылары болды. 2018 жылғы әлем чемпионатында спортшымыз Мерей Медетов үш рет медаль жеңіп алды. Ол мұнан бөлек, Индонезияда өткен Азия ойындарында ұлттық құрамаға қола медаль әкелсе, сол жылы Алтынбек Қожахмет Болгарияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Осындай нәтижеге жетіп отырған Сыр өңірінің майталмандары су спортында бұдан да биік жетістікке жетеді деп нық сеніммен айтуға болады. Біздің чемпиондар бұлар ғана емес, өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған. Жыл сайын қыс мегілі жақындағанда яғни қазан айынан бастап, қызылордалық спортшылар суы қатпайтын көрші Өзбекстанға барып, сәуір айына дейін келесі маусымға дайындық жұмыстарын жүргізеді, ал сәуірде айында жарысқа дайындалу үшін Қызылордаға келіп, Алматы қаласында дайындықты жалғастырамыз, – деді М.Хамидұлы.
Өткен жылдың желтоқсан айында ескек есу базасы ашылды, қазіргі уақытта базада 60-тан астам спортшы жаттығады, 2 штаттық жаттықтырушы және 2 штаттан тыс жаттықтырушы сабақ жүргізіп келеді. Бұл жайында жаттықтырушының өзі айтты.
– Ескек есу базасы толық жұмыс істеуі үшін кем дегенде 10 жаттықтырушы жұмыс істеуі керек, егер салыстыру үшін Шымкенттегі ескек есу базасын алсақ, онда 30 шақты жаттықтырушы жұмыс істейді. Бұл кезде 60 адамға қайық жетпейді. Бар болғаны – 15 қайық, бүгінде үлкен көлемдегі қайықтарды сатып алу қажет, – деді Мұхитдин Миербеков.
Бүгінде жаз шыға салысымен сапасы сын көтеретін демалыс орындарын іздейтін адамдар көбейген. Қызылордада туып, осы өңірдің шипажайында емес, сыртқа кеткісі келетіндердің қарасы қалың. Өйткені, мұнда расында туризм толығымен дамыды деп айтуға келмейді. Егер, әлгі жағажай жағасындағы «қызықтармен» айтылған сөздер іске асса, бәрі басқаша болар ма еді, кім білсін?! Әзірге, жағдай – осы. Туризмнің тірлігі көп-ақ. Бұл саласының сәулеті кеңге қанат жая алмай тұр. Тек өңірде ғана емес, еліміз бойынша да солай. Бұл тұрғыдан, бізге туризмі жақсы дамыған өзге мемлекеттерден үлгі алу керектей… Туризм жайлы кейінірек. Су спортына оралсақ.
Кез келген спорт түрінен әлемдік аренада бой көрсетіп, жоғары жетістікке жетуге болады. Дегенмен, ол үшін, сол саланың биігін бағындыру қажет. Бүгінде су спорты бойынша алыс-жақын шетелге шығып, еліміздің намысын қорғап жүрген ұл-қыздарымыз да аз емес. Олардың дайындықты қайда, қалай өткізіп, қай уақытта жаттығатынын спортшылардың өздерінен сұрап көрдік.
– Су спорты өңірде енді ғана дамып келе жатыр. Оның өзінде тек ескек есу бойынша деп айтуға болады. Ал, жүзу, су бетіндегі волейбол деген секілді секцияларға әзірде дұрыс көңіл бөлінбеген. Дегенмен, ескек есу спорты Шымкент, Алматы, Түркістан қалаларында жақсы дамыған. Бұған дейін Қызылордада әкімшілік ескек есу базасын ғана салып берді. Алайда күн райына байланысты спортшылар қыста ол жақта жаттыға алмайды. Ал бізге жыл он екі ай кең көлемде үлкен бассейн немесе көл керек, онсыз нәтиже нарға жеткізбейді. Сол себепті мезгіл ауысқан уақыттары өзге өңірлер мен басқа жылы қалаларға сапарлап кетуге тура келеді. Әрине, жаттығу үшін. Салыстырмалы түрде тек Қызылорда да емес, бүкіл Қазақстанда ескек есу спорты әлі дұрыс дамымаған деуге болады. Басқа елдердің оқу-жаттығу жиыны өтетін жерлері нағыз кәсіби әрі заманауи деңгейде жасалған. Дегенмен, қазақ спортшылары жағдайға қарамай, намысты қолдан бермей, әлем ареналарында өздерін қай елдің спортшысы екенін көрсетіп, Қазақстанның беделін асқақтатып келеді, – дейді каноэде ескек есуден спорт шебері Эльнура Нұрланова.
Эльнура Сыр өңірінде туып, осы жақта білім алып, бала кезінен ескек есу секциясымен бірге жаттығып келеді. Осының арқасында Қазақстан Республикасының чемпионы, Жастар олимпиадасының 4 жүлде иегері атанып үлгерген. Чемпион «өңірдегі су спортын дамыту үшін не қажет?» деген сауалымызға: «арнайы құрал-жабдықтар, қайық, ескектер және білікті жаттықтырушылар болса жеткілікті» деген еді. Ендеше, ендігі қалып тұрған жұмыс сол ғана болса, жарасы жеңіл шығар. Сонымен қоса, жабық бассейндік айдындардың да жайы шешілсе, шетелге құртып жатқан ақшаны өзімізге жұмсар ма едік!? Біздің де айтқымыз келгені, су спортына ерекше көңіл бөлініп, барды уақытында бағалап, жұмыстар мен жоспарларды жүзеге асырып үлгерейік деген ұсыныс ғана.
Егер, осы сала бойынша арнайы шешімдер қабылданып, әлемдік деңгейде өткізіліп жатқан спорт секцияларын өңірде де ашып, шәкірт тәрбиелеуді қолға алсақ, алынбайтын қамал жоқ. Су саңлақтарын даярлайтын арнайы мектеп пен үйірмелер көптеп ашылса, олардың ғаламдық додада алға шығып, жетістікке жететін уақытына көп өтпей куә болар едік. Ұсыныс айтылды, ендігі міндет – құзырлы мекемелерде.
Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!