Николай Николайұлы Озеров текті отбасынан шықты, атасы Михайл композитор, әкесі Николай опера әншісі болды, анасы екі ұлды қатарынан туған соң, ГИТИС-тегі оқуын тастап, актриса болсам деген арманынан екі ұлын артық көріп, бар өмірін екеуінің тәрбиесіне арнады, анасы қателескен жоқ. 1921 жылғы ұлы Юрий Озеров соғысты майор шенімен аяқтап келіп, атақты «Особождения», «Битва за Москву», «Сталинградское сражения», «Солдаты свободы» атты эпопеяларын түсірген атақты режиссер және педагог болды.
1922 жылы туған ұлы Николай 10 жасында қолына бірінші рет ракетка ұстап атақты теннисші болды. Ол 40 рет одақтық және әлемдік чемпионаттарына қатысып, 24 рет теннистен СССР чемпионы болып, «СССР-ге еңбегі сіңген спортшы» атағын алды. Ол теннистен басқа допты хоккей мен футболдан «Спартак» командасының штаттағы ойыншысы болды. 1941 жылы ГИТИС-ке түсіп бітірген соң, МХАТ сахнасында 20-дан астам басты рольде ойнап атағы шықты, оның теннис ойынын көру және қолдау үшін МХАТ-тағы атақты артистер келетін. Бірде театрдан шығып, хоккейге асығып бара жатып, жолды қысқарту үшін Шираевский каналынан өтемін деп, мұзға ойылып түсіп кетті. Үсті су болса да стадионға барып, ол кезде шешінетін орын болмағасын, аяғына конькиді киіп алып, қақаған суықта ойынды аяғына дейін ойнап шығып, ауруханадан жазылып шыққанмен, зардабы кейін алдынан шықты. 1950 жылдардың аяғында Н.Озеров үлкен спорттан кетіп, театр мен телевидениеде жүріп жатқанда, сол кездегі атақты комментатор Вадим Синявский спорт жарыстарын жүргізуге шақырды.
1959 жылы 29 тамызда алғашқы репортажын жүргізіп ұнағаны соншалық біржолата осы салада қалып қойды, кейін уақытының жоқтығына байланысты театрдан шығып кетті. Сол жылдары 30-ға толмаған жас комментатор Николай Озеровтың басынан бір қорқынышты жағдай өтті. Болгарияда хоккейден Европа чемпионаты қазіргі Варна қаласында (сол кездегі атауы Сталин қаласы) өтті. Болгарлар командасы «Сталин» деп аталатын. Ол кезде қазіргідей арнайы трибуна жоқ, талға қаққан тақтай үстінде отырып репортаж жүргізетін. Кездесу аяқталған кезде Николай: «Біздің команда 5:3 есебімен «Сталин» командасын оңдырмай ұтты» дегенде, төменде тұрған спорт басшыларының түсі кетіп қалыпты, Николай да талдан жерге түсе алмай қалды. Ол кез Хрущев басқарған кез болғанмен, Сталиннің денесі әлі де мавзолейде жатқан болатын, әйтеуір ешкім «халық жауы» деп айыптаған жоқ.
Хоккей, футбол жарыстарын жүргізіп төселгені соншалық, оның айтқандары қанатты сөздерге айналып кетті.
1972 жылы Канаданың НХЛ-ы мен СССР қүрама командасы хоккейден әлем чемпионатында кездесті, канадылықтар ұтылып жатқан соң, совет ойыншыларын ұрып соға бастады, арты төбелеске ұласты, сонда Озеров бірінші рет «лас ойын» (грязная игра) деген терминді айналымға енгізді. Сол сөздерді еске түсірейікші:
«Ия, мұндай лас ойын бізге керек емес!».
«Мақтаған профессионал командасы…».
«Міне, қауіпті сәт! Соққы? Гол!!!».
«Қақпаға қарай соқты? Ал онда Третьяк!!!».
«Былғары доптың үлкен шебері!»
«Қазір ол айып орындығына кетеді (удаление)», т.б.
Н.Озеров қайта құру жылдарында қоғам дағдарысқа ұшырай бастағасын өзінің сүйікті «Спартак» командасын мемлекет қаржыландыруды тоқтатқасын тарап кетті, ол 10 жылдан бері «Спартак» спорт қоғамының төрағасы еді, соған іштей наразылық ретінде 1988 жылы 65 жасында комментаторлықты қойды. 30 жыл ішінде әлемнің 50 қаласында болып, 17 олимпиададан, 30 әлем чемпионатынан, футболдан 9 әлем чемпионатынан репортаж жүргізді. Осы еңбегі үшін РСФСР-дің Халық артисі атанып, СССР мемлекеттік сыйлығын алып, 6 орден мен 12 медальмен марапатталған екен. Оның беделі өте күшті болды. Осы беделін пайдаланып Н.Озеров «Спартак» командасын қалпына келтірмекші болып, футболдан турнирлер ұйымдастырып, одан түскен қаржыны «Лев Яшин» атындағы қорға аудара бастады. Бірде Москва қаласының мэрі Юрий Лужков командасымен ойнауға келгенде «Л.Яшин» қорын тұрақты қаржыландырып тұруға уәдесін алды. «Спартак» командасын ол осылай тірілтті, бірақ ол команда емес «Спартак» клубы деп аталды. Осындай жанданған клубтарға коммерциямен айналысуға рұқсат берген президент Б.Н.Ельциннің жарлығы шыққасын, клубты криминальды топ басшысы «Квант» (аты-жөнін атай алмаймын. – авт.) сатып алды. Ол клубтың қаражатын оңды-солды шашып шетелге шығып жүргеніне қарсы болғанында, клубтың құрылтайшылығынан Озеровты шығарып тастады. Өзі бастаған ісінен айырылып қалу оңайға түспеді, денсаулығы сыр берді, қант диабетімен ауырды, баяғы мұз ойығына түсіп кеткені алдынан шығып, бір аяғына ампутация жасады. Енді тек мүгедектер арбасымен жүре алатын болып қалды. Кең пейілді азамат Озеровтың жүрегі 1997 жылдың 2 маусымында тоқтады, денесі Введенский қорымына жерленді, басына орнатқан ескерткішті жылы болар кезде белгісіз біреулер жарып жіберді. Кезінде өзі құрған «Л.Яшин» атындағы қорды досы жеке адамға өткізбеймін деп, біраз айқасқан болатын, бірақ нарық өз дегенін істеп, қорды клубқа айналдырған топ мүшелері өлген адамнан осылайша кек алды.
Н.Озеров өте кеш, 47 жасында Маргарита Азароваға үйленіп, егіз ұл мен қызды болды. Ұлы Николай Москва облысының Загорянский поселке әкімшілігін басқарса, қызы Надежда ТВЦ телеканалында режиссердің ассистенті. Ағасы кинорежиссер Юрий Озеров 2001 жылы қайтыс болған соң, інісінің қасына жерленді.
Бақытжан Абдул-Түменбаев,
тарихшы, журналист-дайджест
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!