Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Спортшы қыз: «Алақандай ғана ауылдың Алатаудай намысын қорғап жүрмін»

17.09.2021, 9:00 567

Шынар АБАТОВА,

Қазан қаласында өткен ТМД елдері ойындарының қола жүлдегері, дзюдо, самбо және қазақша күрестен ҚР спорт шебері:

– Шынар, жеңісің құтты болсын! Үш спортпен қатар айналысады екенсің. Сені ұстазың «самбоның сайыпқыраны» дейді…

– Рақмет! Татарстан елінің Қазан қаласында 3-11 қыркүйек аралығында алғаш рет ТМД елдерінің ойындары өтті. Жарысқа күрес бағыты бойынша 14-23 жастағы 1139 спортшы бақ сынады. Өзім 72 келі салмақта өнер көрсеттім. Елімнің көк туы желбірегенін қаладым, сол үшін барынша дайындалдым. Бірақ, қола медаль бұйырған екен. Бұның өзі де бір жеңіс деп білемін.

– Өзіңнің туып-өскен жерің туралы айтып берсең? Спортқа қалай келдің?

– Сыр елінің таңғажайып ауылдарының бірі – Ақжармаданмын. Алақандай ғана ауылдың Алатаудай намысын қорғап жүрген өжет қызбын. Жасым он сегізге толмаса да, Қазақстанның атын əлемге тануға тамшыдай болсын үлес қосып жүргеніме қуанамын. Қарапайым отбасында дүниеге келдім. Бала күнімде тентек болғандықтан болар, 2013 жылы өзімнен үлкен бауырым спортқа жетеледі. Содан бері бар күш-жігерімді жаттығуға арнадым. Спорт адамды тәртіпке қарай бағыттайды екен. Осыдан 7 жыл бұрын тәрбие берген өз бапкерім Жанар Дүйсекенова апайыма алғыс айтамын. Маған алдымен: «сенің адам болғаның керек» деп тәрбиеледі. Өзімнің замандастарымды саламатты өмір салтын ұстануға шақырамын. Қанша биікке шықса да, адамгершілік қасиеттен аттамау керек.

– Қыз бала үшін бұл спорттың түрі қиын емес пе?

– Мен үшін қиын емес, өзіме катты ұнайды. Бірақ әр жеңістің артында үлкен еңбек жатыр. Сол маңдай тердің нәтижесін көргенде, барлық қиындықты ұмытып кетемін.

– Жарыс алдында қобалжу бола ма? Өзіңді қалай жігерлендіресің?

– Әрине жеңіске жету оңай емес. Жүз рет құласам да, жүз бірінші рет тұруға тырысамын. Бұл – спорт. Сондықтан жеңіс те, жеңіліс те болады. Бәрін көтеруге тырысамын. Жарыс мен үшін – қазақ бауырымды ұту емес, қазағымның туын шет елдерде желбірету. Бұл – мен үшін нағыз патриоттық сезім.

– Карантин кезінде дайындық, оқу-жаттығу жұмыстары қалай өтті?

– Мен үшін оңайға соқпады. Үйде жаттықанмен, спорт алаңындай болмады.

– Өзіңе қандай спортшыларды үлгі тұтасың?

– Токио 2020 олимпиадасының Елдос Сметов ағаны үлгі тұтамын. Оның өзі үшін емес, елім үшін деп соғатын жүрегі ұнайды.

– Өмірлік ұстанымың?

– Тек алға, Қазақстаным! Көк туымның биікте желбіреп, Әнұранымның әлемде шырқалуы үшін аянбай еңбек етуден тынбаймын.

– Алға қойған мақсатың?

– Ол туралы нәтижеге жеткенде жариялаймын. Әзірше құпия болғаны жөн.

– Уақыт бөліп сұхбат бергеніңе рақмет. Алға қойған мақсаттарыңа жетіп, жеңістің ең биік шыңына шығуыңа тілектеспін!

Сұхбаттасқан Назерке Шарападдин

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: